Мақала
Бейбіт Әлкеева. "Театрсыз да өмір сүре алады екенбіз"...
Қазақ театрлары. Кеше және бүгін. "Құлагер", "Менің жанрым - күнделік", "Абайдың жұмбағы" спектакльдерінің негізінде. 
Бөлім: Театр
Датасы: 30.10.2020
Авторы: Бейбіт Әлкеева
Мақала
Бейбіт Әлкеева. "Театрсыз да өмір сүре алады екенбіз"...
Қазақ театрлары. Кеше және бүгін. "Құлагер", "Менің жанрым - күнделік", "Абайдың жұмбағы" спектакльдерінің негізінде. 
Бөлім: Театр
Датасы: 30.10.2020
Авторы: Бейбіт Әлкеева
Бейбіт Әлкеева. "Театрсыз да өмір сүре алады екенбіз"...

Кеше дегенім, сегіз ай бұрын ғана бірінен соң бірі көрерменге жаңа дүниелерін ұсынуға асыққан қазақ театрларының хәлі. Әлемге құрығын салған індет елімізді айналып өтетініне сенімді едік. Сенім ақталмады. Қоғам да, өнер де, әлеуметтік саланың қайсысы болмасын өмірдің өзгеше бояуын көрді. Ол – онлайн формат. Қазақ театрлары да желіде жұмысын жалғастырғанымен көбісі плакаттық деңгейдегі жобалардан аса алмады. Соған сай, қоғамның бір тобы да «театрларсыз да өмір сүре алады екенбіз, ештеңеміз кеткен жоқ» деген пікір қалыптастырды. Қоғамның әлеуметтік желіде белсенді отыратын бөлігі театрдың тұрақты көрермендері емес екендігін біле тұра, өнер ордалары барын көрсетіп жатты.

Қош, тырс еткен жаңалыққа елеңдеп, ай, күн, сағат санап өткізген сегіз айдан соң театрлардың жаңа маусымдарының ашылуы театрсыз рухани өсу болмайтынын дәлелдеп берді. Есігінен тегін кіріп үйренген театрларға билет таппай шарқ ұрдық. Көрермені сағынған тірі ағзаны. Оған тірі куәміз. Ал, біз күткен деңгей болды ма, ол бөлек әңгіме. Сонымен, әуелгі мәселе – сегіз ай әлеуметтік желіде байланыста болған театрлар көрерменді тек әлеуметтік желімен рухани байытамыз десе қателеседі. Ол – ақпарат пен жарнама құралы ғана. Егер мен театрлардың парақшаларын көрмейтін көрермен болсам, театрдың мерейлі маусымдарының ашылуынан ешнәрсе сезінбегенімді айтар едім. Театр саласында мұндай ұзақ мерзімді үзіліс болмағанын ескерсек, түрлі форматтағы бейнежазба шақырулар түсіріліп, жарнамасы жер жарғанымен дәл сондай атмосфераны премьера күні шаммен іздесек те таппадық. Әлеуметтік желілерге дуылдаған көрермен қошеметін салу да – жетістік емес. Ол кез-келген концерт, шоу, спектакльден кейінгі қалыпты көремен ілтипаты ғана. Соны естен шығарып алып жатырмыз.

Көршілес ресейлік театрлар көрермендерімен тамыз айында театрда кездесуге мүмкіндік алса, қазақ театрлары қазан айында қауышты. Елордалық М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры 3 қазан күні 120-театр маусымын ашса, алматылық театрлардан алғашқы болып 8 қазан күні – Ғ.Мүсірепов атындағы Мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры, дәл сол күні жаңа қойылыммен «АRTиШОК» театры да шымылдығын түрді. Н.Сац атындағы балалар мен жасөспірімдер театры 16 қазан күні жаңа маусымын ашып, Е.Нұртазиннің «Приключение снежного барса» (авт.: Е.Дубовик) спектаклінің тұсаукесерін өткізіп үлгерді. Іле-шала М.Лермонтов атындағы орыс драма театры өздерінің 88-театр маусымын ашық деп жариялады. Соңғылардың бірі болып, жаңа маусымын музыкалық қойылыммен ашқан – Алматы Мемлекеттік қуыршақ театры. Одан өзге арт кеңістіктер де көрермендерін көзайым етті. А.Әшімов күнделігінің негізінде қойылған «Менің жанрым-күнделік» аудиоспектаклі де театр өнерінің корифейі тағдырының трагедиялық хәл-күйіне үңілуге мүмкіндік берді.

Жарыса жаңа қойылымдарын ұсынып жатқан қазақ театрларының қарқыны қуантпаса, қынжылтпайды. Себебі, жүйрік көп болғанда ғана бәйге қызықты өтері анық. Бірақ, бәйге аты мен цирк аттарын шатастырып алмауымыз ләзім. Оны да таразылап беру театртанушыға парыз. Қатарынан қойылып жатқан жаңа қойылымдарды көріп үлгергенімізбен, көңілге түйіп үлгергендеріміз санаулы. Премьерадан кейін әсермен бөлісу бір басқа, көркемдік деңгейін саралап, қосымша комментарий емес, толыққанды зерделеп жазу бір бөлек. Бірақ, бүгінгі заман, уақыт – күтуді ұнатпайды. Жұмысың жылдамдық, желідегі алғырлықпен өлшенеді. Оның үстіне бірнеше рет көріп, ой қорытуды қажет ететін қойылымдар көп емес. Бір көріп, байқағаныңды бөлісу жеткілікті. Нағыз құрышыңды қандырар қойылымдар туралы жазылмай жүргені де жасырын емес. Бүгін бар дүние енді жарты ғасырдан соң өзекті болама оны да естен шығарып алып жатырмыз. Театрлардың ашылуының әлқиссасын бастаған жаңа қойылым «Құлагер» жайында аз-кем. Төрт күн қатарынан театрды дүбірлеткен Құлагердің шабысы қалай болды?

«Өзіндік қолтаңба» дегенімен бір режиссердің бірнеше спектакльде ұқсас шешімдер қолдануын қабылдамаймын. Ол театртанушының бір мақаласының екі сөйлемін өзгертіп, келесі спектакль жайлы мақаласын көшіре салғанындай әсер етеді. Дәл сол секілді «Құлагерден» «Қарагөз» бен «Фаризаның» бір деталін көрсем «кешірмеймін» деп бардым. Бардым да, ұлттық сананы жаңғыртуға арналған қойылымның куәсі болдым. «Рухани жаңғыру» деген ұғымды дәлме-дәл сезіндіретін қойылым енді дүниеге келгендей болды. Бірақ, рухты, сананы, тарихты жаңғырту науқанға айналмауы тиіс. Міне, спектакльдің бар салмағын көтеріп тұрған осы – тазалық. Қолданылған бояулар заңдылығы да өзінше көркем. Ф.Молдағали әр жұмысын қорғасындай ауыр, сүйте тұра қауырсындай жеңіл жасайтын режиссер. Сыртқы формасы көп жұмыс қажет етпеген секілді көрінгенімен қат-қабат тарих астасып жатқан тағылымды спектакльдер сахналап келеді. Оның дәлелі – тарихы тұншығып жатқан «86», Семейдің жан сыздатар сарыны «Жан дауысы», қазақ топырағындағы тұңғыш демоктрат, тарихшы Шоқан Уәлиханов хақындағы «Шоқан» тарихи драмасы, солардың заңды жалғасы – «Құлагер» поэмасы.

Актерлік ойын жайында. Ақан-Еділ (Рамазанов) біз үшін сері емес, Сағынайдың асына тұлпары өліп жеткендей қасіретті болып көрінді. Қатал, күңгірт. Трагедияны бірінші сахнада көрсетіп тастады. Рольдің өсу, өзгеру деңгейі баяу. Бұл – бейне солғын деген сөз емес. Е.Рамазанов ішкі мәдениеті қалыптасқан, өмірлік багажы мол артист. Бірақ, кез-келген роль артистің ішкі қолайына жаға бермейді. Онда әсерлі тіркес бар, Батырашты қағыта сөйлеуде айтылар орамды ой да, шеберлікке қазықталған болмыс та, мінез де бар. Тек, Ақан жоқ. Ал, Ақан-Әсетте (Иманғали) сал-серіге тән мінез, ашықтық бар. Даланың еркіндігі, сенімділігі сезіліп тұрады. Роль шеңбері айқын. Қуаныштан қасіретке келер жолдың бәрін жүріп өтеді.

Режиссерлік шешімдер көзге бірден түседі. Көп тіркесті әрекетпен, символикамен көрсетуде режиссер ұтымды әдістер қолдана білген. Қос Мақсаттың (М.Рахмет, М.Сәбитов) Құлагері өзінше бөлек. Сәбитовте өмірден жиған әсерлік қор (запасов жизненных впечатлений) бар. Ол тек Құла кер аттың хәл-күйін емес, бейненің кім болуы мүмкін екенін де зерттей алған. Құлагердің аузымен айтылатын «Мен жастарға сенемін» деген сахнаның өзі осы ізденісті аңғартса керек. Ал, Мақсат Рахметте өзіндік рух бар. Ол оның әнінде, сөзінде, болмысында сезіліп тұрады. Ол бар күшін, онсыз да өзінде бар нәрсеге салған. Сондықтан, бейне соншалықты сенімді емес. Ақан екеуінде айтарлықтай партнерлік қабысу да байқалмайды. Екеуі екі бөлек қайғы кешіп жүр. М.Рахметте кейіпкерді адами тұрғыдан беру басым. Оның жалыны, ішкі хәл-күйі, рухы:

«Алаш туы астында күн сөнгенше сөнбейміз,
Енді алашты ешкімнің қорлығына бермейміз!»

атты монологында айқын сезіледі. Төбе құйқаңды шымырлатар рухты сөзді М.Рахметтен артық сезінетін, сезіндіретін адам болмаса керек. Иә, артист емес, адам. Бірақ, бұл моноспектакль емес. Көрермен назарынан Көктұйғын бейнесі де сырт қалмады. Артист қана емес, педагог, режиссер, ізденіс-адам – Ерлан Карибаев бес жыл бәйгенің алдын бермеген тұлпарды сөзсіз шебер тізгендеген. Карибаевтың көп рольдері бір-біріне ұқсамайтындай ерекше деп айта алмас едік. Бірақ, Көктұйғынға, бәлкім сол секілді ылғи жеңімпаз адамдарға тән батылдық, тәкаппарлық, паңдықды дәлме-дәл берген. Ол тек сыртқы болмыста емес. Одан өзге көпшілік сахнадағы Қарт Ақан, Күреңбай, Батыраш, Жаршы, Қанатты, Сағынайдың кемпірі бейнелері де өз бояуларын сақтаған.

Театр репертуарындағы «Жусан иісінен» кейінгі актерлік ансамбльдің түзілуін әлі де байқай алмаған сияқтымын. Сахналық эстетика, ерекше хореографиялық шешімдер, жанды дауыстағы ән де бар. Бірақ, актерлік ансамбль түзіле алмаған.

Араға аттай бір апта уақыт салып, қазақ топырағындағы алғашқы театр – М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының мерейлі маусымы ашылды. Ғасыр тойына санаулы жылы қалған тұңғыш ұлт театрынан күткеніміз мол болды. Жаңа маусымның мерекемен ашылуы міндетті емес, тек сахнаға құрметпен шыққан сегіз артист бір ауыз сөз айтса деп күттік. Қайда кетпей жатқан уақыт... Халқына, театрға, өнерге не арнаса да тыңдар едік. Бізді қойшы, күнделікті әлеуметтік желіден видеожазбамен маусымашарға шақырып жүргендерін көрмейтін, инстаграмды білмейтін қаншама ақсақалдар мен жасы үлкен көрермен үшін. Сағынып келгендері көрініп тұр. Бізге, олардың өздерінен гөрі, сөздері мен өнері қызығырақ еді. «Абайдың жұмбағы» көрерменін көп күттірген жоқ. Көрермен залынан шығатын Абай (Болат Әбділманов) бейнесі, ақынның бала күннен өзгелерден ерекше болғанын, жастайынан адамды, айналаны, әлемді зерттеп, зерделеу арқылы есейе келе ұлы ойшылға айналғанын көрсетті. Тағы да бір жаттанды мәтінді жаза кетейін: «Бұл спектакльді қоюдағы мақсат – Абай әлемі арқылы көрерменге ой салу». Абай әлемінің бүгінгі қоғамда қызықсыз (тура мағынасында) болуы осындай таптаурын ойда сахналауымыздан. Біз осындай науқаншыл бағыттағы жұмысымызды жалғастыра берсек, Абайдан алыстатып аламыз. Көрерменді ғана емес, қоғамды. Ойшылдың 175 жылдығындағы қойылымдардан кейін, 200 жылдығында жастар оған қызығушылықпен қарамайтын да секілді. Бұл менің қорқынышым.

Жас Абай – Н.Қуанышбайұлы, Құнанбай – С.Мерекеұлы, Зере – Г.Тутова,  Ұлжан - Ш.Асқарова, Тоғжан – Д.Үсенова, Әбдірахман бейнесін жас актер Ж.Қонысбай, Оспан рөлін Е.Тұрысов сомдады. Қойылым таптаурын соқпақтардан қиялай кеткен. Театр репертуарындағы соңғы жаңа қойылымдармен салыстырғанда жаңаша ой бар. Қоюшы режиссері – Аридаш Оспанбаева. Жас режиссердің кезекті жұмысы қалыптасқан болмысты өзгертуге деген батыл қадам деп бағаласақ болады. Әуендерді қолдану, оқиғаға сай бояу беру ұтымды. Ұзақтығы жағынан да ықшам, жұмыр. Бірақ, сахнада ашық түс кемшін. Басталғаннан түнек, ашу, ыза, айғай, қамшы. Біз қоғамды, жастарды Абаймен қорқытуды қояйықшы. Абай барша жастардың рухани ұстазы болды емес пе? Ақынға «ескерткіш» ретінде емес, ұстаз ретінде көзқарасты қайта жандандыруымыз қажет. Ұстаздың сөзін қайталау емес, үйренбекке талпыныс қажет. Ол заманның жастарын көрсоқыр етіп көрсетудің қажеті шамалы. Себебі, Абайдың соңынан ерген жас аз болмады. «Абай жолының» бір томын оқып алып, Құнанбайды қадірсіз етуді қоятын уақыт та жеткен секілді. Құнанбай – дана. Дана болмаса, дара өмірге келмес еді. Дегенмен, әр режиссердің өз Абайы болуы керек. Бұл классикалық спектакльдерді жоққа шығару емес, салыстыруға да жатпайды. Абайды қай суреткер болмасын өзінше сахналауына, өз биігіне шығаруына құқылы. Тек ақынға тән өзгелер аңғармаған ерекшелік, азаматтық көзқарас қосу міндет. Өкініштісі, бізде тұлғалар шоғырын жасағанда сахнада Абай да, Ахмет те, Мағжан да, Әлихан да бір. Әрқайсысы бөлек жырға арқау боларлықтай, болмысы бөлек тұлғаларды топтастырып, ортақ бейне шығара салу да кездеседі. Театр зерттеушілері ғана емес, көзі ашық көрермен де бұл пікірді растайды. Бұл спектакль сондай таптаурандылықпен күрестің басы.

Театр саласында ғана емес, қазақ өнеріндегі көзі тірі тарих, тұңғыш ұлт театрының ардагер артисі Асанәлі Әшімовтің «Менің жанрым – күнделік» кітабының негізінде «ӨзгеЕріс» замануи өнер кеңістігі жаңа спектакль жарыққа шығарды. Аудиоспектакль бағыты бүгінде кеңінен танымал. Мұндағы басты ерекшелік – залда бір ғана көрермен. Аңыз адам тағдырының ең қиын тұстары, жан ауыртар естеліктері. Өзіне ғана тән өмірден түйген ойлары бар. Расымен, бүкіл адамға ой салу үшін бір адамның өмірі жеткілікті. Ал, ол өнер адамы болса, тіптен. Себебі, ол өз өміріне баға бере алады. Сағынышын, жоғалтқанын, тапқанын, қуанғанын, тіпті қасіретін де жасырмайды. Бұл спектакль тұлғамен танысу үшін емес, адамның өзіне, өз өміріне бір сәт үңілуі үшін қажет. Біз өмірде бәріне жан ауыртамыз, жүрек сыздатамыз. Бірақ, қадірін кеш түсінеміз. Замандас сахналастарына, Әнуар досына деген сағыныш аралас өкініші «Мен осылай кім үшін естелік жазып, сағына аламын?» деген ойды еріксіз ұялатады. Біз қызығатын атақ, даңқтың жолында да адалдықтың тар соқпағымен жүріп өтудің ауыр екенін сезінеміз. Олсыз да жай күні адалдықтықты серік еткеніміз шамалы...

«Kundelik project» жобасы – жарнамасы жер жарып, қойылымынан қонағына көрсетер ілтипаты жоғары дүние емес. Мұнда сіз жертөледе жалғыз өзіңіз «адаммен» сырласасыз. Жай ғана адам. Үнсіз отырсаңыз да болады, тіпті, ешнәрсе ойламасаңыз да. Сахна ғана емес, өмірдің өзі асығыс қадамдар, шешілмеген түйткілдер, жауабы жоқ сауалдарға толып жатқан кезеңде бір сәт тыныстап «дем» алуға қажет дүние. Дамылдаңыз. Әр адамның өз күнделігі бар. Біреуі қағазға түсірсе, біреуі жүрек түкпірінде сақтайды. Өзіңіздің өмір күнделігіңізді жақсылықпен толтыра алдыңыз ба? Автордан, режиссерден, артистен кемшілік іздеудің қажеті жоқ. Сіз бұл қойылым арқылы өзіңізге сұрақ қойыңыз. Сонда, сіз жоқ жердегі сіздің өміріңіз қалай басталатынын  түсінесіз.

Бұл – режиссер Ф.Молдағали мен сазгер, ақын М.Жұмабайдың бірлескен туындысы. Олар шығармашылықтағы терең ойлы сезім иелері. Содан да болар, аудиоспектакль  біржақты көзқарасты қамтымайды. Мәселе, тұлғаның өзі пайдаланған қаламсабын ұстап көруде де емес. Онымен алдыңыздағы қағазға не жазатыныңызда. Барып көріңіз.

Айтпақшы, біз театрсыз да өмір сүре алады екенбіз. Бірақ, көкіректе сәулесіз…

«Көкіректе сәуле жоқ, көңілде сенім жоқ. Құр көзбенен көрген біздің жануардан неміз артық? Дүниенің көрінген hәм көрінбеген сырын түгелдеп, ең болмаса денелеп білмес, адамдықтың орны болмайды.»

Абай, жетінші қара сөзі.