Мақала
«Қазақ киносының тарихы» (IV.III)
IV.Қазақ ұлттық кино өнерінің дамуы (1950-1970) 4.3.Ұлттық эпос және фольклор шығармаларының экрандалуы
Бөлім: Кино
Датасы: 21.07.2017
Авторы: QAZAQ KINOSY
Мақала
«Қазақ киносының тарихы» (IV.III)
IV.Қазақ ұлттық кино өнерінің дамуы (1950-1970) 4.3.Ұлттық эпос және фольклор шығармаларының экрандалуы
Бөлім: Кино
Датасы: 21.07.2017
Авторы: QAZAQ KINOSY
«Қазақ киносының тарихы» (IV.III)

Гүлжан НАУРЫЗБЕКОВА

Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА профессоры, кинотанушы


Ұлттық эпос және фольклор шығармаларының экрандалуы

Өнер ағымдары арасындағы байланыс мәдениет мұраларына, ұлттық сана-сезімде жылдар бойы жалғасын тауып келе жатқан жергілікті халықтың салт-дәстүрлер қазыналарына қалыпты жағдайдан басқаша, әлдеқайда тереңірек қарауға мүмкіндік береді.  Өткен ғасыр кино өнерінің дәуірі болды. Осы кезең аралығында, әсіресе, кинематограф пен  әдебиет арасындағы байланыс өзінің сан қырлылығымен ерекшеленіп отыр.

Кейіпкер дүниесінің поэтикалық табиғатын суреттеу әдістері барысында әдебиеттің кино заңдылықтарына қосар үлесі баршылық. Әдебиет мұралары, әсіресе, ауыз әдебиеті мұралары бұл тұрғыда таусылмас бұлақ көзі іспеттес. Ғасырлар қойнауынан бүгінгі күнге жеткен эпостық шығармалар халықтың ұлт ретінде өзіндік ерекшелігін, ұлттық танымын, әдет-ғұрпын ұрпақтан ұрпаққа  тәрбиелік маңызын жоғалтпастан жеткізіп отыр. Кинематограф  осы бай мұраларды  кино тілінің бар мүмкіндігін пайдалана отырып жаңа қырынан жандандыра білді.

Қазақ киносының даму тарихының бастапқы сатысында  ұлттық режиссура мектебінің қалыптасу құбылысы халық ауыз әдебиетінің інжу-маржаны «Қозы Көрпеш Баян сұлу» лирикалық жырының  желісі негізінде түсірілген «Махаббат туралы аңыз» (1953ж) фильмімен тығыз байланысты. Бұл туынды қазақ киносының  тұңғыш режиссеры Шәкен Аймановтың  тырнақалды бірінші  фильмі. Осы кезеңнен бастап әдеби шығармадан экрандау құбылысы біртіндеп өрлеп, алпысыншы-жетпісінші жылдар тұсында жеделқарқын ала бастады.

Елуінші жылдардан бастау алатын  ұлттық режиссура мектебінің қалыптасып, нағыз шарықтау тұсы  алпысыншы жылдардың екінші жартысы және жетпісінші жылдар тұсына сәйкес келді. Қазақ киносының  тарихында эпостық шығармадан экрандаудың ең үздік үлгісі «Қыз-Жібек» (реж.Сұлтан Ходжиков) фильмі 1970 жылы экранға шығады.

Бұған дейін әдеби шығармадан экрандаудың тәжірибесін Мұхтар Әуезовтың романы бойынша түсірілген «Шыңдағы шынар»(1965ж) фильмінен жинақтаған режиссер Сұлтан Ходжиков «Қыз-Жібек» фильміне үлкен дайындықпен келеді. Жылдар өткен сайын құндылығы артып отырған бұл фильмнің ерекшелігі оның ұлттық мазмұн тереңділігінде деп бағалау керек. Ал, бұл тереңділік кино тілінің сипатымен келетін бірқатар суреттеу әдістері арқылы қамтамасыз етілген. «Қыз-Жібек» фильміндегі кинодеталь жиынтығы ұлттық таным ерекшелігіне сай этнографиялық элементтерден құрастырылған. Алғашқы кадрлардан көретініміз- фильмнің аты көне араб әріптерімен берілген. Бұл таңбалық жазулар «Қыз-Жібек»  жырының 1900-жылы Қазан қаласында жарық көрген жазба вариантына сәйкес келеді.

Қазақ халқы байырғы заманда жаугершілік пен табиғаттың қатал қыспақтарынан талай зардап шеккен. Экранда көрініс алған титрдан кейінгі алғашқы кадрлар қазақ жерінде үнемі қайталанып отырған  сырт ел шапқыншылығы салдарынан  пайда болған ойылым-ойылым даланың сиқымен беріледі және бұл көрініс  кадр сыртынан келіп тұрған   қобыз, сыбызғы, домбыра сияқты ұлттық аспаптар үндерінің әуезді  үйлесімділігімен өрнектелген. Ірі планмен берілген кадрда сойыл жерге құлап түскен тұста жасырын пландағы кейіпкердің «аруақ!»-деген жан дауысы өте әсерлі шығады. Панорамалық көрініс сыртынан  домбыра демеуімен  ақын жырлауының зарлы үні құлаққа келген тұстарда экранда жау жапқыншылығынан жермен жексен болып жатқан  қазақ ауылының сұрықсыз сипаты беріледі. Жұртта шашылып қалған  дүние-мүлікті аса түнерген кейіппен  «түгендеп» жүрген Шегенің  жан  қайғысы анда-мында теңкиіп жатқан бесік, шаңырақ «сынықтарының» көріністері арқылы қайғылы кадрларды  аса қоюландыра түседі. Дыбыстық қатармен беріліп отырған зарлана шыққан  жыр жолдары  құлаққа келіп жатқан тұстарда камера «көзі» орта планмен ақырын жылжып қаралы жұрттың мына сиқына үнсіз тұнжырап тынып тұрған Жібек көшінің көрінісіне баяу алмасады, тау-жоталарды аралайды, бірте-бірте алыстан көзге әрең шалынар тарихи көне ескерткіштерге ұласады.

Ұлттық әдет-ғұрып белгілері киношығарма сюжетіндегі мазмұндық алмасу тұстарында, әсіресе, айқын байқалады. Мысалы,  бір кадрларда ұзақ жолдан шаршаған Сырлыбай көшінің дамылдап, аз ғана уақытқа дем алуға тоқтаған сипатын көреміз, тірліктерін қамдап жатқан адамдар арасында атын жетекке алып Жібек келеді. Алшақ жерде биіктеу төбе басында  Жібектің әкесі тұнжырап отыр.

«Бәйбіше», - деді бір кезде Сырлыбай дауысын мейлінше қатаңдау шығарып, «-Ел шыдамы таусылды. Жалғызың болса да, жібер Жібекті, бір хабарын біліп келсін»-деді де, бәбішесіне алыс жолға жарамды сусын құйылған оюлы торсықты ұсынады.  Келесі кадрлардан көретініміз, әкесі берген торсық Жібектің атының қанжығасында келеді... Ондағы сусынның өз сыры бар, ол - қазақ халқының ежелден келе жатқан  салт-дәстүрі бойынша алыста жорықтан жеңіспен қайтқан жауынгерлерінің жақсы хабарын алғаш жеткізген адамға алдынан сусын алып қарсы алу. Жібектің қанжығасындағы торсық та осы мақсатпен алғашқы хабаршысын іздеп «жолға шыққан» еді... Фильмдегі келесі кадрлар  осы айтылғандардың дәлелі іспеттес. Жібек бастаған қыздар тобына ең алдымен  «Сүйінші! Біз жеңдік!»- деп жар салып келе жатқан Бекежан жолығады. Оған Жібек әкесі аманат еткен торсықты өзінің әсем күлкісімен қуана-қуана  ұсынады...                     Қазақ халқының қанына сіңген әдемі әдет-ғұрыптың тағы бірі- сүйінші сұрау дәстүрі.  Бекежаннан естіген жақсылық хабарын  Жібек басқалармен бөлісуге асығады.  Ат үстінде ер-азаматша ойнақтаған Жібек кең даламен шауып келе жатып «Сүй-ін-ші!!!»- деп қуанышпен айқайлап, саусақтарындағы  сақиналарын, білегіндегі күміс білезіктерін шашу ретінде жан-жағындағы қыз-келіншектерге аса жомарттылықпен «лақтырып»  келеді.

«Құрбандық шалу»  дәстүрі де фильмде аса  нанымды  және өз орнымен орынды пайдаланылған.  Жеңіспен оралған Бекежанның қандастары арасында беделі аса артып тұр. Ол Сырлыбай алдында тым еркін сөйлейді. «Алдияр»- деді дауысы саңқылдап, -жауды  шаңға аунатып ұрдық, қанға аунатып, көзін мүлде құрттық». Міне, осы жеңісінен кейін Бекежан құрбандыққа шалынған малға бата беру  құрметіне ие болады.

Ел тағдырының жер тарихымен тығыз байланыстылығы  мына бір көріністерден байқалады. Бекежан мен Төлегеннің аса ызғарлы сөз  жарыстарында көпке дейін  бір келісімге келе алмай тартысқан екі батырға басу айтқан Сырлыбайдың  сөзіне тұтқында отырған қария киліге кетеді: «Әу, Сырлыбай! Алауыздықпен тапқанымыз мына мойынға салынған  қыл арқан.  Бүгін менің мойныма түссе, ертең сенің мойныңа да түсуі әбден мүмкін. Егер ел болам десең,  анау ұлы таудың басындағы таңбалы тас бетіне ертең мен де атамның таңбасын әкеліп саламын». Оның бұл сөзіне басқа тұтқындар да шуылдап қосыла кетеді. Бұл көріністердің өзіндік үлкен маңызы болып тұр.  Ерте заманнан қазақ халқының ірілі-ұсақты тайпалары  арасындағы  кикілжіңдер жоғарыда аталып кеткен көріністегідей рулық таңба белгілерін біріктіру арқылы жеңілдетіліп отырған.  Осындай бірлік арқасында сырт жаудан ел-жұртты қорғай алған.

Фильмдегі екі жас арасындағы шынайы сезімге құрылатын көріністер әлеуметтік-саяси сарынмен үйлесімді қиюластырылған. Елін-жұртын сырт жау апатынан сақтау үшін,  екі ел арасындағы бірлікті орнату мақсатында  Жібек те (Меруерт Өтекешова) өзінің жеке басының сезімдерін жасыруға мәжбүр.  Төлеген (Құман Тастанбеков) мен Бекежанның (Асанәлі Әшімов)  ортасында отқа қалғандай, екі батырдың тартысында еркінен тыс төреші болады.  Екі жебенің бірін  Жібек көзі тарс байланып  таңдауға мәжбүр. Ірі пландармен берілген осы бір көрініс көрерменді қобалжудың шарықтау шегіне жеткізеді. Аяқ-қолы қалтырап, қолындағы екі жебені  алма-кезек ауыстырып жатқан Жібектің  ішкі дүниесіндегі арпалыс өте табиғи берілген, екі жебе біресе, «Төлеген» болады, біресе «Бекежан» болады, дәл осы сәтте айналада тылсым тыныштық орнайды. Міне, Жібек өз таңдауын жасады, көзі байланса да, оның жүрегі адастырмады, Төлегенін тапты. Аспанға қалықтап ұшқан  садақ оғы  экраннан көрермен санасына соншалықты екпін бере отырып, отау тігілетін жерге тік қадалды.

«Қыз Жібек» фильміндегі  бейнелік қатарды көркемдік деңгейде музыкалық элементермен өңдеу әр эпизодтың  мазмұнын мейлінше тереңдете түседі. Таңдалған жебенің қадалған жеріне бірінші болып жеткен Шегенің қуанышында шек жоқ, домбырасынан жыр төгіліп, әуеде әсем ән қалықтайды.

Фильмге музыка жазған композитор Нұрғиса Тілендиевтың  көріністік қатардағы көркемдік әдістерді тереңдетудегі үлесі орасан зор. Әр эпизодқа арнайы жазылған музыкалық өңдеулер ұлттық таным, ұлттық характер ерекшеліктерін айқынырақ  сипаттауға мүмкіндік береді. Әр  кадр сыртынан естілетін  халық  аспаптарының (қобыз, сыбызғы, домбыра) әуезді үні  шығарма мазмұнына соншалықты үйлесім беріп тұр.

Бейнелік қатар тұрғысынан өте   әсерлі шыққан  көріністер фильмде баршылық. Батып бара жатқан күн, алыстан қарауытып көрініс беретін тау жоталары,  бір жағынан созылып  жатқан шетсіз-шексіз  кең дала, сыңғырлаған күміс дауысты қыз-келіншектер... Фильмдегі әсем табиғат көріністері көздің жауын алады. Экрандық шығармаға соншалықты құнарлы бояу беріп тұрған әдемі кадрлар Іле өзенінің бойында түсірілген (Алматы облысы, Күрті ауданы төңірегінде).

Әсем ырғақпен келтірілген келесі  кадрларда Төлеген мен Жібектің отауы тігіліп жатыр. Әне-міне дегенше той-думанның қызығы басталмақшы. Екі жас Сырлыбай қарияның батасын алып, отауларына қарай келе жатыр. «Қадамдарың құтты болсын!» деген тілекпен, екі жастың  аяқтарының астына түлкі терілері төселіп жатыр. Отау үйге кірген Жібекті жеңгесі шымылдықтың астына отырғызады.  Тым әсерлі шыққан әдемі кадрлар көрерменді тамсандыра әлі жалғасып жатыр: ертеден келе жатқан әдет-ғұрып бойынша қалыңдық пен күйеу жігіт арасында неке қиылғанға дейін ешбір қарым-қатынас болмас үшін олардың арасында зер белбеу жатуы тиіс. Шымылдық ішінде отырған қалыңдыққа небір әсем әндер айтылып жатыр. Қыз-жігіттер айтысы ұйымдастырылады. Қазақ халқының бірқатар әдемі салт-дәстүрлері  осы  неке қияр сәт алдында жан-жақты тәптіштеліп көрсетіледі.

