Мақала / #студентСөзі
Экранда еркін ойлы жастар киносы
Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА-ның "Өнертану" факультеті, "Кино тарихы мен теориясы" кафедрасының ұстаздары құрған "КINOMAN" киноклубында жас режиссерлер фильмдерінің көрсетілімдері ұйымдастырылуда. Сәуір айының 5 мен 26 аралығында (әр аптаның жұма күндері) өтетін іс-шарада Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА мен "Тұран" университетінде "Режиссура" мамандығы бойынша білім алып жатқан студенттердің курстық жұмыстары кинотанушы мамандар мен "Кinoman" киноклубының мүшелерінің назарына ұсынылады.
Бөлім: Кино
Датасы: 14.04.2019
Авторы: Айгерим Жумасагиева
Мақала
Экранда еркін ойлы жастар киносы
Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА-ның "Өнертану" факультеті, "Кино тарихы мен теориясы" кафедрасының ұстаздары құрған "КINOMAN" киноклубында жас режиссерлер фильмдерінің көрсетілімдері ұйымдастырылуда. Сәуір айының 5 мен 26 аралығында (әр аптаның жұма күндері) өтетін іс-шарада Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА мен "Тұран" университетінде "Режиссура" мамандығы бойынша білім алып жатқан студенттердің курстық жұмыстары кинотанушы мамандар мен "Кinoman" киноклубының мүшелерінің назарына ұсынылады.
Бөлім: Кино
Датасы: 14.04.2019
Авторы: Айгерим Жумасагиева
Экранда еркін ойлы жастар киносы

«Kinoman» клубының ұйымдастыруымен өтіп жүрген студенттік фильмдер көрсетілімінің кезекті бөлімі 12 сәуір күні «Тұран» университетінде өтті. Сыншылар мен көрермен назарына бұл жолы белгілі режиссер Нариман Төребаевтың шәкірттерінің курстық жұмыстары ұсынылды. Соңы өткір пікір-таластарға ұласқан  аталмыш көрсетілім бағдарламасына сонымен қатар Т. Жүргенов атындағы өнер академиясының «Режиссер» мамандығында оқитын студенттердің де бірнеше фильмдері енгізілді.

«Тұран» университетінің фильмдер бағдарламасы Самрат Иржасовтың «Цирк уродов» фильмімен басталды. Ұзақтығы 20 минутқа таяу фильмнің негізгі тақырыбы бүгінгі технологиялық революцияның себептерін көрсетуге арналған. Адамдар арасындағы рухани қарым-қатынасты құрдымға жіберуге бағытталған заманауи дәуір технологияның зардабы өте тереңде жатқанына фильмді көру барысында куә боласың. Режиссер мен оператор арасындағы шығармашылық үйлесімділік бар болғанымен де, автор ретінде фильм режиссерінің өзіндік бейнелік шешім ізденістері аса байқалмады.   Шығарманың идеясына негізгі күш жұмылдырылыпты. Фильмді талдау барысында режиссердың өзі айтқандай, бұл туындының негізгі идеясы – қазіргі уақытта қоғамда орын алған адамдар арасындағы салқынқандылық, қоршаған ортаға, айналадағы құбылыстарға деген немқұрайлылық.

Фильмнің сюжеті бойынша бас кейіпкер жас жігіт әлеуметтік желіде онлайн көрсетілім арқылы өзіне қол жұмсамақшы болады және көрермендері арнасына жазылушылар саны жүз мыңға жеткенде өлетінін айқын жариялайды. Әрі қарай оқиға желісі әркімнің осы жаңалықты құр жібермей, телефоннан басын алмай отырған көріністермен жалғасады. Тіпті, әлеуметтік желінің басшыларының өзі адамның өмірі емес рейтингін көтеріп алу үшін мүмкіндікті мүлт жібермеуді көздеген, кішкентай баласына мән бермей телефонына үңілген ана, дүкендегі сатушы қыз және полиция қызметкерлері мен басқа да қосалқы кейіпкерлер сипатындағы жастардың бақылап отыру көріністері бүгінгі заманның ащы шындығын, қоғам мүшелерінің шынайы өмірдегі адамгершілік қарым-қатынастарына терең сызат түскендігін айқындап береді. Фильмдегі құдай, дін тақырыбында айтылған диалогтар мен кейіпкерлердің болмысындағы сатиралық элементтер сәтті атмосфералық кеңістікті қалыптастырып тұр. Фильм студенттің деңгейінде жақсы жасалған.

Көрсетілім бағдарламасындағы келесі фильмді триллер, шым-шытырық, қорқыныш жанрларының қосындысы деп бағалауға болады. «В зеркале» фильмінің авторы Айдар Мұратов орталық кейіпкерін айнада бейнеленген сұлбасына сұқтана беретін қыздың ролінде көрсете отырып, сана-сезімі өзіне бағынбайтын жағдайға жеткен тұста қиялдағы сүлбесі шын мәнінде айнадағы кейіпкерге айналып кеткендігін триллер заңдылықтарымен беруге тырысқан. Қазіргі заманда адамдардың, әсіресе, жастардың ұялы телефоннан өздерінің бейнесіне сәт сайын бағдар жасап, сұлулығына көз жүгірте беретін, нәтижесінде терең психологиялық ауытқу жағдайына душар болатын келеңсіз мәселелерін орынды қозғаған. Туындының құндылығын көтерген операторлық жұмыс екенін бірден айта кетейік. Себебі, айнамен бетпе-бет келе беретін кейіпкердің әрекеттері техникалық тұрғыдан күрделі. Түсірілім барысында осынау қиын көріністерді операторлар Ахат Бектұрғанов пен Ерназар Мағамбетов кәсіби деңгейде атқара білген. Фильмде кейбір графикалық көріністерді пайдаланған. Әрбір көрініс пен кейіпкер жанынан шыққан монологтар фильмнің негізгі идеясын аша түскен. Дыбыстық шешімдердің де алар орны маңызды болып тұр. Фильмде бір ғана кейіпкер ойнайды. Актрисаның айна арқылы ішкі және сыртқы екі кейіпкерді сомдай білуінің өзі студенттік фильм үшін үлкен жетістік.

Мырза Бейсембекованың «Последние дни Евдакий» деп аталатын фильмі А. Чеховтың «Шенеуніктің өлімі» атты шығармасының желісімен түсіріліпті. Фильмде шығарманың негізгі ойы ғана алынған, жалпы бүгінгі күндегі тіршіліктің сұлбасы экранда көрсетіледі. Сюжет бойынша Евдакий атты жігіт бастығынан кешірім сұрағысы келеді және анасы екеуінің қарым-қатынасы суреттеледі. Режиссер кеңістікті таңдауда ерекше тәсілге барған. Сырт келбеттері мен киімдері заманауи жандардың тұратын үйлері өте жұпыны. Бұл адамдардың ішкі рухының өте жұтаң тартқанын бейнелік шешімдер арқылы бергені десек қателеспейміз. Басты кейіпкер оқиға арасында жүріп, камераға тіке қарап өз өмірінен және жағдайлар туралы ойларын да айта жүреді. Бұл тұрғыдан баяндау тәсілін қолданған. Фильмде бастық мүлде көрінбейді. Оны тек қана күтіп жүрген кейіпкерлерді ғана байқаймыз. Режиссер өзінің кейіпкері арқылы бүкіл көрермендерді күтуге ұмтылдырғысы келеді. Дегенмен, әлі де болса піспеген туынды болғандықтан, нақты экрандық бейнелер көрерменді баурап алуға жетпей тұрғандай. Кадрлар динамикаға толы, монтаж бен операторлық жұмыстың жақсы тұстары фильмнің ажарын аша түскен.

 

«Тыныштық». Келесі тамашалаған фильм дәл осылай аталады. Ажар Ибраева мен Айдар Мұратовтың туындысында отбасылық мәселе кішкентай қыздың көзқарасы тұрғысынан көрсетілген. Ерлі-зайыптылардың ара-қатынасы шырқау шегіне жетіп, екіге айырылысады. Ал, кішкентай қыз осы оқиғаны өз жанымен түсініп, өзінше шешімдер шығаруға тырысады. Анасының көшедегі қораптан тауып алғанмын деген алдауына сеніп қалған қыз, ересектер әлеміндегі ұрыс-керістен алыстап, өзінің тыныш қораптағы әлеміне барғысы келеді. Тіпті, барады да. Бірақ, әке-шешеге деген сағынышының әсерінен өзінің қуыршақтарымен қақтығысқа түседі. Фильмнің айтар ойы мен сюжеті осындай, режиссерлік тұрғыдан жетпей қалған тұстары біршама. Фильмдегі ең осал мәселе актерлердің ойыны. Анасы мен қызының ойыны кино тіліне мүлде керағар, телевизиялық сарында жасалғандай әсер берді. Интерьер мен натурадағы көріністердің жеңіл әрі толыққанды жасалмағандығы да фильм атмосферасының әлсіз болғанынан хабардар етеді. Жалпылай алғанда жас студенттердің ұмтылысы қуантады.

Нариман Төребаевтың «Кішкентай адамдар» фильміндегі комедиялық элементтерге біртабан жақындаған, сатиралық бағытта түсірілген «Озар» фильмі ойдан шығарылған ырым жайында. Ырым бойынша баласы үшке келгенде өзгенің баласы екеуін үлкен дәретке отырғызып жарыстырады. Фильмдегі сатиралық тақырыптар тек қана бала төңірегінде емес отбасылық мәселелерді және гендерлік саясатты да қозғай өтеді. Орыс тілі мен қазақ тілінің мәселесін керемет тәсілмен көрсете білген. Фильмдегі ырымды суреттеу барысында кейбір қазақтардың ойында расымен осынау ғұрып бар ма деген ой қалыптасатыны анық. Өйткені, көріністер мен кейіпкерлердің деректі кино жанрына жақын оператормен тікелей сұхбаттасып жүруі сенімді қалыптастырады. Фильм көрермендерді өте терең әрі юморға толы диалогтары арқылы сергітіп тастағандай болды. Фильмнің режиссері Зарипова Айдананың айтуынша күнделікті өмірде болып жатқан жағдайларды сатиралық көріністер арқылы көрсетуді көздепті. Фильм көркемдік тұрғыдан үздік болмағанымен деректі фильмнің элементтері арқылы жаңа стиль қалыптастырған.

Жалпы, «Тұран» университетінің жастары өздерінің туындылары арқылы еркін ойлы, жаңа заманның киносын жасауға қауқарлы екендіктерін байқатты. Барлық көрсетілген фильмдерді қарастыра отырып,  ортақ шешім ретінде көркемдік деңгейдің әлі де болса төмен екендігі анық байқалатынын аңғаруға болады. Сөз соңында кез келген өнер туындысы көркемдік тұрғыдан ғана бағаланатынын ескеріп, Нариман Төребаевтың шәкірттеріне ұстазының жеткен деңгейінен де жоғары кинотуындылар жасауға ұмтылыңдар деп тілек білдіріп, шығармашылық табыстар тілейміз.