Мақала
"Қазақ киносының тарихы" (VI.III)
VI. Қазақ кино өнері тәуелсіздік кезеңінде 6.3. Жастар мен жеткіншектер тақырыбы – көркемсуретті киноның  өзекті проблемасы
Бөлім: Кино
Датасы: 07.09.2020
Авторы: QAZAQ KINOSY
Мақала
"Қазақ киносының тарихы" (VI.III)
VI. Қазақ кино өнері тәуелсіздік кезеңінде 6.3. Жастар мен жеткіншектер тақырыбы – көркемсуретті киноның  өзекті проблемасы
Бөлім: Кино
Датасы: 07.09.2020
Авторы: QAZAQ KINOSY
"Қазақ киносының тарихы" (VI.III)

Бүгінгі күн болсын, немесе осыдан жиырма-отыз жыл бұрыңғы кезең болсын, жастар мен жасөспірімдер өмірінен алынған тақырып өзінің аса күрделілігімен ерекшеленеді. «Қазіргі жастар қандай?» деген сұрақ кеше де қойылған, бүгін де қойылып отыр және ертең де дәл солай қойылады.  Біреулері біздің жастарымыз тамаша, олардың ертеңінен зор үміт күтеміз деп мақтаныш етсе, енді біреулері алдына қойған мақсаты жоқ, білім алып білікті маман болуға ниет жасамайды деп қынжылады.  Қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс деп зерттеп, зерделеп жатпайды, бұзылған жастар деген атпен бар баланы бір шепке  тізіп қояды. Бұл біздердің, яғни ересектер тарапынан жастарға беретін бағамыздың түрі. Тоқсаныншы жылдар кезеңіндегі жастар проблемаларының көп жағдайда шешілмей тығырыққа тіреліп жатқандығына бір жағынан, мүмкін тіпті жастардың өзінен де бұрын, ересектер кінәлі ме деген де ой туындайды. Бүгінгі ақ басты ағалар өздері кешегі – жетпісінші жылдардың жастары – сол кезеңдегі жастар тәрбиесіне қоғамдық көзқарастың қандай деңгейде болғандығын ұмытпаса керек болар. Жастар тақырыбының өзекті  мәселелеріне ұлттық кинематограф үлесі қандай деген сұрақ жоғарыда аталып отырған күрделі мәселелердің бір тармағы болып есептеледі. Қазақ киносының тұтас бір белесіне айналған елеулі құбылыс – сексенінші жылдардағы жаңа толқын кезеңі бұл күнде өзі тарихқа айналып отыр. Бір кезде қазақ киносына тосын тақырып, ұлттық экранға жаңа кейіпкер әкелген қазақ киносының жаңа режиссурасындағы мүлдем ерекше, басқаша қолтаңба бұл күндері өз бетінше ұлттық киномыздың жеке тарауын құрайды. Қазіргі заман талабымен өсіп келе жатқан жас ұрпақ тәрбиесі мен сол ұрпақтың қоғамдағы жаңа қарым-қатынастардың ертеңгі тірегі тұрғысында бүгінгі саясат тамырының тереңділігімен тығыз шығармашылығы арқылы бүгінгі күннің ашщы шындығын ешбір бояусыз айқын көруімізге мүмкіндік болды. Осы жағдай бүгінгі көрерменді аса қуантып отыр. Көрермен деп баса айтқанда, тағы да негізгі ой жастар төңірегінде өрбітіледі. Бүгінгі жастар кино көрерменнің көпшлік пайызын құрайтындар. Үлкен экраннан айқара ашылған бүгінгі күннің бояусыз көрінісі  жастарға ненің дұрыс, ненің бұрыс екендігін тәптіштеп, уағыздау формасынан мүлдем аулақ. Бүгінгі жас көрермен жан-жақтан ағылған көп ақпараттың ішінен өзіне жарамдысын ғана пайымдап, қажетті жерінде оң тұстарын саралай бір жүйеге келтіруге бейімделді. Қазіргі жастар киносында өзекті мәселелер тек көтеріліп қана қоймайды, сонымен қатар экран арқылы көрермен диалогын жүргізу қабілетіне көтерілді десек те болады.   Қазақ киносының әлемдік деңгейге көтерілуінің себептері қатарында ең басты себептердің бірі – «қызуы жетіп, әбден ушықтанған» аса күрделі қоғамдық қозғалыстар жастардың қабылдауында берілгендігі болып отыр.  Шетелдік кинотуындылардың ұлттық экранымызда еркін айналымда жүруі төл туындыларымыздың көркемдік деңгейінің жоғары сатыда болуын  талап етеді.  Басқаша жағдайда көрермен назарын аударудың  мүмкіндігі  тіптен жоқ деуге де болады.  Бүгінгі көрермен, әсіресе, жастар кино технологиясының жаңа жетістіктерімен түсірілген шетелдік киношығармалар арқылы кино тілінің бар мүмкіндігіне тәрбиеленді деуге болады. Оларды ұлттық кинотуындыларына қызықтырудың бірден-бір жолы – жастардың өз өмірінен алынған өзекті мәселелерді киношығарма мазмұнына негіз етіп алу. «Бүгінгі жастар» деп жиі қайталанып отырған сөз тіркесінің өзі бұл күнде тұрақты мағына бермейтін құбылысқа айналып отыр. Егер 1950-1960 жылдар тұсында  жастар дегенде міндетті түрде «он алтыдан асқан, жиырма беске жетпеген» деп кесіп айтқан болсақ, тоқсаныншы жылдар кезеңіндегі жастар категориясы мектеп жасынан бастау алып отыр.  Заман талабы солай шығар, қазіргі кезең жастары тым ерте есейген, «үлкен өмір» дәмін мектеп қабырғасында жүріп –ақ  байқап-біліп жатады. Сол себептен де шығар, қазақ киносының  «жаңа толқын»  режиссерларының көпшілігі өздерінің шығармаларында басты зерттеу объектілері ретінде негізінен 12-14 жас аралығындағы балалар мен жас өспірімдер өмірін мұқият бақылайды.  Қазіргі заман киношығармаларында жастардың барлық категориясы қамтылды деуге мүмкіндігіміз жоқ., ол аз дегендей, әлі де болса, әсіресе, жастар өмірінен зерттелмей жатқан тақырып аясы баршылық. Мәселенің күрделілігі күн өткен сайын өсе түсуде. Сонда да болса, бүгінгі күнге бар киноматериалдарды жастар тақырыбындағы мәселелер тұрғысынан сұрыптап көруге талпыныс жасауға болады.  Жастар әлемі өзінше бөлек дүние. Олардың өз  тілдері бар, бір-бірімен «түсінісу құралдары» да ерекше. Бүгінгі жастар арасында жаны аса нәзік,  табиғатынан дарынды ерекше жаралғандары да баршылық, сонымен қатар, олардың қасында қатыгез, өзгенікін күшпен өзінікі жасайтындар да жоқ емес. Күнделік жазып, гүлдің әдемі иісін тамашалайтын хор қызындай сезімтал періште жандардың дәл «іргесінде» тұрмыс ауыртпалығы ерте есейткен , тәнін  сатып ақша жасап жүрген  жұдырықтай «жезөкшелер» де баршылық. Өкінішке орай, бұл – тоқсаныншы жылдардың ашщы шындығы болып отыр. «Оң» және «теріс» ұғымдары іспеттес қоғам мүшелерінің арасындағы теңсіздік қашан да болған. Алайда, дәл осы ұғымның біздің ұлттық санамыздың қабылдауында аса ушыққан түрі сірә да болмаған шығар.  Үлкеннің кішіге қамқоры, кішінің үлкенге ізеті сияқты атадан келе жатқан ұлттық сананың қалыпты түрі бұл күнде  өз маңызын жоғалтып барады. Бүгінгі суреткердің  «қол астындағы» құралы ретінде осы мәселелер өз шешімін күтіп тұр. 

Қазақ  киносының жаңа толқын режиссурасының қалыптасуының бастапқы кезеңінде басты тақырыптардың бірі қоғамдағы өзгерістерге жастардың көзқарасы мен олардың осы өзгерістерді қабылдау ерекшелігі болды. Алғашқылардың қатарында режиссер Қалықбек Салықовтың «Балкон» (1988ж) фильмін атауға болады.  Мұндағы суреттелетін оқиға желісі көрерменді сонау елуінші жылдар қойнауына әкетеді...

...Алматының жүрек тұсы – орталық көшенің қайнап жатқан өміріне шет жатқан көшелерден келіп қосылғысы бар балалардың тобына қойылатын ерекше талаптар бар. Егер кім де кім осы белгіленген заңдылықтарға бағынғысы келмесе, олардың «сыбағалары» дайын. Балалар мен жасөспірімдер арасында жүріп жатқан бұл топ аралық жіктелудің сипаты жалпы сол кезеңнің өзіне  тән қоғамдық сипатымен дәлме-дәл келгендей. Фильмнің алғашқы кадрлары адамның жүрек тұсына жасалынып жатқан операция көріністерінің ірі пландарымен алынған...міне, дәрігер пышаққа түсіп жатқан аурудың білегіндегі «20» деген санды көрді, «біздің ауланың баласы болды ғой»... деген ой келді, апырмай, қайсысы болды екен балалардың?...енді осы сұрақ дәрігердің ойын сан-саққа жүгіртті... «Лопух па? Кащей? Карась? Пуза?» - дәрігердің мазасы кете бастады, далаға шықты, тынымсыз темекі тартты...Көз алдынан оның балалық шағы жылжып өтіп жатыр. Көрермен де алыс жылдар оқиғасы қойнауына  еніп кетеді...Әсем музыка әуені ауада қалықтап жүр. Бейнелік қатарда  қоңыр салқын жазғытұрым кештің бірінде таза ауамен тыныстап, көшеде серуендеп жүрген адамдар. Жазғы кинотеатр алды ығы-жығы. Ары-бері сапырылысқан көлік те, адам да тыным табар емес, айнала у-шу.  Елуінші жылдар кезеңіндегі Алматының орталығы бір ғана көшенің  көріністік сипаттағы «өмірі» арқылы  осындай қою суреттермен берілген. Режиссер тарапынан уақыт бейнесіне  тереңірек ену процесі әлі де болса тәптіштеліп жатыр...жазғы кинотеатрда «Александр Невский» өтіп жатыр, көше радиосынан Роза Бағланованың күміс дауысы құйылып тұр. Осы қарбалас арасында балалар арасындағы  көзге көрінбес кикілжің бір дем арасында ушығып шыға келді емес пе! Екі топ болып жарыла кеткен жас өспірімдер арасында төбелес басталып кетті...Ендігі көріністерде кімнің не істеп жүргені  білінбей қалды, тыныш көше лезде «соғыс алаңына» айналып кете барды. Қаптаған қалың топ ішінде кімді кім төпелеп жатқаны белгісіз, әйтеуір жұдырық сілтеніп жатыр. Арада біршама уақыт өткен соң ғана бас кейіпкерлер «сытылып», алдыңғы планмен көрсетіле байстайды. «Сұлтанов» деп айқай салған  Бектің жан дауысы тым ашщы шықты.  Бұғып жүретіндер қатарына жата қоймайтын Айдар Бектің алдына қасқайып келіп те қалды. Айқаспен басталған төбелестің соңы немен аяқталар еді, егер дәл осы сәтте милиция келіп қалмағанда? Бұл жолы бас кейіпкерлердің арасындағы  «жұдырық түсіністігі» жүзеге аспай қалды. Екі топ та амалсыз  жайларына кете барды. Бұл көріністердің барлығы дерлік негізінен уақыт бейнесіне сипаттамалық мазмұн беріп тұрған қосалқы деталь элементтері болса керек. Кейінгі кадрларда осы әдіс енді бас кейіпкерлер арасындағы  тартыс диаграммасын айқындауға  бағытталған. Сұлтановтың мінезіндегі қиқарлық пен жеке адам бойындағы еркіндікке ұмтылған табиғи ерекшелігін мына бір кадрлардан байқап қаламыз: класта математика сабағы өтіп жатыр, камера ақырын жылжып, жалпы панорама жеке көріністермен іріленеді, тақтада тапсырма жазып жатқан жас мұғалиманың әдемі  аяқтары Сұлтановтың қызықтауында алынған. Тым еркінсіп кетті ме,  Сұлтанов ұстазының «қаһарына» ұшырап қалады. Өзіне телміре қараған оқушысына ескерту жасап шыж-быж болған  ұстазының жігерін философиялық жоғарғы тақырыптағы өлең жолдарын мысалға келтіру арқылы құм қылады. Айдардың басқа балалардан ерекше еркіндігі фильмнің әр кадрларынан көрініс алып жатады. Өзімен бірге оқитын Женя досының үйінде ол жиі болып жүр, досының әке-шешесі Айдарды өз балаларындай жақсы көреді. Сондықтан да шығар, бұл екеуі математикадан  екі деген баға алып келген тұста Женямен қоса Айдардың да желкесінен нұқып қалған Боря ағайға Айдардың айтқаны: «мені ұруға қақыңыз жоқ, мен еркін адаммын». Бас кейіпкер ретінде Айдардың ерекшеленуі үнемі жалғасып жатады. Аула балаларының ішінде Айдардың айтқанынан шыға қояр батырлар табылмас, сірә! Олар үшін Айдардың айтқандары заң.  Аула өмірінің күнделікті тіршілігі бірқатар көріністердің жиынтығы арқылы айқындала түседі: балалар доп қуып жүр, үлкендер үстел басына жиналып алған, олардың өз қызықтары өздерінде. Айдар осы көріністердің бәрін мектепке қарай әрі-бері өткенде мұқият бақылайды. Жәй қарамайтын секілді, міндетті түрде тоқтап тұрып, сынап қарайтындай. Аулада болып жатқан қалыпты құбылысқа деген Айдардың көзқарасын көрермен де еріксіз сезінетін әсерде қалады.  Жалғыз қалған тұстарында ол үнемі ой үстінде. Бозбаланың нәзік жанын мазалайтын айғақтар жеткілікті. Тағдырдың ауыр салмағынан «басылған» иығын шамасынша тік ұстап жүрсе де, оның  әлі де  бала екендігін білдіріп қоятын эпизодтар фильмде баршылық. Айдардың жанының соншалықты нәзіктігін білдіріп қоятын мына бір көріністі алайық: бойы сереңдей болған Айдар өзінен әлдеқайда кіші балалармен ерінбей доп қуып  ойнап жүр.Оның бойы мен күшіне тең келер бұл қатарда ешкім жоқ. Айдардың тепкен добы ұшып барып, ең биік ағаштың жоғарғы бұтақтарының арасына қыстырылып қалады.  Допты  түсірмек болып, бұтақ-бұтақпен өрмелеген Женя бір сәт үнсіз қалды. Төменнен айғайлап балалар тұр, Женя  болса, әлі үнсіз... «не болды, Женя?» - деп тыпыршыған балалардың айқайына елең еткен Женя төмен түсе бастады, алайда оның қолында доп емес, рогаткадан өлген құстың балапаны болып шықты... Бәрі үнсіз. Айдардың ашуы басына бұрқ ете түсті. «Кім мұны істеген?» - деген айқайы құлақты жарады. Балалар ептеп ығыса берді... Ендігі жерде мұндай қатыгездіктің қайталанбастығы белгілі болды, Айдардың «айқайы» айналадағыларға  сабақ болды десе де болғандай.  Азамат болғандығының дәлелі Айдардың әпкесіне байланысты көріністерде де байқалып қалады. Тағдырдың ауыртпалығына шыдамай, ақыл-есінен айналуға шақ қалған әпкесіне де қамқор болып жүрген сол жұдырықтай Айдар. Ол өзін өте жауапты сезінеді. 

Айдардың ролін сомдаған жас актер Исмаил Игильмановтың актерлық ойынын ерекше атау керек.  Ол ойнап жүрген жоқ десе де болады, ол осы ортада әбден сіңімді болып, күнделікті өмірді өз басынан өтіп жатқандай сенімді шығара білген. Актер ойынының соншалықты табиғилығы  көркем образға тарихи деректі мағына беріп тұр.  Фильмде балалардың ата-ана қамқорынан ерте айрылып, жетім қалған сипатын Айдардың әпкесі Жаннаның бейнесі жанамалай болса да, әлеуметтік-саяси мазмұнмен толықтырып тұр. 

Жаңа толқын режиссерларының шығармашылықтарындағы балалар тақырыбының ашылу мүмкіндіктері мүлдем өзгеше бағытта. Қазіргі фильмдердегі орталық кейіпкерлер балалар болғанымен де, ондағы көтерілетін мәселелердің  күрделілігі  бұған дейінгі қалыптасқан қалыпты мағына шеңберінен әлдеқайда кеңейтілген. Соңғы уақытта шетелдік маман киноқайраткерлерінің қазақ киносына деген ықыластары арта түспесе, еш кеміген жоқ. Оған дәлел – соңғы жылдар көлеміндегі қазақ киносының режиссерларының халықаралық дәрежелі кинофестивальдарға қатысып, жүлделі орындарды иеленулері. Болат Қалымбетовтың «Соңғы ызғар» (1993),  Сатыбалды Нарымбетовтың  «Көзімнің қарасы» (1994), Дәріжан Өмірбаевтың «Кардиограмма» (1995), Әмір Қарағұловтың  «Соңғы каникул» (1996) фильмдерінің  жинаған жүлделері осының дәлелі. Бұл аталып отырған фильмдердің бас кейіпкерлерінің жас шамалары 9-10 мен 14-15 жас аралығын қамтиды. Мұндағы кейіпкерлер балалар болғандықтан және олардың ортамен қарым-қатынасының күрделілігіне қарамастан жоғарыда аталған фильмдер міндетті түрде, жанр жағынан балалар тақырыбына жатады. Алайда, соңғы кезде жарық көріп, қазақ киносының дәрежесін әлемдік деңгейге көтеріп жүрген балалар фильмдерінің тақырыптық шеңбері аса кеңейді деуге бұл аталып отырған фильмдердегі көтерілетін бірқатар өзекті мәселелердің аса күрделілігі негіз болып отыр. Бірден көзге түсетін ерекшелік – осы фильмдердегі режиссер тарапынан берілетін оқиға өрбитін орта мен уақыт және кезең бейнесіндегі сипаттың үйлесімділік тұрғысынан алғандағы ұқсастықтары. «Бейнелік кезең» көркемдік образын әр режиссер өзіне ғана тән ерекше қолтаңба арқылы беріп отырғандығында дау жоқ. 

Десек те, аталмыш кинотуындылардың құрылымдық ерекшелігінде ортақ ұқсас қасиеттер де бар. Кино тілінің бар мүмкіндігін ұлттық сана ерекшелігі тұрғысынан материалға арқау ете алғандықтан да болар, жоғарыдағы аталған кинотуындылар халықаралық аса дәрежелі кинофорумдарда лайықты бағасын алды және сонысымен де қазақ киносын жаңа деңгейге көтерді. 

Аталған фильмдердегі сюжеттік құрылым баяндалу әдісінің ұтымды әдісі бас кейіпкерлер – балалардың өмірге көзқарасы арқылы берілген. Уақыт аралығы және кезең сипаты болат Қалымбетов пен Сатыбалды Нарымбетов фильмдерінде көрерменді сонау 40-50 жылдар қойнауына әкетеді. 

«Соңғы ызғар» (1993ж). Соғыстың соңғы жылдарындағы Қазақстанның шет шалғайында жатқан кіші-гірім өндірістік қалашыққа Россиядан келген Владик пен Мария аяқ асты тап болған қиыншылықтан (шешелері қайтыс болып, жетім қалады) құртақандай Әкежанның берік достығы арқасында ғана ілбіп шығады. 

Балалар арасындағы достықтың шынайы көрінісі сырт орта – соғыстың ызғарлы бедерін аз да болса, жібіткендей әсер береді.

«Айналайын» фильмінен басталған жүлделі шеру Болат Қалымбетовтың келесі фильмінде жалғасын тапты. Режиссердың «Соңғы ызғар» (1993) фильмі бірқатар халықаралық фестивальдарға қатысып,  жүлделі орындарды иеленді (режиссура үшін жүлде және ФИПРЕССИдің арнайы сыйлығы-Халықаралық Кинофестиваль, Италия,Турин,1993ж; Берлин қаласында өткен Халықаралық кинофестиваль-Қазылар алқсының арнайы дипломы, 1994ж; Киото (Жапония) қаласында өткен Халықаралық  кинофестиваль – Қазылар алқасының арнайы дипломы, 1994ж); Рига (Латвия) қаласында өткен Халықаралық кинофестиваль – Режиссура үшін жүлде,1994ж; Минессота (Америка) қаласында өткен Халықаралық кинофестиваль- оператор жұмысы үшін жүлде, 1994ж; Сочи қаласында өткен Халықаралық кинофестиваль – үшінші жүлде, 1994ж,  сонымен қатар, Болат Қалымбетовтың фильмдері Германия (Мюнхен), Канада (Монреаль), Франция (Нант) Халықаралық кинофестивальдарына қатысты).

Көркем кино режиссурасында өзінің табиғи талантымен көріне білген режиссер Болат Қалымбетовтың кинодағы шығармашылық жолының қалыптасуына қазақ киносының алыптары Абдолла Қарсақбаев, Шәріп Бейсембаевтар өте зор ықпал етті. Алғашқы күрделі ролін Болат Қалымбетов 1968 жылы «Балалық шаққа саяхат»(реж.Абдолла Қарсақбаев) фильмінде сомдайды.  Былайғы жылдары жас актер «Қызыл тас застава маңында» (1969ж, реж. Ш.Бейсембаев), «Біз төртеуміз»(1971ж, реж.Ш.Бейсембаев), «Біздің Ғани»(1972ж, реж.А.Қарсақбаев) тағы басқа фильмдерде  ойнайды. 

  1993-жылы жарық көрген «Соңғы ызғар» фильмі режиссер Болат Қалымбетовтың шығармашылығында  келесі бір сәтті белес болды. 

«Көзімнің қарасы» (1994ж). Жаңа кезең киносында кездесетін тақырыптың тағы бірі -өткенді еске алу және сол арқылы ел өміріндегі елеулі  оқиғаларға бүгінгі күн талабымен баға беру мүмкіндігі. Осы айтылып отырған мүмкіндік  режиссер Сатыбалды Нарымбетовтың шығармашылығында орын алған. Режиссердың 1994 жылы экранға шыққан  «Көзімнің қарасы»  фильміндегі сипатталатын оқиға желісі  ел өміріндегі «таңбалы» кезеңнен алынған. 50-жылдарда жалпы халық басына төнген қара бұлттың  «көлеңкелі тұстары»  бір ғана кейіпкер қабылдуаында берілген. Дәріжан Өмірбаев пен Әмір Қарағұловтың фильмдеріндегі сипатталатын кезең суреті 70-жылдарға жылжытылғанымен де, бұл киношығармаларда  да негізінен қоғамдық келеңсіз көріністер себептері тұрғысынан қойылатын сұрақтар басты тақырып болып отыр. Әр кезеңде қоғамдағы күрделі өзгерістері міндетті түрде болып тұратындығын және ол өзгерістердің адам санасына әсерін ескереміз. Солай бола тұра, осы аталған фильмдерде, сол өзгерістердің жас кейіпкерлер жан-дүниесінің қабылдауында берілгендігі шығарма құндылығын аса бағалы етіп тұр. «Кардиограмма» (1995ж) фильмінде бұл құбылыс, әсіресе, ерекше байқалады. Ауылынан өмірінде еш жаққа ұзап шыға қоймаған Жасұлан (рольде Жасұлан Асауов) үшін сонау Алматыға  сапарға шығу үлкен оқиға болды. Жүрек ауруын емдейтін санаторийге жолдамамен арнайы келеді. Фильмнің басталуы ешбір тосын оқиға боларын мақсат етпейді. Дәріжан Өмірбаевтың бұған дейінгі «Қайрат» фильмінде байқалған тылсым үнсіздік «Кардиограммада» да жалғасын табады... Бастапқы кадрларда камера көзі  баяу жылжып Жасұлан жатқан бөлмені «шарлайды». Біраз уақытқа дейін жұпыны үйдің қалыпты тіршілігін бақылауға мүмкіндік болады. Есікті жаймен ашып, Жасұланның анасы  шаруамен айналысып жүр, арасында «Жасұлан, тұр енді, балам» - деп дауыс беріп қояды.  Жүріс-тұрысында салмақтылық байқалады. Қабағы жабырқау, көңілінде бір кірбің бар. Ұлы да тұрды орынан. Сол үнсіздік тағы жалғасып жатыр, ана мен бала арасында сөзсіз байланыс орнаған, екеуі шүйіркелесіп сөйлеспесе де, бір-біріне соншалықты жақын екендіктері сезіледі. Міне, енді олар автобус аялдамасында, мұнда да олар сол үнсіздік қалыптарын сақтап жолдың екі шетінде тұр. Алыстан мұнартқан жол айырығынан автобус та көрінді-ау! Анасынан ажырап қалу үрейі Жасұланның көзінен қаладағы дәрігер бөлмесінде ғана байқалды. Қайтар автобусқа мініп бара жатқан анасының сыртынан жәудіреп қарап қалады. «Тура бір ай өткенде келіп алып кетем»- деген анасының сөзі аз да болса дем бергенімен де, бейтаныс орта, өзара тек орыс тілінде түсінісетін балалардың арасында жалғыз қалып бара жатқан Жасұлан қобалжи бастады. Темір шарбаққа жабысып алып, анасы кеткен автобус соңынан телміріп ұзақ қарап қалады. Баланың ішкі жан дүниесі арқылы, орысша тіл білмегендіктен осы бір «кішігірім қоғамдық орта» – санаторий ішінде мүлдем жалғызсырап қалған Жасұланның  «жүрек соғысы» арқылы режиссер тарапынан тұтас қоғамдық дертке «диагноз» қойылған. Дәріжан Өмірбаевтың режиссер ретінде өзіне ғана тән сезімталдық тәсілмен берілетін ерекше қолтаңбасы байқалады. Оның көркемдік әдістермен берілетін шынайы өмір көріністері жиынтығы қоғамдық дертті мейлінше айқынырақ көрсетеді. Сол себептен де, шығарманың астарлы мазмұны режиссердың кәсіби деңгейі арқылы көркем туындыға айналып отыр.

Әмір Қарағұловтың  «Соңғы каникул күндері» (1996ж) фильміндегі бас кейіпкерлер мектеп оқушылары. Үш достың күнделікті тыныс-тіршілігінен түсінгеніміз, олардың және оларды қоршаған ортадағы басқа да жас өспірімдердің өмірден түңілген сипаттары байқалады. Сабақ уақытында дала кезу немесе, мектептен тыс уақытта аула маңына жиналып алып, бос уақыттарын қалай өткізуді білмеген балалар мен жасөспірімдердің бүгінгі сиқы аса алаңдатады. Фильмде құрылымында өрбітілетін оқиғаға бас кейіпкерлер болып отырған үш достың берекесіз қылықтары, олардың мінезіндегі тосын ерекшеліктері арқылы мектеп жасындағы жастардың тұтас сипатын қамтуға деген әрекет бар. Сабақ оқып, білімге ұмтылу бұл балалар үшін  әзірге қызығы шамалы жат дүние болып отыр. Үлкендерден көргендері бар, бұлар да өмір шіркіннің басқа жақтарын барлап-біліп, байыбына бармақшы... Орынсыз ойын-сауықтың арты орны толмас өкініш пен қайғы-қасіретке душар етті. Өкінішке орай, соңғы кездегі аса тез қарқынмен жайылып, өріс алып бара жатқан  қоғамдағы келеңсіз көріністер (нашақорлық, арақ ішіп, темекі тарту) буындары қатпаған жасөспірімдер үшін аса қатерлі дерт. Сондықтан да, ол «аурудың» алдын алып, қоғамдық дерттің басын ашып көрсету қажет. Аталған фильмдердегі кейіпкерлер ойдан шығарылған «көмескің мысалдар емес. Айналадағы болып жатқан аса күрделі «жаңа қоғамдық құрылыс», ондағы сан алуан астарлы мағыналарымен авторларымыздың көкейіндегі көп сұрақтарына түрткі болған.

Серік Апрымовтың  «Үш ағайынды»  фильмінің де кейіпкерлері балалар. Қазақстанның бір түкпіріндегі шағын ғана ауыл. Ауылдың іргесінде әскери әуе базасының жақындығы тұрғындарды таң қалдырмайды. Олардың мұндай «көршілеріне» еттері әбден үйренген. Кляйн есімді атай жарамсыз болып қалған паравоздарды қайда әкететіні белгісіз, осының өзі балалар үшін аса қызықты  құпия болып көрінеді. Олар оның сырын белгісі келеді. Кляйн оларға әдемі аңыз айтып одан әрмен қызықтыра түседі. Балалар оған сеніп қалады да, не болса да, Кляйн барып жүрген керемет өзеңді өздері көрмекке бел буады. Сөйтіп алты бала жолға шығады. Әсем өзен жоқ, әрине! Ал, ескі паровоздар әскери ұшақтардың көздеген межелері болып шықты... Әсем бейненің елеске айналып жоқ болуы... Режиссердың меңзегені ғасырлар тоғысында бала әлемінің әсемдік табиғаты осындай жағдайға душар болды демекші.


"Қазақ киносының тарихы" (оқулық)
ҚР Білім және ғылым министрлігі, Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА,
Б.Р.Нөгербек, Г.Қ.Наурызбекова, Н.Р. Мұқышева – Алматы: ИздатМаркет, 2005.

Сізге қызық болуы мүмкін:
Кинодағы ұлттық сана
Кино Кинодағы ұлттық сана
23.09.2018
#студентСөзі