1980-ші жылдардың соңында Қазақстан деректі киносында түбегейлі өзгерістер басталады. Бұрынғы КСРО елдері кеңістігіндегі саяси және мәдени оқиғалар өнердің барлық саласына тақырып, бейнелеу мәнері тұрғысынан қайта жаңару ала келді. Әрине, бұл ең алдымен деректі кино шеберлерінің шығармашылығына тікелей әсер етті.
Демократиялық қоғам орнату процесінің басталуы коммунистік идеологиядан бас тартуға жол ашты. Жаңа революциялық құбылыс жаңа өнерді талап етті. Бұрынғы эстетикалық заңдылықтарды жоққа шығарып, «басқа» кино түсіруге талпынған кинематографистер Қазақстан деректі кино өнеріндегі «жаңа толқынның» көш бастаушыларына айналды.
Халықтың тағдырында, қоғам өмірінде болып жатқан өзгерістер мен тарихи құбылыстар кино өнерінің, соның ішінде деректі кино өнерінің тақырыбына тікелей әсер ететіндігі белгілі. Қазақстан деректі кинонерінде бұрын тыйым салынып, айтылмай, жабулы жатқан тақырыптар мен өзекті мәселелер туралы ашық көтеріле бастайды. Жиырмасыншы ғасырда қазақ халқы үшін трагедияға айналған 30-шы жылдардың ашаршылығы, Аралдың тартылуы, Семей полигоны, репрессия жылдары, 1986-жылғы желтоқсан көтерілісі туралы тарихи шындық беттері бірінші болып деректі экранда көрініс табады.
Арал тақырыбы «Аралға арналған реквием» («Реквием по Аралу» - 1988ж. реж.С.Махмұтов, опер.Н.Раисов), «Жоқтау.Өлі теңіз хроникасы» (1989-1990ж. сц.авт. С.Әзімов, Ю.Резников, реж.С.Әзімов, опер. Б.Әлімбаев), «Арал - тағдырым менің» (1991ж.сц.авт., реж.Г.Емельянов, опер.С.Махмұтов) фильмдерінде көтеріледі. Режиссер С.Махмұтовтың «Аралға арналған реквием» фильмі Арал теңізінің тартылуы нәтижесінде бүкіл бір өңірдің халқына экологиялық апат ала келгендігі туралы дабыл қаққан алғашқы деректі шығармалардың бірі ретінде Қазақстан деректі киносының тарихында маңызды орын алады. Фильмде көтерілген өзекті тақырып адам баласының табиғатқа және қоршаған ортаға жасалынған қиянат ретінде қарастырылады. Сондай-ақ, Арал теңізінің трагедиясы режиссер С.Әзімовтың «Жоқтау. Өлі теңіз хроникасы» фильмінде жалпыхалықтық жоқтау деңгейіне дейін көтеріледі.
Жоғарғы көркемдік үйлесім тапқан «Жоқтау. Өлі теңіз хроникасы» фильмі Арал теңізі жағалауындағы зират басында марқұм болған адамды жерлеу рәсімін көрсетумен басталады. Көріністер әйелдердің дауыстап айтқан жоқтауымен ұласады. Қазылып жатқан көрдің түбі қайта-қайта суға толып жатқанын камера анық көрсетеді. Өзіне қолдан жасалынған қиянат үшін кектенген Жер-Ана перзентін бауырына қабылдаудан бас тартуда. Отыз бес мың жыл бойы өмір сүріп келген Арал теңізі аз уақыт ішінде жер бетінен жойылып барады. Тартылған теңіз түбінде қалған қаңылтыры қаңыраған кемелер, дүниеге өлі келген нәрестелер, әскерге жарамай қалған бозбалалар, халықтың айықпас дертке шалдығуы... Арал халқының үлесіне тиген сұмдық тағдырының дәлелі ретінде бейнеленеді. Режиссер бұл көріністерді 1969 жылы түсірілген Ораз Әбішевтің «Бір хаттың ізімен» фильміндегі кадрлармен салыстырмалы түрде қатар көрсетіп отырады.
Кешегі жас сымбатты кейіпкерлердің бойын бүгін жалғыздық пен сырқат жаулап алған. Арал – олардың басты дерті. Бұрынғы кеме капитаны Төлеген Әлімбеков: «Мынау қолдарыммен жүздеген тонна балық ауладым. Қазір соның бірде-біреуі жоқ. Меніңше, Арал ендігі оралмайтын секілді. Оның тағдыры туралы неге ешкім ойламаған. Мақта мен күрішті ақшаға сатып алуға болады. Ал, Аралды ешқандай дүниеге сатып ала алмайсың...», - дейді.
«Бір хаттың ізімен» фильміндегі неке тойы көріністері. Бақытты күйеу бала мен қалыңдық. Көріністер қайтадан бүгінгі күнге ауысады. Арал туралы ыңылдап ән айтып отырған орта жастағы әйел толқыған дауыспен: «Тұңғышымыз Айбек дүниеге келгенде қалыптасқан дәстүр бойынша теңіз суына малтып алдық... Ал, мына балаларым теңіздің не екенін білмейді... Арал ешқашан ғайып болмайды деп сенетінбіз... Меніңше, Аралдың суын әлдекім ұрлағандай...», - дейді.
«Жоқтау. Өлі теңіз хроникасында» қолданылған «Бір хаттың ізімен» фильмінің кадрлары алдыңғы шығарманың идеясы мен тақырыбының толыққанды ашылуына, көркемдік жүйесінің бірыңғай үндестік, әрі үйлесім табуына айрықша әсер етеді.
