Мақала
Қайрат Сүгірбеков режиссурасы
Қ.Сүгірбековтің қолтаңбасына аллегоризм мен символизм, пластика мен метафора, философия мен психологизм, эксперименттік тәсілдер тән
Бөлім: Театр
Датасы: 05.09.2017
Авторы: Исламбаева Зухра
Мақала
Қайрат Сүгірбеков режиссурасы
Қ.Сүгірбековтің қолтаңбасына аллегоризм мен символизм, пластика мен метафора, философия мен психологизм, эксперименттік тәсілдер тән
Бөлім: Театр
Датасы: 05.09.2017
Авторы: Исламбаева Зухра
Қайрат Сүгірбеков режиссурасы
фотолар М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының музейінен алынды.

Бұдан бір ғасыр бұрын (1915 ж.) «Біржан – Сара» қойылымын ұйымдастырып, шығарманың рухани құндылығын сахна арқылы жеткізуді көздеген, қазақ топырағына «режиссура» ұғымын алып келген қайраткер Жүсіпбек Аймауытовтан бастап бүгінгі күнге дейінгі аралықта ұлттық сахна әрбір онжылдықтар сайын режиссерлік тың жаңалықтармен, тосын шешімдермен толығып келеді.

Х.Шәженов, А.Тоқпанов, Ш.Айманов, Ә.Мәмбетов, т.б. сол Ж.Аймауытов, Ж.Шанин, С.Қожамқұловтар бастаған ата буынның шығармашылық жолын жалғастырушылар ретінде тарихқа енді. Ал, Е.Оразымбетов, Ж.Хаджиев, Е.Тәпенов, Х.Әмір-Темір, Е.Обаев, т.б. кеңестік кезең мен ел тәуелсіздігін байланыстырушылар қатарынан орын алады. Т.Жаманқұлов, Ә.Рахимов, Ә.Оразбеков, Н.Жақыпбай, Т.Теменов, т.б. болса бүгінгі күннің қоғамдық-әлеуметтік, азаматтық-адамгершілік мәселелерін көркемдікпен суреттеп беріп отыр. Демек, театрдың ізденіс пен шығармашылық шабытқа толы кеңістігінде жаратылысы ерекше, өнерге өзгеше өлшеммен, талпыныс-қарқынымен, толқыныс-бұлқынысымен, тосын да қызықты шешімдерімен келген суреткерлер аз емес. Соның ішінде А.Тоқпановтың қолтаңбасы реализм мен философияны байланыстыруымен ерекшеленсе, Ә.Мәмбетовтің стилі этнографиялық, символдық бағытты ұстануымен өзгеше. Ал, Н.Жақыпбай пластикаға бет бұруымен, Б.Атабаев тым оғаш, провокациялық бағытымен таныс.

Өткенді бүгінгі көзқараспен суреттеуге құштар болған Қайрат Сүгірбеков осындай ізденімпаз тұлғалардың қатарынан болатын. Ол – қысқа ғұмырында М.Әуезов атындағы драма театрының репертуарлық саясатына маңыздылық берген режиссер. Оның өмірі мен шығармашылығы елдің егемендігімен, 1990-2000 жылдардағы театрда орын алған рухани-мәдени құлдыраумен тұспа-тұс келді. Қазақ елінің тәуелсіздікке қол жеткізген алғашқы онжылдығындағы қоғамдық формация негізінде театр тақырып таппай, бұған дейінгі белгілі бір идеологиямен жазып, қойып келген бағытынан күрт өзгеріске түскен болатын. Барлық облыстық ұжымдардың бас театрға иек артып отырғаны тағы бар. Сол сәтте Қ.Сүгірбеков жастық жалынымен Ж.Хаджиев, Т.Жаманқұлов, Н.Жақыпбай, Б.Атабаев, Ә.Рахимов, т.б. аға буынмен бірлесіп, қарқынды ізденіс үстінде болды, эксперименттер жасады. Жалпы ұжым Ә.Кекілбай, Ә.Тарази, М.Байсеркеұлы, А.Тасымбеков, М.Райымбекұлы тәрізді драматургтермен, ақындармен шығармашылық тандемде көптеген жұмыстар атқарды.

Қ.Қуанышбаев, Е.Өмірзақов, С.Қожамқұлов, Н.Жантөрин, Б.Римова, С.Майқанова тәрізді құдіретті топтан аманат болып қалған ұлттық театр өнерін жоғалтып алмау, аумалы-төкпелі уақытта қайткенде театрға көрермен тарту принципінде жасалған мұндай еңбек нәтижесіз болған жоқ. М.Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі», Ж.Аймауытовтың «Күнікейдің жазығы» («Ғашықтық дерті»), Ф.Кафканың «Құбылыс», Г.Ибсеннің «Қуыршақ үйі», Д.Амантайдың «Сәлеметсің бе, коңыр мұң», Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», т.б. көрерменнің эстетикалық талғамына сай көркемделген, күрделі дүниелер сахнаға шықты.

Оның бір «Махаббат дастанының» өзі көрермен қауым мен мәдени ортаның арасында айтарлықтай дау туғызған еді. Бұған себеп, он бес ғасыр бұрын өмір сүрген қаһармандардың кескінін мүлде бөлекше бедерлегендігі. Шымылдық ашылғанда көзге түскен жартылай жалаңаш немесе жыртық-жамау киімдегі, шаштары өрілген немесе мүлдем шашы жоқ Қарабай, Жантық, Қодар, Қозы, Баяндарды көргенде алғашында қабылдамағанымыз рас. Алайда бұл «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырының бірнеше нұсқасын оқып, қазақ тарихы мен фольклорын, әдебиетін, тіпті керек десеңіз, (кейіпкерлердің жүріс-тұрысын, өскен жерін, әлеуметтік ортасын сауатты жеткізу мақсатында) жағрапиялық аймақтарды тереңнен қаза зерттеген режиссердің тапқырлығы болатын.

Жалпы Қ.Сүгірбековтің қолтаңбасына аллегоризм мен символизм, пластика мен метафора, философия мен психологизм, эксперименттік тәсілдер тән. Бұған театртанушы Меруерт Жақсылықованың: «Оның режиссурасы символдық-философиялық кеңістікке ұмтылып, жалпыадамзаттық құндылықтарды жырлауды көздейді. Қазақ классикасын интерпретациялауда жаңа көркемдік-эстетикалық режиссерлік концепция ұсынғандардың бірі де осы Қ.Сүгірбеков» [Жақсылықова М. Қазақ кәсіби актерлік өнерінің даму ерекшеліктері. Зерттеулер, мақалалар. – Алматы: «Қаратау КБ» ЖШС, «Дәстүр», 2014. – 384. – 150 бетте.], – деген сөзі дәлел. Әрине адами құндылықтарды көркемдеп жеткізу үшін жоғарыда аталған бағыттар мен тәсілдер өте қажет. Жаңалыққа құштар режиссер мұны түсіне білді.

Қ.Сүгірбековте адамтану, кейіпкертану, тіпті актертану қасиеті басым болды. Оның спектакльдерінде роль орындаған әрбір актер өз кейіпкерлерінің ішкі-сыртқы болмысына дәл келіп жататын. Мәселен, Қарабай – Ақыш Омар, Жантық – Дулыға Ақмолда, Сәрсен – Бақтияр Қожа, Шолпан – Қымбат Тілеуова, Күнікей – Шынар Асқарова, Бақыт Жанғалиева, т.с.с. Сонымен қатар ол актерлік ізденіске мол мүмкіндік туғызған бірден-бір режиссер. Онда кейбір «тек менің айтқаныммен жүр» дейтін диктатор режиссерлердің қатқыл мінезі мүлде жоқ. Бұл сөзімізге «Махаббат дастаны» спектаклінде Қодар ролін орындаған Кеңес Нұрлановтың үнемі қолына ұстап жүретін ағаштан жасалған қуыршағы дәлел. Бұл – актердің өз қиялынан туындаған, Қодардың Баянға деген шынайы ғашықтық сезімін білдіретін көркемдік деталь. Осылайша өзара келісімде жұмыс жасаған ансамбль жетістікке жетті де.

Осы күнге дейін көрерменнің есінде қалған «Ғашықтық дерті» қойылымында сұлу бойжеткен өзінің бас еркіндігіне ұмтылудан, атастырылған күйеуінен қашып, сүйгені Байманмен бақытты болу арманынан жазықты болады. Алайда феодалдық заңға қарсы шыққан өр мінезінен өзінің өскен ортасына жат болған ол қартайған шағында жалғыз қалады. Сүйгені Байман да бұдан теріс айналған. Осындай адам психологияның қатпарын барынша ашып көрсеткен, адами құндылықтарды дәріптеген шығарма шаңырақ, арқан, т.б. символдық белгілер арқылы келісті өрілді. Спектакльде Қ.Сүгірбеков Байман мен Күнікейдің тағдырын төрт актердің орындауында жеткізеді. Үсіпхан Сейтімбет пен Шынар Асқарова орындаған жас Байман мен бойжеткен Күнікейдің қартаң бейнесін Бекжан Тұрыс пен Бақыт Жанғалиева келістіре кескіндеген болатын. Режиссердің кейіпкерлер өміріндегі жылжыған уақыт ағысын ұзын арқан арқылы беруін ұтымды әдіс деп айта аламыз. Және екі орындаушы (Б.Тұрыс, Б.Жанғалиева) сахнаның екі жағында отырып, өздерінің өткен өміріне, қызығы мол жастық дәуреніне, әрқайсысының ішкі дүниесіндегі аласапыран ойлары мен түрлі сезімдерді бастан кешкен сәттеріне сырт көзбен қарап отыр. Мұнда сағыныш та, өкініш те, күйзеліс те бар.

Әрине сахнаның екі жағында отырып, өткенді бүгінгі көзқараспен саралау – қазақ режиссурасында бар әрі болған әдіс. Мәселен, М.Әуезовтің «Абай жолы» романының сахналық жүйесін жасаған Ш.Айманов оны ойнату барысында спектакльге автор ретінде сөйлейтін орындаушылар (Ш.Айманов, Х.Бөкеева) енгізіп, тосын көркемдік интерпретация қолданды. Мұндаға мақсат – шығармадағы көп желіден тұратын шытырман оқиға-көріністерді көрерменге түсінікті тілде жеткізу. Қ.Сүгірбеков те Ш.Аймановтың мұндай сахналық әдісін қайталаудан ұтылған жоқ. Керісінше, бас-аяғы жинақы дүние туындады.

Қ.Сүгірбеков өзінің спектакльдерінде әйел әлемін, психологиясын, оның тылсым да жұмбақ сырларын немесе қоғамдағы әлеуметтік орнын ашып көрсетуге маңыздылық берген. «Шолпанның күнәсі», «Ғашықтық дерті», «Қуыршақ үйі» спектакльдерінде режиссердің басты кейіпкерлерді ақтап алу принципі бірінші планға шықты.

«Шолпанның күнәсі» спектаклінің эпилогында айы-күні жеткен әйелдің толғату сәті беріледі. Қ.Сүгірбековтің спектакльді финалдан, яғни нәтижеден бастауында көп мән бар. Мұнда қазақ халқы үшін өте маңызды «ұрпақ жалғастығы» дейтін үлкен философия жатыр. Сүйгені Сәрсен екеуінің арасына кедергі келтіреді деген оймен сәбилі болмауды тілеген Шолпан бұл ойының өте қате екенін кеш біледі. Уақыт өте келе шарана аңсаған әйелдің ішкі дүниесінде оянған алапат аналық сезімі жеңіп, Әзімбайдан бала көтереді. Сөйтіп, қатыгез, терең ойлана алмайтын Сәрсеннің топас, пасық ойының құрбаны болады. Бұл – бізге шығармадан таныс оқиға тізбектері. Қ.Сүгірбеков болса М.Жұмабаевтың адамның сан қатпарлы психологиясын, бір отбасындағы әйел мен еркектің түрлі мінезін, өмірге деген түрлі көзқарасын, моральдық күйреу себептерін, философиясын символдық детальдармен жеткізеді. Ақ-қара құрттар, су тамшысы мен күннің күркіреген дыбысы, қасқырдың ұлыған үні, құлаған шаңырақ, тербелген бос бесік, найзағайдың жарқылы, т.с.с. – барлығының да функциясы режиссердің идеясына сәйкес келген. Сол сияқты режиссер осы қойылымы арқылы адам мен Жаратушының арасында тылсым байланыстың барын меңзеген.

2000 жылдары бас театрдың репертуарынан орын алған осындай мағыналы қойылымдарды сахналауда Қ.Сүгірбеков көп ізденді. Оның қолтаңбасына тиесілі спектакльдер саны жағынан аз болғанымен мазмұны жағынан күрделі, сапасы жағынан жоғары деңгейде болды деп айта аламыз. Жалпы пешенесіне жазылған қысқа ғұмырында ұлттық руханиятқа айырықша қарқынмен қызмет еткен Қ.Сүгірбековтің шығармашылығы қазақ театры тарихының жаңа беттерін құрайды. Оның әрбір спектаклі, идеялары мен сахналық-көркемдік шешімдері ұлттық режиссура өнерінде дара тұр.