Мақала
Шығармашылығында ғасырларды тоғыстырған Қалиолла Ахметжан
Бөлім: Бейнелеу өнері
Датасы: 10.02.2021
Авторы: Ақбота Ілиясжанқызы
Мақала
Шығармашылығында ғасырларды тоғыстырған Қалиолла Ахметжан
Бөлім: Бейнелеу өнері
Датасы: 10.02.2021
Авторы: Ақбота Ілиясжанқызы
Шығармашылығында ғасырларды тоғыстырған Қалиолла Ахметжан

Қалилолла Ахметжан білімін Ленинград қаласындағы Репин атындағы бейнелеу өнері, мүсін және архитетура институтынан алған. Суретшінің шығармашылық ұстанымы өмірдің, табиғаттың, адам мен оны қоршаған әлемнің суреттерін мұқият талдау болып табылады. Ұлттық мектепті қалыптастыруда бұл суретшінің ізденісі маңызды орын алды. Оның жұмыстарында бейнеленген әрбір көрінісінде әлем арқылы әмбебап үйлесімділік әсерін қалпына келтіру қабілеті тағы бар. Өнерге Қ. Ахметжан 1970 жылдың екінші жартысында келген болатын[1]. Жалпы, айта кететін болсақ, 1970-1980 жылдар өнер иелерінің шығармаларында қайта өз тамырына оралу, қоғамдағы рухани дағдарыс және шығармашылық еркіндігі туралы армандар сол жылдардағы көптеген көркем туындылардың негізгі сипатын анықтай бастады. Суретшілердің жұмыстарында композициялық және тақырыптық ізденістердің үздіксіз жүруінің арқасында жаңа мағынадағы туындыларды жасауға ұмтылыс туды. Мәселен, Е. Төлепбаев, А. Ақанаев, Б. Тюлькиев, Р. Есіркеев және т.б. бірқатар суретшілердің еңбектері осы кезде өзіндік жаңа ізденістерімен көзге түседі. Аталмыш суретшілер Тәуелсіздік кезеңі алдындағы келер уақыттың жаршысы ретінде жаңа жол ашты деп айтуға толық мүмкіндігіміз бар. Өйткені, бұл суретшілердің шығармашылығында қазақ бейнелеу өнерінде өзгерістер пайда болды. Олар өз заманының мәселелеріне, қала өмірінің көріністерін, отбасы тақырыбын, ішкі жан-айқай, наразылықтарын батыс өнері ағымдарының техникасын қолдана отырып, ұлттық мәнерде көрсете алды. 1960 жылғы қазақ бейнелеу өнеріндегі болашаққа деген сенімділік, серпіліс, оң ойлау ұстанымдары 1970-80 жылдары керісінше сенімсіздікке, үмітсіздікке, өкінішке, жан күйзелісіне алып келді. Дегенмен, дәл осы кезеңде таңбаға, жартастардағы суреттерге, ұлттық құндылықтарға қайта оралу және оларды жаңадан жандандыру сынды жаңа толқын лебі пайда болды.

Осы кезде үлкен шығармашылық жолына келген Қалиолла Ахметжан бірден өзіндік жаңа көзқарасымен, сенімділігімен ерекшеленді. Дәл осы жылдары, яғни, ұлттық бейнелеу өнері мектебінің жаңаша даму кезеңі Қ. Ахметжанның да ізденіс жолында, өз қолтаңбасын табуда маңызды орын алды. Оның алғашқы шығармаларының тақырыптары қазақ кескіндемесіне тән қарапайым тақырыптары отбасы өмірі, дала пейзажы, эпикалық фольклор сюжетіне арналған туындылар еді. Суретшінің шығармашылығында 1970 жылдардағы туындыларға тән дәуірдің қарама-қайшылықтарымен күресуге деген құмарлық, драмалық қажеттілікті мұқият талдау және сол арпалыс кезеңінің, белгісіз болашақтың болжамдарын, ішкі ойлары мен уайымы кенеп бетінде сезіле бастады. Сол кезеңдегі уақытқа деген сұрақтар, ішкі драматизм, экспрессия, қоғамдық мәселелер К. Муллашев, А. Ақанаев, Д. Әлиев және Е. Төлепбаев, Б. Тюлькиевтің де кенептерінде өрбіп жатты. Бірақ, К. Ахметжанның туындыларының айырмашылығы ол сабырлыққа, парасаттылыққа шақырады [2].

Суреткер шығармашылық ізденіс жолында импрессионизмнен бастап классикалық жапондық графиканың техникасына дейін әр түрлі бағыттарды қарастырады. Өзіне ерекше ұнаған, ХІХ ғ. Франция елінде қарқынды дамыған «пуантилизм» стилін жиі қолданысына енгізген қазақ суретшісі Қ. Ахметжаның орындауындағы жұмыстары ерекше сезімталдығымен, нәзік, әрі таза мөлдірлігімен бірден баурап алатын қасиетке ие. Бұл оның «Толқын шашып жатқан ат», «Алғашқы қар», «Алатау», «Көктем» туындыларында көрінеді. Дәл осы туындыларда суретші табиғаттың бастапқы сұлулығы мен шынайылығын сақтап қалғандай. Қаламгер шығармашылығының басты тақырыбын мәңгілік шабыт көзі табиғатқа арнайды. Сол әлемде өзі еркін қалып демалады, тыныштықпен жалғыз үндеседі. Оның бейнелеген табиғатының әрбір көрінісі, жазық дала, орман, тау бөктері болсын ерекше махаббатқа толы. Қолданған түстерінің қосындысы бір-бірімен үйлесім тауып, тепе-теңдігін сақтай келе, жарық пен көлеңкенің айырмашылығын оңай шешеді.

Форманы іздестіру нәтижесінде қылқалам иесі өзіне ғана тән кескіндемелік техникасын құрастырды. Суретшінің негізгі қызығушылығы, қозғаушы күші мен кенептерінің басты өзгешелігі – түс, форма арқылы композицияға ерекше жарық берді. Оның «Күнбағыс» (1995) жұмысындағы өрілген немесе тоқылған жарық пен түстің идеясы мен көрнекілігі суретші үшін маңызды, ол өзіне және көрерменге өзіндік кескіндемелік зертханасы мен сезім координаттарын ашады». Жалпы суретшінің жұмыстарындағы басты міндеті адам өмірі мен табиғатқа тән құбылыстардың мәнін ашу болып табылады. Осындай тақырыптар қазақ бейнелеу өнеріне тән болғанымен, оның шығамашылығында өзіндік бір ойластырылған ерекше композиция мен философиялық негізді құрайды[2].

Күнбағыс

Қ. Ахметжанның шығармалары бірде көңіл-күй сыйласа, бірде терең ойға жетелейді. Көлемді алдын ала ескеру, ырғақты ұйымдастыру, ұлғайту мен кішірейту немесе алыстату мен жақындату ойындарын тудыратын сәндік-оптикалық көрсеткіштер арқылы суреткер адамның өмірі мен табиғат өмірін қозғаушы тепе-теңдік динамикасының күрделі мәні мен жансыз тепе-теңдігін қалыптастырады. Сонымен қатар, суреткер кенептерінде қозғалыстың біртұтастығы мен осы әлемнің өзгермелі уақыты мен түстердің қарым-қатынасын, қозғалысын дамытады.

Кескіндемеші туындыларының бейнелеудегі стилистикасы еуропалық бағыттарды, әсіресе француздық кескіндемесін қазақ сәндік-қолданбалы өнерімен біріктіру арқылы өзіне ортақ композициялық шешім табады. Олар нәзік гамма арқылы ерекшеленеді. Түс арқылы кеңістік пен жарықтың, бояулардың қайталануы шашыраңқы болғанымен, шығармада біртұтастылық, үйлесімдік жоғалмайды[2].

Суретшіге Батыс және Шығыс өнері қаншалықты әсер етсе де, ол өзіндік және мәнерлі, көркем шығармашылық тілін шығара алды. Қ. Ахметжанның кенептеріне үңілгенде болжауға келмейтін, сиқырлы кеңістігінде ритмнің қай жерде басталып, қай жерде аяқталатынын көру мүмкін емес. Алайда, барлығы біртұтастықта, үйлесімділікте композицияның ортақ шешіміне келіп тұрады .

Даланың көне бейнелері

Тарихқа, қазақ фольклорына арналған оның кенептері түстерге өте бай. Қаламгер шығармаларындағы эпостық идеялардағы образдардың күштерін, ерлік орындау кезіндегі батырлардың бейнесі арқылы емес, аңызға айналған жылқылардың немесе аттардың жалпылама, символдық бейнесін қалыптастыруға тырысады. Суретшінің жұмыстарының нысаны олардың мазмұнына сәйкес келеді.

Қ. Ахметжанның дәстүрлі қазақ мәдениетінің ерекшеліктеріне қызығушылығы тарихи және фольклорлық көріністерді бейнелеуге деген ынтасы оның ұлттық көзқарасының формальды жүйелік сипаттамаларына әсер етуіне байланысты жан-жақты көрінді. Алайда, қазақ кескіндемесінің осы және келесі даму кезеңі үшін кескіндемешінің интеллектуалды, зерттеушілік және ғылыми ізденістері ерекше орын алды. Қ. Ахметжанның ертегі мен аңыздарды, тарихи деректер мен шығыс әдебиеті бойынша жинақтаған әр түрлі деректердегі қазақтардың рухани және материалдық мәдениеті мәселелері бойынша, сонымен қатар археология мен этнография туралы ізденісі осы кезеңдегі суретшілердің ұлттық мәдени сана-сезімінің өсуін көрсетті.

1980-90 жылдардағы қазақ бейнелеу өнеріндегі ұлттық өзін-өзі тану, өткенге оралу мәселелері осы кезде мифология, фольклор, таңбаларға, ата-баба тегіне, дәстүріне тереңірек үңілу сынды қызығушылық туындылардың басты, маңызды тақырыбына айналды. Осы тұрғыда, Қ. Ахметжан қазақ бейнелеу өнерінде өзінің даңғыл жолын таба біліп, ұлттық өнер бағытын белгілі бір деңгейге көтерді деп айтуға толық мүмкіндігіміз бар.

Түркі ерендері

Суретшінің шығармашылығында тау, тас пен суды бейнелейтін сюжеттер суретшінің ерекше қызығушылығын танытатын нысандар болып табылады. Мысалы, оның «Тау шыңдары» (2019) деп аталатын туындысы триптих түрінде шешілген, үш бөліктен тұрады және үшеуі де бірігіп бір бейнені құрайды. Қ. Ахметжанның айтуынша, оның әрбір бөлігін жеке-жеке бөліп қоюға да болады. Мұндай композициялар қазіргі таңда модульді картиналар деп аталады. Ал, «Алатаудың бейнесі» атты туындысынан Алатаудың биік, асқақтаған бейнесін көреміз. Суретші таулардың көрінісін адамның өмірімен байланыстырды. Таудың төменгі бөктері әдетте жасыл шөп басып жатады, оны қаламгер жастық шаққа теңейді, жоғарылаған сайын шөптер сирей бастағанда орта жас, ал аппақ қар басқан ең биік шыңын ақ шашты, ақ сақалды қарияға теңейді. Осындай теңеу арқылы Қ. Ахметжан таудың бейнесін үлкен мағынаға ие адамның әр кезеңдегі өміріне арнайды[3].

Алатау

Бейнелеу өнерінде табиғаттағы шынайы түстерді барынша дәлдікпен беру суретшінің басты мақсаттарының бірі болып табылады. Мысалы, қайта өрлеу дәуіріндегі суретшілер көп қабатты бейнелеу техникасын қолданған. Онда астыңғы қабаттары бір түсті бояулардан тұрады да, үстінен жұқа, мөлдір лиссеровка жасалады. Сонда жарық мөлдір қабаттан өтіп, төменгі қабатпен қосылып үшінші бір реңк тудырады. Сондықтан, қайта өрлеу дәуірінің картиналарына, сол кездегі классикалық кезеңдегі туындыларға мән беретін болсақ, жарық картинаның ішінен шығып тұрғандай әсер қалдырады. Ал, ХІХ ғ. аяғы мен ХХ ғ. бас кезінде бейнелеу өнеріне келген экспрессионистер, сюрреалистер, пуантилистер және т.б. көптеген бағыттар түстердің басқа жолын тапты, яғни мұндай өзгеріс сол кездегі ғылым саласында ашылған жаңалықтарға тікелей байланысты болды. Осы кезден бастап суретшілер түстерді әр түрлі жағыстарға бөліп, палитраның жаңаша өзгерістерін байқады. Бір түсті шығаруда бірнеше түстерді бір-бірімен араластырды. Сонда алыстан қарағанда бұл түстер адамның көзінде басқаша араласып, басқа бір реңк тудырып отырды[3].

Сары түс

Қ. Ахметжан осы техниканы шығармашылығына арқау еткен болатын. Қылқалам шебері туындыларында қайта өрлеу дәуіріндегі бейнелеу өнерінің және ХХ ғғ. ағымдардың техникасын біріктіреді. Ол шығармаларында бірнеше түстердің қабатын қолдану арқылы өзіне ғана тән ерекше композиция мен бояулардың үйлесімділігін шығарады және оның картиналарына визуалды түрде алыс қашықтықтан қарауды талап етеді. Егер жақыннан көретін болсақ, барлық түстердің структурасын, әр қабаттағы бояулардың байланысын көруге болады. Сондықтан, картинаға қай жағынан қарасаң да әр түрлі әсер береді және жарықтың да түсуіне байланысты өзгере береді. Бұл техниканы қаламгер 90-жылдардан бастап дамытып келеді және кез-келген жанрда қолданады. Бір туындыға суретші бірнеше ай уақыт жұмсайтынын айтады. Өйткені, әр қабатты бейнелеуде ұзақ уақытты талап етеді[3].

Бурабайдың көрінісі, орман, қайың, қарағайлар суретшінің сүйікті мотивтеріне жатады. Әсіресе, шығыстық дәстүрлі бейнелеу өнеріндегі бейнелер де жанына жақын болып келеді. Мәселен қытай, жапон елдеріндегі пейзаждары оны ерекше тамсандырады. Бұл пейзаждардың суретші үшін ішіндегі барлық бейненің символикалық мәні қызықтырады. Осындай символиканы қолдану арқылы Қ. Ахметжан пейзаждары мен этюдтеріндегі әр бейнеге терең мағына береді. Мысалы, қарағай, қайыңдар қаламгердің пейзаждарында – көркемдіктің, беріктіктің және сұңғақтықтың символы болса, тау – әлем символына айналған үлкен философиялық мәнге ие.

Суретшінің өзен-сулардағы жартастарға арналған шығармалары өзгеше. Этюдтердің негізінде туындаған шығармаларының ішінде сарқырама судың көріністері ерекше тамсандырады. Оның ішінде «Жартастар» (2009), «Буырқану. Ағын» (2019), «Жылтыл» (2019) туындылары түстер галактикасынан тұрады. Ондағы әр жағыстың құрылымын көресің және бір-бірімен тынымсыз арпалысып жатқан ұсақ тірі ағзалар іспетті түстердің өзгеше әлеміне аттанғандай боласың. Су тұрақсыз, үнемі қозғалыста, өзгеріске ұшырап отырады. Судың бейнесі суретшінің туындысында тұрақсыздықтың белгісі болса, тас керісінше тұрақтылықтың символына айналады. Мұнда екі табиғат элементтері салыстырмалы түрде тамаша үйлесім табады. Жалпы, қаламгердің картиналарымен түрлі эксперимент жасауға болады. Олардың форматын жылы түстерден суық тустерге қарай бөліп тізбектеп, ретіне байланысты басқа композиция құрастырып шығуға болады. «Жартастар» картинасындағы тастардың философиясы бір бөлек. Кенепкер үшін тастар ғасырлар өте өзгеріске ұшырамайтын, құпияға толы нысанға айналғандай.

«Гүлдер» (Көктем. Нәзіктік. Пәктік, 2017 ж.) триптихына назар аударатын болсақ, үш түрлі мотивте орындалған, бірақ тақырыбы бір – гүлдер тақырыбына арналады. Гүлдерді Қ. Ахметжан кенептерінде шынайылықтың, тазалықтың символына айналдырады.

Гүлдер (Көктем. Нәзіктік. Пәктік)

Ал, суретшінің натюрморт жанрында орындалған «Береке» (2015) атты туындысына ХVІ-ХVІІ ғғ. голландық суретшілердің классикалық мотивте орындалған шығармалары негіз болған. Бұл жанрды қаламгер иесі өзіне тән техникамен шешу барысында байлықтың символына меңзейді.

Береке

«Ғасырлар тоғысы» туындысының пайда болуына суретшіге астанада наурыз мейрамында дәстүрлі қазақ үйлердің тігіліп тұрғаны әсер еткен екен. Яғни, өткен заман мен қазіргі заманның тұспа-тұс кездесіп тұрғандай, ғасырлардың тоғысқан кезіндей көрініпті. Кенепте астанамызда бұрынғы заманның тарихы жаңа келбетте, жаңа қалада көрініс тапқандай[3].

Ғасырлар тоғысы

Қ. Ахметжанның қыс мезгіліне арналған «Ақ әуен» (2017), «Қар көшкіні» (2019) атты туындыларындағы табиғат көріністері бір басқа. Қаламгер таза табиғат аясында жалғыз қалғанды ұнатады, оның кенептерінде қала өмірі кездеспейді, тек табиғат көзінен шабыт алады, тіпті онда адамды да кездестірмейсіз, тек таңғажайып, тыныш әлем, шынайы табиғат әлемі. Қыс мезгіліндегі қардың жапалақтап жауып жатқан көрінісінен табиғаттағы формалар жойылып, бейнелер, нысандар қармен бірге еріп, араласып бір-бірімен нүкте арқылы ұласып, қосылып жатады.

Қ. Ахметжанның тарихи тақырыптағы туындыларына тоқталатын болсақ, негізінен суретші жасынан ботальді жанрдағы суретші болуды армандаған. Тарихи зерттеулерге деген қызығушылығы да содан бастау алады. Ленинградта Репин атындағы бейнелеу, мүсін және архитектура институтын оқып жүргенде дипломдық жұмысы осы жанрда бейнеленген «Мазасыздық» (1977) туындысы тарихи тақырыпқа арналады. Оның сол кезеңдегі тұлпарлар бейнесінде шешкен реалистік мәнердегі «Тайбурыл» (Бостандық), «Байшұбар» (1986) картиналары 1986 жылғы оқиғаны алдын-ала интуитивті түрде сезген шығармалар еді. «Тайбурылда» жылқы жібін үзіп, бостандыққа қалықтап тұрған сәтін көрсек, енді бірінде ол байшұбар ағаш қоршаудан секіріп шығып бара жатады, ал үшінші туындыда сол берілмес тұлпардың құлап жатқан жерінен қайта тұрып аспанға қалықтап ұшып, бостандыққа ұмтылған жігері таңқалдырады. Бұл туындыларды автор 1986 жылдың жаз айында туындағанын атап өтеді.

Мазасыздық

«1990 жылы Алматыда кино үйінде жеке көрмесін өткізгенде кездейсоқ журналист – «бұл шығармаларды «желтоқсан оқиғасына» арнайы шығардыңыз ба?» дегенде, суретші туындының оқиғаға дейін бейнелегенін айтады. Әлгі журналист – «онда сіз сездіңіз бе сол оқиғаның болатынын?» деп, тағы сұрақ қоя кетеді. Сонда Қ. Ахметжан – «ол көтерілістің болатынын сезбедім, бірақ сол кездегі адамдардың сезімін, еркіндікке деген халықтың ішкі күйзелісін жақсы сезінген едім, мүмкін соның барлығы маған әсер беріп, менің санамда болашақта болатын оқиға көрініс тапқан болар», - деп жауап береді[3].

