Мақала
Әубәкір Ысмайылов графикасындағы қазақ эпосы
Жиырмасыншы ғасырдың 30-шы жылдары Ә. Ысмайлов өз халқымыздың эпостық жырлары мен тарихына тұңғыш қалам тартқандардың бірі болды
Бөлім: Бейнелеу өнері
Датасы: 20.01.2018
Авторы: Самал Мамытова
Мақала
Әубәкір Ысмайылов графикасындағы қазақ эпосы
Жиырмасыншы ғасырдың 30-шы жылдары Ә. Ысмайлов өз халқымыздың эпостық жырлары мен тарихына тұңғыш қалам тартқандардың бірі болды
Бөлім: Бейнелеу өнері
Датасы: 20.01.2018
Авторы: Самал Мамытова
Әубәкір Ысмайылов графикасындағы қазақ эпосы
Алпамыс батыр. 1943. Қағаз, акварель

Әубәкір Ысмайылов – кемел суреткер. Қылқалам шеберінің шығармашылық жолының бастауы Қазақстандағы бейнелеу өнерінің қалыптасу кезеңімен сәйкес келді. Ол еліміздегі кәсіби көркемсурет мектебінің негізін салушылар Әбілхан Қастеев пен ағайынды Қожықовтар қатарында еңбек еткен суретші. Жан-жақты өнер иесінің бойына дарыған актерлік, режиссерлік, бишілік қасиеті де, өзге салаларда көп еңбектер атқарғанын айғақтайды. Бүгінде оның қай салада болмасын, келер ұрпаққа қалдырған шығармашылық еңбегі республикамыздың мақтанышы.

Ә. Ысмайылов 1913 жылы Қарағанды облысында дүниеге келген. Ол 1928 жылы Семей қаласынан оңтүстікке бастау алған, қазақ жеріндегі алғашқы жылжымалы көрмеге қатысады. М.А. Врубель атындағы Омбы көркемсурет-өндірістік училищесінің көркемсурет студиясында оқиды. Кейіннен қазақ жастарының арасынан өзінің қабілеттілігін көрсеткен бозбала Мәскеу қаласына арнайы білім алуға жіберіледі. 1930 жылы Мәскеу Полиграфия институтының графика факультетінің В.А. Фаворский мен С.В. Герасимовтың шеберханасында білім алады. 1933 жылы Қазақстанға оралғаннан кейін, суретші өз шығармашылығының алғашқы кейіпкерлері Қарағанды кеншілерімен қатар, плакат және карикатура саласында көп еңбектер атқарады.

Жиырмасыншы ғасырдың 30-шы жылдары Ә. Ысмайлов өз халқымыздың эпостық жырлары мен тарихына тұңғыш қалам тартқандардың бірі болды. Оның «Қамбар батыр мен Назым қыз», «Қамбар батырдың аңға шығуы», «Қамбар батыр аңшылықтан кейін ауылда», «Қамбар батырдың қалмақ ханымен жекпе­жегі» (1930-1940-жылдар), «Жоңғарлармен шайқас. Қазақ халқының эпостық жырларына иллюстрациялар» (1940-жылдар), «Қобыланды батыр басқыншыларды талқандауда» (1941), «Қызыл салт атты» (1930-1940-жылдар), «Едіге батыр» (1942-1943), «Алпамыс батыр» (1943) және тағы да басқа көптеген жұмыстары осыған дәлел. Аталмыш туындыларында қылқалам шебері қызу-қанды шайқасты, жорыққа шығу немесе аң аулау көріністерін, қазақ халқының тұрмысын және батырлар ерлігін шынайы бейнелеуге тырысты. Сонымен қатар эпос тақырыбын, оның ұлттық мінезін өткен тарихпен байланыстыра, шындық тұрғысынан дәл де нақты айқындай білді.

Қамбар батыр мен Назым қыз. 1940-жылдар. Қағаз, гуашь

Бұл тақырыпқа қалай келгендігі жөнінде суретші 1943 жылы «Қазақстан суретшісі» («Художник Казахстана» №2) журналына берген сұхбатында былай дейді: «Қазақ халқының эпосына мен бала кезімнен қызықтым. Біздің ру Қарағанды облысы, Нұра даласында көшіп-қонып өмір сүрді. Біз қыс мезгілін бір жерде, жазды өзге жерде өткіздік, бірақ қай жерде болсақ та ертегі мен ән біздің тұрмысқа еніп, үнемі құшағына бөледі. Менің есімде қалғаны ұзақ қыстың кештері, далада қарлы боран тұрған кезде, анам Қобыланды мен Алпамыс батырдың ерліктері және сұлу Қыз Жібек жайлы әндер шырқайтын. Жол бойындағы от жарығымен қаһарман батырлар жайлы аңыздар тыңдадым. Оларды ақсақалды қарттар асықпай, баппен әңгімелеп айтып беретін. Жастар қызыға және үлкен құрметпен құлақ салып тыңдайтын. Кейде акындар біздің ауылға келіп тұратын. Олардың келуі той-мереке болатын. Жан-жақтан халық жиналып, әндер ертегі және ойындармен алмасатын. Сол уақыттар көңілді де шулы кездер еді...

Менің біздің өткен тарихымызбен, эпоспен таныстығым осылай пайда болды. Халық батырларының жарқын бейнелері шынайы көрінді. Олар ең мықтысы, ең тапқыры және ақылдысы болды. Олар қарсы тұрған байлар қорқақ, мардымсыз және мейрімсіз болып суреттелді және біз олардың сәтсіздіктеріне қуандық. Мен айтылғанның барлығына сендім. Мүмкін емес еш нәрсе болмады, аңызға айналған отты жылқылар және темір құстар барлығы мен үшін айналадан көрген тіршілік иесі секілді сондай шынайы болды.

Мен сурет салуды өте ерте бастадым. Өзімді толғандырған образдарды бейнелеуге тырыстым. Солардың арасындағы ең сүйіктісі салт атты кісі (всадник на коне) немесе жылқылар – менің ерекше құмартқан тақырыбым еді. Мен олардың суретін барлық жерде құмда, жартастарда және қағаз қиындыларына да салдым. Менің жұмыстарымның төрешілері құрдастарым және үлкен ағам Омар болды. Ол өзі де суретті жақсы салатын. Оның өмірден ерте озуы мен секілді суретші болуға кедергі болды. Ол өте қабілетті және дарынды еді.

Сөйтсе де бейнелеу өнеріне деген құмарлық арта түсті. Жергілікті жұмысшылардың көмегімен қалаға оқуға баруға мүмкіндік туды. Содан кейін мен Мәскеуге аттанып, жоғарғы көркемсурет мектебінде оқыған бірінші қазақ суретшісі болдым. Осы тұста орыс кескіндемесінің ұлы шеберлерінің шығармашылығымен, әсіресе тарихи жанрдағы – В.И. Суриковпен, В.И. Васнецовпен, В.Е. Маковскиймен және Шығыс бейнелеу өнерімен, Иран миниатюрасымен таныстығым маған үлкен ықпал жасады. Осы алған әсермен мен өзімнің сүйікті қазақ халқының өткен өміріндегі батырлық тақырыбындағы алғашқы туындыларымды жазуға кірістім. Бәрінен де мені қазақ халқының батырлық және лирикалық эпостары қызықтырды. Осы тақырыпта мен 15 жыл жұмыс істедім және ары қарай жұмыс істеуді жалғастыра бергім келеді...»1 - деп Әубәкір Ысмайылов қазақ эпосы тақырыбымен жұмыс жасауды қалай бастағанын әңгімелейді.

