Мақала / #студентСөзі
Көрермен көзайымына айналған Құлагер
Қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар шығармалардың бірі – «Құлагер». Оны әрбір қазаққа таныс еткен фильмография
Бөлім: Театр
Датасы: 05.02.2021
Авторы: Думан Исханов
Мақала
Көрермен көзайымына айналған Құлагер
Қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар шығармалардың бірі – «Құлагер». Оны әрбір қазаққа таныс еткен фильмография
Бөлім: Театр
Датасы: 05.02.2021
Авторы: Думан Исханов
Көрермен көзайымына айналған Құлагер

Қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар шығармалардың бірі – «Құлагер». Оны әрбір қазаққа таныс еткен фильмография екені барлығымызға аян. Алғаш төл туындыларымыз экрандалып жатқан тұста «Амангелді», «Менің атым Қожа», «Қыз Жібек» сынды шығармалармен қатар, аталған поэманы отандық режиссерлеріміз айналып өтпеді. Құлагердей жүйріктің тағдырын шыны керек, бұған дейін ешкім сахнаға алып шықпады. Өткен жылы ғана аталмыш туынды театрда оянды. Сахналық нұсқа авторы – Ф.Молдағали. Режиссердің осыған дейін «Қарагөз», «Жан дауысы», «Жылымық» сияқты төл әдебиетімізді сахнаға лайықтап жасағанына куә болған едік. Әр спектакльді ерекше етіп шығаруға тырысатын режиссердің «Құлагері» саунд-драма жанрында.

Спектакль басталған сәт. Көпшілік сахнаның қазақ ұлтына тән ұжымдық әндері мен билері Ақан серінің той-думан өмірінен хабар береді. Тірі музыкалық сүйемелдеу режиссердің негізгі қағидаларының бірі. Алғашқы сәтте сахнаға шыққан Құлагердің бейнесін суреттеуді актерлердің еркіне берген, режиссерлік шарттар жоқ. Себебі, екі құрамдағы актерлердің ойындарынан айтарлықтай өзгерістер таба аламыз. Басты кейіпкер роліндегі Мақсат Сәбитов пен Мақсат Рахмет бар күшін салғаны көрініп тұр. Бірінші құрамдағы Құлагер (актер Мақсат Сәбитов) тектіліктің нақ үлгісіндей асау мінезден алыс, көрер көзге қарапайым. Сондықтан, жұрт көзіне жүйрік болып көрінуі екіталай. Елдің бәрі түрінен танитын Күреңбай емес. Ал, Мақсат Рахметтің Құлагерінен шатақ мінез байқалады. Көбінесе физикалық күшке ие. Сонымен қатар, актердің акробатикалық іс-әрекеттері кейіпкерін мейлінше асау мінезге қарай тартып тұрды. Көктұйғын – бес жыл бәйгені бермей келе жатқан тұлпар. Иесі Батыраштың «Шаппай бер бәйгемді!» - деп көкіректене сөйлеуі де содан. Екі құрамда да өнер көрсеткен Ерлан Кәрібаевтың актерлік шеберлігіне куә болдық. Оның әрбір басқан қадамынан, көзқарасынан ешқандай менмендік байқалмайды. Әрбір буынына дейін билейтін бітімі бөлек, сұлу да сымбатты тұлпарды көз алдымызға әкелді. Әрі, өзін салмақты ұстайды. Тіпті, бағы мен бабы қатар сыналар бәйге сахнасында да актер кейіпкеріне ешқандай оғаш мінез бермеген. Құлагерден бірде озып, бірде қалып келе жатқан тұста қарсыласына құрметпен қарайтындай. Ал, оның иесі, жалған атаққа масаттанған Батыраштың бейнесін Рахман Омар мен Руслан Ахметов сомдады. Спектакльге мейлінше актерлік шеберлік жағынан жарасып тұрғаны – Р.Омар. Кейіпкерінің мінезін жеткізуде актер ойыны екінші құрамға қарағанда үздік. Сахнада Ақан бейнесін ашу Еділ Рамазанов пен Әсет Иманғалиға жүктелген. Сал-серілік өмірдің буында жүрген кейіпкерді сомдау оңайға соқпасы анық. Е.Рамазанов Ақанның өткір мінезін, қабақпен басар мысын назарда ұстаса, Ә.Иманғалиев серінің әуелете салған әуезді әндерімен, тұлпарын жоқтаған ішкі зарымен есте қалды. Көрерменнің назарын әр сәтте өзіне аударып отырған Қанатты кейіпкер спектакльде интрига тудыру қызметінде. Спектакль басталысымен-ақ қарт Ақанның мұңымен кезектесе зарлаған Қанатты образы ерекше. Режиссер Ф. Молдағали қайғының, қасіреттің символы етіп көрсеткісі келгендей (мұндай тәсілді режиссердің осыған дейінгі «Қарагөз» спектаклінен да байқауға болады). Қайғыға малынған қарт Ақан спектакльдің басы мен аяғында ғана көрінді. Режиссер уақыт өзгерістері арқылы орта жастағы Ақанның өміріне көз жүгіртеді.

Спектакльдің темпоритмін барынша жоғарылатып, көрермен қауымды елең еткізер жері – бәйге сахнасы. Музыкамен көркемдеу жағынан да режиссердің жұмысы ауыз толтырарлық. Аттардың шабысымен жарыса ойнаған ритмі тез әуен үйлесімділік тауып отырды. Ф.Молдағалидің осы сахнасы ұтымды шешілген. Әрі, актерлерді таңдауда да әрбір кейіпкердің мінезі мен актерлердің шеберліктерін салыстыра отырып таңдағаны көрініп тұр. Рольге актерді дұрыс таңдау – спектакльдің өз деңгейінде сахналануының кепілі деп білеміз. Сахнада жоғарыдан арқанға байланған тұяқтардың түсуі арқылы топ аттың бәсекеге түскен дүбірі естілді. Күй естісе делебесі қозып, қиқуға басатын қазақ көрермендер осы сәттегі музыка мен аламанның үйлесімін жақсы қабылдағаны жасырын емес. Топтан оза шауып, бақталасып келе жатқан Көктұйғын мен Құлагердің жеке дара ұзап шығуын Ф.Молдағали ерекше етіп сипаттауды жөн санапты. Екі тұлпардың бір-бірін іштей сезіп, Көктұйғын қанша жүйрік болса да шын мықтыны мойындап келе жатқанын спектакльдің темпоритмінің бірден баяулағанынан аңғара аламыз (Барлық көріністі экрандалған бейнедей кідіріспен баяулата көрсетуі).

Кез-келген жерде жанды дауыста сүйемелдеу қиынға соғары анық. Спектакль қайғылы оқиғаға құрылған. Демек, кейіпкердің ішкі зарын жеткізуде вокал, музыка, аспап үні бірінші орында. Осы тұста вокал тізгінін қолына ұстаған Ерден Жақсыбектің еңбегі ерен. Хас жүйріктің жау қолынан құрбан болғанында Ақанның бар өкініші, қайғысы вокалисттің күңіренте салған «Маңмаңгер» әнімен көрерменге дәл жетті. Сонымен қатар, спектакльдің шарықтау шегіне жеткенде, яғни, Құлагердің жау қолынан мерт болып, ақтық демі таусылар тұста тарих шындығы байқалады. Режиссер тұлпарға тіл бітіре отырып, Алаш қайраткерлерінің өлеңдерінен үзінділерді ұсынған.

«Қараңғы қазақ көгіне,
Өрмелеп шығып күн болам.
Қараңғылықтың кегіне
Күн болмағанда кім болам?!»

- деп, соңғы сөзін айтып жан тапсырған тұлпар бейнесіне куә болдық. Бұл сахна арқылы қай заманда да жүйріктердің жау қолынан қастықпен қаза табатынын, ақиқат, әділет сияқты ұғымдардың бәріне ұнай бермейтінін айтқысы келгендей. Басты кейіпкердің құрбан болған сахнасы жоғарыдан тапырлата төгілген тағалармен жарасым тауып тұр. Тіпті, олардың қызыл түске боялып, сахна жарығының бірден қызылға ауысуы да жай емес. Қанға малынған жүйріктің жұлдыздай ағып түскенін аңғаруға болады. Алайда, режиссер бұл шешімді өз фантазиясынан тудырды дегенге күмәнмен қарадық. Себебі, дәл осылай тағаның ат аяғынан ұшып түсіп, домалап кететін сәтті Құлагер фильмінің бір кадрынан байқауға болады.

Спектакльдің декорациясында режиссердің басқа спектакльдеріндегідей көзге көрінер көп дүние жоқ. Бір жағынан, кейбір спектакльдердегі тізіле орналасып тұрған декорацияның ойнатылмай тұрғанына қарағанда, осылай болғаны да дұрыс шығар деп ойлап қаламыз. Аз да болса көптей көрінеді. Әрі, заманауи театр декорациясы да біртіндеп осындай көп дүниелерден бас тартуға келе жатыр. Сахнаның екі шетінде биік орналасқан төбе. Байқағанымыз, сахнаның екі жағын қос жүйрікке бөліп берген. Бір жағына – Құлагер мен Ақан, екінші жағына – Көктұйғын мен Батыраштың жақтастары орналасқан. Екеу арасындағы тағдыр тартысынан сыр шерткендей. Спектакльдің ұтқан жері қазақы дәстүрді дәріптеп, ұлттық байлығымызды паш еткені. Сал-серілердің қуанышқа толы өмірі, бай-бақуаттылардың ауқымды ас беріп, аламан бәйгенің алдын ашуы, ұлттық ән-күй, қазақы би барлығы да осыны меңзейді. Тиісінше, залдағы көрермендер актерлермен бірге күліп, бірге жылап отырды. Демек, көрермен кейіпкердің жан-дүниесіне еніп қана қоймай, санасына сілкініс жасады. Туындының көркемдік дәрежесінің биік болуы драматург, актер, режиссер дейтін үштіктен тұратын ұжымның жұмыстарының сапасында. Сол нәтижені, жалпы, спектакльдегі ансамбльдік жұмыстың жоғарылығын әр көрермен көре алды.