Көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп, олардың эстетикалық көзқарасының қалыптасуына, рухани азықтандыруға елеулі еңбек сіңірген Қуандық ағамыз алпыстың асуына да жетіпті. Қызығы мен қиындығы қатар жүретін режиссерлік кәсіптің қыр-сырын меңгеріп, құпиясына терең бойлауға талпынған режиссер осы уақытқа дейін алпыстан астам спектакль қойыпты. Әсіресе оның соңғы жылдары еліміздің көптеген театрларында әлемдік драматургияның алыптары Шекспирдің «Ричард ІІІ», «Лир патша», «Ромео мен Джульетта», Софоклдың «Эдип патша», Еврипидтің «Троя арулары», Ж.Ануйдың «Медея» мен «Антигона» тәрізді күрделі дүниелерін сахнаға шығаруы үлкен мәдени оқиғаға айналды.
Қуандық Қасымов қазақ театр өнеріне өзгеше бір пішіндік ізденістермен келген жаңашыл режиссер. Ол бүгінгі көрермендер талғамына сай, олардың жүрегінен орын алатындай тақырыптарды іздеуге талпынады. Бүгінгі кезеңдегі адамдардың басынан өтіп жатқан өзекті мәселелерді сахналауды және көрерменді сол проблемаларға етене араластыру мақсатында қойылым формасын іздейді, зерттейді. Сондықтан да болар, Қ.Қасымов сахналаған қойылымдар ғұмырының ұзақ болып, театр репертуарынан өзіндік орнын сақтап келетіндігі. Режиссер, мейлі классиканы, болмаса аударманы, әйтпесе қазіргі қазақ шығармаларын қойса да, ол үшін ең маңыздысы, туындының бүгінгі күнмен өзектілігінде. Қазіргі заман тақырыбын сезіну оған жаңа заманға сай спектакльдің пішінін тудырады. Ол әрбір пьесадан бұрын-сонды ешкім байқай бермейтін жаңа нәрсе тауып отырады. Жалпы Қасымов еліміздегі бетке ұстар, өз ойы, тұжырымы, көзқарасы бар және осыларды сахналық тілмен керемет жеткізе алатын режиссерлердің бірі екенінде күмәніміз жоқ.
Қуандық Құлмамырұлы Қасымов 1957 жылы Жамбыл облысы Қордай ауданы Қордай ауылында дүниеге келген. 1984 жылы Алматы мемлекеттік театр-көркемсурет институтында (қазірғі Қазақ ұлттық өнер академиясы) оқып, драма театры және кино актері мамандығын бітірді. Актер Қуандық Қасымов Жамбыл облыстық қазақ драма театрының сахнасында талай қайталанбас бейнелер жасап кеткені белгілі. Ол рольдер өзге зерттеуді талап ететіні сөзсіз. Орындаушылық өнермен айналысып жүріп режиссураға да қызығушылығы ояна бастайды. Бұл ойларының нәтижесі О.Бөкейдің «Құлыным менің», Б.Римованың «Мұрагерлер» атты қойылымдарымен ұласады. Әрине, тырнақалды жұмыстары бірден жұртшылықты өзіне қаратты дегеннен аулақпыз. Бірақ, осы спектакльдерді дайындау барысы Қуандық ағамыздың режиссураға деген махабатын оятқаны сөзсіз. Сонымен қатар, дәл осы кезде Мәскеуге жол түсіп В.Маяковский атындағы театрдың көркемдік жетекшісі, КСРО халық артисі, режиссер А.А.Гончаровтың тәжірибелі стажировкасынан өтуі оның режиссерлік өмірінің негізін қалады.
Елге оралған Қ.Қасымовтың қойған алғаш дүниесі Е.Әлімжанның «Бір қазаққа – бір қатын!» комедиясында алға тартқан негізгі идеясы қазақтың «Балалы үй – базар, баласыз үй – қу мазар!» дегеніне саяды. Режиссер кейіпкерлердің іс-әрекеті мен қимыл-қозғалыстарынан туатын орынды күлкілі көріністер мен мизансцена құруда қызықты шешімдер таба білген. Және де Қ.Қасымов пьесаның жанрлық ерекшелігін жете ұғынғандықтан, спектакльде жеке дара комедиялық мінездер жасап, тосын жағдайлар туғызып, сәтті сахналар шығара білетін қабілетін танытты. Комедия ұлттық менталитет, салт-дәстүр тұрғысынан тағлымдық мәні орасан, маңызды ой салатын терең мағыналы спектакль болып шыққандықтан театр репертуарында ұзақ жылдар жүрді.
Режиссурадағы алғашқы қадамдарын Жамбыл облыстық қазақ драма театрының сахнасында бастаған Қ.Қасымовтың шығарған М.Байжиевтің «Құдалар», Ш.Айтматов пен М.Шахановтың «Сократ түні», Д.Исабековтың «Пері мен періште», Ш.Мұртазаның «Ноқтаға басы сыймаған», Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу», Ф.Бөлековтің «Кемпірлер байға тигенде», Ә.Әмзұлының «Кейуана», М.Хасеновтың «О, махаббат!», Б.Мұқайдың «Сергелдең болған серілер», Е.Уахитовтың «Алтын дуал», У.Шекспирдің «Ричард III», О. Бодықовтың «Жан азабы», С.Жүнісовтің «Қысылғаннан қыз болдық», Б.Ұзақовтың «Жандауа», И.Сапарбайдың «Сыған серенадасы», А.Бекбосынның «Домалақ ана», Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібек», т.б. спектакльдері оның күрделі шығармалармен еркін жұмыс жасай алатын қабілетін көрсетті.
2003 жылы Ә.Әмзеевтің пьесасы бойынша қойылған «Кейуана» атты спектакльде сұрапыл соғыстың сұмдығы мен тауқыметін мойнымен көтерген абзал ананың темірдей мықты зор тұлғасы шығарылған. Пьеса мәтіні мен кейіпкерлер санын қысқартқан режиссер шиеленісті ең басты қаһарман ана Қалидің трагедиялық күйіне негіздеген. Кейуана Қали – аналардың сұрыпталған, үлкен, жиынтық бейнесі. Қали роліндегі Анар Сағымбекованың көрерменнің назарын бір босатпай ұстауы, ананың трагедиясын психологиялық толғаныспен аша алуы жас актрисаның шеберлігін байқатты. Қойылым бойында кейіпкер тағдыры мен Отан тағдыры байланыстырылған әлеуметтік-философиялық мән жатыр.
Режиссер өзіндік бояу бедерлі үлгі іздеу мақсатында суретшімен бірге символды, шартты декорация жасайды. Сахнаның дәл ортасына орналастырылған жылжымалы бес жұлдыз соңына дейін оқиға ағымы бойынша әр алуан қызмет атқарып, негізгі әрекет орнына айналған. Жұлдызға ілінетін қызыл түсті жалаулар – махаббат, сенім, соғыс, қан, қайғыны меңзейді. Сонымен қатар, сахна төбесінен түсіп тұратын солдаттардың бас киімі соғыс белгісі де, олардың әр қайсысының үстінде жанған шырақ еліне оралмай қалған ерлерді еске алудың белгісі дегенге саяды.
Қуандық Қасымовтың соңғы жиырма бес жылда сахналаған спектакльдеріне көз жүгіртетін болсақ, онда оның қыруар істер тындырғанына көз жеткіземіз. Әсіресе, ізденімпаз режиссердің қлассикалық дүниелерге деген қызығушылығын байқауға болады. Оның Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян Сұлуын», Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібегі», қойылымдары қазақ театр тарихынан өз орнын ойып алды десек артық айтқандық емес.
Жамбыл облыстық театр сахнасында 2001 жылы «Қозы Көрпеш–Баян сұлу» спектаклінде режиссер негізгі екпінді Жантық бейнесіне түсіріп, оқиға желісін де, тартыс ағымын да, қойылымдағы барлық зұлымдықты осы кейіпкер төңірегінде өрбітіп, тіпті финалын да Жантықтың тікелей қатысуымен аяқтайды. Осы ойы арқылы режиссер сонау көне заманнан бері өмір сүрген зұлымдық әлі күнге дейін өз ықпалын күшейтпесе бәсеңдеткен емес деген ойды алға тартады. Режиссер тарих пен бүгінгі күннің терең байланысын ескерген. Жантық роліндегі Ж.Әлімбеков режиссер ұсынған трактовкадан ауытқымай, пиғылы арам адамның бейнесін шынайы ашады. Ал, қойылым соңында Жантықтың арам ойын сезіп қалған Қодар қанжарды соған қарай бағыттай бергенде қу зымиян Баянды дереу тоса қалуынан бейкүнә бойжеткен аңғал батырдың қолынан мерт болады. Дәл сол сәтте ыза-өкінішпен зарлаған Қодардың үстіне түскен аулар, оның енді бұл дүниедегі жалғыздығын әрі торға түскен аңның бейнетін басынан өткізетінін білдіретін ұтымды табылған шешім.
Режиссер ұлттық классиканы дәстүрлі шешімге сүйенбей өзгеше түсінуге деген ұмтылысының арқасында спектакль бүгінгілік сипатқа ие болып, бұрыннан белгілі стереотипті бұзуға батыл қадам жасалған жаңа режиссерлік трактовка болғаны сөзсіз.
Ал, 2009 жылы Жамбыл облыстық қазақ драма театрында мүлдем жаңа интерпретациямен қойылған «Қыз Жібек» нағыз ізденістің нәтижесі еді. «Қыз Жібек» сынды классикалық дүниені тың режиссерлік шешіммен камералық сахнада саунд-драма жанрында қойылуы ұлттық өнеріміздегі үлкен жаңалық болды. Режиссер эпостық материалға сүйене отырып Жібек пен Төлеген тағдырының ең негізгі сюжеттік желісін ғана алып, жас ғашықтардың кездесуі, Бекежанның қызғаныш кесірінен жасаған әрекеттері, Төлегеннің өлімін небәрі қырық бес минут ішінде көрсетіп шықты. Сахнада бар жоғы тоғыз орындаушы өнер көрсетеді. Камералық қойылымнан шаманизм белгілерін де, вокалдық композиция элементтерін де, би мен әнді де, актерлік ойын мен режиссерлік тапқырлықты да, сценографиялық шарттылық пен ұтымды мизансценалық шешімдер де жаңаша интерпретацияда шешілген. Төбедегі шаңырақтың қос ғашықтың өліміне себепкер болған Бекежанның үстіне түсуін режиссер Қ.Қасымов символға құрған. Жас ару билеп жүріп, ақ матаның арасында ғайып болып ортада тек сәукелесі қалғанымен Жібектің өлімін белгілейді. Ал, Жібектің көзін бұрымдарымен байлап екі жігіттің жебелерін алып билеуі, ақыры біреуін лақтырып жіберіп Төлегеннің ақ орамалы байланған оқты жоғары қарай көтеруі де әсерлі шыққан. Жастардың некелерін қию салты да әдемі шешілген. Ауыл бәйбішесі қолындағы белбеумен жерді, үйді аластап, Жібектің Төлегеннің беліне байлатуы серттік белгісіндей еді. Сондықтан белбеуін қолына ұстаған Төлегеннің Бекежанмен күресіп мерт болуы да заңдылық.
Спектакльдің негізгі ойын режиссер бимен, пластикамен, музыка ырғағымен беруге күш салған. Е.Г.Брусилоскийдің «Қыз Жібек» операсындағы Жібектің атақты ариясы «Гәкку» мен еліміздің көне «Қара жорға» биі шығарманың лейтмотивына айналған. Қойылымды әуенмен өңдеген Е.Құсайынов ұлттық музаканың нақышын қалдырып, заманауи ырғақта беруі де тақырыптың негізгі тартысын аша түсті. Ал, Төлеген мен Бекежан арасындағы жекпе-жек кезінде дауылпаздың қағысы мен орындалған динамикалы ырғақ екі батырдың Жібек үшін ешнәрседен аянбайтынын көрсеткендей.
Көпшілік сахнасының орындауындағы өсек-аяң да пыш-пыштаған келіншектердің, сыбырлаған еркектердің дауыс какафониясы арқылы өзге бір түрде баяндалады. Бір мезетте көшкен ауылдың, келесі көріністе қыңқулап ұшқан ақуларды бейнелеген актерлер қимылы әдемі.
Қойылым дастанның негізінде туған дүние болғандықтан жыраудың бейнесі сахналарды бір-бірімен байланыстырып жүрген оқиғаның қозғаушы күшіне айналған.
Стилизацияланған ұлттық киім, салт-дәстүрлердің элементтері спектакльдің заманауи тынысын байқатады. Суретші М.Шарафиттиновтың қолынан шыққан әр зат сахнада ойнап тұр. Актерлердің қолындағы қолшатырлар бірде көшіп бара жатқан керуенді бейнелесе, келесі сахналарда бүкіл бір ауылды суреттейтін киіз үй қалпында қаз-қатар тұра қалады. Ал, Төлеген қайтыс болғаннан кейін, әлгі қолшатырлар жабылып, олар да аза тұтады...
Жалпы, бұндай қойылым нағыз фестивальға апаратын дүние болып шыққан. Қатысушылар саны аз, қойылым ұзақтығы қысқа, эксперименттік шешімдерге толы әрі ұлттық фольклор мен салт-дәстүрден мол хабар береді. Кезінде бұл қойылым Каирде өткен эксперименталды театрлар фестиваліне қатысып жоғары баға алғаны баршамызға аян. Ұлттық нақышқа бай, этнографиялық элементтермен көмкерілген бұл спектакль шетелдегі өнер сүйер қауымды қазақ сахна өнерімен таныстырып, жаңа режиссерлік интерпретация мен актерлік шеберлік мектебінің жоғарғы деңгейін көрсеткен еді.
Қ.Қасымов ағылшынның ұлы драматургі У.Шекспирдің шығармашылығына да батыл түрде барып, республика театрларында «Ричард III» (Тараз), «Король Лир» (Ақтөбе) мен «Ромео мен Джульеттасын» (Орал) сахналады. Осы аталған әр қойылым да кезінде елімізді дүр сілкіндірген жаңалықтар болды.
2007 жылы Х.Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының сахнасында шығарған «Ромео мен Джульеттаның» интерпретациясы да өзгешелігімен ерекшеленді. Шымылдық ашылғанда, сахнаның бір бұрышында Капулетти жанұясы креске табынып шоқынып тұрса, мұсылманша киінген Монтеккилер намаз оқу үстінде. Осы алғашқы көрініс арқылы режиссер екі жанұяның бір-біріне деген қастығының төркіні – дін екенін анық көрсетіп, бүкіл қойылымды осы идеяға бағындырады. Режиссердің бұл ойынан пьесаның трагедиялық бояуы қалыңдап, әлеуметтік тартыс күшее түскен.
Спектакльдің сахналық үлгісін жасаған Қырғыздың халық суретшісі М.Шарафидинов сахна кеңістігін толық пайдаланып, актерлерге еркін әрекет жасауға толық мүмкіндік жасаған. Режиссер мен суретшінің пластикалық шешімі бойынша оқиғалардың барлығы теңіз жағасында, сынған қайық пен жерге шаншылған ескектер арасында, күн сәулесі сирек түсетін күндер мен түндерде өтеді. Қойылымда басынан аяғына дейін естілген теңіздің шулаған дауылы мен шағалалардың дауысы екі жанұяның жауыздығы да қатал табиғаттың ықпалымен өшпей тұрғандай әсер қалдырады. Жарық-сәулені де режиссер ұтымды пайдалана білген. Әсіресе, Тибальттің Меркуционы, Ромеоның Тибальтты өлтірген кезде сахнаның қан қызылға боялуы трагедия сарынын тереңдете түседі. Ал, төрде орналасқан кеменің басы – бірде жас бозбалалардың ойындарына арналған төбешіктер болса, бірде Джульеттаның балконы, екінші көріністе жас қыздың бөлмесі, спектакльдің аяғында екі ғашық өздерінің өлімін тапқан қабіріне айналады.
Режиссердің сахнада видеоны да сәтті қолданған. Ромео Джульеттаны есіне түсіргенде арт жақтағы фоннан арудың бейнесі көрінеді, және керісінше Джульетта сүйгені туралы айтқан кезде жігіттің бейнесі шығады. Сондай-ақ, антракт кезінде шымылдыққа сол видео арқылы түсірілген Ромео мен Джульеттаның бейнелері көрерменді үзіліс кезінде де махаббат әлемінен жібермейді. Бүгінгі таңда режиссерлеріміздің көбі видеоны қолдануды әдетке айналдырып кетті. Десек те, осы қойылымдағы Қ.Қасымовтың бұл шешімі трагедиялық және лирикалық сарынды қоюландыра түскен.
Қуандық ағамыздың 2013 жылы Жамбыл облыстық қазақ драма театрында қойған Ш.Айтматовтың «Ана – Жер-ана» символикалық драмасы да жаңа дүние болғандығын айту керек. Режиссер шығарманың біраз көріністері мен көп сахналарын қысқартып, өзiндiк сахналық үлгiсiн қарастырып, дәстүрлiк шешiмнен мүлде бас тартып, пластикаға сүйенген. Ол суретші Рахат Сапаралиевамен қойылымның сырт бейнесін үйлесімді қарастырған. Сахнада басы артық зат жоқ, жоғарыдан түскен арқандар, төрде ілулі тұрған әткеншекте Жер-ананың тұруы – уақыт талабын ұғынудан туған. Қойылымның пластикалық бейнесі жаңаша, таптаурындықтан ада әрі заманауи ойластырылған. Режиссер қырғыздың «Майдан, майдан» атты әнін қойылымның лейтмотиві ретінде алып, көпшілік сахналарында жиі қолданып, оның ырғағымен пластикалық әрекеттерді жасауы өте әсерлі болып шыққан.
Соңғы жылдары режиссер Қ.Қасымовтың шығармашылық жолын қарап отырып, оның көне грек трагедияларына жиі ат басын бұрып, еліміздің біраз театрын классикалық шығармалармен толықтырып жүргендердің қатарынан табылатынын көреміз. Солтүстік Қазақстан облыстық театрда Софоклдың «Эдип патшасын», Батыс Қазақстан облыстық театрда Еврипидтің «Троя аруларын», Махамбет атындағы Атырау облыстық театрында Еврипидтің «Медеясын», Жамбыл облыстық орыс драма театрында Жан Ануйдың «Антигонасы» мен Айгүл Иманбаеваның жеке меншік «АИ» театрында «Медеясын» сахналауы классикалық драматургиядан бүгінгі күнмен өзектес мәселелерді байланыстырудың мүмкіндігі зор екенін көрсетіп жүр.
Қ.Қасымов С.Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан театрына 2014 жылы Софоклдың «Эдип патшасына» өзіндік интерпретациясымен келген. Ол пьесада жоқ кейіпкерді – Грекияның көне қалаларының қалдықтарын аралап жүрген бүгінгі күннің жас жігітін – туристі енгізген. Көне тас қамалдардың арасында жүріп, Софоклдың қолжазбасын тапқан жігіттің көз алдында ежелгі оқиға қайта тіріліп шыға келеді. Режиссер жас жігіттің аузына пьесадағы хордың сөздерін салып, қойылымның комментаторы ретінде анда-санда сөйлетуі – қызықты интерпретация. Әрекетке тікелей араластырмай, сол дәуірдегі оқиғаларға қазіргі замандастың көзқарасымен бақылатады. Қолындағы көне фолиантқа үңілген жігіттің алдында тарихта іздеген сұрақтарының жауабы іспеттес Эдиптің өзі тұр. Режиссер Қасымовтың бүгінгі ұрпақтың Эдип мәселесін өзінше пайымдауы ретінде суреттеген қойылымы Софокл трагедиясының мәңгілігін тағы да дәлелдеді. Бұл интерпретациясы режиссер қиялының шексіздігін, классикалық шығармаларды оқудағы ізденістерін тағы да паш етті.
Жоғарыда айтылған қойылымдарымен Қ.Қасымов Керчь қаласында өтетін «Боспорские агоны» халықаралық антика өнерінің фестиваліне қатысып, әрдайым жүлделі орынға ие болуы театр тарихы үшін үлкен жетістіктердің бірі ретінде қабылданады. Бұл оның режиссерлік ой-тұжырымының, көркемдік шешімдерінің әрдайым тың да жаңаша болатынының дәлелі. Сондай-ақ, әр қойылымнан режиссердің көне мәтіндер арқылы бүгінгі күннің сауалдарына жауап іздегенін де байқау қиын емес.
Әр қойылымымен режиссер эксперименттерге батыл барады, қатып қалған заңдылықтардан қашады. Бас-аяғы жинақы сахнада әрекетті динамизмге құрып, спектакльдерін жанр табиғатына сай сахналауының нәтижесінде артистер болмысындағы тың орындаушылық қабілеттерін ашып береді. Спектакльдерінде жаңа ізденістер, символикалық шешімдер кеңінен пайдаланып, көрерменнің көкірегіне ордалы ой ұялатады.
Қорыта айтқанда, Қ.Қасымовтың режиссура саласындағы тың ізденістері күллі республикамыздағы театр өнерінің кескін-келбетіне өзіндік қомақты үлесін қосып жүр. Өнер өрісін кеңітуде аянбай тер төгуден жалықпаған театр қайраткері халық санасына классикалық бейнелер арқылы ой тастап, өмірлік бағыт табуға ат салысуда. Қойылымдарында ешкімге ұқсамайтын, тек өзіне ғана тән режиссерлік ой-тұжырым, сонан туған сахналық шешім бар. Қиын да, қызықты да режиссер мамандығының қыр-сырларына терең бойлаған Қуандық Қасымовтың талай биік белестерден көрінген сәттірінің куәсіміз. Ағамыздың рухани бай жаны, өнерге деген құштарлығы мен әрдайым ізденіс үстінде жүруі әлі талай тұшымды туындылар тудыруға мұрындық болатыны сөзсіз.