Мақала / #студентСөзі
Заманауи фильмдердегі жастар бейнесі
Бөлім: Кино
Датасы: 03.05.2016
Авторы: Еркінай Смаилова
Мақала
Заманауи фильмдердегі жастар бейнесі
Бөлім: Кино
Датасы: 03.05.2016
Авторы: Еркінай Смаилова
Заманауи фильмдердегі жастар бейнесі

Бүгінгі қазақ киносынан жастардың екі түрлі бейнесін байқауға болады. Біріншісі арман-мақсаттары орындалған оқу-білімді мақсұт еткен жастар болса, екіншісі өз өмірлері үшін күресетін яғни армандары күнделікті өмір сүру қарекетінің қатпарында қалып қоятын жастардың бейнесі. Оларды осы екі түрлі іс-әрекетіне қарай отырып шартты түрде «Болашақ» және «Кішкентай мүдде» деп атасақ та болады.

«Болашақ» білім грантына ие болу, бүгінгі күнде көп жастың арманына айналған. Қандай да бір жетістікке жетуді мақсат еткен жастар шет елде білім алуды армандарының орындалу баспалдағына айналдырған. Біз сөз еткелі отырған фильмдерде тек «Болашақ» грантының төңірегіне айналшықтаған жастарды көрмейміз. Алайда, бәрінің арманы жоғарыда айтқанымыздай білім алу, көп тіл меңгеру, жақсы жерде жұмыс істеу секілді «мәселелер» көрсететін фильмдердің кейіпкерлері нақ сол «Болашақ» грантын ұтуды көздемесе де, оның бағдарламасы (тармақшалары) сол жастардың өмірлік бағдарламасына айналып кеткен. Айталық жуырда экранға шыққан «Он алты қыз» (реж: Қанағат Мұстафин) фильміндегі жапон тілін меңгеріп, Жапонияда мансап жасауды армандайтын қыз, сұлулық байқауындағы арудың сән бикесі болуды қалайтыны және «Замуж в 30» (реж: Асқар Бисембин) фильміндегі банкте қызмет істейтін, аяғында бірнеше тілді меңгеріп алатын қыз осы сөзіміздің дәлеліндей. Қарап отырсақ, аты аталған бұл картиналар айтарлықтай мәселе көтермейді. Білімді, жақсы қызметтері бар кейіпкерлердің бір ғана проблемасы бар, ол – махаббатта жолы болып, отбасын құру. Мүмкін, режиссерлер мансап қуып, жеке өмірін екінші планға қойып отбасы құруға асықпайтын жастар көбейіп бара жатыр дегенді айтқысы келген болар.

Айтып отырған фильмдеріміздің барлығы коммерциялық бағытта түсірілгендіктен, көтерген тақырып қарапайым көрермен түсінігіне жеңіл қабылданатындай, өнімнің өтімді жағын көздейтіндері белгілі. Кейіпкерлер бейнесінің жасалуы, киноның бағытына да байланысты екенін ескергеніміз жөн болар. Өмірлері позитивке толы кейіпкерлердің бүгінгі жас көрермендерге мотивация ретінде керек екенін, әрі аталған нәрселер (білімділік, жан-жақтылық, көп тілділік) бүгінгі заман талабы екендігін жеткізіп, қоғамның көрінісіне айналдырғанын ескерсек, бұл фильмдердің де өз деңгейінде белгілі бір орны бар екенін де айта кеткеніміз дұрыс.

Аталған тобымыздың тура мағынасына келетін фильмдер де баршылық. 2011 жылы «Болашақ» білім бағдарламасын жарнамалау мақсатында түсірілген «Ради будущего» (Ерлан Сағын) фильмінде «болашақтықтардың» шет елдегі тіршілігі мен отанына қайта келіп қызмет ету сәттері көрсетіледі. Дәл сол сияқты Рашид Сүлейменовтың «Дорога домой» туындысы да шет ел асып, мансап қуған басты кейіпкер Мақсаттың туған жеріне қайта оралуын баяндайды.

Қазақ кинематографиясында «кішкентай адамдар» ұғымымен әйгілі “art cinema” фильмдердің кейіпкерлерін сол ұғым аясымен «кішкентай мүдде» деп атадық. Нариман Төребаевтың фильмімен аттас «кішкентай адамдар» атауын, «кішкентай мүдде» деген атпен қосарлайтын болсақ: «Кішкентай адамдар» Н.Төребаевтың көрсетуінше адам болмысындағы әлсіздік, қарекетсіздік, мақсатқа деген ұмтылыстың жоқтығы. Мысалы, «Кішкентай адамдар» фильміндегі екі жігіт көшеде майда-шүйде заттар сатып күн көреді. Мұндай күйбең кешуіне жұмыссыздық себеп дегенімізбен шын мәнінде оларлың ішкі рухы, азаматтық, адамдық болмысының төмендігі кінәлі еді. Мардымсыз тірлікпен тапқан ақшаларына «қыз жалдап» уақыт өткізетін олардың жетістікке жетуіне кедергі – тек өздері. Режиссер олардың осындай «майдалығын» көрсете отырып, қоғамды кінәламайды, кейіпкердің ішкі рухына үңіледі. Сол үшін де олардың рухани әлсіздігіне, өмірге деген немкетті көзқарасына қарап «кішкентай адамдар» деп аталған болатын. Ал «кішкентай мүдде» керісінше...

Қоғамдағы саяси-әлеуметтік мәселелерді жеке кейіпкер трагедиясымен жеткізетін “art cinema” фильмдерінің басты кейіпкерлері көбінде жастар болып келеді де, олар күнделікті өмірдің қарекет-қамы үшін, қоғамдық «бопсалау», «әлімжеттіктермен» күресіп жүреді. Мысалы: Әділхан Ержановтың «Үкілі кәмшат» («Хозяева») фильміндегі ағайындылар баспана үшін, далада қалмаудың қамымен айналасындағы полиция, дәрігер секілді т.б адамдармен тартысқа түседі. Олардың бар мақсаты үйге ие болып қалу болса, дәл сол сияқты «Строители» (режиссер: Ә.Ержанов) фильмінде де ағайынды екі жігіттің («Үкілі кәмшат» осы фильмнің жалғасы іспетті) қолдарындағы бар дүниесі – жер телімін сақтап қалудағы жанталас көрсетіледі. Оқусыз, жұмыссыз жастарға армандаудың өзі армандай көрінетін бұл фильмдердің кейіпкерлерін өмір сүру, өз мүддесі жолында күрескер бейнелер ретінде көре аламыз. Дегенмен бұл жанрдағы немесе бағыттағы фильмдердің кейіпкерлерінің бәрі мүлде мақсатсыз, армандары жоқ жастар деп те айта алмаймыз. Олардың болашақ жайлы армандары бүгінгі күн тіршілігінің көлеңкесінде қалып кеткен. Біз олардың сыртқа айқын көрсете алмаған ішкі армандарын сезіне аламыз. Сол сияқты Серік Әбішевтың «Куәгер» («Свидетель дела №6») фильміндегі басты кейіпкер Ербол (Ерболат Ержанов) туыстарының «қолбаласына» айналған. Сол үйдің қара жұмысын істеп күнелтетін оның арманы да оқуға түсу болатын. Мұны кейіпкер ашып айтпаса да, қылмысты кісіден ақша өндіріп алуды көздеген полиция қызметкерінің айтқанына келісіп, куәгерлік етуінде анық болмаса да бір мүдде бар еді. Ол полиция қызметкері айтпақшы берілген ақшаға оқуға түсудің жолын қарастыру немесе жалшылықтан кетіп өздігінше күн көру мүддесі. Әрине, фильмнің айтқысы келген басты нәрсесі ол емес, алайда Ербол арқылы адамның өмір сүру мүддесі жолындағы күрескер бейнені көре аламыз. Ерболдың қалаға келудегі басты мақсаты – оқуға түсу болғанымен ол арманының аяқ асты болуына ақша, парақорлық, әділетсіздік себеп болған. Демек бұл кейіпкердің арманы бар бірақ оны іске асыруға амалы жоқ. Әділхан Ержанов та, Серік Әбішев те қоғамдық қысымның жеке адамға түскен салмағын айта отырып, кейіпкерлерін ақтап отырады. Яғни, олардың соншалықты дәрменсіз күйге түсуіне өздері емес, қоғам және ондағы саяси-әлеуметтік мәселелер себепкер. Міне, ол кейіпкерлерді «кішкентай мүдде» деп атауымыздың себебі де осы мүдделер қақтығысы тұрғысынан алуымызда. Сонымен, «кішкентай адамдардың» сәтсіздікке ұшырауларына, үнемі жолдарының болмауына, мәнсіз тіршілік етулеріне кейіпкердің өзі кінәлі болса, «кішкентай мүдделер» қоғамдық ортадағы нәтижесіз көп күрестің кесірінен жапа шегетіндер дедік. Ал «болашақ» кейіпкерлер үшін екі кедергі де жоқ секілді немесе олар «кішкентай адамдардың» бойында жоқ рухы болмысында бар, «кішкентай мүдделер» жеңе алмаған кедергілерден өтіп жеңіске жетушілер тобы.

Осы орайда біз мысалға келтіріп отырған фильмдердің кейіпкерлерін белгілі психолог Абрахам Маслоудың қажеттіліктер пирамидасы бойынша деңгейлеп көруге болады. Оның тұжырымдауынша пирамиданың ең төменгі сатысы адамның физиологиялық қажеттіліктері: су, тамақ, ұйқы секілділерді жатқызса, екінші сатысындағы қауіпсіздік, қорғаныс біз айтып өткен «кішкентай мүдде» кейіпкерлері осы екі сатының арасында жүр. Оларды «махаббат», «шығармашылық», «өзін-өзі дамыту» сияқты деңгейден көре алмайтынымыз да сондықтан. Адамның басты қажеттіліктері, тұрмыстық тапшылықтың салдары ондай мүмкіндіктерге қол созуға мұрша бермейді. Ал «Болашақ» кейіпкерлеріне «тамақ», «баспана» сынды қажеттіліктер мәселелер тудырмайды, олар А.Маслоу пирамидасының жоғарғы деңгейінен орын алатыны да содан.

«Қазақфильм» киностудиясында түсірілген «Жол» фильмі жетістікке жеткен және күрескер жастар бейнесін бірдей беретін бір туынды ретінде атап өтуге тұрарлық. Жасынан кәсіби боксшы болуды армандайтын Темірлан көп күрестің нәтижесінде мақсатына жетеді. Оның күресі бокс алаңында ғана емес, қоғамдық қысым яғни күштілермен (мафия) күрес, тұрмыстық таршылық ортасында өтеді. Бұл кейіпкерді екі топқа да жатқызатынымыз сол, айналасындағылармен өз өмірі үшін де, мақсат-арманы үшін де күреседі (бұл «кішкентай мүдде» тобындағы кейіпкерге тән нәрсе болса) әрі жауларын жеңіп, мақсатына жетіп, сүйгенімен бірге күн кешеді (бұны «болашақ» жастар тобы бейнесіне қосуға болады). Қысқа қайырсақ режиссер Асқар Ұзабаев Темірлан бейнесімен заман талабына сай, мықты кейіпкер (герой) жасауға тырысқан.

Қазіргі қазақ киносындағы жастар бейнесіне жетістікке жеткен немесе білім қуған және күрескер бейне ретінде осындай топшылаулар жасай отырып, бүгінгі жастардың заманауи жаңа бейнесін көре аламыз.