Суретші 1938 жылы қазақ эпосы жайлы материалдар жинақтауға кіріседі, ал 1940 жылдың бірінші жартысында қазақ халқының қаһармандық «Қамбар батыр» мен «Қобыланды батыр» жырларына арналған иллюстрациялар топтамасын салады. 1946 жылы біздің музейге автордың өзінен түскен «Қамбар батыр мен Назым қыз» графикалық жұмысы солардың бірі. Көлденең композицияға құрылған шағын жұмыс көрермен назарын өзіне бірден аударады. Ауыл ішінен сапарға аттанған Қамбарды Назымның қимай шығарып салған кезі. Жеңіл бояулардың үйлесімді шешімімен құрылған композицияда негізгі басымдылық (акцент) Қамбар бейнесіне берілген. Суретші бұл кейіпкерді ерекше қозғалыспен көрсетіп батырлығына көңіл бөледі. Композицияның әр бөлігінің өзара қарым-қатынасы бір-біріне сәйкес емес. Сондықтан да туынды шынайылықтан көрі аңыз ертегіге жақын. Алты қанатты ақшаңқан қазақ үйлер мен алыстан көрінген көл және төбешіктерді ақшыл-көгілдір түстермен беріп, жылы реңді туындыға ауаны сездіре жазады. Жалпы тарихқа үңілетін болсақ бұл Қамбар оқиғасын Сыр бойындағы Алтыасар тарихымен байланыстыратын аңыз үлгісі. Жыр оқиғасы 18 жасқа толған Назымның жар іздеген назынан басталады. Бұл кезде Қамбар да ер жетіп, елін асырап отырған батыр тұлғасында көрінеді. Жырда Назым қыздың ағалары – Әзімбайдың бес тентегі «жалаң аяқ жарлы» деп қорлап, намысына тисе де елін қалмақ ханы шаппақ болып келген «Әзімбайдың ақымақ» ұлдарына өкпелеп жаманның ісін қылмайын» деп, қолына қару алып, атқа отырып жауға аттанады. Міне, осы сәтті қолында қыраны бар Қамбар батырдың Қарақасқа атымен құйындай жүйітки жөнелген көрінісін суретші Ысмайылов бейнелеген.

Жоңғарлармен шайқас. Қазақ халқының эпостық жырларына иллюстрация. 1940-жылдар. Қағаз, акварель

Әубәкір Ысмайыловтың есімдері аңызға айналған қазақ батырларының ерліктеріне қайта жан бітірген жұмыстарының қатарында Қобыланды батырға арналған иллюстрациялары бар. «Жоңғарлармен шайқас. Қазақ халқының эпостық жырларына иллюстрациялар» (1940-жылдар) атты күрделі композицияға құрылған акварельдік туындысы осы топтамадан. Парақта жасыл төбе басындағы қаруланған екі батырдың қызу-қанды шайқасы бейнеленген. Бірінші бөліктің сол жағында жебе толы сауыт, оң бөлікте бас киім. Артқы планда атты әскерлердің сұлбалары және ауыл көрінісі. Басын қар басқан таулар толқынды бұлтты аспанмен жалғасып кетеді. Композицияның негізгі нүктесі екі батырдың жекпе-жек үстіндегі көрінісі. Олардың қимыл-қозғалысы нанымды да, аса дәлдікпен жазылған.

Ал 1941 жылы жазылған «Қобыланды батыр басқыншыларды талқандауда» атты тік форматты композиция динамикалы қозғалысқа толы. Басты кейіпкерлердің қан шайқас кезіндегі сәтін тік форматта көрсетуі тегін емес. Жылдам да қызу-қанды қозғалысты келтіру үшін, иіріле түскен сызықты композициялық шешімді қолданады. Шығармада Шығыс миниатюрасына тән декоративтік бөлшектер орын алған батырдың сауыты, аттардың жабулары тіпті қол шоқпарлар мен қалқан, садақтарын олардың өрнектеріне дейін ұқыпты жазған. Әсіресе, туындыдағы үрей аттардың шошына кісінегенінен байқалады. Буырқанған бұлтты аспаннан бейне бір найзағай ұрып, күркіреген күн естілетіндей. Алыстағы таулар да Қобыландының қас жауымен шайқасына сүстана қарайды. Жартылай-жарық көлеңкелердің көмегімен қызғылт реңдерге қарама-қарсы көгілдір түсті пайдаланып, негізгі қарама-қайшылықты (конфликтті) ұтымды ашады.

Қобыланды батыр басқыншыларды талқандауда. 1941. Қағаз, акварель

1942-1943 жылдар аралығыныда Ә. Ысмайылов тағы бір қазақ эпосына иллюстрациялар жасайды. Ол тарихта болған атақты батыр, ел билеуші Едігенің ерлік істерін суреттейтін «Едіге батырға» арналған акварельдік туындылары. Суретшінің аталмыш және өзге де қазақ эпосы немесе тарихы қамтылған жиырмаға жуық акварельдік шығармалары 1943 жылы Алматы қаласында «Ұлы Отан соғысына» арналып ұйымдастырылған көрмеде көрермен назарына ұсынылады. Олардың қатарында «Тоқтамыс елшілерінің Едіге батырға келуі», «Исатай мен Махамбет Нарынқұмда», «Қобыланды батыр шайқаста», «Алпамыс батыр және ғажайып Байшұбар», «Сарбаздар басындағы Қарасай батыр», «Қазақ халқының қолбасшысы Кенесары Касымов», «Қамбар батыр және Назым қыз», «Ақан Сері және Сырымбет» және тағы басқалары. Бүгінде бұл шығармалардың бірі сақталып келсе, өкінішке орай екіншісі сақталмаған.

Өз елінің амандығын ойлайтын, соның намысын қорғайтын Алпамыс батыр бейнесін суретші 1943 жылы керемет етіп сомдайды. Парақта Алпамыс өзінің серігі Байшұбарды ұстаған сәті бейнеленген. Жырда Құлтай Алпамысқа: «Сенің қайратты, ер жігіт екеніңді білейін, өзіңе арнаған атты ұстап ал, егер еншіңді танып ұстасаң, қолыммен ерттеп берейін», - дейді. Бірінші, өзіне серік атты тану, екінші, оны құрықсыз тоқтату, екеуі де үлкен сын. Алпамыс сол сынның екеуінен де өтеді. Ол көп жылқының ішінен «жалы құлағынан асқан, төрт тұяғын тік басқан, құйрығы бір қолтық сексеуілдің шоғындай «шұбарды» таңдайды. Алпамыс «аттың құйрығына жолбарыстай қол салды... жануар Байшұбар нар сияқты тізесін бүкті, үш мәртебе зор салды. Алпамыс жібермеді. Алпамыс зорлығын білдірді». Міне, осы көріністі суретші өз тұрғысынан талдап Алпамыс батырдың образын саралайды. Сонымен қатар бұд композицияда суретші тек Алпамыс батырдың күштілігін, ерлігін көрсетіп қана қоймайды, сонымен қатар сәйгүлігі Шұбар аттың да жазылуына ерекше көңіл бөлгенін байқаймыз.

Қызыл салт атты. 1930-1940-жылдар. Қағаз, акварель

Композициясы ұтымды, аса қызғылықты динамикалық іс-әрекетте бейнеленген «Қызыл салт атты» (1930-1940-жылдар) акварельдік жұмыс суретшінің қазақ эпосы тақырыбына салған туындылар қатарына жататыны сөзсіз. Қызыл реңдердің құрылымынан туындаған салт атты композиция еуропалық суретшілердің салт атты портреттерін еске түсіреді. Төменнен жоғарыға өрлеген ракурс оның монументалды бейнесін одан ары ұлғайтып көрсетеді. Төмендегі таулар, жалаң ағаштар ен даланың кеңістігіне сіңіп жатыр. Осы даланы мекендеген салт атты өзінің бостандықтың, еркіндіктің иегері екенін ышқына айқайлап айтқандай. Осы орайда Қобыланды батырдың Тайбуырылы, Алпамыс батырдың Байшұбары, Қамбар батырдың Қарақасқасы қазақ халқының сәйгүлікке деген сүйіспеншілігін танытады. Міне аталмыш парақта да Ысмайылов күрең-қызыл тұлпарға мінген қазақ батырының образын монументалды етіп, бояу түстерінің арақатынасын үйлесімді шешіп өзінің аса сүйікті тақырыбы екенін тағы бір дәлелдейді.

Жоғарыда айтылған ойды тұжырымдай келе, қылқалам шебері Әубәкір Ысмайлов бала кезінен аса қызығушылық танытқан қазақ халқының эпосын, тарихты қызғылықты зерттеу нәтижесінде артына қалдырған өзіндік туындылары бүгінгі күні баға жетпес құнды мұра екені сөзсіз. Ол бақыт пен әділдік үшін күрескен, өз жері мен елін жаудан қорғаған Қамбар, Қобыланды, Едіге, Алпамыс батырлардың ерліктерін қағаз бетіне түсіре отырып, бірегей образдарын жасады. Сонымен қатар еліміздің тарихының тереңдігін әлемге тағы бір рет дәлелдеді. Ел аузындағы эпостық жырлар мен халық ауыз әдебиетінің шексіз байлығын мақтанышпен жеткізді. Сөз соңында кемел суреткер Әубәкір Ысмайылов халықтың тарихын құрастыратын мәдениетті қалыптастырды деп айта аламыз.

Н.С. Мухин архиві
Әубәкір Ысмайылов: Альбом/ Құраст. А. Синенький. – Алматы: Өнер, 1986. – 144 бет, 100 ил.