Мақала / #студентСөзі
«Гамлет» - «Жас сахна» театрының жаңа белесі
Желтоқсан айының 25-26 күндері «Жас сахна» театры Алматы қаласының тұрғындарын жаңа премьерамен қуантты. Аздаған уақыт ішінде үлкен жетістіктерге жетіп, халықтың сүйіктісіне айналып үлгерген тәуелсіз театр бұл жолы көрермен назарына У.Шекспирдің «Гамлет» трагедиясын ұсынды
Бөлім: Театр
Датасы: 26.12.2018
Авторы: Ұлжан Құрманбай
Мақала
«Гамлет» - «Жас сахна» театрының жаңа белесі
Желтоқсан айының 25-26 күндері «Жас сахна» театры Алматы қаласының тұрғындарын жаңа премьерамен қуантты. Аздаған уақыт ішінде үлкен жетістіктерге жетіп, халықтың сүйіктісіне айналып үлгерген тәуелсіз театр бұл жолы көрермен назарына У.Шекспирдің «Гамлет» трагедиясын ұсынды
Бөлім: Театр
Датасы: 26.12.2018
Авторы: Ұлжан Құрманбай
«Гамлет» - «Жас сахна» театрының жаңа белесі

Белгілі режиссер Шекспир шығармасына заман талабына сай өзгерістер жасаған. Спектакль арқылы әке мен баланың, аға мен қарындастың, достық пен сатқындықтың бүгінгі көрінісін көрермендерге жеткізіп берді. Мысалы: Гамлет пен елес сахнасында «әке» сөзіне екпін түсірген. Әкенің – үлкен жауапкершілікті, махаббатты арқалайтынын көрсетеді. Ал Полоний мен Офелияның сахнасында қазіргі әке мен қыздың қарым-қатынасының қандай болуы керектігі айқын бейнеленген. Полонийді – Әшім Ахметов өз отбасын жақсы көретін, бетегеден биік, жусаннан аласа бола білетін, жалғыз басты, заман ағымынан қалмаған әке етіп сомдады.

Бұл спектакльге труппадан тыс бірнеше актерлер шақырылған. Соның бірі Гамлетті ойнаған қырғыз актері – Марат Амираев. Ол кейіпкерінің психолгиясын ашуға назар аударған. Бұл жолғы Гамлеттің болмысы мүлде бөлек. Мінез-құлқында да ерекшеліктері бар. Шекспирдің адамға ой салатын, философиялық мәнге ие сөздеріне екпін қойып, көрерменнің жүрегіне жету үшін барынша тырысып, көрерменмен тікелей қарым-қатынас жайсайды. Пьеса желісі бойынша Гамлет Гильденстернге флейта ұсынса, актер: «Это так же просто, как лгать, Перебирайте отверстия пальцами, вдувайте ртом воздух, и из нее польется выразительная музыка...» – деп көрерменнің әрбіріне ұсынып шығады. Кейіпкерінің тым нәзік, әлі де бала көңілді екенін анасы Гертрудамен болған тартыста көрсетеді. Анасы шапалақпен салып жібергендегі оның жиырыла қалуы, ішкі сезімдерін, шындықты түсіндіре алмай жерді ұра жылауы, барлығы Гамлет бейнесін аша түсті. Спектакльдегі актерлердің шеберлігін өте жоғары бағалаймыз. Қойылымда бір актерге бірнеше кейіпкердің ролі берілген. Соған қарамастан, бір-біріне мүлдем ұқсамайтын бейнелер жасай алған Данияр Арипов пен Ә. Ахметті ерекше атап өткеніміз дұрыс. Қамқор аға Лаэрт, үреймен жүрген Бернардо, енді бірде көпшілік сахнасының актерлер қатарынан көрінетін Д.Ариповтың үш бейнені бір спектакльде алып шығуын үлкен еңбектің нәтижесі деп білеміз. Ал, Елес бейнесінде шығып, көрермендерге аяныш сезімін туғызған – Ә.Ахмет, келесі сахнада жалғыз басты әкенің ролін көңілді кейіпте алып шығады. Актердің өзіне берілген кейіпкердің барлығын да алып шыға алуы керек. Кейіпкер болмысы актердің жеке басының болмысымен сәйкес келмесе де, өзіне артылған жүкті көтеріп алып шығуға тиісті. Тіпті, бір сахналық қойылымның өзінде бірнеше рет түрленіп көріне білуі керек. «Гамлетті» көре отырып біз «Жас сахна» театрының актерлерінің шеберліктерінің шыңдала бастағанын тани алдық.

Сахнада қойылым атмосферасын жасайтын қоңыр түсті шымылдықтар және кереует пен күйсандық қана бар. Сахна суретшісі – Зухра Мукамбетова. Режиссер сахнаны толық игере отырып, сыртқы есіктерді де ұтымды пайдалана білген. Спектакльде көздің жауын алар костюмдерді де көрмейміз. Қара түсті киімдерге басымдық беріп, бүгінгі күнгі костюмдермен шығады.

«Жас сахна» театрының Гамлеті мүлдем басқаша аяқталды. Режиссер Гамлетің жалғыз сенер досы, серігі Горациоға – Бахтияр Байсерік шешуші сахнаны берді. Суреткердің пьесаны бұлай өзгертуі қазіргі таңдағы жаныңда жүріп, арқаңа пышақ сұғатын «достарды» еске салады.

Спектакльден Жанель Серғазина, Вахид Изимов, Ақниет Орынтай, Тоғжан Таханова сынды сүйікті актерлеріңізді көре аласыздар. Сонымен қатар «Жас сахна» театр сахнасында Қуаныш Керімқұлов, Нұрбек Сағымбек, Екатерина Максим өнер көрсетеді.

Шекспирдің әлемге әйгілі бұл пьесасы талай сахналарда қойылды. Біздің елімізде соңғы жарты жылдықта «Гамлет» спектаклі төртінші рет сахналанып отыр. Осыған дейін Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театры, тәуелсіз театр «ARTиШОК» және зертханалық «Lab316» театрлары премьераларын өткізген. «Жас сахна» театры да шығарманы жаңаша көзқараспен, жоғары деңгейдегі ойынмен, режиссерлік ерекше шешімдермен қоя білді. Жаңашылдығымен көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп жүрген «Жас сахнаның» бұл премьерасы театр сүйер қауым үшін үлкен қуаныш болды.