Пленэрдің ұйымдастырушысы ҚР Суретшілер Одағының мүшесі, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, суретші Досбол Мақсұтұлы Қасымов. Пленэр ұйымдастыру идеясы аяқ асты пайда болса керек. Досбол Мақсұтұлы фейсбук желісінде ұдайы шығармашылық байланыстағы досы РФ Суретшілер Одағының мүшесі, Омск Мемлекеттік педагогикалық университетінің профессоры Геймран Баймуханов ағамызға пленэр ұйымдастыру жайлы ұсыныс тастайды. Шығармашылық күнтізбесі өте тығыз суретші Геймран Баймуханов бір жағынан отанға, қазақ еліне, жеріне деген сағыныштан, екінші жағынан бауырлас суретшілермен шығармашылық сабақтастық орнату барысында бұл ұсынысқа бірден келісе кетеді. Бастамасы осылай басталған идея көп ұзамай отандық суретшілер тарапынан да қолдау табады.
Қаһарлы қыс кетіп, жерге көк шығып, көңілімізді жылытқан мамыражай көктемнің келуі де осы бастамаға себеп болса керек. Табиғатпен қауышуға асыққан суретшілер қатары да лезде көбейе түскен көрінеді. Осылайша, Досбол Қасымовтың бастамасымен көңілі сусап жүрген білікті шеберлерден тұратын суретшілер бастарын қосып, ең басты қонақтары Геймран Баймухановты ортаға алып, көп ойланбастан шеберханаларында тұрап қалған этюдниктерін көтеріп, табиғатқа шығып кетеді. Пленэрге шыққан суретшілердің қатарын жақында ғана Ербол Хамировпен бірге Түркияда ұйымдастырылған бір айлық пленэрлік іс-сапардан келген Қырғыз халқының суретшісі, Қырғызстан Республикасы Суретшілдер Одағының мүшесі Жақшыбек Джунушев толықтыра түскен. Сондай-ақ, пленэрге қатысушылардың құрамында ҚР Суртешілер Одағының мүшелері, еліміз бен шетел көлемінде кең танымал, жұмыстары әлемдік коллекционерлердің қорлары мен отандық мұражайларда сақталған, шығармашылығын белсенді түрде жүргізіп келе жатқан аға буын мен орта буын суретшілері бар. Арнайы тоқтала кетсек, олар: Жұмақын Қайрамбаев, Досбол Қасымов, Ербол Хамиров, Азат Табиев, Сейсенхан Махамбетов, Талғат Тілеужанов, Мейіржан Нурғожин, Нуршидин Баратов, Бақытжан Досимов, Зере Штифман, Нұржан Сауытбеков, Мұхтар Бекенов, Серік Рысбеков, Мақсат Әлиев, Серік Есентаев (фотосуретші), Марат Тұрғынбай сынды белгілі қылқалам шеберлері.
Досбол ағамыздан пленэрді ұйымдастырудағы мақсаты мен оны «AlmaLine 2018» деп атауының сырын сұрағанымызда, сондай бір күрделі жобалаудың болмағанын және пленэр тек шығармашылық сабақтастық пен этюдке шығуға деген сағыныштан пайда болғанын ерекше атап өтті. Ал «AlmaLine 2018» атауын таңдағандағы себебі оның міндетті түрде Алматы қаласы мен қала маңындағы таулы аймақтарда өтетінін ескере келе сөз құрамында қала атауының болғанын ескергенін, және бұл жобаға ерекше жылулық беру мақсатында «айналайын» сөзіндегі «лайн» жұрнағын пайдаланғанын атап өтті. Ұйымдастырушылар мен қатысушылар бұл іс-шараның мейлінше ұйымдасқан түрде өтуін қолға алған. Бұл орайда суретші Мақсат Әлиев «AlmaLine 2018» деген жазуы бар төс белгілері мен кружкаларға дейін тапсырыс беріп, арнайы жасатқандарын айта кетті. Суретшіге жұмыс жасау үшін, ойын жинақтау үшін тыныштық керек. Осы орайда дала пейзажына қарағанда қала пейзажын бейнелеу әлде-қайда қиындық тудырады. Көз алдыңда кескіндегелі тұрған көрінісің ұдайы қозғалыста болмақ. Ұтымды, сәтті деген фигуралар мен көріністерді лезде жадыңа сақтауға тура келеді. Ойыңды, бойыңды жинақтау үшін уақыт тапшы, әрі жан-жақтан салып жатқан жұмысыңды қызықтап келушілердің жөні бір бөлек. Биік ғимараттар, олармен жарыса көкке көтерілген ағаштар суретшінің кеңістікті сезінуіне, кенепте оны жеткізуіне де айтарлықтай әсер етеді. Тар көшелер, оларды бойлай қарбалас қозғалған көліктер мен адамдар суретшінің ойын жинақтауда едәуір кедергі болады. Сол себепті де тыныштыққа тұнған дала табиғатына қарағанда у-шуға толы қала табиғатын кескіндеу суретшіден ерекше төзімділік пен шеберлікті талап етеді. Алайда қала көрінісін бейнелеудің маңыздылығы өте зор. Қала жыл сайын, ай сайын, тіпті күн сайын келбетін өзгертіп, мың құбылтып отырады. Көне ғимараттардың орнына жаңасы салынып, кейде бүтіндей бір көшелердің өзі қайта жаңғыртылып, қала көрінісіне елеулі өзгерістер енгізеді. Ал, оны суретшілердің өз кенептерінде кескіндеуі бұл тарих. Яғни, қалананың сол кездегі, сол сәттеге мүмкін, кейін тіпті танымастай кейіпке енетін бүгінгі көрінісін кенепке түсіре отырып, оны тарихқа айналдырады. Сонымен қатар, мұндай пленэрлер суретшілердің көмегімен көрерменді тәрбиелеудің, қала тұрғындарының эстетикалық талғамын қалыптастырудың, оларды өнерге баулудың өте мықты құралы болып табылады.
27-28 сәуір күндері пленэр жұмысын бастаған суретшілер Алматы қаласының маңындағы таулы аймақтарда жұмыс жасады. 29-30 сәуір күнгі кестесін қаламыздың әсем көріністерін кескіндеуге арнады. 1-і мен 4-ші мамыр аралығында пленэрге қатысушы суретшілер қала сыртындағы қаймағы бұзылмаған, қазақи болмысын сақтаған, табиғаты тамаша елді-мекендерді аралап, этюдке шықпақ. Пленэр қорытындысы бойынша 11-ші мамыр күні Ә.Қастеев атындағы МӨМ-ның кіреберіс фоэсінде «Без рамы» атты пленэрлік көрме өтеді. Әсем қаламыздың көктеммен бірге құлпырған көркем келбетін, таудың тылсым табиғатын тамашалағыңыз келсе, барлықтарыңызды көрмеге шақырамыз. Көрмедегі кенептерден өзіңізді көріп қалуыңыз да бек мүмкін...