Актриса Әмина Өмірзақованың 100 жылдық мерейтойы аталып өтті

Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Өнертану» факультеті, «Кино тарихы мен теориясы» кафедрасының ұйымдастыруымен актриса Әмина Өмірзақованың 100 жылдық мерейтойы аталып өтті.
Актриса Әмина Өмірзақованың 100 жылдық мерейтойы аталып өтті

Аты аңызға айналған тұғырлы тұлға, Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ұлттық кино өнерінің анасы атанған Әмина Өмірзақованың 100 жылдығына орай Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында ақпан айының 20-ы мен наурыз айының 1-і аралығында актрисаның шығармашылығына арналған   ретроспектива ұйымдастырылып, зиялы қауым өкілдері қатысқан аталмыш іс-шара соңы 5-ші наурыз күні өткен «Әмина Өмірзақова және қазақ өнеріндегі ана бейнесі» атты дөңгелек үстелмен түйінделді. Аталмыш іс-шараға М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының "Театр және кино" бөлімі қызметкерлері атсалысты.

Дөңгелек үстелдің салтанаты Т.Қ.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА ректоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, PhD Маемиров Асхат Максимұлының құттықтау сөзімен ашылды.   Асхат Максимұлы Әмина Өмірзақованың ұлттық театр және кино өнерінде алатын айрықша орны мен мәдени мұрасын тілге тиек етіп, тағдырдың ауыр соққыларымен бетпе-бет келетін бүкіл аналардың жиынтық бейнесін жасап кеткен біртуар актриса екендігін ерекше атап өтті.  Сондай-ақ, өнерде қалдырған мол мұрасы бар кино және сахна өнерінің көркіне айналған Әмина Өмірзақованың жасаған кейіпкерлер галереясысың құндылығы тұрғысында ой тарқатты. Академия ректоры аталмыш іс-шараны ұйымдастырып отырған «Өнертану» факультетінің үздік студенттеріне келесі жылдан бастап Әмина Өмірзақова атындағы шәкіртақы тағайындалатындығымен бөлісіп, өз сөзін жақсы жаңалықпен түйіндеді.

Аталмыш іс-шараның құрметті қонағы, Қазақстанның халық әртісі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Парасат және Құрмет ордендерінің иегері Роза Әшірбекова ханым өнер жолындағы анасына айналған Әмина Ерғожақызының шығармашылы мен адами қасиеттеріне тоқталып, өзіне өмірлік азық болған ақыл-кеңестері жайлы айтып өтті. Жылылыққа толы әсерлі естеліктерімен көзіне жас ала отырып бөлісті.

Дөңгелек үстелдің екінші бөлімі «Өнертану» факультеті студенттердің Әмина Өмірзақованың кино және театр сахнасында сомдаған рөлдерін зердеге алған баяндамаларымен жалғасын тапты.

«Ұлттық кино өнеріміздегі актриса Әмина Өмірзақованың орны» тақырыбында баяндама оқыған «Кино тарихы мен теориясы» кафедрасы, «Кинотану» мамандығының 2-ші курс студенті  Табиғат Сембаевтың пікірінше, «Ана туралы аңыз» фильміндегі Әмина Өмірзақованың сомдауындағы ана бейнесін Г.Чухрайдың «Баллада о солдате» туындысындағы Антонина Максимованың кейіпкерімен тең дәрежеде қарастыруға болады. Себебі, екі кейіпкер де адамзат баласының басынан кешкен ұлы қасіреттердің бірі болып табылатын сұрапыл соғыс жылдарында жалғыздарының амандығын тілеп, қанды майданнан тағатсыздана күткен аналар.  Дегенмен, екі фильмнің сюжеттік құрылымы ұқсас болғандығына қарамастан, кейіпкерлік акцент тұрғысы мен мазмұндық-идеялық мағынасы тұрғысынан өзгеше бағыт алады.  «Баллада о солдате» фильмі анасымен жолығуды мақсат еткен, сол жолда небір қиындықтарға тап болған сарбаз туралы болса, «Ана туралы аңыз» фильмінде басты назар ана бейнесінде. Ананың өз баласын майдан даласынан зарыға күтуі – сол майдандағы соғыс сипатынан кем түспейді. Бұл образды Әмина Өмірзақова толығымен ашып, тереңінен сезіндіре білген.

Ал, «Жанрлық фильмдердегі Әмина Өмірзақованың рөлі» тақырыбында баяндама дайындаған «Кино тарихы мен теориясы» кафедрасы, «Кинотану» мамандығының 3-ші курс студенті  Өмірбаева Аружанның пайымдауынша, актриса Әмина Өмірзақова экранда жасаған әрбір рөлі арқылы болмысы мен мінез-құлқы бір-біріне ұқсамайтын, кей жағдайда ішкі жан-дүниесі мүлде кереғар  кейіпкерлер галереясын жасауымен ерекшеленеді.

Сондай-ақ, өз ғылыми зерттеуін «Әмина Өмірзақованың актерлік шеберлігіндегі әйелдер бейнесінің эволюциясы» тақырыбында жүргізген  «Театр өнерінің тарихы мен теориясы» кафедрасы, «Театртану» мамандығының 2 курс студенті Тұрмағанбет Жансаяның пайымдауынша, нәзік лиризм, айқын комедиялық бояу, соның ішінде гротескілік, кей жағдайда фарстық күлкі мен тартыс-таласқа құрылған актрисаның шебер ойыны оның өзіндік орындаушылық стилін айқындаса, «Әмина Өмірзақованың әлемдік классикалық шығармалардағы сомдаған бейнелері» тақырыбын зерттеген «Театр өнерінің тарихы мен теориясы» кафедрасы, «Театртану» мамандығының  1 курс студенті Мұхтар Ақмаралдың пікірінше, Өмірзақованың сахна төрінен көрінген кейіпкерлерін саралай отырып, актрисаның кәсіби деңгейін әлемдегі үздік сахна майталмандарымен тең дәрежеде қарастыра аламыз.

Дөңгелек үстелдің қорытындысы ретінде залдағы көрермен қауымға өнер мен өмір жолындағы қым-қуыт сәттерін еңбекпен жеңе білген ана – Әмина Өмірзақованың экранда жасаған үздік рөлдерінен жинақталған бейнебаян көрсетілді. Актрисаның кіршіксіз бейнесін көгілдір экраннан тағы бір көрген көпшілік қауым Әмина Өмірзақованы үнсіздікпен еске алды.

Кеш соңында «Өнертану» факультетінің деканы Нұрпейіс Бақыт Кәкиқызы шақырылған қонақтар мен барлық қатысушыларға алғысын білдіріп, әйелдер қауымын Әмина Өмірзақованың дүние есігін ашқан күнімен тұспа-тұс келген 8 наурыз Халықаралық әйелдер күні мейрамымен құттықтады.

Сөз орайында айтып өтелік, Т.Қ.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА ректоры Асхат Максимұлы Маемиров мырза өз ісінің хас шебері болған дара да дана тұлға Әмина Өмірзақованың шығармашылығына арналған іс-шаралар бұнымен шектелмей, келесі оқу жылының алғашқы жартысында  Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның өтетіні жайлы  мәлімдеді.

 

Дана Әмірбекова

кинотанушы