Дәрия Болсанбек Америкадағы байқаудан бас жүлдемен оралды

Дәрия Болсанбек Америкада өткен “Pearl of the New York” ән байқауынан бас жүлде алды!
Дәрия Болсанбек Америкадағы байқаудан бас жүлдемен оралды

Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Театр өнері» факультетінің ІІІ курс студенті Дәрия Болсанбек 2019 жылдың 3-6 қазан аралығында Испанияда өткен TU ONDA үшінші шығармашыл жастар фестивалінде жүзден жүйрік шығып, І орынды иеленген еді. Испанияның Марбелья қаласында әлемнің түкпір-түкпірінен келген 80 үміткер өзара бақ сынаған байқау Дәрияға үлкен тәжірибе берді. Бұл додаға белгілі музыкатанушы мамандар Марина Андрусенко, Татьяна Михалкова, Елена Пинджоян, Марина Полтаева, Валерий Сороковой, Сергей Филин, Қарлығаш Әбдікәрімова және Энрике Висент төрелік еткен болатын. Конкурста Дәрия Болсанбек "Rise Like a Phoenix" әнін орындаған-ды.

Дәрия әншілік ізденісін мұнымен тоқтатқан емес. Алдағы жылы Беларусь Республикасында «Витебск – 2020» байқауына қонақ ретінде шақырлса, дәл сол байқауда Нью-Йоркте өтетін «Pearl of  New York» әншілер сайысына  жолдама алған еді. Міне, бүгінде Дәрия Болсанбек тағы да жүлделі болды!

Дәрия Болсанбек Америкада өткен “Pearl of the New York” ән байқауынан бас жүлде алды!

12 мемлекет қатысқан додада үздік шыққан ол осы нәтижеге жету үшін ұзақ әрі тұрақты дайындалған.  Жас әншінің айтуынша, бұған дейінгі қатысқан байқаулары осы жарыстың баспалдағы іспетті болыпты. Өйткені “Pearl of the New York”  Дәрияға тағы да басқа әлемдік сайыстарға жолдама алуға мүмкіндік береді. Мәселен, ол енді Италияға барып тағы бір байқауға қатысады. Дарынды Дәрияны жеңісімен құттықтаймыз! Алдағы байқаулардың да жүлдегері атанады деген үлкен сенім білдіреміз!