Бас кейіпкерлерді сомдаған актерлар Меруерт Өтекешова (Жібек) және Құман Тастанбеков (Төлеген) арада отыз жыл өткен уақытта фильм жайлы толғаныстарында біраз тың деректердің бетін ашып береді. Олардың айтуларына қарағанда, фильмнің аяқталуы басқаша жоспарланған екен. Бастапқы жоба бойынша бас кейіпкерлер қаза тапқаннан кейін экранда жоңғар жауынгерлері пайда болады. Қыз-Жібектің ақ желегі сумен қалқып жағалауға жетеді. Жоңғарлар ол желекті  ашу-ызамен  айырып, бөлшектеп тастайды. Эпизодтың саяси жасырын мазмұны: халқы Төлегеннің арман-мақсатын дұрыс түсініп, қабылдай алмады. Жау жағадан алғанда, рулық тартысты  доғарып, қазақ халқын бір ту астына біріктіргісі келіп еді... Махаббат трагедиясы, елдің трагедиясына ұласты.

«Қыз-Жібек» фильмінің экранға шығуы кезінде біршама қиындықтар да кездесіп жатты. Жетпісінші жылдар тұсы социалистік қоғамның аса дәуірлеп тұрған кезі, ал «Қыз-Жібектің» мазмұнында сол дәуірдің заңдылықтарына қайшы келіп жатқан астарлы көріністері да баршылық болатын. Олжас Сүлейменов пен Аскар Сүлейменовтар фильмнің сценарийіне біршама өзгертулер енгізеді. Басты рольге жас актерларды бекіту де оңайға түскен жоқ. «Қазақфильмнің» коллегиясында Меруертке қарсы болғандар баршылық еді. Жібектің ролін 16 жасар мектеп оқушысы қалай орындап шығады-деген қауіп те болды. Режиссер өз дегенінде тұрып, бас рольден үміткер болған 400 бойжеткеннің ішінен Меруертті Жібектің роліне, 15 жігіттің ішінен Құманды Төлегеннің роліне бекітеді.

Фильмді қаржыландыру жұмыстары да біршама қиындықтарға кездеседі. Мемлекет тарапынан бастапқыда бөлінген ақша көлемі фильмнің бірінші сериясын ғана аяқтауға жетеді де, түсіру процесі тоқтап қалады. Фильмнің экранға шығуын асыға күткен көрермендер шығармашылық топпен кездесуді талап етеді. Баспасөз беттерінде, теледидар, радио арналары арқылы сұхбат әңгімелер ұйымдастырылады. Осындай шаралардан кейін Қазақстанның түкпір-түкпірінен  хаттар ағылып  келе бастайды, фильмді аяқтауға мемлекеттің шамасы келмесе, ел болып қаражат жинаймыз деген тілектер айтылып жатады. «Қыз-Жібек» фильмінің төңірегіндегі шу жоғарғы орындарға дейін жетеді. Қазақстанның  сол кездегі бірінші басшысы Д.Қонаев  фильмді аяқтауға Москва қаласынан арнайы рұқсат алып келеді.

1970 жылы экранға шыққан Сұлтан Ходжиковтың «Қыз-Жібек» фильмі шын мәнінде халықтық туындыға айналды. Екі жас арасындағы нәзік сезім еларалық тарихи оқиғалар тұрғысынан сипатталып, фольклор шығармасының әлеуметтік маңызын  тағы бір жоғары сатыға көтеріп отыр.

Фольклорлық  шығарма желісімен түсірілген кинотуындылардың  аса терең де астарлы мазмұнына ұлттық сана-сезім ерекшеліктеріне орай тарихи деректерден хабары бар көрермен ғана бойлай алады. Салт-дәстүр сананың көрінісі. Халық ауыз әдебиетінің шұрайлы үлгілері арқылы көркемдік қасиетін сақтаған эпостық жырлардың  экрандық шығарма арқылы қайта жандануы  «Қыз-Жібек» фильмі арқылы дәлелденді.

Қолданылған материалдар:

«Қазақ киносының тарихы» (оқулық)

ҚР Білім және ғылым министрлігі, Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА,

Б.Р.Нөгербек, Г.Қ.Наурызбекова, Н.Р. Мұқышева – Алматы: ИздатМаркет, 2005.

Сізге қызық болуы мүмкін: