С.Бәйтерековтің шығармашылығын тұтас алып қарау барысында оның туындыларының сипаты рухы бойынша ұлттық екендігі даусыз. Біріншіден, композитор ұлтымыздың ән дәстүріндегі атағы кеңге жайылған Абай, Біржан сал, Ақан серi, Жаяу Мұса сынды дүлдүлдердің шығармаларымен сусындап өскен. Екіншіден, қазақы ортада өскен Сейдолланың жүріс-тұрысы, сөйлеу мәнері де таза қазақша еді. Дегенмен, ішкі жан дүниесі, әуенді түсінуі, қабылдауы, әр дыбысты ойната білуі қалыптасқан қазақы өлшемнен бөлек, Батыс мәдениетіне жақын болатын. Осыған орай, әлемдік музыка мұраларының зерттеулеріне, атап айтқанда классикалық музыканың мэтрлері – Бах, Моцарт, Бетховен, Чайковский, Глинка және басқалардың шығармаларына мұқият зер сала қарады. Оған ХХ ғасырдағы музыка мәдениетінің, атап айтқанда америкалық (джаз, блюз) және ресейлік (кеңес кезіндегі) ән мәдениетінің озық үлгілері ерекше әсер етті. Осы жөнінде композитордың үзеңгілес досы болған өнер майталманы Т.Әлпиев естелігінде:«Әлемдік музыканттардың классикалық шығармаларын бәріміз де тыңдадық. Алайда, ол туындыларды Бәйтерековтің қабылдауы уақыттың өзі көрсеткендей мүлдем өзгеше болды. Ол адамдарды күйбең тірліктен алыстататын музыкаларды ести білді» – деп жазған.
Сейдолланың еуропалық стильдегі, ұлттық бояуларға қанық әндер жазуға деген ұмтылысы ерекше болды. Ұлтымызға тән байырғы құндылықтарды, әдебиеттегі, мәдениеттегі, әдет-ғұрып, салт-санадағы ерекшеліктерді ұлттық дүниетанымы арқылы сүзгіден өткізе отырып, соның бәрін әлемдік жетістіктермен үйлестіре білді. Жүзі басқа жүрегі бір, түрі басқа тілегі бір әлем халықтарының назарын өзіне аударуы, шығармаларының Германия, Чехия және Словакия, Польша, Болгария, Югославия, Түркия, Украина, Иран, Солтүстік және Оңтүстік Корея сахналарында орындалуы осы сөзіміздің дәлелі. Ендеше, С.Бәйтерековті қазақы ортаны жарып шығып, әлемдік өнер соқпағында өзіндік із қалдырған бірден-бір саз суреткері деп толық айта аламыз.
С.Бәйтереков музыкаға әскери қызметін өтеп, жан жақты қалыптасқан шағында келді. Сондықтан, оның шығармашылығы жүйелі дамуымен, тұтастығымен ерекшеленеді. Сазгердің шығармашылығы «жоғары нотадан» басталып, «crescendo»-мен дамыды және уақытынан ерте шегіне жету нүктесінде үзіліп түсті. Алайда, небәрі 53 жас өмір сүрсе де, оның шығармалары әртүрлі музыка жанрында жазылды. Эстрадалық әндерден бастап оркестрге арналған күрделі шығармалары сазгердің жан-жақты қабілетін айшықтайды. Олардың арасында аспапты-симфониялық, хорға арналған, балаларға арналған шығармалар, сонымен қатар спектакль, кинофильмдер мен мультфильмдерге арнап жазылған музыкалар бар. С.Бәйтерековтің шығармашылық мұралары:
- 100-ден астам эстрадалық әндері бар. Соның ішінде кең танымалдыққа ие болғандары: «Дос туралы жыр», «Түркістан», «Ақ тiлек», «Өмiр-өмiр», «Мөлдiр сезiм», «Түсiнбедiм», «Бip болайық», «Сағындым даусыңды», «Аман бол»; «Бақыт құсы», «Абай», «Құстар жолы», «Аралдан ұшқан аққулар», «Көріп қалдым көшеден», «Не жетеді», «Алматы», «Бірге бол, жаным», «Жасаңдар, ағалар», «Бір өзің», «Дүние сұлу», «Туған жер», «Есімде», «Туған елім», «Күндер мен жылдар», «Күнге табыну», «Қазақстан», «Кентауым», «Әлия» және т.б.
- Балалар әндерінің жиынтығы: «Айдана», «Қара бала», «Жалқаубек», «Әпенді» хоры;
- Флейтаға арналған оркестрдің орындауындағы «Кiшкентай» симфониялық пьесасы;
- «Жiбек жолы» симфониялық сюитасы;
- Театр қойылымдарына арналып жазылған музыкалары: «Сақал саудасы», «Тастама отты, Прометей», «Турандот ханшайым», «Мен iшпеген у бар ма?», «Домбыра және көк түс туралы ертегі», «Махаббат аралы» спектакльдері;
- Киноға жазылған музыкалары:«Боранды түн» фильмі (1982 ж., реж. С.Сүлейменов, «Бастау-83» байқауында қазақ прозасының үздік экрандалғаны үшін берілетін Қазақстан Жазушылар одағының жүлдесін жеңіп алған), «Құлыншақ» (1982 ж., реж. М.Ахметов); «Әлсіз әйелдің тарихы» («Несібелi») (1986 ж., реж. Ш.Бейсембаев); «Ермен» (1986 ж., реж. А.Әшімов); «Ауылдан келген күйеу бала» (1987 ж., реж. С.Нарымбетов).
- «АЛЖИР» деректі фильміне жазылған «Реквием»;
- Мультипликациялық фильмдерге жазылған музыкалар: «Ақ мысық» (1982 ж., реж. А.Әбілқасымов); «Чудо-юдо» (1983 ж., реж. К.Сейданов); «Алтын қой» (1985 ж., реж. Т.Мұқанов, көркемдік-қоюшы Р.Мамбекова); «Ештеңеден қорықпаған шөнжік туралы» (1986 ж., реж. А.Тоқшабаев); «Ұйқыны қайдан іздейді?» (1986 ж., реж. С.Аралбаев); «Тышқанның баласы мектепке қалай барды?» (1988 ж., реж. С.Аралбаев).
- «Ерте, ерте, ертеде...» мюзиклі.
Композитордың мұрағатында бұлардан басқа да аяқталмай қалған және әлі ешқайда жарияланбаған өз қолымен жазған нота жазбалары да бар.
Кезінде С.Бәйтерековтің шығармашылық келбеті композиторлық өнердегі ерекше құбылыс ретінде қабылданды. Алайда, көзі тірісінде көпшіліктің сүйіспеншілігіне бөленген композитор жайлы өте аз жазылды. Анықтамалықтар мен энциклопедиялық басылымдардағы қысқаша ақпараттар [1; 2; 3; 4; 5; 6; 7; 8; 9], сонымен қатар Әшірбек Сығай, Мыңжасар Маңғытаев, Төлеубек Әлпиев сынды замандастарының сазгер шығармашылығына қатысты білдірілген жеке пікірлері, қысқаша очерктерінен өзге тұщымды материал жоқ. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында С.Бәйтерековтің музыкаларына ғылыми зерттеулер жүргізу жұмысын 1999 жылы композиторды еске түсіруге арналған «Әлия» фестивалі шеңберінде өткізілген дөңгелек үстелден бастаған едік. Одан кейін композитордың баспасөз беттерінде жарық көрген және өзі туралы жазылған мақалалар, оның концерттері мен жазбаларына жасалған рецензиялар, замандастарының оның өмірі мен шығармашылығы туралы жазған естеліктері, очерктері қамтылған кітап жарық көрген болатын.
Сейдолланың әкесі мен нағашы атасы да өнерден құралақан емес. Әкесі Бәйтерек Бақбергенов домбыра шертсе, нағашы атасы Смайыл Тұрыспековтің күй, ән шығаратын өнері болған. Сонымен қатар, сол аймаққа аты шыққан атақты күйші Сүгірдің ізін жалғастырғандардың бірі екен. Бауырларының айтуына қарағанда, Сейдолла нағашысының қасына үйірсектеп, домбыраның құлағын тістеп отырады екен. Осындай қазыналы қарттардың тізесінде отырып ұлттық өнердің жауһарларымен сусындауы талантты сазгердің музыкалық шығармашылығының бастауы, шабыттың қайнар көзі болды.
Композитордың балалық шағы «Кеңестік Қазақстанның түсті металлургиясының жолбасшысы» атанған Кентау қаласында өтті. Ол қаладағы №2 мектеп интернатта оқыды. Сонымен қатар, музыкалық мектепте аккордион сыныбында дәріс алды. Бірнеше жыл қатарынан сол кездегі маңызы зор мерекелік шараларға қатысқан. Қазіргі уақытта сол интернат С.Бәйтерековтің есімімен аталады.
С.Бәйтерековтің балалық шағы туралы театр сыншысы, профессор, ҚР Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ә.Сығай төмендегідей қызықты естеліктен сыр шертеді: «Сейдолла екеуіміз Кентау деп аталатын әсем шаһарда балалық балғын шағымызды бірге өткіздік. Ол да, мен де Ы.Алтынсарин атындағы қазақ орта мектебінде оқыдық. Ол менен 2-3 сынып жоғары, менің туған әпкем Қыздаргүлмен бірге оқыды. Сейдолла сол уақыттарды еске алғанды жақсы көретін. Біз өмір бойы көрші тұрдық. Сейдолла көп балалы отбасынан еді. Қыздаргүл әпкем Сейдолла сөз бола қалса, сол кездері болған бір оқиғаны күле отырып әңгімелейді.
«Бір күні Сейдолла сабаққа кешігіп, бөлмеге ентіге кіріп келді, – дейді Қыздаргүл. – Мұғалім реніш білдіріп, неге кешіккенін сұрай бастамай ма?! Сонда тумысынан биязы да шынайы мінезді Сейдолла: «Ағай, таң атпай үйге қонақтар келіп қалып, сол кісілердің қолына су құям деп бөгеліп қалдым» деп жауап береді. Шәкіртінің адалдығына риза болған ұстазы күліп жіберіп, арқасынан қағып, орнына отыруына рұқсат етіпті. Үлкенді сыйлауды бала кезінен мұрат тұтқан сол Сейдолла көзі жұмылғанша біреудің ала жібін аттамай кетті. Сәл қысылса екі беті қызарып шыға келетін. Ол осындай арды ойлаған азамат еді.
Сейдолламен анда-мұнда кездесіп жүрдік. Мектепаралық кештер, олимпиадалар, спорттық жарыстар жиі болып тұрушы еді ғой. Көбінше «Құрылысшылар клубы» деген қалалық Мәдениет үйінде жиірек ұшырасатынбыз. Мен ән айтамын. Өзінен үлкен аккордеонын арқалап Сейдолла, трубасын (үрлемелі аспап) қолтығына қысып Досым Сүлеев келеді» – деп еске алады сол бір артта қалған балалық күндер жайлы белгілі мәдениет қайраткері Ә.Сығай. [10]
Сейдолламен тай-құлындай тебісіп өскен қазақтың тағы бір мақтанышы өнер қайраткері, әнші, композитор, профессор Досым Сүлеев өз естелігінде былай сыр шертеді. «Біз туған қаламыз Кентауда бірге өстік. Мен орыс мектебінде, ал Сейдолла қазақ мектеп-интернатында оқыды. Менің анам олардың мектебінде мұғалім болды, сондай-ақ көркемөнерпаздар үйірмесін ұйымдастырып, соған жетекшілік ететін. Ашығын айтқанда, бізді өнер біріктірді. Екеуіміз де осы үйірмеде музыкамен айналыстық, мен баянда, ал Сейдолла аккордеонда ойнап көрші ауылдарға шығып концерттер қоятынбыз. Жасымыздың айырмашылығына қарамастан, біздер өте қатты достасып кеттік. Біздің шығармашылық дуэтіміз осылай туып, екеуіміз бірге қосылып көптеген концерттер берген едік»[11].
Сазгердің жерлесі, кинорежиссер Сатыбалды Нарымбетов Сейдолла екеуінің жастық шақтарын көңілі толқып отырып былай еске алады: «Ол кезде балаларға үлкендерге арналған кешкі киносеанстарына кіру мүмкін болмайтын. Зал лық толы болатын. Сеанс алдында, әдетте Сейдолланың аккордеонда сүйемелдеуімен би кеші өткізілетіндіктен, оның үлкендер алдындағы беделі жоғары болатын. Соның арқасында, кинозалға балалардың кіруіне тыйым салынғанына қарамастан кешкі сеансқа кіріп алатынбыз». Сейдолланың өмірінен алынған осы деректі Сатыбалды Нарымбетов өзінің халықаралық кино байқауларға қосқан «Жас аккордионистің өмірі/Көзімнің қарасы» фильміне өзек еткен[12].
«Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген сөз жақсы айтылған. Сейдолланың музыка мектебіндегі фортепианодан дәріс берген алғашқы ұстазы Ұлы Отан Соғысы жылдарында Ленинград қоршауынан эвакуацияланған педагог Евгения Семеновна еді. Евгения Семеновна оқушысының бойында музыкалық дарыны бар екенін алғаш байқаған педагог. «Барлық балалардың арасынан ол мені қосымша сабаққа таңдап алды, сабақтан соң қалдырып менің негізінен аккордеон сыныбында оқитындығыма қарамастан ұстазым екеуіміз күйсандықта ойнайтынбыз» – деп еске алады композитор сол бір бақытты кезеңдерін [13]. Музыка мектебін ол аккордеон сыныбында бітіріп шығады. Сейдолланың өнерге жол ашқан алғашқы ұстазы Евгения Семеновнамен ұзақ жылғы достығына шығармашылығы жайлы, музыкалық туындылары жөнінде жазысқан хаттары дәлел болады.
Қолданылған материалдар:
- Рыскулов. K. Мистер Хит // Экспресс К. 2010. 21 сәуір.
- Бегембетова Г. Памяти Сейдоллы Байтерекова // НМГ. 1998. – № 9. – 27 б.
- Композитор сұхбаты // Қазақ әдебиеті. 1996. – № 7. – 13 ақпан.
- Бектасова. Г. «Әлиямен» әйгілі болған Бәйтереков // Мәдениет. 2008. – 13 қараша.
- Сейдолла қазақ жігітінің эталонындай еді... // Әдебиет айдыны. 2008. – № 46. – 12-18 бб.
- Жалбағаев A. Сейдолланың сағыныш саздары // Қазақстан zaman. 2002. – № 63. – 24 мамыр.
- Оспанов Л. Сейдолла Бәйтереков «Ән-экран ажары » // Жаңа фильм. – 1986. – № 6. – 26-09 бб.
- Сейдолла Байтереков Көніл-күйім әндеріммен көрікті // Қазақ әдебиеті. 1996. – № 7. – 13 ақпан.
- Тортаева Л. Тыңдай бергім келеді, тыңдай бергім... // Шарайна. 2000. – № 56. – 24 қараша.
- Ә.Сығаймен құрылымдық сұхбат // Алматы, 2010. – 18 наурыз.
- Д.Сүлеевпен сұхбат // Алматы, 2006. – 12 сәуір.
- С.Нарымбетовтің Мәдениет Үйінде өткен металлургтардың шығармашылық кешіндегі сөзінен // Кентау, 2003. – шілде-тамыз.
- С.Бәйтерековтің жерлестерімен сұхбатынан // Кентау, 1994. – көктем.