"13 километр" деректі фильмі Ресейден жүлделі оралды

Владимир Тюлькиннің "13 километр" деректі фильмі Ресейден жүлделі оралды.
"13 километр" деректі фильмі Ресейден жүлделі оралды

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ түсірген «13 километр» деректі фильмі Екатеринбург қаласында қазанның 1-5 аралығында өткен ХХVІІІ «Ресей» деректі фильмдер фестивалінде қазылар алқасының арнайы жүлдесіне ие болды. Фильмнің режиссері – Владимир Тюлькин.

Аталған деректі фильм Серік Боданбаев есімді зағип туралы баяндайды. Фильмнің кейіпкері өзінің шыдамдылығы мен табандылығының арқасында үлкен шаруа қожалығының иесі болып отыр. 

Биыл «Ресей» деректі кино фестиваліне қатысуға 10 елден 280 тапсырыс келіп түскен екен. Нәтижесінде, негізгі байқауға Ресей, Қазақстан, Эстония және басқа да елдерден 31 фильм іріктелген. Бұл байқауға деректі киноның шеберлері – Иван Твердовский, Владимир Тюлькин, Андрей Осипов, Татьяна Скабард, Сергей Головецкий, Сергей Дебижев, Борис Караджев және дебютант режиссерлер қатысты.

Қазылар алқасы қатарында Ресейдің танымал өнер қайраткерлері болды. Олар: Ленин сыйлығының иегері, РФ еңбек сіңірген өнер қайраткері, режиссер және сценарист Тенгиз Семёнов (төраға), режиссер және сценарист Галина Леонтьева, «Кино-Сибирь» киностудиясының басшысы, режиссер Евгений Соломин, киносыншы Валерий Фомин және кинооператор, РФ еңбек сіңірген өнер қайраткері Евгений Цигель.

 

Фестивальдің бас жүлдесін режиссер Татьяна Скабардтың «Последний парад «Беззаветного» фильмі иемденді. Ең үздік ұзынметрлі фильм жүлдесі  «Приходи свободным» (режиссер Ксения Охапкина, Таллин) картинасына берілді. Ал, үздік қысқаметрлі фильм деп режиссер Анна Каторнинаның (Санкт-Петербург) «Поморские жонки» танылды. Көрермендер көзайымы жүлдесі  – «Последний вальс» (режиссер Юлия Бобкова, Москва) фильміне берілді. Фестивальдің арнайы жүлдесін «Жизнь с бактериями» (режиссерлері Станислав Ставинов және Андрей Тимощенко, Краснодар) фильмі иемденді. Операторлық шеберлік марапаты «Приходи свободным» фильмінің операторлары Виталий Афанасьев, Максим Дроздов және Ксения Охапкинаға берілді. Сондай-ақ, Ресей кинематографистер одағы және Ресей мемлекеттік кинофотоқұжаттар архиві, Деректі фильмдер қауымдастығы тағайындаған байқаудан тыс жүлдесі «Равная величайшим битвам» деректі киноэпопеясының шығармашылық тобына берілді.

Дереккөз: www.kazakhfilmstudios.kz