Асанәлі Әшімов 80 жаста

А.Әшімовтың 80 жылдық мерейтой кеші әкемтеатрда өтеді.
Асанәлі Әшімов 80 жаста

12 мамыр күні, сағ. 17:00-де М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында Қазақстан және КСРО халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор Асанәлі Әшімовтың 80 жылдық мерейтой кеші өтеді.

Асанәлі Әшімұлы Әшімов – 1937 жылы 8 мамырда Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Саудакент (бұрынғы Байқадам) ауылында дүниеге келген. «Қазақфильм» киностудиясының және М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актері, режиссер. Қазақстанның халық әртісі. КСРО халық әртісі.

1961 жылы Құрманғазы атындағы Алматы консерваториясының театр факультетін актер мамандығы бойынша бітіріп шығып, «Қазақфильм» киностудиясына актерлік штатқа қабылданды. Студент кезінде бірнеше фильмге түскен: 1957 ж. Е.Аронның «Ботагөз» фильмі (Кенжетай), 1959 ж. «Асау Ертіс жағасында» (Жанай), 1960 ж. «Ұшы қиырсыз жол» (Болат).

Оқудан кейінгі жылдары «Менің ұлым» (1962 ж. Мұрат), «Торап» (1963 ж. Ескендір) фильмдеріне түсті. 1964 жылы Мәжіт Бегалиннің «Тұлпардың ізі» фильмінде Тұрар ролін сомдады.

1963 жылдан бері М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының актерлік құрамында әрі режиссерлік қызметте. Театрдағы тұңғыш рөлі М.Әуезов пен Л.Соболевтің «Абай» спектакліндегі – Айдар рөлі. Театр сахнасында М.Әуезовтің «Еңлік-Кебегінде» Кебек, «Қара қыпшақ Қобыландысында» Айшуақ, «Таңғы жаңғырығында» Жарасбай,   Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлуында» Қодар, Қ.Мұхамеджанов, Ш.Айтматовтың «Көктөбедегі кездесуінде» Иосиф Татаевич, Шекспирдің «Юлий Цезарінде» Юлий Цезарь, М.Фриштің «Дон Жуанның думанында» Дон Жуан, Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен терінде» Еламан (КСРО мемлекеттік сыйлығы, 1974), Л.Зориннің «Варшава сазында» Виктор образдарын сомдады. И.Вовнянконың  «Апатында» бас кейіпкер болды. Г.Гауптманның «Ымырттағы махаббат» драмасындағы доктор Клаузен бейнесі актердің күрделі әрі соңғы жұмыстарының бірі. Бұл қойылымның 100-ден аса көрсетілімі аншлангпен өткен болатын.

Қара шаңырақ сахнасында Асанәлі Әшімов «Ревизор» (Н.Гоголь), «Амангелді» (Ғ.Мүсірепов), «Мен ішпеген у бар ма?» (И.Оразбаев), «Сұлтан болсам егер мен» (С.Ванус), «Ақбілек» (Ж.Аймауытов), «Фархад-Шырын» (Н.Хикмет) спектаклдерін қойып, режиссерлік қызмет атқарды.

1957 жылы С.Мұқановтың «Ботагөз» романының желісімен түсірілген фильмде бой көрсетті. Бұл актердің кинодағы алғашқы рөлі болатын. Содан кейін қазақ киносының дамуына өз үлесін қосты. «Ән қанатында», «Қыз Жібек», «Атаманның ақыры», «Сарқырама», «Транссібір жүрдек поезы»,  «Жаушы», «Нан дәмі», «Алатаудың ай мүйізі», «Қазақы оқиға», «Сіз кімсіз, Ка мырза?», көп сериялы «Бұлғарлар туралы баян» фильмдерінде ойнаған. 

Актерлік ойыннан бөлек, кинодағы режиссерлік жұмыстарымен де танымал. «Аждаһа жылы» (1981, Цой Гук Инмен бірге; 1982 жылы Таллинде өткен бүкілодақтық 15-кинофестивальдің дипломына ие болды), «Шоқан Уәлиханов» (1985), «Жусан» (1986), «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» және «Тұзды көл жағасындағы үй» фильмдерін түсірді. 1981 жылы З.Самадидің ΧІΧ ғасырда Шыңжаңда болған ұйғыр халқының көтерілісі туралы романының желісімен түсірілген «Аждаһа жылы» фильмі оның алғашқы режиссерлік еңбегі болып табылады. 1986 жылы Асанәлі Әшімовке «Шоқан Уәлиханов» фильмі үшін Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығы берілді.

1986 жылы И.Вовнянко Әшімов өнеріне арналған «Асанәлі» деректі фильмін түсірді.

Асанәлі Әшімов – Жамбыл және Шымкент университеттерінің құрметті профессоры. 1979-1982 жылдары педагогикалық қызметпен шұғылданды. 1990 жылдан «Елім-ай» киностудиясының президенті. «Парасат» орденімен марапатталған.

«Майраның әні», «Жан бөлек», «Менің жанрым – күнделік», «С любовью, Ваш Асанали Ашимов», «Ғұмыр-дария» кітаптарының авторы.

Марапаттары:

1973 – «Атаманның ақыры» фильміндегі ролі үшін К. Байсейітова атындағы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығы

1974 – Театрдағы жұмыстары үшін  Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығы

1978 – Қазақ  КСР халық әртісі

1980 – КСРО халық әртісі

2000 – Кино өнеріндегі еңбегі үшін «Тарлан» тәуелсіз сыйлығы

2001 – «Отан» ордені

2002 – Жамбыл облысының құрметті азаматы

2003 – «Қазақы оқиға» фильміндегі ролі үшін І «Шәкен жұлдыздары» кинофестивалі лауреаты

2007 – «Құрмет» ордені

2007 – Әлемдік кинодағы зор үлесі үшін ЮНЕСКО Халықаралық Академиясының «Алтын қыран» ордені

дереккөз:

https://www.auezov-theatre.kz/kk

«Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия/Бас редактор Ә.Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998, I том;

http://massaget.kz

http://almatykala.info