Қазақтың белгілі суретші қызы Айгүл Хакімжанованың шығармашылығында халық ертегілерінің таңғажайыптығы мен оның өзінің жан жылуы, көне аңыздардың құпиялығы мен оның жан сезімінің сұлулығы өріле біткен. Ол өзінің әрбір жұмысында көпшілігі – жұмақ десе, кейбірі – балалық шақ деп атайтын бақыт пен үйлесімнің ғайып болған әлеміне қайта оралып отырады. Әрбір жұмыс тек шебер стилистикалық шешім тауып қана қоймай, ерекше көңіл-күйге, сүйіспеншілік пен мейірімге толған. Оның шығармашылық әлемі ұлттық дәстүрлердің байлығымен тығыз байланысты. Ол адам жанының жылуын дәл, анық беретін пастель техникасын артық көреді.
Айгүл Хакімжанованың шығармашылық әлемге келуіне өзінің әжесі, белгілі шығармашылық тұлға, Қазақстанның халық жазушысы Мәриям Хакімжанованың ықпалы зор. Суретшінің бала кезінде олардың үйлеріне Айша Ғалымбаева, Ғафу Қайырбеков, Сәбит Мұқанов, Фариза Оңғарсыноа, Бибігүл Төлегенова, Мағираш Қожахметова, Мәншүк Мәметованың анасы – Әмина апа және т.б. осындай тамаша адамдар жиі келіп, қонақ болатын. Осы аңыз-үйге өнер мен жігердің киесі қонған.
Айгүл Хакімжанова 1962 жылы 9 ақпанда Алматы қаласында дүниеге келді. 1984 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының көркемсурет-графика факультетін аяқтады. 1995 жылдан республикалық және халықаралық көрмелерге қатысып келеді. 2003 жылдан Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі.
Суретші «жазда ағам екеуімізді туыстарымызға алып баратындықтан, ауыл өмірінің тынысы жаныма жақын болып өстім» деп еске алады. «Мәңгілік жылы», «Бақыт құсы», «Әулие ағаш», «Ескі құдық», «Тәтті ұйқы», «Саз сырнай тартып тұрған қыз» атты жұмыстарын – ең жарқын балалық әсердің жалғасы десек болады. Ұлттық дәстүрлердің негізі болған жылу мен қуаныш оның шығармашылығындағы басты тақырыпқа айналды.
Институт қабырғасындағы оқу оған жаңа мүмкіншіліктер әперді, анимацияға, кітап иллюстрациясына деген құлшыныс пайда болды. Айгүл Хакімжанованың графикалық дарыны көптеген көрмелерде, конкурстар мен жобаларда байқалып, өрісін тапты, бұлар әлденеше рет ең жоғары марапаттарға ие болды. Бүгінгі таңда Айгүлдің өзі – он үш жылдық өтілі бар ұстаз.
Көптеген конкурстар мен жеңістердің арасында ерекше орын алатындарын атап өтетін болсақ, олар: Халықаралық кітап форумы – «Open Central Asia Book Forum & Literature Festival 2012» фестивалі – 1 орын (Қырғызстан, Бішкек); Лондон қаласында шыққан «Орта теңіз құдайлары» кітабына иллюстрациялары; «Art Portrait Club» Халықаралық көркемсурет конкурсында «Графикалық портрет» атауы бойынша 2-орын (Мәскеу, 2017).
Айгүл Хакімжанова «Керқұла атты Кендебай», «Даниялдың сиқырлы түстері», «Қызыл башмақтың басынан кешкендері», «Нарғыз туралы дастан» сияқты көптеген қазақ ертегілері мен балалар кітаптарына арнап тамаша иллюстрациялар жасады. Қазақ хандығы жайлы мультфильмнің қоюшы-суретшісі ретінде эскиздермен жұмыс істеп, «Мен сенемін» атты мультипликациялық видеоклиптің жарыққа шығуына ат салысты. Алматыда өткен 18-ші Бүкілдүниежүзілік Қысқы Универсиаданы көркемдік безендірушілердің ортасында жүрді.
«Кең даланың әсем сәулелері аясында» көрмесі суретшінің әр жылдары салған ең үздік графикалық жұмыстарын ұсынады. Айгүл Хакімжанованың көркемдік стилі мен қолтаңбасы, тақырыптары мен сюжеттері қалай қалыптасып, қалай өзгергенін, тұтастай алғанда, оның картина әлемінің қалай пайда болғанын көруге болатын, сонымен бірге әрдайым бола бермейтін мүмкіншілік жасайды. Экспозицияда халық ертегілері мен қазіргі заман авторларының әңгімелеріне салынған иллюстрациялар мен графикалық эскиздерді, нобайлар мен этюдтерді тамашалауға болады.
Суретші түспен және формамен, кеңістікпен және сызықпен батыл жұмыс істейді, сезім сыры рухтың күшімен өріле біткен жігерлі де көркем, сиқырлы образдар тудырады. Оның әрбір туындысы асқан шеберлікпен, стилистикалық мінсіз, бірақ ерекше көңіл-күйге, махаббат мен мейірім шуағына толы.