Биыл қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың 175 жылдығы. Абай орыс мәдениетімен жақындасу арқылы қазақ мәдениетін жаңартуды көздеген. Сонымен қатар, өз шығармаларына қазақ халқының қоғамдық, әлеуметтік мәселелерін арқау еткен. Қазақ халқына еңбегі сіңген қайраткердің өмірі және оның шығармалары жайында басылымдар, кітаптар көптеп шығуда. Сондай-ақ, үлкен қалаларда ақынға арнап ескерткіштер орнатылған. Болашақ кинотанушы ретінде мені алаңдатып отырған басты мәселе – Абай жайлы көркемсуретті фильмдердің аздығы. Абай бейнесі көрсетілген фильмдер жоқ емес, бар. Мысалы: «Абай әндері» (режиссері Григорий Рошаль, 1945 жыл), «Абай» (режиссері Ардақ Әмірқұлов, 1995 жыл) және «Құнанбай» (режиссері Досхан Жолжақсынов, 2015 жыл) фильмдері. Бірақ бұл фильмдердің бір де біреуі Абайдың жеке өмірін, оның отбасын және еңбек жолын толыққанды көрсетпейді. Мұхтар Әуезовтың роман-эпопеясы бар, қазақ халқының қоғамдық өмірінде көрнекті із қалдырған кемеңгер Абай туралы фильм-эпопея жоқ. Қазақстандық режиссерлар осалдығын осыдан байқауға болады. Қазақтың қамын қазақ ойламаса басқа кім ойламақ?
Аталып отырған фильмдерден Абай өмірінің үш кезеңін бөліп қарастыруға болады:
- Ата-анасының, әжесінің қасында жүрген бала Абай «Құнанбай» фильмінде.
- Ер жетіп, сезімдері бүршік атқан жас Абай «Абай» фильмінде.
- Егде тартқан, шәкірт тәрбиелейтін жасқа жеткен дана Абай «Абай әндері» фильмінде
Егер шартты түрде алар болсақ, осы үш фильмдегі бас кейіпкер линиялары болашақ фильм-эпопеяның сюжеттік драматургиясына негіз болуға лайық дер едім.
Кәсіби кинотанушы болмасам да, бүгінгі бар фильмдерді негізге алып, Абай бейнесінің экрандық сипатына талдау жасап шығуға тырыстым.
Мұхтар Әуезовтың сценариі бойынша түсірілген режиссер Григорий Рошальдың «Абай әндері» (1945) фильмінің түсірілу жұмыстарына жазушының өзі тікелей қатысқандығы сезіледі. Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» романының бірінші кітабы жазылып, екінші кітабына дайындық жылдарына сәйкес келген фильмнің экранға шыққан жылы жазушының ақын Абай туралы өте көп деректерді жинауы да бұған себеп болған шығар. Фильмнің кейіпкерлері де, ондағы сипатталатын оқиғалар да соншалықты нанымды, реалистік мәнерде көрсетілген. Фильмнің қысқаша сюжеті: Абайдың ең жақсы шәкірті Айдар ата-бабалар заңын бұзған. Ол бейтаныс ауылдан жас жесір, әдемі Ажарды ұрлап кеткен. Халық ақыны өзінің шәкірті ата-бабаларының махаббат атынан заңын бұзып, ешқандай қылмыс жасамағанын сенімді түрде дәлелдейді. Фильм барысында кемеңгер Абай бейнесін терең ашып көрсететін сәттер баршылық. Мысалы: шәкірті Айдардың соққы астында қалған кездегі Абайдың қамқорлығы; Айдарға деген жанашырлығын нақтылау үшін ақын сипатының ірі планда көрсетілуі; ақсақалдар жиынында сот билігін қолына алған биге адами заң ережелерін ескерту сәті Абайдың даналығы; ел алдында беделі бар екендігі оны көпшіліктің қолдауы арқылы көрсетілген; қамқор әке ретінде баласы Әбішке (Әбдірахман) мейірімді; дарынды жас ақындар қатарында саналатын шәкірті Шәріптің теріс қадамдарына қынжылатындығы; жастардың ынтасын арттырып, олардың ақындық дарынын асқақтатуға деген құштарлығы, Абай мен оның досы дәрігер Иванычпен қоштасу сәтіндегі сағыныш сезімдері; Айдар қаза болғандағы Абайдың аса мұңды сәттері және би ретінде өзін әділдік үшін күрес жолында көрсете білгендігі фильмнің драматургиясына негіз болған. Бас кейіпкер Абай рөлін сомдаған актер Қалибек Қуанышпаевтың да шеберлігінде айта кеткен жөн. Актер Абай бейнесін және бейнесіндегі сезімдерді шынайы жеткізді. Физиологиялық жағынан: оның дөңгелек жүзді бет әлпеті, сақал мұрты, дене тұрқы, арқасын кеңге салып жүруі. Харизматикасы: анық, баяу, сабырлы, салмақты, нақты, әрі даналы сөйлеуі. Оның бұйымдары: тақиясы және иығындағы шапаны мен қолындағы сағаты. Осы аталған кинодетальдармен қоса, әдеби көркем сөз арқылы берілген диалогтар, оқиға өтетін орта сипатын нақтылайтын декорациялар бәрі-бәрі «Абай әндері» фильмінде өте орынды көрсетілген.
Келесі фильм режиссер Ардақ Әмірқұловтың «Абай» (1995) фильмі. Бұл Абайдың жастық шағын және оны белсенді шығармашылық тұлға ретінде қарастыратын, XIX ғасырдағы қазақ даласының өмірі, қоғамы және адами қарым-қатынастар туралы көлемді әңгіме. Фильмдегі Абай бейнесі: Абайдың әкесіне деген суық көзқарасы және оның айтқандарына қарсылық білдіруі; әкесіне теріс қарап кетуі; Абайдың атта шауып бара жатып жылауы; Тоғжанға деген сезімі оның көзқарасымен бейнеленуі; Сүйінбайдың үйінде Тоғжанға өлең оқуы; шайқас алаңында бейберекет тұңғиыққа батып жүруі; ағасы Тәкежанның Абайды ұру сәттері; Құнанбайдың болыстықты Тәкежанға емес Абайға қалдыруы; Абайдың болыстықтан бас тартып, оқуды таңдауы; әкесі Абайға орысшылсын дегенде Абайдың даналықпен жауап қайтаруы және бастысы - фильм соңындағы Абай өлеңі: «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан». Осы сәттер Абай бейнесін бұл фильмде де жақсы көрсетті. Бас кейіпкер Абайдың рөлінде Ғабиден Тұрақбаевтың – актерлік шеберлігі жақсы сомдалған. Бірақ, актердың түр әлпеті бас кейіпкер Абайдың бейнесіне ұқсамайды. Фильмдегі қателік - ол Абай бейнесі емес, көбінесе әкесі Құнанбай бейнесінің басымдығы. Фильм тақырыбы «Абай» болғанымен, Абай бейнесі әкесі Құнанбайдың көлеңкесінен шыға алмай қалған.
Келесі соңғы шыққан жаңа фильм режиссер Досхан Жолжақсыновтың «Құнанбай» (2015) фильмі – атақты дала кемеңгері, қарадан шығып хан атанған Құнанбай Өскенбайұлының өнегелі өмірінің бір кезеңін қамтиды. Абай бейнесі фильмнің соңында ғана көрінеді. Фильм соңындағы кішкене бір эпизод сезімдерге толы болды: біріне әже, біріне ана болған Зеренің жерленген жеріне Құнанбай мен Абайдың келуі; осы уақытта бала Абайдың Құран оқуы; сосын әкесі екеуінің жазық далада әңгімелері мен көзқарастары; сонымен қатар Абайдың әкесін тастап мешітке қарай жүгіруі. Осы бір эпизодтан Абайдың жүрегіне жақын деген сезімдерін табуға болады. Мысалы: әжесіне Құран оқуы оның әжесіне деген сағыныш сезімін көрсетеді; Құранды оқып білуі білімге деген құштарлығы; әкесін тастап мешітке қарай жүгіруі әкесінің басшылық жолымен емес, өзінің білім жолына түскенін көрсетеді.
Фильмдерді зерттей келе Абайдың мынадай бейнелерін анықтадым: бала кезден білімге, оқуға деген ниет; ержетіп өзін-өзі басқару және егде тартып шәкірттеріне тұлға, көпшілікке дана. Қорытындылай келе, Абай бейнесінің экрандық сипатының осы үш фильмнің арқасында азды-көпті ашылғанын көреміз. Абай өмірі мен шығармашылығын тұтастықта толыққанды қамтыған фильм-эпопея жанрындағы көркем фильм бүгінгі көрерменге жетпей жатыр. Қазақстандық жаңа заман режисерларының ұлы ақын Абай жайында бірде-бір фильм түсірмеулері үлкен кемшілік. Осы кемшіліктерді шешуге деген режиссерлардың талпыныстарының, ізденістерінің және сенімдерінің жоқтығына қынжыламын, жүрегім қанжылайды.