Мақала
"Қазақ киносының тарихы" (VI.II)
VI. Қазақ кино өнері тәуелсіздік кезеңінде 6.2. Көркемсуретті фильмдердегі замандас бейнесі
Бөлім: Кино
Датасы: 07.09.2020
Авторы: QAZAQ KINOSY
Мақала
"Қазақ киносының тарихы" (VI.II)
VI. Қазақ кино өнері тәуелсіздік кезеңінде 6.2. Көркемсуретті фильмдердегі замандас бейнесі
Бөлім: Кино
Датасы: 07.09.2020
Авторы: QAZAQ KINOSY
"Қазақ киносының тарихы" (VI.II)

Сексенінші-тоқсаныншы жылдар киношығармаларындағы кейіпкерлердің басым көпшілігі «қоғамдық дағдарыстардың жемісі» - олардың өз дүниетанымында да «тоқырау» белгісі бар. Ересек те адасқан, бала кейіпкердің де бағыты бұлыңғыр. Тоқсаныншы жылдар киношығармаларындағы жас кейіпкерлер алпысыншы жылдардағы «Менің атым Қожа», «Арман-атаман» фильмдеріндегі кейіпкерлеріне мүлдем ұқсамайды, тіпті бертінгі «Алты жасар Алпамыстың» өзі көзден бұлбұл ұшты деуге болады. Қазақ киносындағы қазіргі кезең кейіпкерлері мен тақырып аумағы терең де жан-жақты зерттеуді қажет ететін тұтас бір құбылысқа айналып отыр. 90-жылдар экрандық шығармаларындағы өзгеше кейіпкер психологиясындағы «дағдарыстар» зерттеудің маңызды объектісіне айналып отырса да, ендігі жерде көрерменге керегі жаңа кейіпкер сияқты. Ол қандай болып шығады, бұл сұраққа жауап – уақыт үлесінде.

Жаңа толқынмен қазақ экранына жаңа кейіпкер келді. Тоқсаныншы жылдар кезеңінің «жаңа кейіпкер әлемі» сипаты жағынан сан қырлылығымен ерекшеленіп, бүгінгі көрермен қабылдауына аса күрделі болғанымен де, қоғам айнасы ретінде соншалықты танымал болып қалыптасты. Қазіргі қазақ киносын зерттеу барысында, әсіресе, басты назар аударатын сұрақтар қатарында жаңа заман тақырыбы мен жаңа кейіпкер бейнесі сияқты күрделі де, әрі қызықты мәселелерді атауға болады. Жаңа кейіпкердің сомдалуын қарастыру арқылы қазақ киносындағы режиссерлық жеке қолтаңбаларды айқындап, олардың ұқсастығы мен өзіндік ерекшеліктері нәтижесінде қазіргі қазақ киносында пайда болған тұтас ағымдардың бағыт-бағдарын саралауға мүмкіндігіміз бар. Қоғамдық өзгерістер мен экономикалық дағдарыстар кедергісіне қарамастан ірілі-ұсақты жеке кинобірлестіктердің күшімен соңғы жылдар көлемінде әр жылда шамамен 5-6 көркемсуретті фильмдер экранға шығып жатты.

Аталып отырған кезең аралығында, әсіресе, сексенінші жылдардың соңы – тоқсаныншы жылдардың ортасына дейінгі аралықтағы қысқа мерзім сан жағынан да, сапа жағынан да аса нәтижелі болды. Оған дәлел Серік Апрымовтың «Қиян» (1989ж), «Ақсуат» (1997ж), «Үш ағайынды»(2000ж); Дәрежан Өмірбаевтың «Қайрат» (1991ж), «Кардиограмма» (1995ж); Болат Қалымбетовтың «Айналайын» (1990ж), «Соңғы ызғыр» (1993ж); Сатыбалды Нарымбетовтың «Көзімнің қарасы» (1994ж) фильмі; Әмір Қарағұловтың «Әзәзіл қыз» (1991ж), «Көгершін қоңыраушысы» (1993ж), «Соңғы каникул күндері» (1996ж) фильмдері.

Заман өзгереді, осыған сәйкес адамның іс-әрекеті де басқаша, қоғамдағы қатынастар қайта қаралуда. Тоқсаныншы жылдар кезеңіндегі жаңа фильмдерге мазмұн болар тақырып мүмкіндіктері алуан түрлі. Қазіргі заман суреті мен қазақ киносындағы жаңа кейіпкер бейнесі кейінгі толқын режиссерларының шығармаларында әрқалай әдістер арқылы терең мазмұнды шешімін таба білген.

Соңғы уақыттағы кинотуындыларда жаңа заман кейіпкері жеке автордың әр фильмінде ерекше болғанымен де, олардың бәріне дерлік тән ортақ қасиет бар. Ол – қоғамдағы көп жылғы қалыптасқан үйреншікті қарым-қатынастардың аяқ-асты ыдырап, рухани ортаның құлдырауынан жаңа өзгерістерге дер кезінде бейімделіп үлгере алмай, сол себептен де уақыт және жаңа заман талабынан қалыста қалып қойған «шарасыз адам» бейнесі. Қоғамдағы күрделі қарым-қатынастың өзекті мәселелері жеке кейіпкердің ішкі жан-дүниесінің тереңдігіне бойлау әдісімен зерттеледі.

Өнердің барлық түрлерінде жаңа бағыт, жаңа эстетикалық құндылықтар пайда болған кезде, экран кейіпкерінің сипатталу ерекшеліктерінің де өзгеретіні сөзсіз.

Тоқсаныншы жылдардағы қазақ киносында елеулі құбылыс болған «Жаңа толқын» киносымен бірге ұлттық экранымызға жаңа кейіпкердің келгенінің куәсі боламыз.

Соңғы жиырма жыл көлемінде қазақ киносы танымастай өзгерді, жаңа кезең жаңа тақырып және жаңа режиссура өз нәтижесін көп күттірген жоқ. Және, олар біркелкі емес, әр режиссердың жеке басының ерекшелігіне, дүниетанымына, шығармашылық қолтаңбасына қарай әрқилы.

«Жаңа толқын» режиссерларының фильмдерінде көрініс алатын өмір суреттері күнделікті үйреншікті тіршілік ортасынан алынған. Шындық әсіреленбейді, кейіпкер ойдан шығарылмайды. Кейінгі буын режиссерлары ның шығармаларында қазіргі кезең сипаты реалистік тұрғыдан бейнеленіп, халықтың тұрмыс-тіршілігі, дүние танымы, жаңа кейіпкер психологиясы басқаша көрініс тапқан. Бұл көз жұмып қарайтын шындықты дәл суреттей білген жас режиссерлардың көзқарасын танытатын ұлтық кинематография ның жаңаша бастамасы болып табылады.

Рашид Нұғымановтың «Ине» фильмінде әлеуметтік сипат тұрғысында екі топтың өкілдері арасында «тартыстық байланыс» мұндағы сипатталатын екі түрлі ортаның (дәрігер үйінің сәні және Виктор Цой кейіпкерінің паналап жүрген жұпыны мекен-жайы) көріністері арқылы шиеленістірілсе, Серік Апрымовтың «Қиян» фильмінде құлдырып кеткен қазақ ауылының тым шынайы суреттерін беретін «табиғи» көріністер жаңа толқын режиссурасындағы негізгі режиссерлық шешім әдістерін айқындайды.

Кейіпкерлер әлемінің ерекшелігі де «жаңа толқын» кезеңіндегі киношығармалардың ұлттық кинематография қорына қосқан өзіндік үлестері болып отыр. Рашид Нұғымановтың фильмінде бас кейіпкер (Виктор Цой) заманының символы, оның айналасындағылар (Петр Мамонов-музыкант, Александр Баширов-режиссер) бас кейіпкердің көлеңкесінде қалып қояды.

Серік Апрымовтың «Қиян» фильмінде кейіпкерлердің басым көпшілігі өз ортасынан алынған нақты адамдар. Олардың сөйлеген сөздері, жүріс-тұрысы нағыз өмір көрінісі, қазіргі адамдардың өз ерекшеліктері сол қаз қалпында еш бояусыз берілген. Тоқсаныншы жылдар кезеңіндегі экран кейіпкері міндетті түрде өзгеріске ұшырады. Бүгінгі кейіпкер де «жеңімпаз» кейіпкер, алайда оның жеңісі көрермен үйренген соғыс ардагері, озат шопан, еңбек екпіндісінің жетістігі емес. Бүгінгі кейіпкердің арпалысы өз ішінде өтеді, оның жеңісі де сол күрестің нәтижесі.

Осы орайда Серік Апрымовтың тоқырау кезеңіндегі тығырыққа тірелген ауылдың құлдырай бастауын шынайы бейнелеген «Қиян» фильмі бірден тілге оралады. Сонымен қатар қоғамның құлдырау сатысында тұрған ауыл мен ондағы етек жая бастаған келеңсіз жайлар суреттеледі. Жалпы бұл фильм біртұтас уақыт келбетін еш қоспасыз, боямасыз қаз – қалпында реалистік тұрғыдан көрсете білген кинотуынды. Ұлттық кино болу үшін тек қана халықтық қадір-қасиетті мадақтау аздық етеді, оған қоса, халқы үшін жаны ауырып, өз елінің қамын жеген азамат оны ауыр індеттен құтқарып қалуға талпынуы керек. Осы талпыныс жаңа толқын режиссурасына тән ерекшелік болып отыр. Нағыз ұлттық кино осындай сезіммен туса керек.

Кейіпкерлер әлемінің ерекше атмосферасы Дәріжан Өмірбаевтың фильмдерінен айқын аңғарылады. Сөзі аз, камера қозғалысы арқылы кейіпкерінің ішкі жан дүниесіне үңілу – режиссердің өзіне ғана тән ерекше қолтаңбасы. Жарықты орынды пайдалану, кейіпкерлердің нақты диалогы сияқты кинодетальдар оның фильмдеріндегі негізгі мазмұнды ашуға себеп болып тұр.

Дәріжан Өмірбаевтың әр фильмінің жеке өзіне ғана тән ерекшеліктері бар. Кейіпкерлері тым баяу, болып жатқан «оқиға» ортасына емін-еркін араласып кете алмайды. Қайрат («Қайрат» фильмінің бас кейіпкері) үшін де, Жасұлан («Кардиограмма») үшін де, Марат («Киллер») үшін де олардың айналасында болып жатқан оқиғалар баяу жылжитын сияқты әсер қалдырады, алайда, бұл құбылыс күрделі мәселенің бір астары ғана. Шын мәніне келгенде, өз кейіпкерлері арқылы режиссер тарапынан екі кезең(ескі және жаңа өмір көріністері) арасына «болымсыз көпір жайғандай» талпыныс бар. Жаңа жағдайға қалыптасу процесінде кейіпкерлер мінезіндегі ерекшеліктер даралана түседі және сол арқылы жаңа қоғамдық қатынастарға да сипат беріледі. Дәріжан Өмірбаевтың фильмдеріндегі сюжеттік ритмнің баяу болғанына қарамастан көрермен қабылдауы шектелмейді.

Қазақтың жас киносы өзімен бірге айтарлықтай көп жаңалық әкелді, сонымен де ұлттық режиссура мектебін жаңа арнаға бұрды. Бұлай дейтінімізге себеп, қазіргі фильмдерде тақырып өзектілігінен бастап, кейіпкер бейнесін сомдау тәсілдері де жаңаша шешімін тапты.

Жас кинематографистер ұлттық режиссура дәстүрін жалғастыра отырып, бүгінгі күннің көкейкесті мәселелерін айқынырақ көрсете білді. Егер ұлттық режиссура кезеңіндегі фильмдер ашық, әрі жарқын туындылар болса, қазіргі кезең фильмдерінде бұл ашық атмосфера уақыттың ауыр салмағы нәтижесінде еріксіз «бұлыңғыр» тартып тұр.

Жаңа толқын режиссерларының туындылары қазіргі өмір сипатын ашық суреттеген, әр фильмнен уақыт тынысы сезіледі және сол арқылы адам бойындағы өзгерістерді байқауға мүмкіндігіміз бар.

Қазақ киносының даму тарихында әрқилы кезеңдер қалыптасты. Ұлттық таным тұрғысынан алғанда тоқырауға ұшырап жатқан тұстары да болды. Ұлы Шәкен Айманов өзінің естеліктерінде айтқандай, әр режиссердің шығармашылық жолы үнемі ізденіс үстінде қалыптасады. Қазақ киносының классиктеріне айналып отырған алғашқы режиссерларымыздың фильмдері олардан кейінгі буын киногерлерінің шығармашылықтарына әсер етпей қоймайды. Бұл заңды құбылыс. 80-жылдардың соңында қазақ киносына тосын леп әкелген жаңа толқын режиссерларының шығармашылығынан да Шәкен Айманов, Мәжит Бегалин, Абдолла Қарсақбаев тәрізді кино ардегерлерінің қолтаңба үлгілерін байқап қаламыз. Жаңа кезең режиссурасымен тәрбиеленген 90-жылдар кезеңіндегі режиссерларымыз көп жағдайда бұл құбылысты мойындай бермейді.

Аталып отырған кезең киношығармаларында тақырып таңдау аясы халықтық сипаттан гөрі авторлық кинематограф ағымына бейімірек болып келеді. Осы тұрғыдан алғанда, бүгінгі экрандағы кейіпкер де, оның мінез-құлқының қалыптасуына әсер етер орта сипаты да ерекше. Жаңа толқын режиссерларының фильмдеріндегі тақырыптарға өзек болып отырған әртүрлі қоғамдық өзгерістер жаңа кейіпкердің характеріне тікелей әсер етеді. Осы құбылысты суреттеу барысында жаңа кезең режиссерлары көп жағдайда өздерінің замандастары бойындағы ерекшеліктерді тілге тиек етеді. Олардың тыныс-тіршіліктері соншалықты үйреншікті болғандықтан да шығар, замандас және қазіргі заман сипатында берілетін жаңа кезең фильмдерінде күнделікті өмір көрінісі қай жағынан алсақ та (кейіпкерлер арасындағы қарым-қатынас, әлеуметтік мәселелер, қоғамдық өзгерістер салдары, т.б.көріністер) ешбір жасандылықсыз тым шынайы беріледі. Санаулы ғана деген туындылары арқылы «жаңа толқын» режиссерлары басты-басты мәселелерді көтере отырып, қоғамда болып жатқан жаңа өзгерістер төңірегінде аса үлкен дау тудырады.

Серік Апрымовтың «Қиян» фильмінде суреттелетін ауыл өмірі бұған дейінгі осы тақырыптағы шығармалардан мүлдем өзгеше, көрерменге әсері де тым тосын. Егер кинематографиялық заңдылықтар тұрғысынан жаңа кезең киношығармаларының маңызын атар болсақ, бір ғана «Қиян» мысалында экранға жаңа кейіпкер келді деп тұжырымдауға болады және ол кейіпкер біреу ғана емес, бірнеше топқа жіктеле отырып тармақталады, сонысымен де күрделене түседі.

Серік Апрымовтың «Қиян» фильміндегі кейіпкерлер әлемін олардың мінез ерекшеліктеріне орай шартты түрде екі топқа жіктеуге болады: біріншісі- көп жылғы дағдыланған өмірдің аяқ-асты өзгеріске ұшырауына, соның нәтижесінде келген жаңа қоғамдық өзгерістер тасқынына тап болып, сол тасқында жол таба алмай тұншыға бастаған адасқан кейіпкерлер; екінші топ- жаңа қоғамдық қатынастардың тікелей нәтижесі «жаңа өмірге тұтас бейімделген» кейіпкерлер. Апрымов фильміндегі Талғат, Мұрат – адасқан кейіпкерлер болса, Арман жаңа өмірге бейімделіп, дер кезінде жол таба алған жаңа кейіпкерлердің жинақталған бейнесі. Ал, бас кейіпкер Еркінді осы аталып отырған екі топтың екеуіне де жатқызуға болмайды. Ол экрандық кейіпкердің жаңа түрі – сырттай бақылаушы ғана, характерлік тартыс оған тән құбылыс емес, ол, тіпті, оқиғаның өрбітілуіне араласпайды да, ешқандай қарым-қатынас формасы да көрінбейді, ол тек сырттай бақылаушы ғана, алайда, Еркін басты кейіпкер. Олай дейтініміз, фильм көлемінде болып жатқан оқиғаның қорытындысы да, бағасы да сол Еркіннің қабылдауымен беріледі, оның сырт ортада болып жатқан оқиғалар тізбегіне тікелей қатысы да жоқ, алайда өзінің сол оқиғаға деген көзқарасы бар. Сырттай бақылаушы болып қана қойған Еркіннің басқа кейіпкерлер характерін ашудағы үлесі орасан зор. Бұл жерде режиссер оны (Еркінді) сырттан келген жаңа көзқарас ретінде пайдаланады. Еркін ауылында көп жыл болған жоқ, жер көрді, ел көрді, жаңа тұрмысты бақылады, ендігі жерде, әрине, осы көрген-білгендерін еркінен тыс салыстыруға мәжбүр болып отыр...

Ендігі жерде біз тұтас бір ауыл өмірін Еркіннің көзімен бақылай бастаймыз, соның қабылдауымен сезінеміз. Еркін экранда көрініс алып жатқан оқиғалардан тыс қалмайды, алайда тікелей де араласпайды. Алғашқы кадрлардан байқалатын ауылдың сұрықсыз сырт келбеті адамға қараңғылық, жоқшылық лебін сездіреді. Белгісіз қорқыныш сезімі туындайды. Ашық айтпаса да, бас кейіпкеріміздің үрейін оның көзінен көреміз. Көп жыл көрмеген достарын ауыл аралап жүріп түгендеген Еркін, қайда барса да сол бір келеңсіз көріністердің куәсі болады. Талғат досы тым қызба, ұр да жық мінезді, шатаққұмар, кім көрінгеннің жағасынан ала түседі, ал Мұраттың бойынан дәл Талғаттың мінезіндегідей қызбалық байқалмайды, алайда, ол да көрермендерге жағымсыз жағынан көрініп қалады, араққа бейімділеу. Бұл жігіттердің ертеңі соншалықты бұлыңғыр, болашақтан үміттерін әбден үзген, бір күнмен ғана өмір сүріп жатқан жағдайлары бар. Достарының бұл түрін көріп Еркін қынжылады, бірақ білдіргісі жоқ, болымсыз нәрседен сылтау тауып, өзара төбелес-жанжал тудырып жатқан жігіттердің арасына түспекші болып ақырын ғана дыбыс шығарып қояды, бірақ Еркіннің сөзін тыңдап жатқан олар жоқ... Осындай келеңсіз жағдайлардан әбден ығыр болған Еркін ауылдан кетуге мәжбүр болады. Бас кейіпкер мінезіндегі «солқылдақтықты» көрермен әр жақты бағалайды, мүмкін ол алғаш кездесіп отырған қиындықтан өз қара басын алып қашты ма? Неге достарына рухани көмек көрсете алмады? Осы туындап отырған сұрақтар Еркін мінезіндегі түсініксіз шарасыздықтың салдары. Қалай десек те, авторлар тарапынан қоғамдағы болып жатқан өзгерістерге дерт ретінде диагноз қойылады, ал оның шешімі бар ма, бұл уақыттың үлесінде, сұрақ тағы да жауапсыз қалды...

Дәл осы тақырып Серік Апрымовтың келесі фильмінде де заңды жалғасын табады. «Ақсуаттың» (1997ж) кейіпкерлері жаңа өмір жағдайына бейімделіп үлгерген жандар. Бұл фильмде де сол ауыл проблемалары сөз болады. Бірақ, мұндағы кейіпкерлік тартыс арнасы басқа қырынан қамтылған. Аман – жаңа заман кейіпкері. Оның бойында бірқатар өзгерістер байқалғанымен де, ол өзінің табиғи тазалығымен ерекшеленеді. Бас кейіпкердің бейнесін тереңдетуге оны қоршаған орта суреті, қосалқы кейіпкерлер үлкен роль атқарып тұр.

Аманның сүйіктісі Сәуле, онда тұрған не бар деген сұрақ туады. Алайда, дәл осы фильмде жастардың арасындағы махаббат сезімі бизнес құралына айналып отыр, бұл таңқаларлық жағдай. Аманды Сәуленің әкесі барынша қолдап, өзінің мұрагері ретінде қабылдағысы келеді. Қызды Аман ұнатады, бірақ «шалдың» (Сәуленің әкесінің бизнестегі қосалқы аты) дәл осы әрекеттері оның сезімін тұншықтыра бастайды, ол өзін қолы байланғандай сезінеді. Мүмкін сол себептен де болар, Аманның көңілі бірте-бірте Жаннаға қарай ойыса бастайды. Аманның інісі қанат жаңа жастар бейнесінің тағы бір өкілі, ол қаладан келген, мүлдем басқа тәрбие алған, өз істегеніне жауап беруге шамасы келмейді, сол себептен аяғы ауыр жас келіншегін ағасының үйіне әкеліп тастап, бұдан былай ол жөнінде мүлдем ұмытып кетеді, дәл осы оқиға Аманның жауапкершілігін асыра көрсетуге тірек болып тұр.

«Шал» және оның толып жатқан нөкерлері өзінше бір кейіпкерлер әлемі. Осылар арқылы ауыл өміріндегі тосын жағдайларды байқауға мүмкіндігіміз бар, жергілікті жағдайды жаңа кәсіпкерлікке бейімдеп үлгерген, сол арқылы ақшаның көзін тапқан жаңа заман алаяқтары.

Серік Апрымовтың жаңа кейіпкерлері оның келесі фильмінде де ерекшеленеді. Кейіпкерлері 10-12 жас аралығында болғанымен де, режиссердың «Үш ағайынды» фильмі балалардың әсем әлемінен тым алшақтап кеткен. Буындары әлі қатая қоймаған жасөспірімдердің ойлау қабілеттері басқаша, өмірге тез бейімделген, тым ерте есейген деп айтуға да болады. Бүгіннің өзінде олардың бар ойлағаны қолдарынан келгенше ақша табу, тапқан ақшаларын барынша шашып-төгіп, «өмірдің бар рахатын көру», бір сөзбен айтқанда, бұл балалар әзірге ата-ана тәрбиесінен тыс қалып отыр. Оның арты неге әкеліп соғатынына көз жеткізу мүмкін емес. Жастардың осындай күйге душар болуына қоғамдағы өзгерістердің тікелей әсері бар, бала қиялы алғыр, не көрсе соны бірден қағып алады.

Кинодағы шығармашылық жолын Әуезов шығармасын («Қаралы сұлу»-1983ж) экрандау арқылы батыл қадамнан бастаған Ермек Шынарбаевтың көркем кино саласындағы фильмдері әрқилы тақырыптарды қамтиды. 1984 жылы белгілі жазушы Анатолий Кимнің сценарийі бойынша «Қарындасым Люся» фильмі жарық көреді. Адамдар арасындағы күрделі қарым-қатынастың терең тамырына бойлай білген туынды «Қарындасым Люся» фильмінен (Францияның Амьен қаласында өткен 7-Халықаралық кинофестивалінде бұл фильм әділ қазылар алқасының арнайы жүлдесін иеленді) режиссер мен жазушының көп жылғы сәтті шығармашылық бірлестігі бастау алады. 1987 жылы осы шығармашылық бірлестіктің нәтижесінде тағы бір фильм экранға шығады. Ермек Шынарбаевтың «Орманнан алаңқайға шығу» («Выйти из леса на поляну») атты қысқаметражды көркемсуретті фильмінің мазмұны философиялық қағидалардың адам санасына әсері тұрғысынан алғандағы тереңдігіне негізделген. 1989 жылы Анатолий Кимнің сценарийі бойынша Ермек Шынарбаев үшінші көркемсуретті фильм түсіреді. «Кек» деп аталатын бұл фильм 1992 жылы Тур қаласында (Франция) өткен Халықаралық кинофестивальда Бас жүлдені жеңіп алады және осы жылы Канн кинофестивалінің конкурстық бағдарламасына қатысады. Тоқсаныншы жылдар тұсында Ермек Шынарбаев «Әлем» жеке шығармашылық бірлестігінің көркемдік жетекшісі қызметіне шақырылады.

1993 жылы экранға режиссердың адам жанының арпалысын жеке кейіпкер мінезі арқылы беруге тырысқан күрделі тақырыптағы «Азған үштіктің азабы» («Место на серой треуголке»), 1994 жылы «Әлсіз жүрек» фильмдері экранға шығады. «Әлсіз жүрек» фильмі – бірігіп түсірілген француз-қазақ киноөнерінің жемісі болғандықтан да шығар, басты кейіпкерлердің мінездік ерекшеліктерінде де, оқиға мазмұнының өрбітілуінде де батыс кинотуындыларына біраз еліктеушілік байқалады.

Алғашқы эпизодтардан-ақ айналаңдағы басқа көремендерді көзге ілмей, тіпті олардың бар-жоғын ұмытып, өзіңді жападан-жалғыз отырғандай сезінесің. Экран мен көрермен арасында көзге көрінбес жіңішке байланыс жібі тартылғандай...

Қалай айтқанмен де, бұл көріп отырғанымыз осыған дейінгі шығармалардан тіпті өзгеше. Үнемі ой үстінде тұнжырап жүретін 45 жастағы әдемі келіншек Айжанға аяқ асты кез болған өзінен 20 жастай кіші жас жігіт ғашық болады. Іштей жанын жеген әр түрлі сезім тасқынын шамасы келгенінше тойтаруға тырысып баққан Айжанның «күші» де таусылуға жақын еді. Бірақ ол үлгермеді, жас жігіттің жаралы жүрегі ауыр салмақтан езіліп кеткендей...

Бастапқыда айтарлықтай оқиға сонары білінбесе де осы фильмді көре отырып, үлкен «бетбұрыстың» куәгері боласыз. Мұның сыры неде? Ол - өмір шындығы, өмір шындығының экрандағы көрінісі. Және бұл шындық таразысының екі басы тең емес... Бір жағында осыған дейінгі өзіміз көріп-біліп жүрген тұрмыс, ондағы әлеуметтік теңсіздік, қажеттіліктен туған болмыс: өмір, қоғам қалыптастырған моральдік нормалар мен сол психологиялық жүйеге соқыр адамша бас ию. Бұл «темір тәртіпке» бағынбай бас көтергендердің алдағы өмірі – жалғыздық пен қорлық. Таразының екінші басы – адамның ішкі дүниесі, сезімі, ішкі арпалыс. Осы таразының екі басы арасында өз орындарын таба алмаған кейіпкерлер (Айжан, Айжанның ержеткен қызы, Айжанға ғашық болып қалған бозбала Адик) сеңдей соғылысып әбден қалжырайды.

Дәл осындай бірнеше болмыс жиынтығы бір уақытта көрініс беретін киношығарма бүгінгі күнге дейін қазақ киносында болмаған дүние. Фильмді көре отырып, осында Феллини қолтаңбасы басымырақ емес пе деп ойлауға да болар. Алайда, кейбір эпизодтардың ұқсастықтарын тапқанмен де, Ермек Шынарбаевтың өзіндік ерекше шешімдерін таба білгенін айта кеткен жөн. Феллинидің «Интервью» фильмін көрген көрермен экранда екі бірдей болмыстың куәгері болады. Ең кереметі – осы екі болмыстың ара жігі білінбей жымдасып кеткен. Физикада «диффузия» құбылысы деген түсінік бар. Мұнда бір заттың (газ) ұсақ бөлшектері екінші бір заттың элементтерімен араласып, кеңістікке біртұтас жайылып кетеді. Дәл осы құбылысты «Интервьюде» көре отырып, байқауға болады, кино ішінде тағы бір кино түсіріліп жатыр. Көп оқиғалардың қай болмыста өтіп жатқанын ажырата алмаған көрермен оны екі болмыс арасындағы кеңістікті өз ойымен, өз қиялымен толықтыруға мүмкіндік табады... «Әлсіз жүректе» де осындай екі болмыс бар. Жігіттің жатақханасында екеуі Айжанның жас кезінде түскен «Қаралы сұлу» фильмінен үзінді көріп отырған жерін алайықшы, осы көрініс жоғарыда айтылған екі болмыстың мысалы бола алады. Ермек Шынарбаев екі шындық өмір ара жігін жоғалтпай, керісінше, оны «бадырайтып» көрсетеді. «Бұрыңғы бұрыңғымен кетеді, қазіргі шындық басқа», - деп ескертіп тұрғандай.

