Мақала
Режиссер шеберлігі. Қойылым және көрермен
Қойылым және көрермен
Бөлім: Театр
Датасы: 06.02.2017
Авторы: Әубәкір Рахимов
Мақала
Режиссер шеберлігі. Қойылым және көрермен
Қойылым және көрермен
Бөлім: Театр
Датасы: 06.02.2017
Авторы: Әубәкір Рахимов
Режиссер шеберлігі. Қойылым және көрермен

Қойылым және көрермен

Көрерменнің театрдағы эмоциясы, күнделікті өмірдегіден өзгеше болады. Театр шарттылығына бағынып, көркемдік ойдан, автор және режиссер мен актердің қиялынан туған оқиғалар басқаша әсер етеді. Актердің де сезімі тіршіліктегіден бөлек. Адамға өмірде көз жасын әкелген тебіреністер оны қайғы мен мұңға бөлесе, сахнада соны көрсете білген сәтте, актердің өз ісіне деген шығармашылық қанағаты менен ризашылық сезімін тудырады. Демек, театрдағы көрерменнің көз жасы да ризашылықтан пайда болған оң эмоциялық сезімдердің жемісі. Мұндағы «қайғы» көрермен үшін тұрмыстық емес, поэтикалық әсер қалдыруы керек. «Қиялдан жасалған» кейіпкерлерге деген сенімнен, көргенін құптаудан немесе жиркеніштен туған көз жасы. Эстетикалық ләззәттан туындаған жағымды эмоциялардың жиынтығы. Өмірде қайғылы оқиғаны көргісі келмеген жұрт, соны сахнадан көруге асығады. Бұл өз кезегінде көрерменнің театрға ләззәтті сезімдерді, көппен бірге бастарынан өткізу үшін келетінінің дәлелі болмақ. Оның үстіне театр сахналық кеңістігімен, безендірілуімен, пластикалық шешімімен, музыкасымен, көз тартар әсерлі көріністерімен көрерменді баурап алады. Олардың жағымды эмоцияларына қозғау салады. Эмоциялық тазару процессінен өтеді. «Не істеді?» емес, кейде көрерменнің: «не деді?» деген сөздерін естіп жатамыз. Актердің залдағы халықты толық баурап алмай, сөзді мақсатсыз айтуынан, режиссердің сол тұстың қажетті сөз екпінін (акцент) таппағаннан кететін қателік. Сол тұста актер, не болмаса көрермен өзін бір сәтке босаңсытып, басқа бір ойдың жетегінде кетуі әбден мүмкін. Демек, режиссердің міндеті – көрерменнің қиялына қанат бітірер, ойына қозғау салар айқын да, әсерлі көркемдік шешімдерді көптеп табуында. Босаңсуына мүмкіндік бермеу. Актер мен режиссерге сахналық бейненің шешімін табумен қатар, көрерменді де қойылымның белсенді қатысушысына айналдыра білуі керек. Өмірде бәріміз белгілі бір: көрген, естіген немесе өзіміз тікелей араласып куә болған оқиғалар мен жаңалықтардың әсерінде боламыз. Соны өзгемен бөлісуге, айтып жеткізуге асығамыз. Ал, біз өзіміздің шығармашылық тәжірибемізде осы көргенімізді қиялымызбен толықтырып, көркемдеп «жаңалық» ретінде қолданамыз. Оның көрерменге тигізер әсерін де алдын ала сеземіз. Режиссердің көрермен қойылымның қай жерінде қандай әсер алатынын күні бұрын білгені жөн. Сонда ғана ол залдағы халықтың эмоциясын, өзінің айтпақ ойына бағындырып, дирижер сияқты басқаруына мүмкіндік алады. «Театр да бір мешіт» (Ас.Сүлейменов). Онда өтірікке орын жоқ. Тек ақиқат айтылар қасиетті орда. Біздің ой-қиялымыздың жемісі болған қойылымымыз ақиқатты айтуы керек. «Шыныдық көп, ақиқат жалқы» (Ас.Сүлейменов). Әркімнің өз шындығы бар. Режиссер мен драматург – ақиқатты іздеуші. Ч.Чаплин бірде Лондонда А.Эйнштейнді кездестіргенде: «Менің істегендерімді жұрт түсінгендіктен, маған бәрі амандасады. Сізді түсінбегендіктен амандасады» – деген екен. Эйнштейн ғалым ретінде бүгін түсініксіз болғанымен, болашақта түсінікті (онда да физиктер үшін) болар ғылми жаңалығын ашты. Ақиқатты өзінше дәлелдеді. Режиссура керісінше, адамдардың жан-дүниесіне қозғау салып, барлығына бірдей түсінікті болуға ұмтылады. Режиссер де ақиқатты ғалымнан өзгеше жолмен өзінше дәріптейді. Ғалым мен режиссерге ортақ қасиетті салыстырмалы теориясын (теория относительности) қалай ашқанын сұрағандарға А.Эйнштейннің: «Табиғаттың үні тым әлсіз болғанымен, менің есту қабылетім өте жақсы дамыған» – деген жауап сөздерінен табуға болар. Екеуі де тылсым дүниенің үнін естіп, сырын ашуға қызмет етеді. Ол ғылыми жаңалықты табиғат құпияларынан, режиссура адам жанының сырларынан іздестіреді.

Театр жеке адамның қоғамдағы орыны мен алар үлесін, саяси-әлеуметтік құбылыстарға арақатынасын көрсетумен шұғылданады. Қандай әділетті заң болмасын, бәрібір қоғамдық жүйе мен билік өкілдерінің мүддесін қорғайды. Жеке адамның жеңілісі мен жеңісі – қауымның, халықтың, ұлттың жеңілісі мен жеңісі. Көбіне «қоғамдық жүйе» атты диюмен (монстр) арпалысқа түскен жанкешті тұлға (личность) құрбан болады. Гамлет, Ромео мен Джульетта, Қозы мен Баян, Еңлік пен Кебек, Ас.Сүлейменовтың кейіпкерлері құрбандықтары арқылы өздеріндегі тұлғалық қасиеттерін сақтап қалды. «Қоғамдық жүйенің» ұсынғанынан өзге де құндылықтардың бар екенінін көрермендерге дәріптеп кетті.

Көрерменнің ой-толғамы, талғам-танымы сан қилы болғандықтан, театр қойылымдарындағы көтерілетін мәселелердің де ауқымы кең болғаны абзал. Бұл жерде көрерменнің таңдауы тағы да қойылымның жанр ерекшелігіне байланысты болатынын мойындауымызға тура келеді. Бүгінгі театр – көптеген жанрлар тоғысқан күрделі организмның өнер ордасы. Әр жанрдың өзінің атқарар мақсатына жетудің ереже-тәсілі, көрермендермен арақатынасының өзіндік құпиясы бар. Біздерде жанрларды сортқа бөлетін түбегейлі қате түсінік қалыптасқан: трагедияны – аса құрметті, салмақты жанр, драманы – орташа, ал, комедияны – жеңіл, арзан жанр деп қарайды. Әр жанрдың өзіндік ауыртпалығы болады. Оны меңгерудің өзі де туа бітті қасиетіңді біліміңмен ұштастыра білуіңе байланысты. Сондықтан болар трагедия мен драманы «келістіріп» қойған режиссердің комедияға өресі жетпейтіні. Комедияны дөп басқан режиссердің өзге жанрдан «сүрініп» жататыны да осыдан болар. Көрермен өнерді жанрына қарап емес, айтар ойы мен көркемдігіне қарап бағалайды. Бір қойылымнан көрерменнің сан-түрлі спектакль көруі ғажап емес. Аспандағы жұлдыздарды қалада дұрыс көре алмасақ та қиял көзімен елестетеміз де, далаға шықсаң самсап тұрған сан жұлдызды көргенде өзгеше әсерде боламыз. Түнгі қаланың жарықтары жұлдыздарды анық көруге мүмкіндік бермейді. Ал, дала да аспан кеңістігін көлегейлейтін өзге сәуле жоқ. Бірақ, әсері әртүрлі болғанымен ақиқат біреу – ол галактика. Көрермендер үшін театр әлемі де өзінше бір галактика.

Ұшқыш пен альпинистің биіктен, хирургтің қаннан қорықпағанындай театр қайраткерлерінің әртүрлі бағыттағы сыннан именуіне болмайды. Сыншылардың қойылымның жақсы болуына пайдалы кеңестерін беретіне сенуіміз керек. Дей тұрғанда, барлық пікірді дұрыс деп қабылдай беруден аулақ болуымыз да керек. Пікірлерді режиссер ой елегінен өткізіп мұқият саралауы қажет. Керегін алып, өңдеп, толықтырып қолдануға ықыласты болғанымыз жөн. Қойылымдағы айтылар ойыдың қандай формада, қай жанрда болмасын көрерменге түсінікті болып жетуі режиссураның міндеті. «Менің ойымды түсінуге санаулы адамдар болмаса, көпшілік көрерменнің өресі жетпейді» – деп, кеуде қағуға болмас. Өзін толық түсінер көрерменін күтіп бейнелеу өнері көркемдік қорда, тіпті кино өнері киноқордың сөресінде жата беруі ғажап емес. Ал, театр өнері олай ете алмайды. Себебі театр өнері – мәңгілік болғаныменен, қойылым – мәңгілік емес. Қойылымға өмір сыйлайтын да, бағасын берер басты сыншымыз да – көрермен! Театр өнері – көрерменсіз өмір сүре алмайды. Анда-санда әр театр өз көрермендерінің сұранысын білу үшін, сұрақтар ұйымдастырып жатқаны бұл мәселені толық шеше алмайтыны белгілі. Сондықтан, біз қазақстандағы театр өнерінің жүйелі түрдегі социологиялық зерттеуін жасауымыз керек.

Көрермен үшін театр – қойылымның афишасынан, атынан басталады. Сондықтан, қойылымның атында көрерменді қызықтыратын құпия сыр жатуы керек. Афиша – қойылымның төлқұжаты. Ал, театрға кірген көрерменнің қойылымның атмосферасына кіруі үшін барлық жағдайдың жасалуы шарт. Ю.П.Любимов өз қойылымдарын театр фойесінен бастайды. Мысалы: Дж.Ридтің «Әлемді дүр сілкіндірген он күнінде» театр фойесі толығымен 1917-жылғы Петроградтың аласапыранын көрсетер: солдаттар, матростар, сапырылысқан халықтың легіне айналып кеткен. Тіпті күнделікті билетердің орнына солдат пен кронштаттық матрос көрерменнің билетін винтовканың найзасына шаншып тұрады. Васильевтің «Бұл жердің мүлгіген таң шапағы» театр фойесіндегі зеңбірек гильзаларынан жасалған шырақтар, маскировкалар, 1941-жылғы соғыс атмосферасына кірген көрерменді залға қоңыраудың орнына, старшина Васьковтың дабыл қағуы (сирена тревоги) арқылы шақырады. Бағдарламысы да қойылымға сай жасалады. Трифоновтың «Пәтер айырбастау» («Обмен») қойылымының бағдарламасы кәдімгі пәтер айырбастайтын кезде толтырылатын қағаз-құжат (бланк) ретінде жасалған... Премьера қарсаңында режиссерлардың орындаушы актерларға: «Менің міндетім сахнаның кез-келген жерінен сендерді көрінетіндей етіп орналастыру болатын. Сендердің міндеттерің сахнаның кез-келген жерінен айтқан сөздеріңді көрерменге естірту» – деп, әзіл-шыны аралас тапсырыс беріп жатады. Бұл, айтылар сөзбен, атқарылар іс-әрекеттің жауапгершілігі туралы ескерту.

Көрермен де режиссер мен актерлар сияқты қойылымның тең дәрежелі авторы болғандықтан өзіне ерекше көңіл бөлінгенін қалайды. Администратордан бастап билетер, контрольер, т.б. қызмет көрсетуші адамдардың инабаттылығы мен ықыласты болғанын қалайды. Рухани байлық алуға келген әрбір көрерменнің қойылымды өз деңгейінде қабылдауы табалдырықтан аттаған сәттегі қарсы алудан басталады. Мәдениеті төмен қызметкердің қашанда театрдың абройына нұқсан келтірері анық. Ондай адамның театрда жұмыс істеуіне мүлде болмайды. Жақсы администратор – театрдың айнасы. К.С.Станиславскидің: «Театр – киім ілгіштен басталады» - деуі бекер айтылмаған. Театрды құдіретті өнер ордасына айналдыру көрерменнің қолында. Керемет театрды – кемеңгер көрермен жасайды. Кемеңгерлік – көркем ойды ұға білуде.

Сізге қызық болуы мүмкін: