2016 жылдың қараша айында режиссер Сәбит Құрманбековтың «Оралман» толықметражды көркем фильмінің БАҚ-на арналған жабық көрсетілімі өтіп, шығармашылық топ туындының премьерасы 2017 жылға жоспарланып отыр деп хабарлаған болатын.
ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген туындының сценарийін режиссердің қатысуымен, «Менің атым Қожадағы» Қожаның бейнесімен халыққа таныс актер, кинодраматург Нұрлан Санжар жазған.
Фильм ХХ ғасырдың 30-жылдары Ауғанстанға қоныс аударуға мәжбүр болған қазақ отбасы туралы. Бас кейіпкер Базарбай қарттың сол жақта бір қыз, бір ұлы дүниеге келеді. Балалары есейіп, отбасын құрады. Кейіннен туған жердің топырағын аңсап, сүйегінің ата-жұртта көмілгенін қалаған қарт Қазақстанға оралып, көз жұмады. Ұлы Сапарқұл әкесін ақтық сапарға жалғыз өзі шығарып салады...
Ауғанстанда және Алматы облысында түсірілім жұмыстары өткен фильм, Иранның Тегеран қаласында ағымдағы жылдың 21-28-сәуір аралығында ұйымдастырылған 35-Халықаралық Фаджр кинофестивалінде «Шығыс панорамасы» бағдарламасы бойынша «Азияның үздік фильмі» аталды. Сондай-ақ, «Экспо -2017» Халықаралық мамандандырылған көрме аясында 22-28 шілде аралығында Елордада өткен «Еуразия-2017» фестиваліне қатысып, «Бас жүлдені» (Гран-При) жеңіп алды.
Осы сынды жүлделерді иеленген кинокартина 5-11 қыркүйек аралығында Татарстанның Қазан қаласында өткен XIII Халықаралық мұсылман киносы фестиваліне қатысты. Бұл өнер додасы 2005 жылдан бері Татарстанда өткізіліп келе жатқан Ресейдің ірі кинофестивальдерінің бірі болып табылады. Он жылдан астам уақыт аралығында ұйымдастырылып жүрген байқауға отандық кинокартинаның қатысуы біз үшін мәртебе болса, драмадағы бейнесі үшін актер Дулыға Ақмолданың «Үздік ер адам ролі» жүлдесін жеңіп алуы, қазақ кино өнеріне қосылған олжа деп түсінгеніміз абзал.
Есім Сегізбаев, Дулыға Ақмолда, Шынар Асқарова, Баян Қажынәбиева, Ержан Түсіпов қатарлы белгілі актерлер түскен кинотуынды 15 қыркүйектен бастап еліміздің барлық кинотеатрларынан көрермен назарына ұсынылады.