Бұл төбеңнен суық су құйып, ес жиғызғандай әсер қалдырады. Мұнда да бірнеше болмыс жиынтығын табуға болады, ал ол шындықты кім қалай түсінеді – бұл көрерменнің өз еркі. Фильмнің тақырыбы - махаббат. Сырт көргенде, оқиға тізбегі самарқау, әсте созылыңқы өрбиді. Аса көп сөз де жоқ, көзге ұрып тұрған ыстық сезім байқалмайды, сонда да болса мұнда үлкен махаббат бар және оны әр кейіпкер өзінше түсінеді, соған сәйкес бейнелейді. Айжан 45 жаста, соған қарамастан қыздай әсем сақталған, оған өзінен 20 жас кіші жас жігіттің қызығуы өзге түгілі оның өзі күтпеген жағдай еді. Алғашқы құмарлығы кейін ғана үлкен сезімге ұласқан. Адик қол ұшы тиіп тұрған бақыт құсын үркітіп алғанын сезді... Шарасыздықтан жас жігіттің жаны торға түскен торғайдай шырылдайды. Ал Айжан не күйде? Актриса Наталья Орынбасарованың сомдауындағы кейіпкердің шынайы сезімі аса нанымды беріледі. Кейбір эпизодтарда, әсіресе, Адик екеуінің бетпе-бет келіп қалған тұстарында екі кейіпкер арасындағы үнсіздік кеңістігі көп жағдайда актрисаның шамасынан шығып кеткені байқалады. Бұл тұстарда керісінше, үнсіздік ұзақтығын Адиктің рөлін орындаушы жас актер Адик Есенболатов көтеріңкі орындай алған. Оның жай көзқарасы, қимыл-қозғалысы сөзбен жеткізе алмайтын терең сезім сырларын ашып бергендей... Бұл фильмнің көрермені кім деген сұрақ тууы мүмкін. Себебі, осы уақытқа дейін, қазақ киносында әйел затының өзінің баласындай адамға махаббат сезімін көрсету болмаған. Режиссер бұл тұрғыдан өте батыл қадам жасаған деуге болады. Ең бастысы – ол өз кейіпкерлеріне қазақ ұлтының өкілі деп емес, жалпы адам баласы деп қарап, олардың жүрек түкпіріндегі құпия сырларына үңілуге тырысқан.

Фильмді «жақсы» немесе «жаман» деп кесіп айту тіпті де мүмкін емес. Егер көрерменнің өз түсінігі бойынша бағаласақ, бұл киношығарманың алар орны ерекше.

Сонымен, соңғы он-он екі жыл ішіндегі қазақ киносындағы жоғарыда аталып өткен кейіпкерлер «санымен» ғана шектеліп қоймайды. Ең бастысы – адамның ішкі жан дүниесі мен қоғамдағы үйлесімсіздік, бүкіл адамзатқа ортақ мәселелер жастардың көзімен баяндалатынып көреміз. Қай фильмді алып қарасаңыз да, кейіпкердің жас мөлшері 11-12-ден бастап 20-25 аралығында. Тіпті Жамбыл, Абай секілді тарихи тұлғаларға арналған «Жамбылдың жастық шағы» (1996, реж. Қ.Қасымбеков), «Абай» (1995, реж. А.Әмірқұлов) фильмдерінде де басты кейіпкерлердің жастық шағы бейнеленеді.

Тоқсаныншы жылдар кезеңінде «жаңа толқын» режиссерларының фильмдері арқылы бүгінгі экранға келген тосын кейіпкерлер жаңа заман дәуіріндегі қоғамдық қатынастардың нәтижесі.

Қолданылған материалдар:

«Қазақ киносының тарихы» (оқулық)

ҚР Білім және ғылым министрлігі, Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА,

Б.Р.Нөгербек, Г.Қ.Наурызбекова, Н.Р. Мұқышева – Алматы: ИздатМаркет, 2005.