48 сағат ішінде берілген тапсырмаға лайық идея тауып, сценариін жазып және сол сценариді дайын фильмге айналдырған режиссерлердің жұмыстары фестиваль ішіндегі фестиваль әсерін берді. Әр фильм әртүрлі жанрда, өз формаларымен, тақырыптық және көркемдік қолтаңбасымен ерекшеленді. Фестивальдің қатысушыларға берген тақырыбы – болашақ. Шынында, болашақ қандай болуы мүмкін? Болашақтың осы сәттен қаншалықты өзгеше болуы мүмкін екендігін 48 сағат ішінде ойластырып, формаға салып, идеясы толық фильмді түсірген режиссерлер – жұмыстары арқылы болашақтың дәл қазір және осы жерде екендігін көрсеткісі келген. Көрсеткен де. Бірнеше фильмнен жеке мысалдар көрсете кетейік.
Алдияр Байрақымовтың "Сұйық тас" фильмі – адам баласының тойымсыздығының табиғатқа тигізген әсерін қарияның бір жақты диалогы арқылы жеткізеді. Үйін алуға келген мемлекеттік қызметкерге кейіпкердің жасаған іс-әрекеті арқылы режиссер адам баласы да табиғат бөлігі болғандықтан, өз ісінен өзі бұзылып жатқанын көрсеткен. Бетонды қолданып адам баласы қалаған ғимаратын қалаған жерде тұрғыза алады. Алайда, оның ақыры не боларына жауап беруді ойлай ма, жоқ па деген сұрақ ашық күйінде қалмақ. Бұл туралы ойды режиссер көрерменге де қалдырады. Өзінің жауабын да ұсынады. Табиғаттың бір бөлігі бола тұра, оны бұзуға ұмтылған адам – болашақта бар болуға лайық па?
"Шум" фильмі немересімен біре өмір сүретін шалдың іс-әрекеті арқылы ұрпақтар арасындағы байланыстың өзге формаға енуін жеткізген. Қазіргі қоғамдағы адам үшін адамдар арсындағы байланыстың қиындауы түсінікті немесе қалыпты жай ретінде болуы мүмкін. Алайда, техникалық прогресске дейін, адамдардың арасындағы берік байланыста өмір сүрген адам үшін қарым-қатынастың бұл формасы ауыр тиеді. Ол адам интернет арқылы сөйлесу кезінде қарсы беттегі адамды сезіне алмағандықтан, тек телефонмен сөйлескендей әсерде қалады. Бұл – болашақтық байланыстың жаңа формасы. Адам арасындағы байланыс осы форманың әсерінен мүлдем үзілуі мүмкін деген ойды режиссер Ваня Абрамов өз фильмі арқылы жеткізуге тырысты.
Ануар Нұрпейісов өзінің 48 сағатын бүгінгі дамыған техниканың адамға берер мүмкіндіктеріне арнап, "APPMAN" фильмін түсірген. Қазақша емес, ағылшынша оқып көрсеңіз сіздің де, біздің де сипатымыз болып шығады [Арр (application) – қолданба, man – адам]. Фильмнің кейіпкері қолданбалардың көмегімен өмір сүруге болатынын өз мысалында көрсетіп береді. Киім, тамақ, спорт, білім т.б. сізге керектінің барлығы алақаныңыздағы телефонның ішінен табылады. Кейіпкер тамақ алдырады, онлайн жаттықтырушымен дайындалады, көптеген кітапханаға әрең сиятын кітаптарды алақанында ұстап, ішінен қалаған кітабын оқиды. Алайда, кейіпкер көңіл көтеру үшін клубқа баратын кезде өз мұқтаждықтарын толық бағалай алмағандығын түсінеді. Бұл сәтте қолындағы болашағы өзіне зиянын тигізе алатынын да түсінеді. Не болса да, әр нәрсенің пайдалы жағы да, зиянды жағы да болатынын кейіпкер арқылы режиссер көрерменге баяндап берді.
Осы фильмдер де, өзге фильмдер де сайыстың шартына сай болашақтың қандай боларын сипаттауға тырысты. Әрбір әрекетіміз арқылы болашағымызды жасап отырғанымызды, әрекеттің жалғасы айналып келіп өзіңізге қайта оралатынын режиссерлер тағы да еске салып өтті.