Егер уақыттың идеялары болса, онда уақыттың формалары да бар. Нәтижесінде сол кезеңнің жаңа формаларының пайда болуы жаңа идеялармен тікелей байланысты. Осы орайда әрбір суретші бір уақытта идеялар мен формаларды өмірге әкелуші болып табылады. Яғни, қылқалам шеберлері шығармаларында өзі өмір сүріп жатқан кезеңді көрсетіп, сол дәуірдің атмосферасын сезіне отырып, жаңа көркем тіл, идея және форма жасаумен ерекшеленеді.
Соңғы жылдары ұйымдастырылған бірқатар көрмелер бүгінгі қазақ бейнелеу өнерінде белсенді жас суретшілер буыны қалыптасқанын көрсетті. Олар үнемі шығармашылық ізденіс, тәжірибе үстінде. Атап айтар болсақ Н. Нұрахмет, Б.Асемқұл, А.Орақбай, Б.Сейсенханұлы, Е.Танаев пен А.Закиров, Д.Үсенбаев, А.Нұрғожаев, Д.Алиева, А.Калачева, Қ.Омархан, А.Әубәкір, Ә.Жүргенов, О.Қабөке, Т.Хусейн тағы басқалары. Бұлардың әрбірінің көркем туындылары даралығымен және формалық-мазмұндық ізденістерімен ерекшеленеді. Олар түрлі мәнерде жұмыс жасайды. Әрқайсысының өзіндік дүниетанымы, көзқарасы бар. Аталып өткен суретшілер арасынан айрықша көзге түскен тек үш суретші Нұрахмет Нұрбол, Асемқұл Бейбіт және Үсенбаев Дулатқа тоқталайық. «Өнер – өмірдің айнасы» демекші бұл суретшілер бүгінгі өмірдің шынайы бейнесін, постмодернистік кезең мен қоғамдағы түрлі проблемаларды ой-елегінен өткізіп, өз туындыларына арқау етті. Ол үшін олар қандай көркемдік құралдарды қолданды? Идея, мазмұн, форма немесе түс пе?
Асемқұл Бейбіт – дарынды жас суретші. Ол Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының «кескіндеме» бөлімін бітірген, Жұмақын Қайрамбаевтің шәкірті.
Бейбіт соңғы бір-екі жылдың көлемінде графикамен әуестеніп, өзін жаңа қырынан сынап көрді. Көп ұзамай ғажайып графикалық парақтар дүниеге келді. Анасының өмірімен байланысты көріністер арқау болған жұмыстарында, автор жанына жақын ана және отбасы тақырыбын қамтиды. Олар ақ қағаз бетінде көмір мен соусты қолдану арқылы салынған. Осы қарапайым тәсілмен орындалғанына қарамастан, бұл графикалық парақтарда суретшінің эмоционалдық күйзелістері мен ішкі жан-тебіренісінің сезімдері айқындалған. Сол сияқты туындыларының бірі - «Қыз жолы» (2016). Бұл жұмыстың мағынасы терең, мазмұны ауқымды, халықтық рухқа толы. Төрт бұрышты парақта түрлі тармақтарға таралған, алуан асулардан тұратын шексіз жол. Композицияның астыңғы, нақ ортаңғы бөлігінде осы өмірде өз жолын, дұрыс жол таңдау үсіндегі қыз бейнесі. Екінші жағынан «өмір дарағы» бейнесін еске түсіріп, ағаш бұтақтары өмірдің соқпақтары сынды айқындала түседі. Автор кеңістікті текемет секілді шешеді, қазақтың текеметтеріндегі ірі модулді ақ және қара формалары өзара байланысады. Бұл бізді еркімізден тыс ұлттық өнерімізге жетелейді.
«Қыз жолы» және «Текемет» – екеуіне де ортақ мәселе, бұл жазықтықтық және мәңгілік қозғалыс. Жазықтықтық декоративті элементтер болса, ал бұл элменттер формамен жұмыс болып табылады. Мәңгілік қозғалыс және шексіз жол мағынасы текеметке де және графикалық жұмысқа да ортақ. Текеметте қозғалыс жан-жаққа бағытталған болса, ал мұнда қозғалыс бір нүктеден басталады. Сондықтан да, форма шексіз қозғалысқа негізделген. Сонымен қатар екі туындыда да өмірдегі қарама-қайшылық, ақ пен қара, жақсылық пен жамандық секілді түсініктерге тән. Текеметтен өмірдің динамикасын, энергиясын көруге болады. Графикалық шығарма символикалық мағынаға толы. Текемет өрнекті болса, ал графика сюжетті. Сонымен қатар, мұнда жалғыздық тақырыбы және адам өмірінің мәні де ашыла түседі.
А.Бейбіт жанрлық жұмысқа қалам тартқанда да композицияны ұтымды шешу үшін, форманы қалыптастыруға ерекше мән береді. 2015 жылы салынған «Қара тон» туындысы осыған жақсы мысал бола алады. Графикалық парақта қара тон жамылып, ұйықтап жатқан әйел адам бейнеленген. Мұнда өмірдің азабы және ауыр ұйқы көрініс тапқан. Ананың қара тонды жамылып сыртқы дүниеден оқшаулануы, өзін шектеуі, қорғануы, сонымен бірге сырт көздің алдында қорғансыздығы оның көріксіз, ұнамсыз жатқан кейпінен байқалады. Қара тон – шаршап-шалдығыудың белгісі. Ұйқы – бұл кез-келген адамның бір уақытқа тұйықталуы, құпиялануы. Суретші композицияны жоғарғы нүктеден алып жазған. Яғни, кеңістікте тереңдік қалыптаспай, керісінше жазықтық бетіндегі формалар ақ қағаз бетінен шығып, көлемді қалыптастыра түскен. Мысалы, тонның астындағы адамның дене пішіні, тонның жеңдерін жазуы. Ақ пен қара екі ғана түс арқылы және түрлі штрихтардың өзара күрделі байланысы арқылы әр заттың, форманың көлемі, сонымен қатар сол ортаны нанымды бейнеленген. Графикалық жұмыс қарапайым шешімге ие. Композициядағы кішігірім детальдар да қарапайым шешілген. Жерге төселген алаша және жастықтар ешқандай гүлді, күрделі ою-өрнекпен салынбай, бірнеше сызықтармен немесе жолақтармен ғана қарапайым түрде жазылған. Шәркейі – бұл үйдің жайлылығын білдіреді. Бұл өзінің әлемі, әйел адамның жеке өз әлемі. Мысалы, Қайта Өрлеу дәуірінің суретшісі Ян Ван Эйктің «Арнольфини отбасының портреті» атты туындысындағы шәркейін еске түсіруге болады. Суретші үшін әрбір деталь аса маңызды. Мысалы, кейіпкердің аяғына киген шұлығын жазуда, ондағы өкше немесе бас жағын қара етіп жазуы бекер емес, себебі суретші көбірек форма қалыптастырған сайын бізді, яғни көрерменді қарауға, көруге тарта түседі. Автор бұл жұмысты әрбір көрермен бірден көріп тамашалауға емес, асықпай суретшінің қимылымен, ойымен, оның ақырын баяндалған қарапайым әңгімелеуін көруге жетелейді. Мұндағының барлығы қарапайым болса да туған адамға деген мейірімділік, махаббат сезімдері арқау болған. Бейненің қарапайымдылығы махаббатың еш нәрсеге тәуелді емес екендігін дәлелдей түскендей.
Асемқұл Бейбіттің графикалық парақтарынан автордың жан-толғаныс сезімдері мен эмоциялық күйзелістерін көруге болады. Сондай-ақ, ол өзінің жеке әлемін жасау арқылы, жалпы өмірдің философиясын ұғынуға тырысады.
Нұрахмет Нұрбол – өмірге терең философиялық көзқарсы бар жас дарынды суретші. Ол Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясында Жұмақын Қайрамбаев шеберханасында білім алған. Кейіннен, АҚШ-тың Сан-Франциско қаласындағы Өнер академиясының магистратурасын тәмамдаған.
Жас суретшінің барлық жұмыстары еліміздің бүгінгі қоғамында болып жатқан түрлі құбылыстарға терең ой-толғаулары мен мазасыздану сезімдерімен айқындалған. Осы орайда, өзіндік жеке дүниетанымы бар және оны бізге өз картиналары арқылы жеткізуге құштар суретші шығармашылығын қамтитын басты тақырыптың бірі – түс және түс көру. Ұйқы және түс ұғымдары бір сәт шынайы өмірден арылу, көз жұмып уайым-қайғыдан алшақтау. З. Фрейдтің айтуынша «түс − адамның шынайы өмірдегі арманына, тілегі мен ықыласына және ынтызарлығына қолын жеткізіп, көңілін тыныштандыратын тылсым құбылыс». Аталмыш тақырыпты сипаттайтын суретшінің «Нәзік жан», «Түс», «Қыс», «Уақыт пен естелік» түрлі күрделі ракурста жазылған композициялары. Туындылардағы кейіпкерлер барлығы ұйқы үстінде. Неге олар ұйықтап жатыр? Ұйқы үстінде адам баласы тыныштықта, әрі жалғыз. Олар қатаң, статикалық күйде жазылған, себебі ешқандай қозғалыс жоқ. Ол өзінің кейіпкерлерін түстік жазықтық бетіне орналастырған және олардың әрқайсысы өз әлемінде өмір сүреді. Бұл жұмыстарында автор адамзат баласына ой тастап, сын айтып тұрғандай. Нұрбол өз жұмыстары жайлы былай дейді: «Адамдар бүгінгі өмірінде қайшылыққа ұрынып, қауымның ағымына ілесіп, қиындықтарға көз жұмғысы келетіндей. Елімізге қыс түскендей, халқымыздың терең ұйқыға батқанын сеземін. Сол ұйқыда шынайылық пен сағымның арасында жаңылғандай, адамдар көздерін ашуға асықпайды».
Нұрболдың келесі терең мағынаға ие кескідемелік туындысы «Ас бөлме» (2014). Дөңгелене құралған композицияда үйде немесе жатахқанада үстел басында отырған достар бейнеленген. Жас жігіттердің жартылай жалаңаш денелі бейнеленуі жеке кеңістіктің, өздерінің шағын әлемінің белгісі болып табылады. Бұл жұмыстағы басты дүниелер: бірінші – естелік және еске алу, екінші – үнсіз әңгіме немесе үнсіздік, үшінші – белсенділік және жайбарақаттылық.
Міне, бұл естелік 1986 жылдың желтоқсан айында қала көшелері мен алаңға шыққан жастар трагедиясы әкелген «қайғы, қасірет, жарақат» жайлы айтуға болады. Одан әрі ұйқыдағы арыстанды оятуға қорқатын, сол трагедияға қайта оралғысы келмейтін қоғамның үнсіздігі. Композицияның оң жақ жоғарғы бөлігінде қабырғаға ілінген күнтізбе, күнтізбеде 16 желтоқсан күні көрсетілген. 2011 жылы бұл күн Жаңаөзен қаласындағы тағы бір қайғылы оқиғаның орын алған күні. Міне, біздің қоғамдағы тағы бір сол қайғылы оқиға суретшіні толғандырып, бей-жай қалдырмай, осындай көркем туынды жазуға арқау болған. Автор бұл трагедияны нақты, қайғылы сюжеттік көріністер арқылы емес, терең мазмұнға толы өзіндік формалар арқылы шешіп көрсеткен. Мұнда қоғамның көзқарасы суреттеледі. Бұл жас суретшіні толғандырған мәселенің бірі қоғамның жайбрақаттығы, ешқандай іс-әрекетке, қимылға бармауы еді. Қоғамда орын алып жатқан үлкен оқиғалар мен құбылыстарды тек өзара әңгіме ретінде, ас бөлмеде талқыланып, сол әңгіме күйінде ғана қалып, одан әрі көтеріліп маңызға ие болмайтыны астарланған.
Мұндаға басты мәселенің тағы бірі, жоғарыда аталып өткен – үнсіздік немесе үнсіз әңгіме. Үш жігіт бір-бірімен үнсіз, бейне бір іштей тілдесетіндей. Туындыдағы екі кейіпкер артқы жағынан, тусыртынан алынып жазылса, ал үшіншісі басын төмен иген кейіпте. Бұлардың ешқайсысы көрерменге қарап, олармен диалогқа түсіпейді, өзара әңгіме құрмайды. Бұдан біз суретші қауымның қоғаммен тілдесуге, қоғамға үндеу тастап, қадам жасауға батылы жетпейтін секілді деген ой тудырады. Композициядағы үш жігіт те бір кеңістікте отыр, тіпті олар үшеу болса да, олар бәрібір жалғыз. Мұнда адам баласының жалғыздық мәселесі және адам өмірінің мәні сынды терең ойлар көрініс тапқан.
Үшінші маңызды дүниенің бірі – белсенділік және жайбарақаттылық. Автор әрбір кейіпкерде екі түрлі күйді ұштастырады. Олардың бойында бір-біріне қарама-қайшы екі қасиет бар. Бірі - жігерлілік, қайраттылық болса, екіншісі – енжарлық, әрекетсіздік. Мұны біз олардың әрқайсысының қимыл-қозғалысынан көреміз. Сондай-ақ, мұнда үш түрлі көңіл күй орын алған. Ортаңғы бөлікте іс-әрекетке дайындығы және назары байқалса, ал сол жақта – ноутбук, интернет арқылы өзге кеңістіктегі адаммен тілдесу сәті бейнеленген. Оң бөлікте терең ойға шому, мазасыздану, ширығу байқалады. Мұны жас жігіт денесінің оғаштау, түсініксіз орналасуынан көруге болады.
«Ас бөлме» туындысындағы бөлменің қара кеңістігінде ашық түсті денелер жақсы көрінеді. Ал, дастархан үстел үстіне төселмей, керісінше ілініп тұрған секілді әсер қалдырады. Әйтсе де, жағалай отырған кейіпкерлер қолдарын үстел үстіне тіреп, қойып отыр. Мұндағы натюрморт элементтеріне (екі тәрелке және екі қасық) қатаңдық тән. Олар қарапайым, әрі символикалы. Мұндағы адамдар кешкі ас ішуге емес, Леонардо да Винчидің «Құпия жиыны» сынды «жиналысқа», «жиынға», бір нәрсені «еске алуға» жиналғанға ұқсайды. Ал, жоғарғы, үстіңгі ракурстен алып жазу сонау ХХ ғасырдың 1960-1970-ші жылдары кеңес өнерінде жұмыс жасаған бірқатар В. Попков, В. Иванов, Д. Жилинский, А. Дейнека сынды қылқалам шеберлерінің шығармаларында кеңінен дамыған еді. Міне, бұл тәсіл бүгінгі жас суретшілер туындыларында да басты құралдардың бірі ретінде қолданылады.
Үшінші жас буын өкілі, алдыңғы екі суртшіден тақырып таңдауы, формасы, түстік шешімі барлық жағынан мүлде өзгеше.
Үсенбаев Дулат – бүгінгі өмір шындығын нәзік сезініп, сергек ой түйетін сыршыл суретші. Ол Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясын бітірген, Қанафия Тельжановтың шәкірті.
Бүгінгі таңда Дулат кескіндемесіндегі басты екі жанр – пейзаж және натюрморт. Себебі, мастихинмен жұмыс жасайтын, өзіндік мәнері қалыптасқан суретші жалпақ жағынды кескіндемеде (пастозная живопись) түс пен форманы қарастырады. Яғни, түс арқылы форма құрайды. Қылқалам шеберінің жұмыстары ойланып-толғануға шақырады. Мысалы, «Алматы» қаласына арналған пейзаждар топтамаларында экспрессияға толы бояу жағыстары адамның жүрек қағысын жылдамдата түсіп, ерекше көңіл-күйге жетелейді. Бұл қалалық пейзаждардың басым бөлігі қараңғы да күңгірт түстермен жазылған тас қабырғалы суық ғимараттар, халықсыз бос көшелер, шағын үйлер барлығы адам баласына еш жылулық, жайлылық сыйламайтын кеңістік ретінде айқындалған. Міне, бұдан біз бүгінгі қоғамдағы мәселелердің бірі саналатын қалалану үрдісіне көз жеткіземіз. Әйтсе де, суретші бұл үрдістерді өз композицияларында нақты тақырып ретінде алып, тікелей ашып көрсетпесе де, осы өмірдің бір көрінісі ретінде ішкі түйсігінің нәтижесінде көрініс тауып жатыр.
Ү.Дулат туындыларының сыртқы көріністерінің түрлілігіне қарамастан, эмоционалдық күйімен ерекшелене түседі. Мысалы, ерекше шешім тапқан «8-ші ықшам аудан» жұмысында бірінші бөлікте бос, үлкен кеңістікті алып жатқан жол бейнеленген. Бұған аз сөз, терең мазмұн қағидасы тән. Яғни, суретші минимализмнің қағидаларын ұстана отырып қарапайым, әрі батыл шешімге қол жеткізген. Ақ қардың үстімен жаңа ғана жүріп өтіп, із қалдырған. Бұл осындай суық кеңістікте өмірдің бар болуының белгісі болып табылады. Үйлер жазықтықтың жоғарғы, аз ғана бөлігінде көрсетілген.
Қорыта келе, жас суретшілердің шығармашылығы тек өнеріміздің одан әрі дамуындағы бастау емес, сонымен қатар бүгінгі күнгі халқымыздың рухани құндылықтарын қалыптастырудағы идеялық-эстетикалық белсенді күш болып табылады. Үш суретші де бүгінгі өмірдің шынайы көрінісін, постмодернистік ойларын, қоғамдағы түрлі мәселелерді, соның ішінде адам өмірінің мәнін түсіну, жалғыздық сынды өзекті тақырыптарды өз шығармаларында көтере білді. Осы орайда, дарынды жас суретшілердің бүгінгі бейнелеу өнеріндегі кәсіби шығармашылық тәжірибелері мен өзіндік формалық-мазмұндық ізденістері, қолтаңбалары ар алуан солай болуы да заңдылық. Себебі жоғарыда айтқандай, бұл нәтижелер қоғамдық бейнені автордың өз дүниетанымында саралаудан туындаған.