Мақала
Режиссер шеберлігі. Қақтығыс
Қақтығыс (конфликт)
Бөлім: Театр
Датасы: 25.12.2016
Авторы: Әубәкір Рахимов
Мақала
Режиссер шеберлігі. Қақтығыс
Қақтығыс (конфликт)
Бөлім: Театр
Датасы: 25.12.2016
Авторы: Әубәкір Рахимов
Режиссер шеберлігі. Қақтығыс

Қақтығыс

(конфликт)

Өмір – толассыз қайталанулар мен шеңбер бойындағы мәңгілік қозғалыс. Тоқтауға межелеп қойған нүктең жоқ. Құладың бітті, өзгелердің аяқтарының астына тапталдың! Біздің тірлігімізде жасап жүрген бір қалыпты қозғалысымыздағы қақтығыстарды суреткер «драматизмге» жеткізеді. Пьеса - адамдарды драмалық әрекеттерге қатыстыру арқылы, олардың мінез-құлықтарын ашуды, өмірлік ұстанымдарын (авторлық позиция) жеткізуді мақсат тұтады. Драмалық әрекеттің неден туындап, неге әкеп соққандығының барлығын қақтығыс арқылы анықтаймыз. Кейіпкерлердің «іс-әрекеті» мен «мінез-құлықтары» да қақтығысқа байланысты, өмірдегіден өзгеше екпін-ырқақпен дамиды. Біреудің драмалық халін байқау дегеніміз: қақтығысты байқау және сол қақтығысқа сезім-тебіреністерімізді білдіріп әрекет ету. Сондықтан драматургияның ең басты шарты – ҚАҚТЫҒЫС (кейде тартыс ретінде де қарастырып жүрміз.) екенін ұмытпағанымыз абзал. Құр қақтығыстың өзі де драма бола алмайды. Қақтығыс адамның ішкі-сыртқы өзгеріс әсерлерінен болатын «жан-дүниесінің ширығуы». Шыңғыруы. Драмалық ситуацияны көру дегеніміз ондағы қақтығыстың элементтерін көру және соларға деген өзіңнің көзқарасыңды (қуаныш, реніш, қарсылық, қолдау,т.б.) білдіру. К.С.Станиславский: «Драма – автордың түсініктемелерін (ремаркаларын) және кейіпкерлердің өзара қақтығыстарын бейнелеу. ...Сөз әрекеттерінің үзілмес легі» - деп анықтама береді. Қақтығыс - өтіп жатқан оқиғаға, іс-әрекетке, айтылған пікірлерге кейіпкерлердің әртүрлі көзқарасынан туындайды. Әр адамның өміртанымы, талғамы, көздеген мақсат-мүддесі сан түрлі болғандықтан, қарапайым затқа да әртүлі пікір қалыптасады. Топ-топ болып өз дегендерін дәлелдеуге тырысады. «Өліспей беріспейтін» тартысқа түседі. Бұл дау-дамай топтардың арасында ғана емес, адамды өз-өзімен (ішкі жан-дүниесіндегі) драмалық қақтығысқа түсіріп, арпалыстырып қоятынын жақсы білеміз.

Қақтығыс - адамзат тіршілігінің бір көрінісі. Оның негізгі себебін рухани қанағатсыздықтан қарастырып жүрміз. Тіршілікте адам уақытша жағдайдан, белгілі бір оқиғадан, дау-жанжалдан туындаған қатығысқа ұшырайды. Ондай қақтыстың шешімін адамдардың араласуымен, болмаса өзінің іс-әрекетімен тауып жатады. Бұл қақтығыстардың көбіне сырттай нышандары басым болады. Жағдайдың билігінен туындаған қақтығыстар көркем әдебиет пен өнер туындыларының барлығында көрініс тауып келеді. «Қозы көрпеш-Баян сұлу» пьесасындағы қақтығысты алып қараңыз. Қарабайдың Баянды Қозыға емес, Қодарға бермек болуынан туындап отыр. Керісінше Қарабай ризалығын білдіргенде бұл іс оң шешімін табар еді. Олай болмай ақыры екі ғашық өліп, басқаша шешім тауып қайғымен аяқталды. Қақтығыс бітті. Ал, екінші бір шешімі табылмайтын қақтығыстарға да кездесіп жатамыз. Ол негізінен рухани қақтығыстар. Оның шешімі тарихи, не болмаса табиғи өзгерістердің еншісінде болады. Ас.Сүлейменов пьесаларындағы қақтығыстардың түпқазығы «идеалдың күйреуінде» жатыр. «Үштаған» драма диалогтарындағы үлкен өзгеріссіз шешімін таптырмас қақтығыстар: «халықтық мемлекеттің» - сыбайластардың билігіне, қоғамдық жүйенің - жемқорлардың жұтқыншағына айналғандығында жатыр. Қарсыласып қауқар танытқанымен жеке тұлғаның «жүйеге» шамасы келмейді. Көнбесе өзі құрбан болады немесе амалсыздан көніп, іштен тынады. Бұл қоғамдық жүйе бар да болатын мәңгілік қақтығыс. Қарабайдың жан-дүниесінде жатқан аса қауіпті қақтығыстың бары рас. Ол Сарыбайдың өліміне байланысты оны іштен тынуға мәжбүр еткен қақтығысы. Бұл оның жеке басының мәңгілік қатығысы. Одан ол «өліп те құтыла алмақ» емес. Өзге мысал келтірер болсақ қоғамдық жүйе мен әлеуметтік теңсіздіктерден туатын рухани қақтығыстардың шешімін тарихи өзгерістер ғана шешуі мүмкін. Оның өзінде түбегейлі шешеді деу қиын. Адамдар өз тағдырының пайдалы шешімі үшін, өзгелердің тағдырына қиянат жасамай тұра алмайды. Демек, бір қақтығыстың салдары келесі бір жаңа қақтығыстың себебіне айналатынын байқаймыз. Рухани қақтығыстың адам мінезінің қалыптасуына тікелей әсер ететінін ұмытпауымыз керек: кемтар адам, тұйық адам, заржақ адам, зымиян адам, т.т. Бұл атаулардың белгілі бір ішкі себебі тудырған, сырт дүниемен қақтығысы бар. Олардың мінез-құлқынан «туындаған» әрекеттері сол қақтығыстың сыртқы көрінісі. Осы бір адамдардың «мінездеріндегі ерекшелік» біртіндеп олар үшін сыртқы күштерден қорғанудың тәсіліне айналып кетеді.

Психологиялық реализмнің өкілі, ағылшындық жазушы Эдвард Форстер ( 1879 – 1970 ): «Патша өліп, артынан патшайым өлді десек, бұл тарих. Жай ғана сюжет. Ал, егерде: Патша өліп, артынан патшайым қайғыдан өлді десек, бұл енді драма» – дейді. Олай болатыны қайғыда қақтығысты тудыратын себептер (фактілер) жатыр. Драмалық қақтығыстың шарықтауы қайшылықтарды тудыратын себептердің толассыз туындауына тікелей байланысты екені айтпаса да белгілі. Осыны көптеген авторлар ескере бермейді. Э.Форстер айтқан ойдың алдыңғы шартын орындағанымен, соңғы шарттың шешуін қарастырмайды. Неге?.. Қалай?.. Қандай жағдайда?.. деген сұрақтарға жауап іздестірмейді. Сондықтан бірталайының жазғандары информация деңгейінен аспай қалып жататынын жиі байқаймыз. Пьесаға арқау етіп алған өмірдегі келелі мәселелерді (проблемаларды), кейіпкерлер арасындағы «бітіспес тартыстар», «ымыраға келмес қақтығыстар» тұрғысынан қарастыруымыз шарт. Драматург үшін қақтығыс - пьеса жазудың технологиясы емес, ақиқат пен болмысқа (действительность), қоғамдық қайшылықтар мен тарихи ағымдарға деген көзқарасы.

Американдық ақын, эссеші, эстет Джордж Сантаян (1863 – 1952 ) : «Романист-жазушы өмірдегі оқиғаларды адамдардың сана-сезімінің призмасы арқылы көрсе, драматург адамдардың сана-сезімін өмірдегі оқиғалардың призмасы арқылы көреді» - дейді. Былайша айтқанда жазушы өмірдегі оқиғаларға кейіпкерлердің ой-пікірі, іс-әрекетімен қараса, драматург кейіпкерлерінің ой-пікірі мен іс-әрекетінің себептерін өмірдегі оқиғалардың салдары ретінде қарастырады. Демек, драма өнері - өмірдегі өзгерістер мен қоғамдағы құбылыстардың адамдарға және олардың сана-сезіміне, іс-әрекетіне тигізер ықпалын ашып көрсетуі қажет. Драматургияның адам делебесін қоздырып қызықтырар құдіреті: «енді не болар екен?» -дегізіп, тағатын тауысып күттіруінде. Күдік пен күмәнға толы «құпияны» көріністен көрініске ширата отырып, пьесаның соңына дейін көрерменнің құштарлығын жоғалтпай алып баруында! Сахналық өмір – ой еңбегінің жемісі. Ал, кейіпкер: алдымен драмалық іс-әрекетті жүзеге асырушы, одан кейін барып - тұлға (жағымды немесе жағымсыз, т.с.).

Егер драма – төтенше жағдайларды көркемдеп жеткізер өнердің түрі болғанда, сюжет – суреткердің қақтығыстарды көрсетер құралы. Фабула – оқиғалар легінің жалаң қозғалысы. Сюжет – автордың оқиғаларға деген азаматтық көзқарасын кейіпкерлер арқылы беруі. Қақтығыстың қисынды түрде дамуы. Сезім тебіреністеріміздің тасқыны. М.Әуезов, Ғ.Мүсіреповтер драмаларына эпостар ( «Қара қыпшақ – Қобыланды», «Қозы көрпеш – Баян сұлу», «Қыз – Жібек» ) мен өзге авторлардың шығармаларын ( Шәкәрім Құдайбердиев. «Еңлік – Кебек» ) арқау еткенде, кейіпкерлердің ара-қатынасын қайта қарастырып, қақтығысты да түпнұсқадан өзгеше құрады. Сондағы оқиғаларға басқаша талап деңгейінен қарап, баға береді. Тар ауқымнан шығып, халықтық трагедия деңгейіне көтереді. Бұл олардың М.Горький айтқан: «әдебиеттің ең қиын жанры» драманы кереметтей меңгергенінің айғағы. Драматургтың жеңісі мен жеңілісі - пьесаның келелі мәселелерді көтере білуінде ғана емес, сол пьесаны қоятын театр ұжымының шығармашылық ізденістеріне, суреткерлік позициясына да тәуелді болады. Мұқаң мен Ғабеңдердің табысты еңбек етулері театрмен тығыз байланыста болғандығында жатыр. Пьесаларының көбі театрда жазылды. Өздері, режиссерлер мен актерлардан үйренуге, өз білгендерін үйретуге белсене араласты. Репетицияларда отырып кемшіліктерін түзеп, толықтырып, қайтадан жазып тер төкті.

Жақсы драматургия түрлі жанрлардың жиынтығы болуы керек. Өмірдің өзінде күлкі менен көз жасы, қайғысы менен қуанышы қатар жүрмей ме!?. «Қарагөздегі» келіншектер мен табақшылар, «Еңлік – Кебектегі » Жапал, «Ақан сері – Ақтоқтыдағы» Қоңқайдың көріністерін күлкіге көміле отырып көргеніңізбен, қаншама орындалмайтын арман, жанқайғысы жатқанын сезесіз. Ал, Чеховтың пьесалары ше! Комедия деп жазылған пьесалардан драма , тіпті кейде трагедиялық қойылымдар көріп жатамыз?!. Мүмкін Антон Павлович ол драмаларға күлкімен, ирониямен, басқаша көзқараспен, мүлде басқа ұғыммен қараған болар? Шығармаларының қатпарларынан А.П.Чехов меңзеген «шындықты» байқамаған шығармыз? Б.Майлинның пьесалары да терең, астарлы, құпия қазына емес пе! Советтік зобалаңды сатира садағына түйреген де өзге емес, осы өзіміздің Бейімбеттің шығармалары емес пе еді?!

Сізге қызық болуы мүмкін: