Мақала
ZOOM-дағы ONLINE пьеса оқылымы. Ол қалай өтті?
«Басқа түскен баспақшыл» демекші, үш айдан асқан карантиндегі өмірге де бейімделдік. Осындай форс-мажорлы қиын кезде отандық театрларымыз әлеуметтік желіден, интернеттің мол мүмкіндіктерінен өздеріне қажетін алуға бет бұрды
Бөлім: Театр
Датасы: 23.06.2020
Авторы: Аманкелді Мұқан
Мақала
ZOOM-дағы ONLINE пьеса оқылымы. Ол қалай өтті?
«Басқа түскен баспақшыл» демекші, үш айдан асқан карантиндегі өмірге де бейімделдік. Осындай форс-мажорлы қиын кезде отандық театрларымыз әлеуметтік желіден, интернеттің мол мүмкіндіктерінен өздеріне қажетін алуға бет бұрды
Бөлім: Театр
Датасы: 23.06.2020
Авторы: Аманкелді Мұқан
ZOOM-дағы ONLINE пьеса оқылымы. Ол қалай өтті?

Әлқисса...

Театр мен драматургия, домбыраның қос ішегіндей қатар өріліп өмірмен, күнделікті тыныс-тіршілікпен үндесіп сабақтасқан. Театрдың кинодан, басқа өнер түрлерінен басты айырмашылығы – жанды өнер, көременсіз спектакль өтпейді. Мұны сахнаның арғы-бергі жағындағы барша қауым – актерлер, режиссерлер, театртанушылар, жалпы көрермен халық бәрі-бәрі мойындайды. Театрдың құдіреттілгі де, күштілігі де осында. Сол көрерменді, актер, режиссер, театрмен қоса үй қамаққа отырғызып қойғанда қандай амал істеу керек?

«Басқа түскен баспақшыл» демекші, үш айдан асқан карантиндегі өмірге де бейімделдік. Осындай форс-мажорлы қиын кезде отандық театрларымыз әлеуметтік желіден, интернеттің мол мүмкіндіктерінен өздеріне қажетін алуға бет бұрды. Әрине, бұл жаппай құбылыс болмаса да бірі кеш қолға алынуы көңілге медеу. Инстаграм, фейсбук, ютуб т.б. желілерде екі актердің көрермен-тыңдарманмен сұхбаттасуы етек жайды. Бірте-бірте жеке және топ болып ән айтылып, өлең, спектакльден үзінділер оқылып театр актерлерінің белсенділігі арта бастады. Үйде, шідерсіз байланған барша қауымға театрдың онлайн эфирдегі жасаған азын-аулақ қызметін халық жоғары қабылдап түрлі лайкпен, жазба пікірлерімен қошеметін көрсетті. Бірақ, бұның бәрі театр емес болатын. Театр болу үшін алдымен драматургия керек.

Пьеса және оқуға дайындық барысы

Сондай маңызды жұмысты еліміздің театр сыншылары қолға алып Zoom платформасында online пьеса оқылымын ұйымдастырды. Алғашқы отырысын өткен 2019 жылдың қараша айында бастаған «Әуезов үйіндегі» жаңа пьеса оқылымы лабораториясы қарқынды жұмыс істеді. Аз ғана уақытта драматургияға икемі бар жастар мен пьеса жазып жүрген белгілі авторлардың онға жуық жаңа пьесаларын оқып, талдап біраз жұмыстар жасаған. Күтпеген жерден карантин шектеген бұл бастаманы жалғастырудың жолы қалай болар екен? деген оймен қолайлы жаңа пьеса таппай жүргенде, әлеуметтік желіде жарияланған созақтық автор Байділдә Айдарбектің «Коронавирус» екі бөлімді драмасы кездесті. Пьеса оқу бастаманың жалғасын онлайнда өткізуді «Халықаралық театр сыншылары бірлестігінің» қазақстандық бөлімшесі қолға алып ұйымдастырды.

Байділдә Айдарбек

Атауының өзі айтып тұрғандай, пьеса тақырыбы өзекті, бүгінгі күннің жанды көрінісін ойып алып бере салғандай әсер қалдырады. Автор пьесада оқиға орнын республиканың кез келген қаласында болатын көп қабатты үйдің бір кіреберісінде, бір қабатында тұратын төрт жанұяның кезекті отырысынан бастайды. Шығармада жас мөлшері 45-50-гі бірнеше жанұя дастарханда бас қосқан дос-жарандар мен көрші-көлемдердің өмірі суреттеледі. Елжан атты ұл өсіріп отырған Әлиманың шаңырағына кешке жиналған достар дастарханының аяғы қалада карантиннің жариялануымен басталады. Кейіпкерлер арасындағы шытырман оқиғаларға толы пьеса желісі екі жас Елжан мен Нұргүлдің махаббаты төңірегінде өрбиді. Өзара ұғысқан екі жас өздерінің болашағына зор үмітпен қарайды. Бірақ, көріністен көрініске ашылатын шындық, олардың ата-аналары Әлима мен Болаттың шиырлана жүріп өткен өмір жолындағы бұрылыстар, жастық кезінде жіберген қателікті қайта қозғауға алып келеді. Финалда кейіпкерлер арасындағы шындық рет-ретімен ашылып көрермен үлгі мен тәрбие, иманды қоғам өмірінің салауаттылығы жолындағы жақсы сабақ алады. Шығармада жаман мінезді жағымсыз кейіпкерлер жоққа тән. Барлық кейіпкерлер алапат коронавирус дертінің машақатымен күресе отырып әрі қарай өмірді жалғастыруға жаңа күш жігер алады. Пьеса кейіпкері Омардың қасиетті Құрани сөзімен айтатын «Әрбір істің қайыры бар» деген әдемі сөз аcтары шығарманың негізгі діңгегі десек артық айтқандық болмас. Тыңдарман халықтың басына келген «коронавирус» атты жамандықтың да қайыры тигеніне шүкіршілік етеді. Бұл жерде автордың мектепте істейтін ұстаздық қызметінің әсері, әрбір айтылатын, баяндалатын оқиғадан сабақ алу, әрбір жамандықтың астарынан жақсы жағын көре білуге бастайтын оптимистік оң көзқарасын көреміз

Пьеса оқылымының дайындығын Алматы қалалық Мемлекеттік қуыршақ театрының режиссері Еркебұлан Қабдыл жүргізді. Ол пьеса мәтініндегі жекеленген сөздер мен кейбір ой қайталануларына қысқартулар жасап, рольдерді жас мөлшеріне, мінез ерекшелігіне қарап актерлерге бөлуге, олармен онлайнда орындау талабына байланысты жұмыс істеген. Виртуалды кеңістікте онлайн режиссура да бірінші рет болғандықтан актерлерді жаңа жағдайға бейімдеу, монитор алдында мәтін оқу (орындау), интернет желісінің жақсы болмауына қарамастан пьесаны бір деммен аяғына дейін оқып шығуы назарда болған. Режиссердің бұл әрекеті нәтижесіз емес. Байланыс желісінің әлсіздігі болмаса, спектакль дайындығы, өту форматына сай техникалық,ұйымдастырылуы ойдағыдай болды.

Анар Еркебай

Республиканың 8 театрының өкілдерінің басын қосқан бұл Онлайн оқылым бұрын қазақ театр тәжірибесінде болмаған құбылыс. Онлайн жинап, ұйымдастырған жоба жетекшісі және негізгі себепкері болған идея авторы, театртанушы Анар Еркебайдың айтуынша дайындық барысында қиындықтар болған. Ол: «Алдымен айта кетеріміз, актерлердің бәрі зор ынтамен оқылымға қатысуға ықыласты болды. Театр сахнасында ысылған тәжірибелі актерлер пьесаны онлайн-оқуда «жалаң мәтін оқу» талабымен келіспеушілік танытты. Кейіпкерлердің мәтіндерін құрғақ оқуды қолдаған жоқ. Мен де алғашында олардың монитор алдында отырып та көрермен алдында шыққандай «ойнау» тәсілдерге баруына келіспеушілік таныттым. Дайындық кезінде актерлер өздеріне бөлінгенролді сезініп образға еніп, сөздерін жүрекке жетердей ойланып-толғанып айтып «образда» болуын бақылап отырып, бұл да дұрыс екен деген ойға келіп, келістім» - дейді. Карантин жағдайында отырған актерлерге, театр сыншыларына бұл пьеса оқылымының пайдасы мол болғанын көреміз. Кез келген дағдарыс жаңа мүмкіндіктердің басауы деген тұжырымның дұрыстығына көз жеткізесің. Бұл кездің ескіше жұмыс жасаудың артық-кем тұстарын салмақтап, соны идея, жаңа шешім қабылдауға жол ашатын ұрымтал сәт екенін еске салды.

