Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының қолдауымен ұйымдастырылған шараның мақсаты – жас таланттарды анықтап, олардың шығармашылық ізденісіне қолдау көрсету, сондай-ақ қазақ ән өнерінің қайталанбас тұлғаларына тағзым етіп, құрмет көрсету. Өнер бәйгесіне Ресей, Қырғызстан және Қазақстанның түкпір-түкпірінен 65 өтініш түсіп, 42 үміткер бақ сынады.
Қазылар алқасының төрайымы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының «Вокальдық өнер» кафедрасының меңгерушісі, доцент Торғын Смайлова болды. Ал мүшелері ретінде Қазақстанның халық артисі, профессор Ғафиз Есімов, Қырғызстан Республикасының Мәдениет қайраткері, доцент Зина Сарығұлова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гүлзат Дәуірбаева, П.Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінің «Ән айту» бөлімінің меңгерушісі, өнертану ғылымының магистрі Танагүл Бекназарова және «Ән айту» бөлімінің ұстазы Гүлнар Сақышова жұмыс істеді.
Нәтижесінде бас жүлдені Ж.Елебеков атындағы Республикалық эстарада-цирк колледжінің студенті Жандарбек Еркінбаев, І орынды Ағайынды Абдуллиндер атындағы Шығыс Қазақстан облыстық өнер училищесінің студенті Мерей Қадырханов жеңіп алды. ІІ орын Қазақ ұлттық өнер университетінің студенті Айбек Әбдіәшімұлы, Жақсылық Мирас, Сұлтан Әділ, ІІІ орынды Ж.Елебеков атындағы Республикалық эстарада-цирк колледжінің студенті Мақсат Саматов, П.Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінің студенті Самат Шонов, Мұса Дамир, А.Жұбанов атындағы Дарынды балаларға арналған музыка-мектеп интернатының оқушысы Еркежан Мәдениетова иеленді.
«Үміт» аталымына Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжінің студенті Сағыныш Кенжеғалиқызы, «Қазақстан композиторының романсын үздік орындағаны үшін» аталымына Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжінің студенті Бөрібай Ернар, Маңғыстау өнер коллежінің студенті Мөлдір Жайлыбаева, П.Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжі директорының арнайы сыйлығына осы оқу орнының студенті Шыңғыс Серікбайұлы лайық деп табылды.
Қазақ ұлттық өнер университетінің студенті Мұхтар Ромашов, Әсем Киікбаева, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының студенті Бағдат Нысанбай, Ж.Елебеков атындағы Республикалық эстарада-цирк колледжінің студенті Нұрғалым Аманбай, Біржан Матанов, П.Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінің студенті Қасымхан Тажеден, Аружан Тоқтаған дипломант атанды.
Қазақ өнерінің қайталанбас тұлғалары Кәукен Кенжетаев пен Шабал Бейсекованың есімі аталмыш оқу орны үшін ерекше қымбат. Сахна саңлақтарының шығармашылық жолы әу баста осы киелі шаңырақ қабырғасында білім алып жүрген уақытта қалыптасқан. Студент Шабал 1936 жылы Опера театрына шақырылып, өмірінің соңына дейін өнер көрсетті. Мәскеу консерваториясында Ресейдің еңбек сіңірген өнер қайраткері Мария Владимировадан білім алған жылдары және майдан шебінде өнер көрсеткен сәттерде ғана аз-кем үзіліс жасады. Ол Қазақстан, Қырғызстан, Татарстан, Башқұртстан, Грузия, Әзірбайжан композиторлары жазған қойылымдарда 17 басты партияны шебер орындады.
Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібегіндегі» – Жібек, С.Мұхамеджановтың «Айсұлуындағы» – Айсұлу, М.Төлебаевтын «Біржан-Сарасындағы» – Сара, П.Чайковскийдің «Евгений Онегиндегі» – Татьяна, А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» операсындағы Ажар партиясын сомдап, КСРО Мемлекеттік сыйлығын алды. Ізденіс аясын Еуропалық репертуармен де байытып, ұлттық нақышпен әрлендірді.
Сахна саңлағы өзінің әріптесі әрі өмірлік жары Кәукен Кенжетаевпен де бірқатар қойылымдарды қатар сомдаған.
Кәукен Кенжетаев 1936 жылы Мәскеу мемлекеттік консерваториясы жанындағы қазақ студиясын, 1950 жылы Алматы мемлекеттік консерваториясын бітірген.
1942-46 жылдары Хабаровскідегі шекарашылар ән-би ансамблінде, 1946 жылдан Абай атындағы Қазақтың мемлекеттік академиялық опера және балет театрында еңбек етті. М.Төлебаевтың «Біржан-Сарасында» – Жанбота, Е.Брусиловскийдің «Ер Тарғынында» – Тарғын, «Қыз Жібегінде» – Бекежан, «Дударайында» – Семен, М.Глинканың «Руслан мен Людмиласында» – Руслан, Ж.Бизенің «Карменінде» Эскамильо секілді кейіпкерлерді көрерменге ұсынды.
Сондай-ақ ол режиссер ретінде Е.Рахмадиевтің «Алпамыс», Е.Брусиловскийдің «Амангелді», П.Чайковскийдің «Қарғаның мәткесі», С.Мұхамеджановтың «Айсұлу» операларын жұртшылыққа тарту етті.
«Біздің сүйікті дәрігер», «Тұлпардың ізі», «Ән қанатында», «Ел басына күн туса», «Гауһартас» фильмі арқылы үлкен-кішінің сүйіспеншілігіне бөленді.