Кеше, 10 қыркүйекте, Sala Darsena кинотеатрында, 77-Венеция халықаралық кинофестивалінде режиссер Әділхан Ержановтың "Сары мысық" көркем фильмінің әлемдік тұсаукесері болып өтті. Картина "Көкжиектер" конкурстық бағдарламасына қатысуда. Биылғы жылы әлемдегі ең ірі және беделді фестивальдердің бірі 2-12 қыркүйек аралығында пандемияға қарамастан толыққанды офлайн форматта өтуде.
"Көкжиектер" халықаралық қазылар алқасын осы жылы аты аңызға айналған француз режиссері Клэр Дени ("Жақсы жұмыс", "Күнді кіргіз", "Жоғарғы қоғам") басқарып отыр. Картинаны Short Brothers (Қазақстан), "Қазақфильм" киностудиясы (Қазақстан) және Arizona Productions (Франция) компанияларының қатысуымен ZERDE FILMS (Қазақстан) компаниясы түсірген. Бас продюсерлер Әсел Сәдуақасова, Қанат Бектеміров және Ербол Тойбаев.
Фестивальде картинаны режиссер Әділхан Ержанов, бас продюсерлер Әсел Сәдуақасова мен Қанат Битеміров, басты рөлдерді сомдаушылар Азамат Нығманов, Камила Нұғманова және Санжар Мәди, сондай-ақ продюсерлер Серік Әбішев, Ольга Хлащева және Гийом де Сиель таныстыруда.
Фильм командасы өз әсерлерін жасыра алмай, оқырмандармен бөлісті:
- Менің ойымша, бүгінгі таңдағы Венецияның тірі форматы – бұл кез-келген фильм үшін ең күшті премьера және мен мұндай мүмкіндіктің біз үшін туындағанына өте қуаныштымын. Осындай жақсы жаңалықпен "Сары мысық" фильмінің бүкіл командасын құттықтаймын! – деді режиссер Әділхан Ержанов.
- Венецияда көрсетілім ұйымдастыру – бұл біздің бүкіл команда үшін үлкен бақыт және орасан зор мақтаныш! – деді фильмнің бас продюсері Әсел Сәдуақасова.
- Коронавирусқа қарамастан, біз осындамыз және бұл біз үшін үлкен қуаныш. Ең бастысы, қазір біздің фильм туралы бәрі естіп, мүмкіндігінше көп адамдар білуі керек. Бұл фильм толықтай өмір сүруі керек! – деді актер Азамат Нығманов.
- Мен ең жағымды сезімге бөленіп отырмын. Қазір бүкіл әлем қиын уақытты бастан кешіруде, бірақ бұл қиындықтардың бәрін кино өнері жеңіп шығады деп сенемін! – деді актер Санжар Мәди.
"Сары мысық" – режиссер Ержановтың көркем толықметрлі 9-картинасы. Фильмнің түсірілімі өткен жылы Алматы облысында өтті. Фильм қазақстандық "Бонни мен Клайд" оқиғасын баяндайды. Жас жігіт Кермек түрмеден кейін туған қаласына оралып, бұл жерде бәрі өзгергенін байқайды – қалада аяусыз ережелер орнатқан қылмыстық топ билік етуде. Оның сүйіктісі Ева осы топтың қысымына түсіп, түзу жолдан тайған, ал ол өзі болса қылмысқа белшесінен батқан... Дегенмен, оның бір арманы бар – сүйіктісімен бірге бұл жерден қашып, кинотеатр салу. Және ол осы мақсатқа қол жеткізу үшін әрекет етеді…