Расында, кәсіби актер қандай сөз айтса да ойынымен өрнектеп, ішкі және сыртқы техникалық әдіс-тәсілдерін қолданыптолықтыруы және көркемдеуі белгілі жәйт. Бұл онлайн оқылым осылай көркемдеуден тек ұтқан. Пьеса оқылымы болса да біраздан бері сахнаны сағынған актерлермен бірге көрермен де спектакльде отырғандай бір жарым сағаттық кешті ерекше әсермен өткіздік. Пьесаның кейбір орындаушылары негізгі рольдерімен бірге бірнеше шағын эпизодтық ролдерді қатар орындады. Әр кейіпкердің дауыстарын құбылта сөйлеуімен бірге монитордың алдында сырт келбетіндегі кейбір детальдерді өзгертуі, қосымша бутафорлық заттарды қолдануы онлайн пьеса оқылымын шын мәнінде онлайн-қойылым етті. Кезінде, қазақ радиосынан түннің бір уағына дейін таратылатын сүйікті актерлердің орындауындағы «радио спектакльдер» жанрын көріп есітігендей болдық. Сөзсіз, біздің өмірімізге ентелей кірген коронавирустың әлегі кеткеннен кейін де бұл бағытта онлайнда радио спектакльдерді жалғастыру керек болар деген ойда қалдық. Театрды, актерлерді, драматургтерді насихаттау үшін, географиялық жер шалғайлығын қысқартатын бұл бағыттағы жұмыс пайдалы да маңызды болатын секілді.

Оқылым мен орындаушылар

Кез келген пьеса автордың ремаркасынан басталады. Оқылымда авторлық ремарка мен запастағы офицер Саржанды С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театрының актері, режиссері Бекмұхаммед Киекбаев оқыды. Жаттыққан, бейнелі дауыс бояуын орынды қолданған актер автордың атынан ремаркаларды оқып оқылым-спектакльдің басынан аяғына дейін дирижері болуға күш салды. Запастағы әскери офицер Саржан образы көп сөзі жоқ, оқиғаға кірісер тұстарда өзайтары бар ер азаматтың келбетін көрдік. Драматург пьеса оқиғасын Саржанның ресми хабарды оқуымен бастап, Елбасының шығарған қаулысын оқумен аяқтатуы оны пьесада үкіметтің ресми ақпаратын оқитын хабаршысы ретінде пайдаланғандай. Запастағы әскери, өзі бойдақ бола тұрып Әлимадай әйел үшін бірер ауыз сөз айтпауы пьесадағы бұл кейіпкерді қан сөлінен айырған. Актер желінің әлсіздігінен байланыстың үзілуіне қарамастан оқылымның аса күрделі кедергісіз өтуін қамтамасыз етті.

Бекжан Тұрыс

Шығармадағы орталық кейіпкерлер Болат рөлін М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бекжан Тұрыс оқыды. Тәжірибелі актердің орындауында Болат алғашқы бөлімде мінезі, сөйлеуі мен іс-әрекеті ала-құла, дөрекілігі де бар өмірден шаршаған жан болып көрінді. Пьесаның екінші бөлігінде оның адами-азаматтық келбеті ашылып балаларға деген әкелік пейілі, қиын-қыстауда батыл әрекетке баратын қырларымен танылды. Жары Жаңылға, балаларына деген образдың біркелкі өсу жолы мен даму динамикасында түйінді тұстарды бар. Алғашқы көріністе Болаттың әйеліне қарата айтатын ауыр сөздері мен жұдырығын ала ұмтылатын әрекеті бұл кейіпкердің желісіндегі ала-құлалықты көрсетеді. Диапазоны кең актердің авторлық мәтіннен шыға алмай, өз жанынан не сөз, немесе әрекет қоса алмай шабыты жіпсіз байланғанын көрдік. Пьесадағы Болаттың желісіне автор тарапынан толықтырулар қажеттілігі сезіледі. Бас театрдың белгілі актері Б.Тұрыстың сөзге келместен пьеса оқылымына қатысуы біздің телеэкранның сағыздай созылған сериалдарында жылт етіп өздігінен «жұлдызшаға» айналған өзге актерлерге үлгі болатындай мысал болды. Айналысатын кәсібіңе адалдық, жеңіл даңқ қумай кәсібіңнің құлы болып жұмыс істеу, терең әрі кең ойлайтын актерлерге тән ірілік болса керек.

Бақыт Жұмағұлова

Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалы драма театрының актрисасы, Қазақстанның мәдениет қайраткері Бақыт Жұмағұлова Болаттың жұбайы Жаңылды және бірнеше эпизодттық рольдерді орындап есте қалды. Алғашқыда Жаңыл мінезі шайпау, іс-әрекеті, сөз саптауынан өміріне көңілі толмаған, өз ортасындағы әйелдерден өзгеше дөрекілеу мінезбен көрінеді. Жалпы, пьесадағы мінезі оғаштау көрінетін осы жалғыз Жаңыл десек қателеспейміз. Келесі көріністерде коронавирустың дертіне шалдығып қайтыс болатын кейіпкердің іс-әрекетіндегі еркіндік оны жарға жығып тынады. Автор бұл кейіпкердің көрсеткен оғаш мінездерін ақтайтын жауапты шығарма финалында береді.Оның өмірден өтер алдында жазып кеткен соңғы аманат хаты арқылы біз Жаңылдың жаман адам еместігін білеміз.Өмірден өзіндік комплексі қалыптасқан жан етіп көрсетеді. Актриса Б.Жұмағұлова пьесада ғұмыры қысқа Жаңылдың ролімен шектеліп қалмай оқылымда Зеркүл секілді эпизодтық кейіпкерлерді де шебер орындады.

Еркін Әбдрешов

Діни сауаты бар орта жастағы Омарды Ғ.Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының актері Еркін Әбдірешов өмірге, өз айналасына салмақты, дін жолының қағидаларымен қарап, адамдар алдына тартылатын күрмеулі мәселелерге имандылық тұрғысынан жауап беретін білімді жан ретінде орындады. Бұл рольдің де автор тарапынан аяғына дейін толық ойластырылуды қажет етер тұстары бар екендігі көрініп тұрды. Кейіпкердің өмірбаянындағы үзіліп барып жалғасып жататын мотвациялық желінің тұтас болмауы актер үшін қиындықтар тудырған тұстар болды. Алғашқы көріністе дастархан басындағы көппен рюмка қағыстыратын Омар өткен аз уақытта өзгеріп келесі сахналардадіндар жолда тұтастай көрінуі бұл кейіпкер желісінде де көңілге қонымды шешімге басымдық беру керектегін көрсеткендей.

Х.Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық драма театрының актрисасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бибігүл Исалиеваның орындауында Омардың жұбайы Шынарды тыңдап тамашаладық. Орындаушы бір сарында жүретін негізгі кейіпкер Шынардан гөрі шағын шағын эпизодтық Күлмән мен Зеркүлдің сахнасында (3 көрініс) Күлмәнде барынша ашылып кейіпкерлерінің образын шебер ойын өрнегімен есте қалды. Актрисаға салмақты рольдер беріп бәйгеге қосса өз мүмкіндігін жарқырата көрсете алатын шеберлігі мен тәжірибесі мол екендігін көрдік.

