Аталмыш театр жыл сайын үздіксіз премьералар шығарып отырғанына қарамастан, соңғы жылдарда театр репертуары бір ізді спектакльдермен тұралап қалғандығы жасырын емес. Күн сайын әлем қарыштап дамып жатқанда, сахна өнерінің де сол ағыспен ілесуі шарт. Технология дамыған, гаджеттер адамзаттың бар кәдесіне жарап тұрған сәтте театрды музей ретінде сақтамай, жаңа тәжірибиелерге бару көрермен алдындағы міндетіміз болып саналады.
Осы мақсатта театр ұжымы қатып қалған формадан шығуға «Маса» эксперименталды театрының жетекшісі, Ресей театр өнері институтының (ГИТИС) студенті, Д.А.Крымов пен Е.Б.Коменькович шеберханасында тәлім алып жүрген – Әлібек Өмірбекұлын шақыртты. Ә.Өмірбекұлының жас болса да шығармашылығы мен өмірлік көзқарасындағы салмақты – театрын «Маса» деп атауынан байқаймыз. А.Байтұрсынов жинағындағы негізгі ойды жүзеге асырғысы келетін режиссер театр ұжымы өзінен күткен үмітті толықтай ақтап шықты деп айта аламыз.
Тұрлаусыз дүниеде ешнәрсе де мәңгі емес екендігі жұмыр басты пенденің бәріне аян. Бәрі де келімді, кетімді. Бүгін бар да, ертең жоқ. Тек өнер ғана мәңгілік. Өнер болғанда қоспасы аралас, өтірігі кілкілдеп бетіне шығып тұрғаны емес – шынайысы. Той сахнасынан басталатын қойылымнан кейіпкерлердің тек Шекспир кезеңінде жүрмейтінін, бүгінгі қоғамдағы өзімізді көрсетіп отырғанын, режиссердің шынайы өмірге басымдық бергенін аңғарамыз. Ф.Дюрренматтың «Ұлы Ромул» пьесасының идеясын негізге алған спектакль оқиға желісіне құрылмаған. Қойылымнан Б.Брехттің сөзін, Ғ.Мүсіреповтің кейіпкерін, тіпті Абайдың ойын кездестіруге болады. 2 сағат 45 минут жүретін спектакльдің мақсаты – дәріс оқып, тәрбиелеу емес. Адамды өзіне сырттай көрсетіп, ой салу. Шынайы өмірді беру.
Қойылым ешқандай нотация оқылмайтынымен де ұтымды. Көп жағдайда режиссер негізгі өзінің ойын метафорамен берген. Оған спектакльдің алғашқы «Завтрак» картинасынан бастап куә боламыз. Қарапайым таңғы ас жайлы әңгіменің астарында адамдардың бірбеткейлігі, өз пікірін дәлелдеп, өзгеден де талап етуі жатыр. Режиссер метафора етіп алып отырған таңғы ас әңгімесі қарапайым диалог болып көрінгенімен, ойымыз бен ұстанымдарымызды өзгеге тықпалауға, түсіндіруге, тіпті талап етуге дейін баратын өзімізді көрсетеді. Диалог өз пікірінде (жәй ғана таңғы ас ішкісі келмеуі) қалғысы келген адамның өлімімен аяқталады. Иә, өзгенің пікірін тоқтаусыз қабылдау моралді тұрғыда қайтыс болуға алып келеді. Ал ол – шын өлімнен де қорқыныштырақ. Олжас Мұсабеков пен Абзал Төленнің импровизациялық еркін ойынынан режиссердің актерлермен кәсіби тұрғыда жұмыс істегенін анық көре аламыз. Актерлер өз диалогтары барысында өздерін толғандыратын көптеген сұрақтарға жауап іздеп, халықпен бөлісе білді. Диалог барысынан өз ойыңды, қалауыңды айтсаң «білімсізсің», «тобырсың» деп шығатын қазіргі таңдағы ретсіздікті көруге болады. Пайдаланылатын сөздердің тек өз пайдасы мен жеке өзімшілдігі (егосы) үшін жұмсалатынын көрсеткен актерлер режиссер трактовкасын толықтай алып шыға алды. Өзге адамның ұстанымын, ойын қабылдау әсерінен моральді тұрғыда қайтыс болу жайлы осы уақытқа дейін психологияда айтылып, фильмдер көрсетіліп, том-том кітаптарда көркемделіп жазылып жатса да, театр сахнасында дәл осындай нақтылықпен, ой сала отырып жеткізілуі қуантады.
Қойылым аз ғана уақытта қызу талқыға түсіп, көрермен пікірі екіге бөлініп үлгерді. Көп жағдайда жаңа форманы, өзгерісті қабылдамағандар басым. Әрине, жақсысын асырып, жаманын жасырып үйренген оңтүстік өлкесі үшін күтпеген тақырыптар көтерілді. Соның бірі – «Министрлер» сахнасы. Спектакльді бәрі бірдей қабылдамауы мүмкін. Костюмдерге дейін ойнатылып, шенділердің мінездерін аша түскен. Кенеттен бірдей киінген, әбден тойынған, саны көп кейіпкерлердің не айтып жатқаны белгісіз, бірін-бірі тыңдамайтын, нәтижесіз жиналысына тап боламыз. Тоқтаусыз, қарбаласпен сөйлейтін шенділеріміз анда-cанда біреу аңдып тұр ма дегендей, күдікпен жан-жағына қарайды. Әрине, мұнда барлық кейіпкерлер прототип ретінде берілген.
Министрлердің екінші жиналысында біз кейіпкерлерімізбен жақынырақ танысамыз. Бұл жолғы костюмдері де бірден көзге ұрады. Әсірелеп беруіне қарамастан, мұнда үлкен роль ойнайды. 5 министр арасында жалғыз еркек болса, оның өзі әйел киімінде. Сахнада бір-бірінің соңына түсіп, тырнақ астынан кір іздеуді, жұмыстан гөрі өсек-аяңның басымдығы, шектен тыс жағымпаздану, зейнет жасына жетсе де кеткісі келмейтін қызметкерді, марапат пен аттаққа, ақшаға құмартқан жандарды көрсетеді. Айналасын тазарту мақсатында барынша қызметкерлерін келемеж қылған корольді көреміз. Бұл рольдегі Руслан Нұрмановтың спектакльдегі еркіндігінен, серіктесімен жұмыс істей білуінен бөлек, кейіпкерінің негізгі мақсатына жеткенше өзінің түсініксіз әрекеттерімен көрерменге сұрақ тудырта білгенін айта кетуіміз қажет. Өнерпаздан шынайылық пен интеллектуалдықты, сезімталдықты қатар талап ететін бейнесін ашуда үлкен жұмыс істегенін жоғары бағалаймыз.
Қойылымның премьерасы өткенімен спектакль дәл осы қалпында қалды деп айта алмаймыз. Спектакль уақытпен бірге жылжып, айтар ойын, көтеретін мәселелерін өзгерте береді. Сондықтан, спектакльді әлі де жүріп жатыр деп есептесек болады. Осы тұста «Корольдер» сахнасын мысалға келтірейік. Осы көрініске қатысты сценарист, режиссер Батырхан Дәуренбеков: «Биліктің «көмек» деген сөзді естімеуі» деп дәл тауып, еркін түрде өз пікірін білдірген санаулы азаматтардың бірі болды. Қойылымнан кейінгі қойылымнан көретініміз елімізде әлі де еркін ойлы азаматтар мен азаматшалардың аздығы. Актерлер ойынында нақтылық жетпей, әлсіз шыққан біршама бейнелер бар. Мысалы, толықтай сахна игеріліп, еркіндік беріліп тұрғанда екінші корольді ойнаған Мақсат Тауасардың бейнесінен еркіндікті сезіне алмаймыз. Таңданудың орнына қобалжу басым».
«Спектакльде пайдаланылған әндердің тек сөзіне емес, әр музыканың тарихына үңілу қажет» – дейді театрдың қою бөлімінің меңгерушісі Батырбек Қабылбеков. Расында, қойылым картиналардан тұрғанымен олардың негізгі идеясының ашылуына көмек еткен бірден-бір деталь – музыка болды. ДДТ-ның, Киноның, Оулавюр Арнальдсдың, Майкл Джексонның әндері қойылыммен қабысып, спектакль мәнін тереңдете түскен. «Родина», «Война» әндерінде актерлер сөзбен не әрекетпен емес, көзқарас арқылы көрерменмен тікелей байланыс жасайды. Қимылсыз тұрған кейіпкерлердің көздерінен түсініксіз сезімдерді, арпалысты көруге болады.
Театр ішіндегі театрды көрсететін «Актерлік өнер» сахнасы арқылы орындаушылар театр өнеріндегі мәселелерді көтеріп, бүгінгі театрлық үрдіске өз пікірлерін білдіреді. Бір кейіпкерді бес қыз ойнап, әртүрлі жастағы король қызының актерлік өнерді үйренудегі, олардың қабылдау реакциясын көреміз. Алғашқы сахнада – Назгүл Ғабит У.Шекспирден Офелияны оқиды. Жас актриса театр өнеріндегі «оймақ ауыз, қиғаш қас, нәзік үн, сұңғыла бой» болуы керек деген қатып қалған заңдылықтың бүгінгі күнмен үндеспейтінін көрерменді күлдіре отырып жеткізеді. Күлдірсе де шымшып өтер әзілдері режиссер бейнесіндегі Ержан Тұрымбековпен күшейе түскен. Режиссер мен актердің қарым-қатынасын, өте аз уақыт ішінде шығатын сапасыз спектакльдерді, театрдың бүгінгі күнмен үндеспейтін заңдылықтарын, режиссердің нағыз режиссер емес, режиссердің бейнесін жасап жүргендігін, білімінің таяздығын тілге тиек етеді. Е.Тұрымбековтің бейнесі театрдың дамуы үшін титтей де әрекет жасамай, Ж.Шанин, Ғ.Мүсірепов сынды қазақ театр өнерінің құрылып, қалыптасу жолында шын еңбек еткен азаматтардың сөздерін сілтеме етіп жүргенімізді және оның қаншалықты пафос болып естілетінін көрсетеді. Шынымен, өткен тарихты қазбалап жүргенімізде, бүгінгі күннің тарих болып қалатынын естен шығарып жатқандаймыз. Аталған тұлғалардың ерен еңбегін ескерсек, сілтемелерді пайдалануға да лайықты болу керектігін ойлануға тиістіміз.
Біз сөз еткен актерлердің осыған дейінгі шығармашылығымен салыстыра келе, режиссердің үлкен еңбегі деп Н.Ғабиттің қойылған дауысының сынуын, Е.Тұрымбековтің импровизациясындағы еркіндігі мен сөзінің астарын айтар едік.
«Актерлік өнер» немесе театр ішіндегі театр сахнасында екінші қыз баланың ролін ойнаған – Айым Робертқызы да аянып қалмай, театр ішіндегі мәселелерге кеңінен үңіле түседі. Леди Макбетті ойнаған актриса бұл жолы қатып қалған мизансценаларға, режиссердің актерге еркіндік бермеуін, актерлердің өздері түсінбейтін шығарманың аудармалары мен оны оқудағы қатып қалған академиялық дауысты көрсетеді. Бұл сахналар білім алған оқу орнын немесе ұстазды қадірлемеу емес, негізгі білімді алып, оны ары қарай дамытпайтын, сол бойынша қатып қалған актерлер мен режиссерлерді меңзейді.
Король қызы өскен сайын мінезінен де өзгеріс көреміз. Режиссер актриса – Арайлым Бақытжанқызына бұл жолы өте өзекті тақырыптардың бірін берген. Шекспир қай дәуірде де маңыздылығын жоғалтпағанын алдыңғы сахналармен көрсетсе, бұл жолы режиссер сахнаға Қыз Жібекті алып шықты. Әр қазақ қызын Жібек деп қабылдау керектігін көрсетер бұл сахнаның қазіргі қыз тәрбиесіне салмақ салары сөзсіз (Тек қыз тәрбиесіне емес). Жібектей қыздарымызды қорғаудың орнына қорлағанымызды, психологиясын ескі түсінікпен тәрбиелеп, өзін-өзі қорғауға да шамасы жетпестей қылып өсіріп жатқанымызды, ашық түрде айтылмаған көп дүниенің қыздардың адасуы мен бақытсыздығына алып келіп жатқанын айтады. Кез келген әйел затына қатысты ауыр тақырыпты қозғағанына қарамастан, монологтың әр сөйлемді үзіп алғандай аяқсыз екендігі және де актрисаның ішкі реакциясы, эмоциялық өсуінің жоқтығы қынжылтады.
Актерлік өнерден әбден шаршаған, өзін бағалағысы келетін кейіпкерді Жәудір Сарыпбекова жалғастырады. Актриса ойнаған Б.Брехттің «Мамаша Кураж» монологының орыс тілінде айтылуына байланысты қарсы пікірлер пайда болған. Актерлік өнерді үйреніп, театрдың қоразына айналатын Жәмилә Бекмурзаева кейіпкеріне қатысты да осындай пікірлер айтылды.
Театрда тіл, ұлт жоқ екендігін, өнердің шексіздігін ұмыт қалдырмауға тиіспіз. Жаңаша ізденісті бағытына сәйкес барымен қабылдап үйренетін кезге де жеттік. Мұнда әр сахнадағы жанр, стиль эклектикасын көре отырып, спектакль тек қазақ тілінде жүруі керек деп айта алмаймыз.
Сахнада бір кейіпкерді бес қыз сомдайды. Олардың негізгі мақсаты ортақ, кейіпкер болмысы айқын болғанымен психологиясы әралуан. Король қызының келесі сахналарынан адам өзін қалай жоғалтатынын, өмірге кіршіксіз таза болып келген сәбидің қалай өзгеріске ұшырайтынына куә боламыз. Ешбір жамандыққа бой алдырмаған, зияны жоқ сәби өз ата-анасын идеал көрері сөзсіз. Махаббатқа да адал. Бірақ, осының барлығы уақыт өте келе маңызын жоғалтады. Кейіпкер табиғатына сәйкес ақ түсті көйлек киеді. Тазалығын берерде костюмнің матасына дейін таңдалған. Бірақ жалғыз үміті болған ғашығының өзінен бас тартқанда әбден ластанған қыз бен көйлекті көреміз.
Қойылымда әр сахна қызықты шешімдермен толығып, адамды ойландырар мәселелерді көтереді. Ата-ананың баласын тыңдамауы, материалдық жағдайдың бірінші орынға шығуын, салт-дәстүрді сылтауратып өз айтқанын жасатуы сынды адамның қалыптасу жолында кездесетін тұрмыстық мәселелердің маңызын көрсетеді.
Көрермен қарсылық танытқан сахналардың бірі дәуірі жүріп тұрған саудагерге барын сатқан Корольдің әрекеті болды. Бірден мойындайтынымыз, бүгінгі өмір «комерсанттардыкі» болып тұрғандығы. Ал барлығымыздың көргіміз келмегені Алаш зиялылары отырған орындықтардың сатылымға түсуі. Осында айтылар Ж.Шанин, Ә.Бөкейханов, Т.Жүргенов сынды т.б. ұлт зиялылары отырған орындықты сату, есімдеріне бей-жай қарау, атадан қалған мұраны жеткілікті деңгейде қорғай алмай, жанын қиып сақтаған жерін сатып жатқан бүгінгі ұрпақтың көрінісі болды. Жас режиссер осы көрінісінде де өз ішіміздегі «Отан, тарих» жайлы ұғымды, махаббатты сөзден гөрі әрекетпен дәлелдеуге үндейді. Осы тұста да ойланатынымыз, біз ата-бабамыздың лайықты ұрпағы бола алдық па? Құрғақ сөзбен ауыз сүртіп жүргеніміз жоқ па? Зиялыларымыз аманат еткен рухты, жерді сақтай алдық па сынды мың-сан сұрақ.
Театртанушы, Халықаралық театр сыншыларының ассоциациясының төрайымы, Т.Жүргенов ат. ҚазҰӨА доценті, Өнертану ғылымдарының кандидаты Анар Саимжанқызы өз талдауында: «Сахнадағы оқиға барысында суша ағылған қан да, қылқынып, пышақталып, асылып, балтаға шабылып, суға батып шыбынша «қырылып» жатқан адамдар өлімі де қойылымның «театрландырылған», ойын табиғатының иірімін тереңдете түскендей», – деп пікір қалдырған. Иә, театр ішіндегі театрды көрсетіп, «театрландырылған» қойылым жасаған режиссер спектакльді Шекспирге тән стильмен аяқтады. Әрбір жанның ас үйінде айтылатын заман шындығын көзбен көріп, бірден қабылдау оңайға соқпайды.
Еуропада 1960 жылдарда пайда болған «постдраматизм» бағыты Қазақстан театр сахнасына соңғы жылдарда келіп отыр. Өзгерістердің енуіне үздіксіз жұмыс жасап, заман талабын ескеріп отырған мұндай спектакльдердің, ұжымның пайда болуы қуантарлық жағдай. Театр сахнасы жасандылықты, жалған патетиканы, еліктеу мен солықтауды, білімсіздікті, талантсыздықты ешқашан кешірмейді. Ол осылардың үдесінен шыға алмағанды елдің алдында шеттетіп, іске алғысыз етіп, орнына қояды. Ал өнерді мәңгілік ететін хас таланттар, өнердің тарландары. Сол өнердің шынайы бағасын біліп, халыққа арзан дүние беруден бас тартқан жандар тек жаңаша бағыттағы қойылымды емес, халыққа шындыққа жақын, ой салар спектакльді тудырта алды. А.Байтұрсыновтың: «Ұйқысын аз да болса ашпас па екен, Қоймастан құлағына ызыңдаса?!» – «Маса» жинағындағы осы бір жолдарды еске алсақ, спектакльдің жаппай талқыға түсуі бүгінгі қоғамды оята білгенін көрсетеді.