"Сенім жолында" атты деректі фильмінің тұсаукесері өтті

Алматыда ҚР Мәдениет және спорт министрлігі және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының қоры қолдауымен ұйымдастырылған Қазақ деректі киносы күндері шеңберінде “Сенім жолында” атты деректі фильмнің тұсаукесері өтті.
"Сенім жолында" атты деректі фильмінің тұсаукесері өтті

Алматы қаласында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының қоры қолдауымен ұйымдастырылған Қазақ деректі киносы күндері шеңберінде “Сенім жолында” атты деректі фильмнің тұсаукесері өтті. Аталған кинотуындыны Ш.Айманов  атындағы “Қазақфильм” АҚ  Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Қазақстан Республикасы Дін істері және Азаматтық қоғам министрлігінің қолдауымен түсірді. Режиссері - Әсия Байғожина.

Фильмде бүгінгікүннің өзекті мәселелерінің бірі – дін жолындағы адасушылық туралы баяндалады. Негізгі эпизодта – дүйім елді дүрліктірген, бірнеше адамдардың өмірін қиып, 40-қа жуық жергілікті тұрғындарды жаралаған қанды оқиға – 2016 жылы маусымның 5-де болған Ақтөбедегі теракт. Бұл фильм мұрағат материалдарына, лаңкестердің шабуылынан аман қалған жандардың, дәстүрлі емес ислам ағымын ұстаушылардың жақындарының естеліктеріне негізделген.

- Ислам дініне қатысты көтерілетін барлық мәселелер мені қашан да қызықтырады. Маған осы фильмді түсіруге ұсыныс жасағанда, тақырыптың күрделілігіне қарамастан бірден келісімімді бердім. Осы фильмді жасауда беделді дінтанушы Асқар Сабдин үлкен көмек көрсетті. Сондай-ақ, аса түсінушілікпен қарап, төтенше жағадайда жұмыс жасағандары үшін фильмнің түсіру тобына алғысымды білдіремін, – деді фильмнің режиссері Әсия Байғожина. 

Айта кетсек, деректі фильм төрт бөлімнен құралған. Әр бөлім кейіпкерлердің есімдерімен аталады, олар: Жазира – бес баласымен және күйеуімен бірге Сирияға кеткен; Жансерік – Ақтөбедегі түрмеде теракт үшін жазасын өтіп жатыр; Диана – 16 жастағы колледж студенті, Түркияға барып, кейін Сирияға өтіп кеткен; Марат – Шымкент қаласының 45 жасар тұрғыны, орыс пәнінің мұғалімі, әйелін, алты баласын алып Сирияға кеткен...

Жастарымыз неге дін жолында адасуда? Бұл жолға оларды не итермелейді? Жастардың діни сауаттылығы қандай, дәстүрлі дінге бет бұру амалдары бар ма? Фильмде осы жайында белгілі теологтар және дін қызметкерлер, саясаткерлер мен тарихшылар, мемлекеттік орган қызметкерлері және қоғамдық ұйымдардың белсенділері өз ойларымен бөліседі.  Фильмнің түсіру жұмыстары Алматы, Ақтөбе, Оңтүстік Қазақстан және Атырау облыстарында, Уфа және Мәскеу қалаларында жүргізілді.

Режиссері: Әсия Байғожина

Сценарий авторлары: Әсия Байғожина, Мереке Қасен

Операторлар: Ренат Қосай, Нұрсәт Әкімхан

Кеңесші: Асқар Сабдин

Дыбыс режиссері: Бейбіт Исаметов

Бейнеинженер: Николай Пономарев

Компьютерлік графика: Андрей Кисилев

Әкімші: Любовь Радионова

Директоры: Нұргүл Нұржігітова

Әсия Байғожина - кинодраматург, кинорежиссер

 

Режиссер туралы:

Әсия Байғожина – кинодраматург, кинорежиссер, Қазақстан кинематографистер одағының мүшесі. 1987 жылы КСРО Мемлекеттік кино жанындағы сценаристер мен режиссерлер дайындайтын жоғары курсын бітірген. Ш.Айманов атындағы “Қазақфильм” киностудиясында редактор, кейін деректі фильмдер бірлестігінің бас редакторы болып жұмыс істеді. 1990-1996 жылдар аралығында “Параллель” тәуелсіз студиясының көркемдік жетекшісі болды. 1991 жылы Әсия Байғожина өзінің алғашқы режиссерлік жұмысы – 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына арналған “Жарияланбаған шерудің хроникасы” атты деректі фильмі жарық көреді. Бұл туынды Қазақстан Республикасы Жастар және журналистер одақатрының арнайы жүлдесімен марапатталады.

Фильмографиясы:

Деректі фильмдер:

  • “Жарияланбаған шерудің хроникасы”, Қазақфильм, 1991 (Н.Чанковамен бірлесе түсірген);
  • “Қызыл империя”, 1991, “Гранит” Би-Би-Си” студиясы (деректі сериал);
  • “Дінмұхамед Қонаев – өмір жолы”, 1995, Қазақфильм;
  • “Жарыққа құмар”, 1998, (Г.Алдонгаровамен бірлесіп түсірген, ҚР Президенті ТРК);
  • “Бақыт формуласы”, 2007, “М`арт”; 
  • “Елім-ай. Репатрианттар хроникасы”, 2007, Қазақфильм;
  • “Уәлибайды еске алу”, 2008.

Деректі фильмдердің сценарий авторы:

  • “Су – өмір нәрі”, 1986, Қазақфильм;
  • “Ауылдың көріністері”, 1988, Қазақфильм;
  • “Қорық”, 1989, Қазақфильм;
  • “Шпион”, 1989, Қазақфильм және басқалары.

Дереккөз: www.kazakhfilmstudios.kz