Дәрігер Әлиманы І.Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театрының және Нұр-Сұлтан қаласының «Номад» театрының актрисасы Ажар Шәкіржанова өмірдің қиындықтары қанша соққы жіберсе де қайыспай, жүрек отының жылуын, нәзіктігі мен сезімталдығын жоғалтпай сақтаған жан ретінде нанымды көрсете алды. Жалғыз басты келіншектің адами-моралдік ұстанымдары, ұлын азамат қылып өсіріп өзінің сабырлылығы, салмақты мінезі арқылы қиындықтарға төтеп бере алатын жағымды жанды көреміз. Халыққа ұнайтын кейіпкерді актриса орынды сомдады.

Әлиманың ұлы Елжанды орындаған Алматы қалалық мемлекеттік қуыршақ театрының актері Руслан Әбу болды. Актер негізгі авторлық мәтіннен шығып кетпей, өз кейіпкерінің желісін бір қалыпты алып шықты.

Болаттың қызы Нұргүл Семей қаласының Абай атындағы қазақ музыкалы драма театрының актрисасы Асель Асылбекованың орындауында әсерлі шыққан рольдердің бірі болды. Актриса табиғаты лирикалық образдар сомдауға бейім екен. Ол жүрегі толқыныстағы Нұргүлдің Елжанға деген нәзік сезімі мен тебіреністерін, қимастық сезіммен қиыла қоштасатын сәттерін әдемі бере алды. Сонымен бірге актриса жас Ананың эпизодтық ролінде де есте қаларлықтай көрінді. Шығарма финалында оранған оттан аман алып қалған құтқарушысы емханада жатқан Болатқа алғыс айтуға құндақтаулы баласымен келетін актриса орындаған кейіпкерінің алғыс сөздері оқылымның мелодрамалық жанрын айқындай түседі.

Талдауда түйінделген ой

Бұл пьеса қайта жөнделіп сахнаға қойылса қазақ көрермендерінің ауыл, аудандық елді мекендеген бір бөлігінің қызыға тамашалайтын спектаклі болары анық. Ұлы орыс драматургі Н.В.Гогольдің «Театр – әлемге бар жақсылық атаулысын айтатын кафедра» деген ойына үн қосатын бұл туынды көрерменге ой тастап, көп оймен бөліседі. Мұндай спектакль театр көрерменіне кездескен қандай қиындықтар болмасын жеңіп шығатын күшті рух, шыдамдылық, мықтылыққа шақырады. Иә, шақырады. Соңғы кездегі театр үдерісіндегі театрдың осы бір маңызды міндетін мансұқ еткен жаңашыл драматургтер мен режиссерлер ұстанымдарынша ескілік болып көрінен жолды драматург пьесаында кең қолданады.

Дәстүр бойынша оқылымнан кейін автордың қатысуымен тыңдармандардың пікірлері, қызықты ойлар мен тосын ұсыныстары мол болды. Пьесаны тыңдауға қатысқан белгілі театр сыншылары Бақыт Нұрпейіс, Меруерт Жақсылықова, Анар Еркебай, Ұлпан Тоқаевалардың оқылған пьеса жайлы пікірлері қызықты әрі әр келкі болды. Сыншылар қауымы коронавирус тақырыбындағы пьесаның оқылып талқыға түсуі дер кезінде көтерілгендігімен құнды болғанын бірауыздан атап өтті. Тақырыпқа сай арнайы жазылған шығармаға пікір білдірушілердің бір жерден шыққан ортақ ойлары осы бір ерекшелікті көрсеткендей. Біздің ойымызша бұл оқылымның жиған басты ұпайы, дер кезінде жазылып, сиясы кеппей тыңдарманға ұсынылуы. Әшейінде, қоғамдағы болып жатқан үдерістен кешігіп жүретін театрдың дер кезінде карантинге жауап бергені де осы болар. Жұрт әлі үй қамақта, теледидардан, барлық ақпарат құралдарынан беріліп жатқан жаңалықтар «бес уақыт намаздай» тоқтаусыз келетін жұрттың есіне карантиннің ескертпелерін, талаптары мен ережелерін ежелеп қайталауда. Осы кездегі онлайн-театрдың республиканың әр түрлі театрының актерлерінен құрала кетуі ұтымды шешім болды.

Драматург Б.Айдарбеков те авторлық батылдығы үшін өзіне тиесілі «марапатын» алды. Жаңа пьесасы кәсіби тұрғыда талдану барысында біраз сын ескертпелер айтылды. Сын кемшілікті түзейтін қуатты қару екенін мойындайтын автор үшін бұл оқылым талқылауы біраз жаңа ой-идеялардың туындауына, драматургияның кейбір қалтарыс тұстарына жаңаша үңілуге алып келген секілді. Негізгі ұстанымын жаңа драматургиямен байланыстыратын театр сыншысы М.Жақсылықованың осындай үлгіде жазылған пьесаны қабылдай алмайтын ойынан бүгінгі заманның пьесасы, эстетикасы басқаша жазылуы керектігін ұққандай болдық. Мәтіннің актерге сахнада әрекет етуге қозғау салатын негізгі кілтін тауып, шиыршық атқан сөз бен ұтқыр керемет ішкі днамикаға толы «айналасы жұп-жұмыр келетін» ойлы пьесалардың уақыты келгенін еске салды. Сөз ретінде айта кетсек, пьесаны онлайнға шығару алғашқы нұсқа қолға тиген бетте жедел басталып, редакциялық өзгерістер жасауға мүмкіндік болмады. Режиссер мен актерлер оқылым жұмысын бастап кеткеннен кейін уақыттың тарлығынан пьесаның оқылымы алғашқы жазылған нұсқамен өтті. Сыншылар тарапынан пьесаны толық қабылдаған тұстардан гөрі қабылдамағаны көбірек болғаны да осының салдары болғаны анық. Актерлер тарапынан да «оқылымға арнайы сұрыптан өткен пьесаны алу керек еді» - деген пікірлер болды. «Оқылымның негізгі мақсаты бұрын жарияланбаған, сахнаға қойылмаған су жаңа туындымен жұмыс істеу. Оқылымға қатысып отырған тыңдарманның қабылдау-қабылдамауына қарап пьесаны бүгінгі театр сахнасына қою-қоймау мәселесі жайлы шешім қабылданады» - деген А.Еркебайдың ойы осы шығарманы дәл қазір оқылғандығы жайлы сұраққа және «танымал автордың белгілі туындысын неге алмадық?» - деген сұрақтарға да нақтылы жауап болды. Талқылауда кейіпкерлердің өсу жолы, пьеса құрылымындағы қақтығыстар табиғаты мен жүйелі даму желілерінің шешімі қалай болу керектігі, оқиға орны мен кейіпкерлер арасындағы қақтығыстардың өрбуі, финалдық шешімдегі орынсыз оқиғалар тізбегі жайлы тұщымды ойлар болды. Әрине, бұл ескертпелер автор үшін үлкен олжа болды. Келешекте кез келген түзетулерге, жасалған ұсыныстармен жұмыс істеуге дайын екендігін білдірген автордың оқылым туралы ой-пікірлері де онлайн оқылым қатысушылары мен тыңдарманадарына қосымша мағлұмат берді.

Оқылым және оның нәтижесі:

Пьеса онлайн оқылып талданғаннан кейін түйген ойымыз:

– Театрларымыз әрекет етуге ынта-жігер болса қол қусырып отырмай карантин кезінде де шығармашылық жұмыспен толыққанды айналыса алады екен;

– Кәсіби актерлер мен режиссерлер, театр сыншылары мен қатардағы көрерменнің қызу қатысуымен болған бұл жаңа пьесаны оқу, талқылау бүгінгі қазақ театрының, жаңа драматургиясының өзекті мәселелерін көтерді. Қиын қыстау кезде де жазатын авторлар шығатынын дәлелдеді.

– Қажет кезде қазақ театры жұмылған жұдырықша жиналатын шығармашылық күш бола алды. Бірақ бұл әрекеттен театрлар, актер мен режиссерлер шет қалу үйреншікті құбылыс екенін көрдік. Бұл немқұрайлық, құлықсыздық театр сыншылары тарапынан қозғау салғанда су бетіне шығып ел құлағын елеңдетті. Қалған уақытта театрларды өліара шақ тұмшалап, мүлгіген тыныштықта болды.

– Актерлер мен актрисаларымыз бойында әлі де болса толық жүзеге аспаған шығармашылық жігер, күш-қуат мол екенінін құлшына жасаған жұмыстарынан көріп разы болдық. Сахнадан роль ойнауға деген құлшыныс бүгін үйінде отырған көптеген шығармашылық тұлғаларға тән құбылыс. Карантинде жинақтаған барлық актерлік эмоция мен күш-қуат көрерменге соны идея, жаңа рольдердегі күш-жігермен төгілетін секілді. Ылайым солай болғай. Біз көрермендер олардан қызықты жобаларды күтеміз.

– Театрлардың, өнер адамдарының ойы өнерде емес, өзгеде екендігін де көрдік. Жарнамаланып, бірінші рет болайын деп жатқан онлайн-оқылымға карантинде жатып қызығушылық танытпаған барлық республика театрлары демей ақ қояйық, өздерінің өкілдері қатысып отырған 8 театрдың актерлері, режиссерлері, театр әкімшілігінің енжарлығын көрдік. Бізге өнерпаз болу, театрмен айналысу еркіңнен тыс ұнамайтын жұмыс, күштеп таңылған құлдық еңбек секілді әсер қалдырды. Қызығушылық мүлдем жоқ. Мұны қалай бағалаймыз? Білмеймін...

– Халықаралық театр сыншылары бірлестігінің есебіндегі соңғы үш айдан аса уақытта халықаралық және республикалық конференциялар, Қазақстан театр қайраткерлері одағынының онлайн жиынын және онлайын пьеса оқылымы болмаса қазақ театры офлайннан-онлайнға өтіп, қалың ұйқыға кеткендей күй кешеді екенбіз. Карантиндегі Қазақстан және қазақ театры жайлы хабарлар тек осы бірлестіктің жұмысымен байланысты ауызға айналуы осыны аңғартты.

Сөз соңы

Оқылымға қатысқан орындаушылар өнерін қадағалай отырып облыстық театрларымызда талантты актерлеріміз мен актрисаларымыздың мол екендігіне және бір мәрте көз жеткіздік. Олардың сахна төрінде атойлап шығармашылықтың қазанын бұрқылдата қайнатуға бөлінетін санаулы жылдарын репертуарлық театрдың аз санды қойылымдарынан тиер рольдермен шектелуі тым аздық етеді. Оларға обал-ақ. Шығармашылық өмірі репертуарға таңылып, күнін қалыпты өткізуге әбден үйренген актерлерден жылт еткен жаңалық күтудің өзі артық. Оған қазақ театрының бүгінгі халі, жұмысын ұйымдастыруы, театрлар мен шығармашылық тұлғаларға қойылатын талаптардың сай еместігін көреміз. Бұл қалыптасқан біріңғай ұйқы шақырар тербелістен шығып, жан тыныштығын мансұқ етіп әр театрда өзіндік ізденістерге батыл баратын серпіліс керек. Кез келген талантты актер мен актриса (өзін солай ойлайтын) қалаған ролін кезекті спектакль қоюшы режиссерден немесе театр әкімшілігінен күтпей, өзі ізденіп, таласа-тармасып, дәлелдеп жүріп сахнаға шығаруы керек. Сонда ғана театрда, актерлік өнерде, режиссурада және драматургияда заманның ағымына сай соны серпіліс, іргелі ізденіс болмақ. Осының бәріне қозғау салатын күш – жаңадан жазылған драматургия. Уақытпен жарыса туған пьеса, замандас құрдастардың образы, бойында күш-қуат, жүрегінде оты бар орындаушылар. Онлайн оқылым осындай ойларды қозғады.