Мақала / #студентСөзі
Алматы метрополитеніндегі тарихи құндылықтары
Бөлім: Бейнелеу өнері
Датасы: 13.12.2017
Авторы: Ұлан Байдаулет
Мақала
Алматы метрополитеніндегі тарихи құндылықтары
Бөлім: Бейнелеу өнері
Датасы: 13.12.2017
Авторы: Ұлан Байдаулет
Алматы метрополитеніндегі тарихи құндылықтары
М. Әуезов атындағы театр бекеті

Жер асты жолының М.Әуезов атындағы бекетіне кірген сәтте шаңырақ көтеріп жатқан жастардың мерей тойына келгендей боласың. Күту дәлізінің төрінде, тұрмыстық жанрда бейнеленген жұмыс, панно түрінде жасалған. Көрініс бір қарағанда барокка стилінде жазылған Батыс Еуропа суретшілерінің еңбектерін елестетеді. Театрдағы қойылым секілді, биік кең арка сахна іспетті. Қазақ халқының әдет-ғұрпынан хабар беретін жұмыс үш планға бөлінген. Композициялық құрылымы шеңбер бейнесінде құрылған. Орталығын шаңырақ астындағы жас жұбайлар айқындап тұр. Алдыңғы планды ортаңғы және артқы аяларынан жарық перспективасын түсіру арқылы ажыратқан. Көп фигуралы туынды әр түрлі сюжеттен құралған. Үшбұрышты ретінде де елестетуге болатын көріністің оң жақ бөлігінде шашуын шашып тұрған әженің, бойжеткеннің, кішкентай қыз және де ерлі зайыптыларды суреттеген. Аталған бөліктегі сюжет өзінше бір отбасы секілді. Ал олардың келе жатқан жас жұбайлардың алдынан шығып шашу шашып жатқандығы ақ батасын беріп, бақыт тілеп, шапағатын сыйлап тұрғандай. Туындының сол жақ бөлігіндегі сюжет бірліктері сәл өзгешелеу. Жиын тойға өнерлерін жаудырып, думандатып, салтанатын асырғалы келген сал серілер жиналып қалғандай. Бір қызығы қонақтар арасында аты аңызға айналған Қорқыт атаға ұқсас ақсалды кездестіресіз. Қолындағы қобызы оның расымен-ақ Қорқыт ата екенін айқындайтындай. Бір сөзбен айтқанда бір шаңырақ астына жиналған халқымыздың той үстіндегі өнері мен өмірінің айқын көрінісі суреттелген. Панннолық жұмыстың колоритін тарқатып айтсақ көптеген элементтері қызыл, сары, көк, жасыл түстермен боялған. Туындының өңі қоңырлау. Ол сары түске көк,жасыл,қызыл түстердің қосылуынан туындап сарғыш рең сыйлап тұр. Шығармадағы бұл түстерді автор шаңырақтан түскен жарықпен шебер үйлестіре алған. Сенімділік, қимастық, батылдық пен адалдықтың өсіп-өніп көркейудің бейнесін ашқысы келгендей.

«Жібек жолы» Бекеті. «Жібек жолы»

Өсіп-өну, көркею сөздерін мәдениетпен ұштастыратын болсақ, бүгінгі мәдениетіміз яғни бүгінгі өнер арқылы кешегі күннің мәдениетінен хабар беретін «Жібек жолы» аялдамасындағы б.з.б І мыңжылдықтағы Ұлы Жібек Жолын еске түсіретін керуен жолын бейнелеген панноны көре аламыз. Автордың шығармашылық идеясы уақытты немесе мезгілді көрсеткісі келген секілді. Себебі көрініс алғаш қараған көзге сағат секілді көрінеді. Керуеннің символы секілді болып кеткен түйенің образынан бөлек, салт атты адамдар да суреттелген. Мән беріп тамашалайтын болсаңыз, антик заманынан бүгінгі күнге дейінгі көріністерді бейнелеген. Метроның ішкі көрінісіне ерекше атмосфера сыйлап тұрғандай. Сол кездегі Жібек жолы секілді ұшы қиыры жоқ керуен жолдарын бүгінгі күні метро секілді көліктеріміз алмастыруы да мүмкін ғой. Сауда-саттық нәтижесінде өнердің де, мәдениеттің де өзгеруіне ықпал болғаны белгілі. Олай болса жылдар мен жолдарда түрлі нәрсе дамытқан бұл көріністің жер асты жолына бейнеленуі өте орынды. Автордың бұл туындысын басқаша етіп бейнелеу жараспайтын да сияқты.

Абай бекеті. «Абай»

Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Онан қашпақ керек: әуелі – надандық, екінші – еріншектігі, үшінші – залымдық деп білесің деген секілді Абай атамыздың қанатты сөздері жазылған қабырғада металмен оның бейнесі де бейнеленген. Металл сары түсті, образ алдымен ойылып кейіннен қабырғаға жапсырылған секілді. Ұлы ақын образы қандай туынды да болмасын қолына кітап алып, еңсесін тік ұстап насихат айтып тұрғандай бейнеде жасалған. Иығында шапаны, басына тақия киіп тұрған суреті сомдалған. Ақынның образын ашып тұрған қолына ұстап тұрған кітабы, қабырғадағы өлеңдері мен нақыл сөздері деп айтуымызға болады. Абай образын бейнелеуде автор оның аяғын үлкейтіп жібергендей. Кең иықты ақсақалдың аяғынан басына дейін қарар болсаңыз қандай да бір олқылық сезіледі. Дегенмен оны өлеңдерінің ортасында көрсетуі суретшінің шығармашылығындағы таптырмас идеясы деп түсіне аламыз. Адамның адамдығы істі қалай бастағанынан білінеді дейді, қалай бітіргенінен емес. Қабырғаның жоғарғы аясындағы ақынның бұл сөзі тиянақтылық пен ұқыптылыққа шақырады. Автор бұл жұмысты бастаған сәтте дәл осы ұқыптылыққа көбірек назар аударғанын аңғартады.

Райымбек батыр бекеті. «Райымбек Батыр»

Берілген мозаиканың тақырыбы «Райымбек батыр». Тақырыбына сәйкес қылқалам шебері бұл туындысында, ерліктің символы ретінде Райымбек бабамызды бейнелеген. Туынды портрет жанрына жатады. Композициялық құрылымына тоқтала кететін болсақ, көлденең бағытта салынған. Туындыдағы басты кейіпкер картинаның алдыңғы аясында орналасқан. Артқы аясына тоқталатын болсақ, мұнартқан тауларды көре аламыз. Бұлай орналасуының себебі менің түсінігімше картина авторы қазақтың кең жазира даласын суреттей отырып, өзінің еліне деген махаббатын көрсете білген.

Қара су қақ жарылып, жол беретін. Хас батыр атанған Райымбек батырдың атымен аталатын метро бекетінде батырдың мозаикасы жасалған. Эпостық жанрдың шығармасы. Ұлы жүз ішіндегі Алжан руының сырымбет тармағынан таралған. Батырдың көзсіз ерліктерімен тарихтан да, әдебиеттен де таныспыз. Оның осы образын, мозаикада ат үстінде жүйіткіп келіп, сол сәтте тоқтап тұрған шағын көрсеткен. Фондағы кең жазықтық, таулы өлке көрінісінің Алматы өңірі екендігі бірден байқалады. Туындыда сызықтық перспективаны шебер көрсете білген автор алдыңғы планда динамикалық қозғалысты суреттеген. Қатты жылдамдықпен келе жатқан тұлпардың аяқтары артқа қарай тартылып тұрғанына қарап, бір нәрседен сескеніп, кілт тоқтап қалғандығын аңғара аламыз. Батыр да оң қолын сол жақ кеудесіне қойып, қандай да бір әрекет жасауда. Мозаика колориті Б. Байділданың кейбір туындыларын елестететіндей. Үстіне жеңіл, қоңыр түсті сауыт киген.Туындының реңі қоңырқай түсті. Бұл түс оның жақтауларының себебінен іспетті. Жаз мезгілі кешқұрым уақыт деп айтуға да болады.

Сізге қызық болуы мүмкін: