Мақала
Анар Еркебай. Карантин ұсынған театр
Журналист, драматург Ольга Малышеваның "Закрытая комната четыре на стены" деген пьесасы бойынша скринлайф спектаклінің премьерасы ұсынылды.
Бөлім: Театр
Датасы: 03.05.2020
Авторы: Анар Еркебай
Мақала
Анар Еркебай. Карантин ұсынған театр
Журналист, драматург Ольга Малышеваның "Закрытая комната четыре на стены" деген пьесасы бойынша скринлайф спектаклінің премьерасы ұсынылды.
Бөлім: Театр
Датасы: 03.05.2020
Авторы: Анар Еркебай
Анар Еркебай. Карантин ұсынған театр

Анар Еркебай

театртанушы


Әлемді жайлаған пандемия театр өнеріне өз әсерін тигізіп жатыр. Соған қарамастан өнер суретшілері сахна төріне шықпаса да, театрдан қол үзбей неше түрлі формада өз көрерменімен қауышып отыр. Шетелдегі секілді түрлі жобалардың шыға бастауы да қуантады. Соның бірі, еліміздегі қазіргі театр туралы жазып жүрген журналист, драматург Ольга Малышеваның «Закрытая комната четыре на четыре» деген пьесасы бойынша скринлайф‑спектаклінің премьерасы ұсынылды. Карантиннің алғашқы апталарында жазған пьесасын Ольга сөреге қоя салмай, оны интернет арқылы көрсеткені біз үшін ғана емес, әлем театрына енгізген үлкен жаңалығы.

Қойылымда төрт бейтаныс кейіпкер, қазіргі таңда өте танымал әрі бүкіл әлем қолданып отырған Zoom платформасында кездесіп, онлайн ойын ойнайды. Интернет ұсынған төрт сөзге әр кейіпкер өз ойын, өміріндегі болған оқиғасын, ассоциациялық жүйелерін білдіреді. «Құдай», «ұрлық», «таңдау» және «қате» сөздеріне біреуі өмірінде болған шынайы оқиғасын жеткізсе, біреуі өтірік ойдан шығарған әңгімесін айтады. Қарапайым, күнделікті тілмен сөйлеген кейіпкерлер өз беттерін көрсетпейді, шынайы аттарымен емес тек тіркелген логиндерімен отырады. «Мен Құдайға қарсы емеспін, бірақ маған оның фанклубы ұнамайды», «күндіз мешіт, шіркеуге барып, кешке клубта отырып «трезвый водитель» шақыратындарды түсінбеймін», тағы да басқа сөздерінен бүгінгі әлеуметтік тұрмысқа өзіндік көзқарасын білдірген, өмірге өкпелі, жалғыздықтан шаршаған қазіргі адамдарды көреміз. Карантинде жалыққан, шарап, сыраларын ішіп отырып онлайн‑ойынға қатысқан жастардың өтіп жатқан уақытқа, болып жатқан жағдайға деген шарасыздығы мен наразылығы да байқалады.

Бір сағат көлеміндегі қойылымда Zoom‑ның суреті жоқ қара фонын ғана көріп, шетіндегі чатта кейіпкерлердің жазып отырған сөздерін оқып отырдық. Тіпті араларында айқай‑ұрыс, жанжал басталып кеткенінің өзі адамдардың әр нәрсеге өзіндік ойы, позициясы, қатып қалған қағидасы барын көрсетті. Ойын соңында қалған екі кейіпкер беттерін жарты минутқа көрерменге де көрсетіп, өздері де бір‑бірімен танысады. Қойылым ойынды ұйымдастырушы қыздың жаңа ғана танысқан жігітпен сөйлесу үшін телеграм желісіне кіріп бара жатқанымен аяқталады. Яғни, бұл таныстықтың жалғасы бар, ол интернеттен шынайы өмірге де ауысуы мүмкін деген үміт береді.

Спектакльге қатысқан актерлер – Бишкектегі «Место Д» театрынан Ольга Щетинина, Н.Сац атындағы ТЮЗ‑дан Александра Качанова, ARTиШОК‑тан Қуантай Әбдімәди, Лермонтов театрынан Роман Жуков сынды шеберлердің «оқылым» – «читка» тәрізді жүргізген дүниесінен, түрлерін көрмесек те, дауыс ырғағы, бояуы, эмоцияларының өзінен кейіпкерлерінің мінезі ашылып тұрды. Тіпті, кейде, спектакль емес, біреулердің өтіп жатқан конференциясына байқаусызда кіріп кеткендей әсерде боласын. Режиссердің де меңзегені сол секілді.

Әрине, театрға барып, сахна төріндегі тірі ойынды көріп үйренген көрермен үшін бұл скринлайф‑спектаклін қабылдамайтындар да болатыны анық. Бірақ, ертең карантин бітіп үйреншікті өмірімізге оралғанымызбен де уақыт алдыға шығып, ақпараттық технологиялардың алар пайызы артқанын бәріміз түсініп отырмыз. Театр да жаңа форманы бағындыруға дайын екенін дәлелдеп отыр.

Кеңестер кезінде радио‑спектакльдерді қала ғана емес, ауыл жұртшылығы ұйып тыдайтын. Ол сол кезеңнің инновациясы болды. Бүгінгі Ольга Малышеваның драматург әрі режиссер ретінде ұсынып отырған дүниесі – дәл қазіргі уақыттың қажеттілігі деген ойдамын.