Бүгін Алматыда жаңа форматтағы Медиа және кино мектебінің (Media & Film School) ашылуына орай баспасөз отырысы өтті. Білім ордасының құрылтайшылары – Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ және Алматы Менеджмент Университеті (AlmaU).
Жаңа мектептің мақсаты – елдегі креатив индустрияның дамуына белсенді үлес қосатын, бұқаралық ақпарат құралдары мен кино нарығының заманауи талаптарына сай келетін мамандарды даярлау.
Алғашқы студенттерді оқуға қабылдау 2021-2022 оқу жылында басталады. Жаңа мектептің басты міндеті – қажетті инфрақұрылымды қалыптастыру. Media & Film School мектебінің техникалық және интеллектуал базасын жасауға Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ киностудиясы атсалысатын болады.
Media & Film School мектебінің деканы, PhD Молдияр Ергебеков: «Media & Film School бағдарламасына енгізілген пәндер әлемдегі жетекші оқу бағдарламаларына негізделеді, ал оқытушылары – кәсіби біліктілігі ғылыми-тәжірибелік жұмыстармен расталған мамандар. Биылдан бастап біз бірнеше мамандықтарды эксперимантал бағыт түрінде ашамыз. Оқу бағдарламаның үшеуі де digital-mediaға бағытталған. Креатив өнер оқу бағдарламасы, Жаңа медиа оқу бағдарламасы және Диджитал мәдениет оқу бағдарламасы деп аталатын 3 оқу бағдарламасы бойынша Диджитал кино режиссері және монтаж режиссері, диджитал гейм-дизайны, дата журналистика, мобил журналистика, сонымен бірге, аудио, видео және мәтін контенттерін өндіретін диджитал кино сыны мамандығында киносыншылар даярланатын болады».
Сонымен қатар спикерлер Медиа және кино мектебін дамыту жоспарлары туралы айтты. 2021-2022 оқу жылында мектеп жанынан медиа және кинематография саласындағы интердисциплинар зерттеулермен айналысатын Медиа және кино институты ашылады. Келесі жылы журналистика, теледидар және радиожурналистика, анимация, графикалық дизайн, драматургия және тағы да басқа мамандықтар ашылады.
Баспасөз отырысы соңында Ш.Айманов атындағы "Қазақфильм" киностудиясының вице-президенті Айдар Баталов және AlmaU ректоры Ербол Сүлейменов ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды.