Мақала
Қазақ қолөнерін қайта жаңғыртушы Құттыбек Жақып
Бөлім: Бейнелеу өнері
Датасы: 01.08.2024
Авторы: Айгерім Еспенова
Мақала
Қазақ қолөнерін қайта жаңғыртушы Құттыбек Жақып
Бөлім: Бейнелеу өнері
Датасы: 01.08.2024
Авторы: Айгерім Еспенова
Қазақ қолөнерін қайта жаңғыртушы Құттыбек Жақып
Түрік қағанаты топтамасы, Табыну. Құттыбек Жақып

Қазақ сәндік-қолданбалы өнерінің қайта жандануында тынымсыз еңбек етіп, үнемі шығармашылық ізденісте жүретін суретші-шеберлердің бірі – Құттыбек Жақып. Суретші гобелен өнерін жетік меңгерген шебер. Гобелен жұмыстары мен киізде, теріде орындалған көркем туындыларының тақырыптары бір-біріне өте ұқсас келеді. Кандай техникада жұмыс жасамаса да шебердің басты мақсаты сәндік-қолданбалы өнердің заманауи үлгісін көрсету, мәдени мұраны сақтау және сол арқылы тарихи сананы жаңғырту. Шығармашылығында жұмыстарындағы ерекшелікті түстер арқылы беріп, метафора арқылы бейнелеп, сәндік-қолданбалы өнердің дәстүрлерін жаңаша үлгіде ұсынып жүргенін байқаймыз.

Гобелен өнерін жетік меңгерген Құттыбек Тыныбекұлы шығармашылығы қазіргі таңда өзекті және дәстүрлі диалогтың жаңа деңгейін бейнелейді. Құттыбек Жақып – қазақ гобелен мектебінің негізін қалаушы Құрасбек Тыныбековтың інісі, ол қазақ тоқымашылық мектебінің үздік дәстүрлерінің мұрагері мен жалғастырушысы десек қателеспейміз. Гобелен өнерінде ұзақ жылдар бойы жұмыс жасап, соңғы жылдарда теріге бедерлеп сурет салу арқылы жаңа идеяларын жүзеге асырып келеді.

Автордың шығармашылығында әрдайым өткен мен болашақтың арақатынасы көрініс тауып отырады. Ол дәстүрлі өнердің тарихын, мән-мағынасы мен мазмұнын заманауи өнерге ұштастыра білді. Сәндік-қолданбалы өнердің мұрасын сақтап, жаңашылдығымен жаңа қырынан ашып көрсетті. Бұл суретшінің шеберлігінің арқасында жеткен нәтижелері десек болады.

Суретшінің теріге салынған жұмыстары көрермен назарына 2023 жылдың желтоқсан айында Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде «JaQut» атты жеке көрмесінің аясында ұсынылған болатын. Атаулы көрмеде суретшінің алпыстан астам туындысы қойылды, сол көрменің негізгі ерекшелігі автордың өзіндік шығармашылық өнертабысы – патенттелген техникасы: теріге «ойма сурет салу» әдісі болды.

Көрмеде ұсынылған терінің екі жақ бетіне де бейнеленген шығармаларының көркемдік бейнесі де екі қырлы екені танылды. Бірі – терінің табиғи жүнін қырып бедерлеу арқылы ойма сутер салып түсірсе, екіншісі – терінің екінші бетіне түстік композицияны майлы бояу арқылы бейнелеуі болып табылады. Автор тек теріге көркем туынды бейнелеп қоймай, сол жұмыстарында ұлттың тарихы мен мәдениетін көрсетеді. Қазақ бейнелеу өнеріне тың инновация алып келе отырып, теріні көркемдеп өңдеу технологиясын жандандырды. Олай дейтін себебіміз, қазіргі таңда тері көркем материал ретінде көп қолданыла бермейді. Тері материалы көркемдеу деңгейі ұзақ уақыт алатын, қажырлы еңбекті талап ететін күрделі материал болып табылады. Терінің түкті жағына қыру мен ою арқылы композиция жасап, ал түксіз жағына майлы бояумен көркем кескіндеме салуды елімізде тұңғыш қолданылып отырған сурешті.

Отбасы. 2019 ж. Құттыбек Жақып (көркем ойылған тері, аралас техника)

Құттыбек Жақыптың теріде орындалған ерекше жұмыстарының бірі «Түрік қағанаты» атты триптих топтамасы. Осы триптихке кіретін «Отбасы», «Табыну» және «Алтын адам сарбаздары» атты үш ауқымды тақырыпты қамтып шыққан көлемді туынды болып табылады. Триптих «Отбасы» атты композициядан бастау алып, орталықта шербермен қоршалған бір әулеттің бейнесін береді. Шербер шексіздік пен шаңырақтың қасиетті символдық мағынасын анық бейнелеп тұр. «Отан – отбасынан басталады» - деген қанатты сөздерді айқындап бергендей. Шербердің сырты қоршаған әлем, шексіздік бейнелеріне толы. Тамыры тереңде жатқан тарих пен жарқын болашақ, жүгірген аң мен ұшқан құста табиғат пен әлемнің айналымын толықтыра түскен. Суретші бұл жұмысында отбасы тақырыбын ашып қана қоймай, жалпы тақырып «Түрік қағанаты» екенін де «Көк Бөрінің» бейнесі арқылы нақты таңбалап көрсетеді.

Табыну. 2019 ж. Құттыбек Жақып (көркем ойылған тері, аралас техника)

Осы триптихтегі «Табыну» атты екінші жұмысы түстік түзілімі қоңыр қызыл, қара, ақсары түстерден құралған. Композицияның орталығы бірден назарымызды тартатын «Күн басты Құдай» бейнеленуімен ерекшеленеді. Автор бұл жұмысы арқылы тарих қойнауында орын алған табыну рәсімдерін бейнелейді. Көк аспан мен қара жердің шекарасы, екі әлемді байланыстырушы ұлы күштерге деген сенім мен сұраушы қолын жайып басын көкке көтерген екі адам бейнесі туындыға ұстамдылық беріп тұр. Алақанын көкке жайған адам бейнесіне назар аударсақ, аяқтары мен қолдарының бейнелік шешімі бірдей берілгенін байқаймыз, автор бұны жәй бейнелемеген бірден ұғынуға болады. Себебі, көкте тәңірге табынса, жерде де адамның аяғын нық басуына ықпал ететін табынушы күштердің бар екенін аңғартады. Көркемдік панно ретінде түстік шешімі рөл ойнаса, тарихты бейнелеуі арқылы мазмұндық қыры айшықталады. Міне, Құттыбек Жақыптың шығармашылығының ерекшелігі де осыда, жұмыстарындағы терең мазмұндық пен көркемдік шешімнің үйлесімді орындалуы.

Алтын адам сарбаздары. 2019 ж. Құттыбек Жақып (көркем ойылған тері, аралас техника)

Жұмыстың үшінші бөлшегі «Алтын адам сарбаздары» атты шығармасы. Сақ кезеңінің жәдігері Қазақстанның символы «Алтын Адам» суретшінің жұмысында символды шешім тапқан. Біз оның толықтай тұлғалық бейнесін көрмейміз тек, алдыңғы планда бейнеленген жауынгердің бас киімі арқылы түсіндіріледі. Керісінше басты назар артқы фонға ауып, сол жақта болып жатқан сарбаздардың шайқасы мен Ұлы дала көрінісі сол кезеңдегі Ұлы шайқастардың тарих бетінде қалғанын бейнелеп тұрғандай. Автордың туындысы тұнып тұрған тарих, шежіре мен дастан.

Құттыбек Жақып шығармашылығының маңызды қырларының бірі – өнер арқылы мәдени құндылықтар мен дәстүрлерді жеткізу, насихаттау болып табылады. Оның туындылары – дәстүрлі материалдарды сәндік-қолданбалы өнердің заманауи туындыларын жасауда еркін пайдалануға болатынын дәлелдеу. Құттыбек Жақып шығармашылығы Қазақстан ұлттық мәдениетінің дамуына қосылып жатқан маңызы зор үлес болып саналады деп есептеймін.

Сізге қызық болуы мүмкін: