Қазақстанның әр аймағынан жиналған дәстүрлі өнердің өкілдері мен "Алатау" дәстүрлі өнер театры арасында ынтымақтастық келісім – Меморандум өткізілді. Меморандумның негізгі мақсаттары туралы "Алатау" дәстүрлі өнер театрының директоры Берік Жүсіпов:
"Бұл меморандумның негізгі мақсаты дәстүрлі өнерді насихаттау, заманға сай дамыту және өнерпаздардың шығармашылығын қолдап, шетелдерге шығу, фестивальдер, концерттер ұйымдастыру, шығармашылық кештер өткізу жоспарланып отыр. Меморандумға қол қойылғаннан кейін осы жоспарларды бағдарламаға енгіземіз" – деп ашып айтты.
Бұл идеяны қатысушы өнерпаздар бірауыздан қолдап, Алматымен байланыста болатындай, аймақтардағы танылмаған дарындарды ашу мақсатында филиалдар ашу туралы ұсыныс ортаға тасталды. Бұл бағыттағы жұмыстар да бағдарламаға енгізіліп, алдағы уақытта іске асыруға күш жұмсалады.
Қазіргі уақытта Қазақстанның барлық аймақтарына тән дәстүрлі өнер түрлерін бір арнаға тоғыстырып, заманауи үрдістерге сай дамыта насихаттайтын, ұлттық өнердің болашағын зерделеуге бағытталған жалғыз мәдениет ошағы "Алатау" дәстүрлі өнер театрының құрылғанына бір жыл толуына және қала күніне орай "Алатау алабында" атты дәстүрлі өнер кеші өтеді.
Мерекелік іс-шараға қазақ дәстүрлі өнерінің хас шеберлері: Сәуле Жанпейісова, Жәкен Омаров, Еркін Шүкіманов, Рамазан Стамғазиев, Айгүл Үлкенбаева, Ұлжан Байбосынова, Батыржан Мықтыбаев, Айгүл Қосанова, Саян Ақмолда, Ербол Айтбаев, Жанғали Жүзбаев, Эльмира Жаңабергенова, Қайрат Кәкімов, Талғат Мұқышев, Ардақ Исатаева, Тілеулес Құрманғалиев, Гүлмира Сарина, Нұркен Әшіров, Клара Төленбаева сынды сахна майталмандары қатысады.