Байшұбар., Тайбурыл. Бостандық

Тарихта батырлардың киім-кешектері толық зерттелмегендіктен, суретші тарихи жәдігерлерді негізге ала отырып, көне қазақ батырларының, руларының, тайпаларының, қағандардың киім үлгілеріне, қару-жарақтарына зерттеу жұмыстарын бастап кетеді. Нәтижесінде, автордың бірнеше еңбегі жарыққа шығып, тарихшы, қару-жарақ зерттеуші, қайта қалпына келтірушілердің қатарына қосылады. Суретшінің жұмыстары таптырмас құнды ақпарат көзіне айналды. Қ. Ахметжан ғұн көсемдерінің, батырлардың киім үлгілері мен қару-жарақтардың реконструкциясының тарих, археолог және музей мамандарымен бірігіп, тарихи деректерге сүйене отырып, үлкен еңбек болып саналатын тамаша жаңғыртпаларды шығарды. Оның археологиялық, музейлік және иконографиялық материалдар бойынша ғылыми реконструкциялары (2011), б.з.д. ІІ – б.з. ІІІ ғғ. ақсүйек ғұн киімі мен қару-жарағы, ХІХ ғ. қазақ батырларының қылышы, дулығасы мен жауынгерлік жеңсесі жобалары, музейлік материалдар, археологиялық және иконографиялық мәліметтер бойынша жаңғырпалары (2001) және т.б. еңбектері таптырмас құнды мәліметтер болып табылады және келер ұрпақ үшін де тарихына байланысты мәліметтерді білу, көру өте мңызды. Қ. Ахметжанның ботальді жанрдарғы «Ереуіл атқа ер салмай» (2015), «Мерген» (2013) және т.б. шығармаларында басты екпінді көбінесе олардың қару-жарақтары мен киім үгілеріне ерекше мән береді. Картинадағы барлық элементтер ойдан шығарылмаған, тек тарихи деректерге сүйене отырып бейнеленген, шынайы үлгідегі жәдігерлер ретінде қарауға, зерттеуге болады.

Эпикалық батырлар мен арулар топтамасындағы «Қозы көрпеш пен Баян сұлу» (2018) эпосын суретші сақ дәуірінде пайда болғанын айтады. Сондықтан, мұнда сюжет жоқ, тек кейіпкерлерді сақ заманына сәйкес киім үлгілерімен бейнелегенін тағы атап өтеді[3]. Уақыт өте заманауи үлгіге айналып кеткен бұл эпосты қаламгер зерттеу ізденістерінің арқасында екі жасты өз заманына қайтарады.

Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу

Сонымен қатар, Қ. Ахметжанның қазақ ертегілеріне арналған этнографиялық суреттері, эскиздері тамаша көрініс табады. Оның ішінде А. Тоқтабайдың кітабына арналған иллюстрациялар, «Әр түрлі жүктерді тасымалдау әдістері» (2004) және Абайдың өлеңдеріне жасалған интерактивті компьютерлік жаңа заманауи бейнелер де шынайы келбетте ерекше орындалған. Бұл туындылар реалистік мәнерде бейнеленген және мұндағы барлық киімдерді, қазіргі таңда ұмыт болып кеткен заттарды суретші қайта жандандырып дәл беруге тырысады және олардан этнографиялық құнды мәлімет алуға болады.

Суретшінің осындай тарихи-мәдени, этнографиялық зерттеулерімен таныса келе, өз елінің тарихына жанашырлықпен қарайтынына, елінің мәдениетінің тереңдігіне үңіліп, оны қайта жандандырып, зерттеп, бейнелеу өнерінің көмегімен елінің мәдениетін қайта тірілуіне үлкен ықпал тигізгенін атап өту керек.

Туған елінің мәдениетін, ата-баба тарихын қайта жандандыру кез-келгеннің қолынан келе бермейтін батыл іс. Шығармашылығында ғасырларды тоғыстырған Қ. Ахметжан қазақ бейнелеу өнерінде қолтаңбасын қалдырып қана қойған жоқ, сонымен қатар, қазақтың тарихын, мәдениетін бір ғана қылқалам ұшымен қайта тірілтті.

Қолданылған материалдар:

  1. 100 шедевров искусства Казахстана. Живопись. Скульптура. Графика. – Алматы: ИД «Жибек жолы», 2013. – 264 б.
  2. Мастера изобразительного искусства Казахстана. 4-выпуск /Ергалиева Р.А., Труспекова Х.Х., Шарипова Д.С. и др. – Алматы: ИД «Жибек жолы», 2009. – 200 с., иллюстр. (85б)
  3. Суретшімен сұхбат. 2019.