Молдияр Ергебеков
Өнертану докторы (PhD)
С. Демирел атындағы университеттің қауымдастырылған профессоры
Әйел және өнер
Немесе FemAgoraCA-ға шақыру
Өнер тарихшысы
Линда Нохлин 1971-жылы «Неліктен әйелден қандай да бір ұлы өнер адамы жоқ»
деген сұраққа былай жауап береді:
«Біздің
білуімізше, әйелден ұлы өнер адамдары болған жоқ, алайда жеткілікті дәрежеде
зерттелмеген және бағаланбаған қызықты және өте мықты әйел өнер адамдары бар;
яғни басқаша айтар болсақ қаншалықты жақсы ниетпен іздесек іздейік, бәрібір
Литвалық ұлы джаз пианистін немесе Эскимо тенисшіні таба алмаймыз. Бұл жағдай
өте өкінішті алайда тарихи және сыни дәлелдерге қаншалықты жүгінсек те нәтиже
өзгермейді; тарихты шовинист еркектердің жазғанын және бұрмалағанын айтар
болсақ та жағдай өзгеріссіз қалады. Микеланджело немесе Рембрандт, Делакруа
немесе Сезан, Пикассо немесе Матисс, тіпті жақын тарихтағы Де Куниң немесе
Уорхолдың дәрежесіне сай келетін әйел суретші жоқ; сонымен қатар, бұларға шақ
келетін қара нәсілді (еркек) американдық суретші де жоқ. [...] Бірақ бәріміз
білетініміздей өткен тарих пен бүгінгі күннің режимі, орта сыныптан ақ нәсілді
еркек болып дүниеге келу бақытына ие болмаған әйелдер мен өзге де барша жан
үшін тек қана өнер саласында емес өзге де жүздеген салаларда бөгет болғыш,
қысымшыл әрі үміт кескіш ерекшелікке ие. Мәселе біздің тағдырымызда, гормондарымызда,
етеккірлерімізде, әйел болып дүниеге келуімізде емес, қоғамдық институттарымыз
бен білім беру жүйемізде. [...] Шын мәнінде ақ нәсілді еркектердің
қарамағындағы ғылым, саясат және өнер салаларында әйелдер мен қара
нәсілділердің көптеген бөгеттерге бой берместен табыстарға жетулері расында да таңғажайып
нәрсе».[1]
Расында да
әйелдерден шыққан ұлы немесе керемет ғалымның немесе өнер адамының (суретші, композитор,
режиссер, жазушы, ақын) саны неліктен аз деген сұрақты қоймастан бұрын,
неліктен қоғамның экономикалық ахуалы төмен топтарынан, немесе қоғамдық өмірден
шеттетілген топтардан ғалымдар мен өнер адамдары аз шығады деген сұрақты қою
керек. Өйткені екеуінің де жауабы бір: Әділетсіз жүйе. Бұл жүйеге қаласаңыз
капитализм деңіз, қаласаңыз нәсілшіл әрі сексист жүйе деңіз, екеуінің де жүріп
өткен ізінен қанаушылық пен фашизмді көресіз. Бәрінен бұрын бұл жүйе әйелдер
мен қоғамдық өмірден шеттетілген топтардың мүшелерін «ұлы» өнер адамы немесе ғалым
болудан мақрұм қалдырады.
Сонда да болса нәсілшілдік
немесе біздің мысалымыздан қарар болсақ сексизмнің көптеген бөгеттеріне
қарамастан керемет туындыларымен тарихта қалған әйел өнер адамдары да болды.
Алайда бұл әйел өнер адамдарының дерлігіне жуығының еркек өнер адамдарына
тікелей немесе жанама түрде тәуелді болғаны да баршаға аян. 13-ғасырда өмір
сүрген және жергілікті аңыздардың айтуына қарағанда Страсбург кафедралінің кіреберіс
есігіндегі мүсіндерді жасаған Сабина фон Штайнбахтан бастап 19-ғасырдың ең
атақты суретшілерінің бірі Роза Бонёрге дейінгі барлық әйел
суретші-мүсіншілердің әкелері де суретші-мүсінші еді. Бұлар, Тинтореттоның қызы
Мариетта Робусти (1560? – 1590), Просперо Фонтананың қызы Лавиния Фонтана
(1552-1614), Орацио Джентилескидің қызы Артемизия Джентилески (1593-1653), Анри
Шеронның қызы Элизабет-Софи Шерон (1648-1711), Луи Виженің қызы Элизабет
Виже-Лебрен (1755-1842) және Йоганн Йозеф Кауфманның қызы Ангелика Кауфман
(1741-1807). Бұл жағдай Нохлиннің де назарымызды аударған білімнің күшін
көрсетуде. Жеме жемге келгенде өткен ғасырдың алпысыншы жылдарынан бастап
Батыста күшейе түскен феминист сын мен әйел қозғалыстарының арқасында әйел өнер
адамдарының саны мен сапасы нығайды. Қазіргі таңда Батыстан Шығысқа
Солтүстіктен Оңтүстікке әлемнің барлық елдерінде әйел өнер адамдары бұрынғыға қарағанда
әлдеқайда батыл әрі жүректілікпен алға шығуда. Десек те әлі де болса кейбір
өнер саласы еркектердің егемендігінде. Мысалы, еліміздің азаматтарының
салықтарымен күнелтетін Қазақфильм киностудиясы қанша әйел режиссердің көркем
фильмін қаржыландырды? Биыл, былтыр, алдыңғы жылы? Жарты ғасырдан астам тарихы
бар қазақ киносы осы кезге дейін қанша әйел режиссердің тұлға болып
қалыптасуына мұрсат берді? Еліміздегі өнер мен мәдениеттің өзге де
алаңдарындағы жағдай қалай? Сурет өнерінде, театрда, музыка мен сәулет өнерінде
ж.т.б.
Алдымыздағы
аптада 8-наурызды қарсы аламыз. Өкінішке қарай көбінесе бұл атаулы күнді
әйелдерге гүл мен сыйлық беріп «мәз қылатын», әйелдердің ана болу қасиеттерін
қайта-қайта айтып, оларға «жатыр» ретінде қарайтынымызды дәлелдейтін күнге
айналдырамыз. Әйелдердің қоғамдық өмірден шеттетілу мәселелері, зорлық-зомбылыққа
ұшырау мәселелері жайында, жалпы әйел құқықтары мен олардың мүмкіншіліктерін
нығайту жайында тақырыптар еш қозғалмайды да.
Сондықтан да
8-наурыз халықаралық әйелдер күні мерекесін атына лайық түрде өткізуге зәруміз.
Еліміздегі әйел мәдениеті мен жалпы гендерлік мәселелерді талқыға салатын платформаны
қалыптастыруды қашаннан бері ойлап жүрген едік. Яғни 8-наурыздың төңірегінде
фестивальдік атмосферада, ішінде ғылымы бар, өнері бар, пікірталасы бар мәдени
күндерді өткізсек деуші едік. Сол ойымызды Алматыдағы Фридрих Эберт қорының
демеуімен іске асырғалы отырмыз. 8-10 наурыз аралығында өтетін бұл шарамызға
FemAgoraCA (Feminist Agora Central Asia)
деген ат бердік.
Агора ежелгі
Грек өркениетінде қаланың ортасына орналасқан сауда және пікірталас алаңына берілетін
ат. Бұл агоралар әрі қаланың қызу өміріне, әрі өнер адамдарының
перформанстарына, философтардың пікірталастарына куә болатын.
Гендерлік
мәселені тек қана Қазақстанмен шектеп қою, оның шешу жолын көрсете алмайды.
Өйткені мәдениет барлық уақытта белгілі бір территорияға жайылғыш келеді.
Сондықтан да Орталық Азия елдеріндегі гендерлік мәселелерді талқылай отырып
еліміздегі әлеуметтік мәдениетке қарағанды жөн көрдік. Фестивалімізге «Феминист
Агора Орталық Азия» деп ат беруіміздің себебі осында.
Орталық Азия
елдерінен қонақтарымыз бар, керемет фильмдеріміз бар. Сурет көрмеміз бар.
Жасампаз пікірлерін ортаға салар ғалымдарымыз бар. Келіңіз, 8-наурызды бірге
тойлайық! #FemAgoraCA
Өтетін күні мен уақыты:
8 наурыз, 17:00-20:00
9-наурыз, 10:00-20:00
10 наурыз, 11:00-20:00
Өтетін орны: Smart.Point
креатив алаңы (Байзақов көшесі, 280)
Кіру: Тегін
Тілі: Қазақ және Орыс
[1] Nochlin, Linda (1971). “Why Have There Been No Great Women Artists?”. Woman in Sexist Society: Studies in Power
and Powerlessness. Edited by
Vivian Gornick and Barbara K. Moran. New York: Basic Books.