Сейдолла Бәйтерековтың өмірі мен шығармашылығына куә болған, сонымен қатар бірге жұмыс істеген, етене байланыста болған әнші, композиторлардың естеліктері.
Роза Бағланова
Халық қаһарманы
Жаны жаздай жайдарлым...
«Ел іші – өнер кеніші» дейді дана халқымыз. Бәрі де елдің ішінен шығады. Халық тудырған сондай таланттың бірі, айналайын, Сейдолла бауырым еді. Қайтейін, маңдайымызға сыймай кетті. Азамат ретінде, хас талант ретінде сыйлайтын едім.
Жаны нәзік еді. Бәрін жүрегіне жинай берген соң, қайдан шыдасын?! Ақыры алып тынды. Бірақ, өзі жүректен кеткенімен, халық жүрегінде қалды. Сейдолла бұл күнде әнге айналып кетті. Менің жетпіс жылдығыма дирижерлік етті. Білікті маман еді ғой ол. Мерейтойымның ойдағыдай өтуіне бір кісідей атсалысып еді. Оның бір ғана «Әлиясының» өзі не тұрады?!Ондай ән өмірге сирек келеді. «Әлия» әннің төресі ғой. Роза қызымның орындауында қандай құлпырып кетеді десеңші?! Ол ән жарыққа шыққанда, алғаш орындалғанда өз пікірімді, ақжолтай тілегімді айтқан болатынмын. Әлі де сол пікірімдемін. Сейдолланың бір қасиеті – ол әннің сөзін таңдай білетін. Бір сөз үшін шыж-быжы шығып, сол қашан дұрысталғанша байыз таппайтын. «Әлияның» асқақ ән болып шығуы сондықтан.
Сейдолла алдын болжай білетін. Оның эстрадаға келуі талайдың бағын ашты. Талай әнші оның әндері арқылы танылды. Сейдолла жарқ етіп шыққан дарын иесі еді. Ол – халық жүрегін әнімен тербеген азамат. Ән жазғанның бәрі сазгер емес. Сондықтан, сазгерлер көп болғанымен, Сейдолланың орны мен үшін қашан да бөлек. Халық та соны білгендіктен Сейдолласын ұмытпайды.
Ермек Серкебаев
КСРО халық әртісі
Дос туралы жыр
Мен Сейдолланың екі әнін орындадым. Біріншісі – «Дос туралы жыр», екіншісі – «Өмір-өмір». Осы екі ән де менің репертуарымда тұрақты орын алып қалды. Алғашқы шыққан кезінен бастап, күні бүгінге дейін орындап келем. Үлкен концерттерде міндетті түрде айтам. Мен орындамасам, халықтың өзі сұрап орындатады. Ән құдіреті деген сол. «Дос туралы жырды» халық «Жан досым» әні деп біледі. Ол әннің қайырмасы осылай айтылатын болған соң, көпшілік солай екен деп ойлайды. Сондықтан, маған да «Жан досымды» айтшы деп өтініш білдіріп жатады. Мен қалтқысыз орындаймын. Өзімен ұнайтын ән болған соң, жан-дүниеммен беріле орындаймын. Халық орындарынан ұзақ тік тұрып, қошеметтейді. Ылғи солай. Бұл – маған деген, әнге деген, бәрінен бұрын сол әннің авторы Сейдоллаға деген құрмет.
Жалпы мені эстрадалық әндер арқылы халыққа жақындатқан саз сүлейі – Сейдолла. Оған дейін халық мені опера ретінде білетін. Мен көбіне «Шаштараз» операсындағы Сигароны орындадым. Менің тыңдарманым да сол әнді айтқаныма үйренген. Ел аралап концерт қойғанда, көпшіліктің сұрайтындары «Сигаро» болатын. Халық мені солай танитын. Ал, Сейдолланың әндерін орындау арқылы мен бұрынғыдан да кең танылдым. Оның әндері мені халықпен бұрынғыдан бетер етене жақындата түсті.
Сейдолланың әнінің кереметі сол – оның әнінде Сейдолланың жібектей есілген жаны сезіліп тұрады. Сол ән арқылы-ақ, оның қандай ізгілікті жан екендігін танып-білуге болады. Сейдолла ішкі жан-дүниесі сұлу, мінезі салмақты, өзі ұстамды, кішіпейіл жігіт еді. Мен оның ішкі мәдениетінің өте жоғары болғанын ерекше бағалаймын. Ол – әндерімен қатар үлкен шығармалар да өмірге әкелген талант иесі. Оның симфониялық, сондай-ақ хорға арналған шығармалары өз алдына бір төбе. Жалпы, ол бергеннен берері көп шағында өмірден озды. Көп дүние өзімен кетті.
Мен «Өмір-өмір» әнін өзім туралы түсірген деректі фильмде қолдандым. Оған да қанша жыл өтті?! Жастау кезіміз. Қазір көрсең, қандай жарасымды. Теңіз толқыны жағаға ұрып, әнмен үндесіп, ғажап бір күй кешесің. Ән сиқыры, ән кереметі деген сол.
Мыңжасар Маңғытаев
Қазақстанның Халық әртісі
Әлди-әуен
Сейдолла менің жадымда өте кішіпейілдігі, қарапайымдылығымен қалды. Әндері ұдайы орындалып, толысып, кемеліне келген шағында да «менмін» деп көкірек керіп, алға түскен емес. Өзіне тән біртоға мінезінен бір рет те айнығанын көрген емеспін.
Сейдолла – соңымнан ерген әріптес інім. оның үстіне жерлестігіміз тағы бар. Жерлес демекші, біздің оңтүстік өңірде, әсіресе Шымкентте, Қазақстанның өзге өлкелеріне, оның ішінде Ресеймен шекаралас жатқан аймақтарға қарағанда, қазақшылық басым. Халықтық діл де басқаша қалыптасқан. Діннің де барынша орныққан жері. Ол – жақсы. Жақсы болатыны, ұлттық ерекшеліктер, өзге де салт-дәстүрімізге қатысты құндылықтарды сақтап қалдық. Дей тұрғанмен, мәселенің екінші жағына да мән берген жөн. Шынтуайтына келсек, ұлттық құндылықтар басым болған жерде жаңа, әлемдік мәдени жетістіктердің қалыптаса қоюы – қиынның қиыны. Қалыптасуды былай қойғанда, Еуропаның әлем мойындаған озық үлгідегі классикалық дүниелерінің өзін, бұл тек әуенге қатысты жәйттар ғана, болмаса өркениетті елдердің өзге де жетістіктері көп қой, бірақ солардың қай-қайсысын да халық қабылдай бермейді. Мен мұны өз басыма қатысты жәйттарға байланысты болған соң, қазғап отырмын. Кезінде индустриалды техникумды үздік бітірсем де, өнер жолын қуып Алматыға кеткенімде, ағайындар «мына Маңғытайдың баласы адам болмайды» деп, менен үміттерін үзіп қойған болатын. Ол көзқарас Сейдолланың кезінде де көп өзгере қойған жоқ.
Рас, өзімізге тән байырғы құндылықтарды, әдебиетте болсын, мәдениетте болсын, тіпті әдет-ғұрып, салт-санадағы ерекшеліктерді де сақтаған, құрметтеген жықсы. Бірақ, соның бәрін әлемдік жетістіктермен үйлестіре білгенге не жетсін?! Бұл әсіресе әуенге, саз өнеріне қажет. Сонда ғана халық өседі, ілгері дамиды. Бұл – өнердің барлық саласына да қатысты. Өркениетті елдер жетістігінен, бүгінгі тілмен айтсақ, жаһанданудан шошымау керек. Халық өзіне қажеттісін ғана алады. Мәдениеттер тоғысы бір-бірімен үндесіп, үйлесіп қорытылғаннан кейін барып халық жүрегіне жол табады. Ал, оқшаулану өнердің өресін тарылтады. Міне, Сейдолла – сондай қазақы ортаны жарып шыққан айтулы тұлға. Өнер соқпағында өзіндік із қалдырған бірден-бір саз суреткері.
Сейдолланың талғамы өте жоғары еді. «Қазақконцертте», филармонияда қызмет атқарған кездерінде, әсіресе әуенді күйтабақтар шығару студиясын басқарған тұста көп қызмет етті. Талай сазгерлеріміз бен әншілерімізді, өнер адамдарын насихаттап, әндері мен өзге де шығармалырын күйтабаққа жазып, халық игілігіне жаратты. Ол да болса, Сейдолладан қалған бір із.
Бірде екеуміз жолығысып әңгімелескенімізде, оның қабағынан кірбіңді, жүзінен реніштің табын байқадым. Баяғы Сейдолла емес, реңі күреңітіңкіреп тұрған соң, хал-жайын білмек боп, сыр тарттым. Үй іші, бала-шаға өз жайында сияқты. «Енді не болды?» деймін ғой. Сонда Сейдолла мұң шаққандай болып: «Әлгінде ғана бір әріптесіммен тілге келіп қалдым. Ол маған «Сен неге өз әндеріңді жиі насихаттап, қайта-қайта орындата бересің?..» дегендей әңгімелер айтып, орынсыз тиісті. Әркімнің өз қабілеті мен деңгейі бар. Оның үстіне «Менің әнімді орындай ғой деп ешкімді қолқалаған де емеспін» десем де, әлгі әріптесім сөзге қонақ бермей жүйкемді жұқартты» деп еді.
Бұл енді орынсыз өктемдік. Бәрі де қызғаныштың, көре алмаушылықтың әсері ғой. Болмаса, ешкімнің де Сейдоллаға олай деуге хақысы жоқ. Әндері күн құрғатпай орындалып жатса, халық ұйып тыңдаса, әншілер Сейдолланың әндерін өз репертуарынан түсірмесе, оған Сейдолла кінәлі ме?! Мұндай жағдайды кезінде Шәмші ағамыз да басынан өткерген. Ондайда ол кісі «ит үреді, керуен көшеді» дейді екен. Мен Сейдоллаға соны айттым. Иә, талантты адамдарға тосқауыл қоюшылар, аяқтан шалғысы келетіндер қай кезде де аз болмаған.
Сейдолланың әндерін Роза Рымбаева, Ермек Серкебаев сынды біртуар таланттар орындады. Әлі де орындап жүр. Ермек ағамыздың да, Розаның да талғамдары өте биік. Олар кез-келген әнді орындай бермейді. Егер, Сейдолланың әндері нашар болса, көңілдерінен шықпаса, айтпас та еді ғой?! Айтты! Айтып жүріп, Сейдолла әндерінің бағын да ашты. Ол әндердің халықтың сүйіп тыңдайтын әндеріне айналуының бір себебі осында. Мәселен, «Дос туралы жыр» әні Ермек ағамыздың айтуыммен халыққа кең тараса, «Түркістан» әнін Роза нәшіне келтіріп орындады. Солай бола тұра, Сейдолла Қазақстан Композиторлар одағына мүше емес еді десем, біреу сенер, біреу сенбес. Бірақ, шындық солай. Сейдолланың алдыңғы ағалары – Шәмші Қалдаяқов пен Әсет Бейсеуов те Одаққа мүше болмай кетті. Олар Композиторлар одағы мүшесінің куәлігін қажет еткен де жоқ десек те, сол болмашы нәрсенің өзі кезінде олардың жүрегіне салмақ түсіргені күмәнсіз. «Құдайым-ау, Одаққа олар мүше болмағанда, басқа кім мүше болмақ?!» деу бүгін оңай. Ал, шынтуайтына келгенде, бар мәселені Мәскеу шешетін. Бәрін солар бекітетін. Кейін, Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін, Әсет пен Шәмші ағамыз Композиторлар одағына мүшелікке қабылданды. Шынымды айтайын, мен өзім осы саланың басы-қасында жүргендіктен жақсы білемін, жалпы, бізде ән жанрына деген көзқарас тым салқын. Әнің қанша жерден орындалып жатсын, ол жеңіл жанр ретінде бағаланады. Көп сазгерлердің бағы жанбай жүргендігі де сондықтан. Соншама ән жазғанша, бір симфония, не оркестрге арналған кесек шығарма жазсаң бар ғой, бірден атаққа да, абыройға да ие болып шыға келесің. Ал, танымалдылық, шығарған әнінің өміршеңдігі тұрғысынан келсек, Сейдоллалар әманда биік тұрады. Өзін де, әндерін де халықтың ұмытпайтындығы сондықтан.