1969 жылы түсірілген фильмнің кейіпкерлері бүгінгі сұмдықтың куәгерлері. Кешегі ата-бабалар мен әкелер үшін қасиетті болған Арал – олардың бүгінгі ұрпағы үшін қасіретке айналған. »Искусство кино» журналының 1990-жылғы 9-шы санында белгілі кинотанушы Б.Р.Нөгербек былай деп жазады: «Фильмді алғаш көргенімде С.Апрымовтың «Қиян» фильмімен еріксіз салыстырдым... Қазақстан мен Қарақалпақстанның иесіз қалған поселоктары мен ауылдары, қаңырап қалған кемелер – бұл да келіп тірелген соңғы аялдамамыз. Әрі қарай жүретін жол жоқ. Тек Арал жағалауы өлкесін тұтасымен апатқа ұшырататын демографиялық құлдырау күтіп тұр алдымызда...»
«Жоқтау» фильмі – социализмнің сталиндік жүйесін дәлелдейтін құнды құжат ретінде деректі кино өнері тарихында маңызды орын алады.
1930-шы жылдары бастау алған репрессия құрбандары туралы тақырып «Басқыншылық»(«Вероломство», 1989ж.сц.авт.Е.Богодухова, реж.В.Чугунов,опер.А.Чугунов), «Партия мен халықтың жауы болған жоқ»(«Не был врагом партии и народа», 1989ж.сц.авт.И.Маляр, реж.А.Байұзақов, опер.Ю.Шавкун), «АЛЖИР» (1989ж.сц.авт.А.Тасымбеков, А.Шәжімбаев, реж.А.Шәжімбаев,опер.Н.Раисов) фильмдерінің негізгі әңгіме арқауына айналады. «Басқыншылық» фильмі «халық жауы» атанып, ұсталып кеткен Федахмет Әубәкіровтың, оның отбасының тағдыры туралы бүгінде шашына ақ қырау енген әйелінің әңгімесіне құрылған. Бір кейіпкердің мысалы негізінде режиссер Сталиннің алапат жүйесінде мыңдаған бүлінген тағдырды көрсетеді. Ал, «Партия мен халықтың жауы болған жоқ» фильмінде 1930-1938 жылдар аралығында Қазақстан Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болған Левон Мирзоянның тарихы баяндалады. Мирзоянның ұлының әңгіме-естеліктері – фильмнің негізгі тұтқасын ұстап тұрушы ролін атқарады.
Репрессия құрбандары тақырыбында жоғарғы көркемдік тәсіл және бейнелеу мәнерімен түсірілген шығармалардың бірі – Аяған Шәжімбаевтың «АЛЖИР» фильмін атауға болады. Бұл шығарма тарихымыздың ақтаңдақ тұстарының ашылмай келген бағы бір беті. «АЛЖИР»- Ақмоладағы Халық Жаулары Әйелдері лагерінде тұтқында болғандардың әңгімесіне құрылады. Әрқайсысының әңгімесі – бұлтартпас тарихи деректердің куәсі.
Қазақстан халқының тағдырында трагедияға айналған тақырыптардың бірі – Семей полигоны туралы бірнеше талантты фильмдер түсіріледі. «Невада Қазақстан» (1989ж. сц.авт., реж.С.Шафир, опер. П.Меньшиков, А.Милюков), «Қарауыл» (1990ж.сц.авт.В.Рерих, реж.О.Рымжанов, С.Шафир), «Полигон» (1990ж.сц.авт.В.Рерих, О.Рымжанов, С.Шафирдың қатысуымен, реж.В.Рерих, О.Рымжанов, опер.П.Меньшиков, А.Милюков) фильмдерінде көрініс табады. Әсіресе, өткірлігімен публицистикалық айыптау мінберіне айналған «Полигон» фильмі ядролық жарылыстың құрбанына айналған қарапайым халықтың тағдырын бейнелеуде фильм-зерттеу деңгейіне ұласады. 1992 жылы фильм авторлары О.Рымжанов, В.Рерих, композиторы Т.Мұхаметжановтар Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығына ие болады.
Фильм метафорамен басталады: камера көзі жер астындағы күңгірт тунельді аралап келеді. Экранда Апокалипсистен алынған «Первый ангел вострубил и сделались град и огонь, смешанные с кровью, и пали на землю...» сөздері пайда болады.
Әрі қарай әбден құрғап, тілім-тілімі шыққан шексіз дала... Сым торлар... Шопан қайғыра отырып, әрбір «жарылыстан» кейін «ана жақтан» жағымсыз иіс келетінін, көздерінің қызарып, басының ауыра бастайтыны туралы баяндайды. Ал, жергілікті дәрігерлер нәрестелердің дүниеге ауыр паталогиямен жиі келетіні, Даун ауруының үш есе көбейіп кеткені туралы айтады. Бұл әңгімелер мүгедек, ақылы кеміс балалар... көрініс тапқан кадрлармен жалғасады.
Фильм авторлары полигон тақырыбын жан-жақты ашуға тырысады. Полигонның тарихына үңіледі. Ядролық жарылыстарға тікелей қатысы бар ғалымдар мен әскери шендегі адамдарға сөз беріледі. Полигон бастығы, генерал А.Д.Ильенко, академик Ю.Б.Харитон, ғалым А.Д.Сахаровтардың әрқайсысы «ақталуға» тырысады. Фильмде тарихи кадрлар өте көп қолданылады. «Полигон» фильмі – 1949 жылдан бастап, жарты ғасыр бойы Қазақстан жерінде жасалынып келген ядролық жарылыстың тарихы мен халықтың тағдыры арасында параллель жүргізген обьективті көзқарастағы шығарма.
Режиссер Х.Омаровтың «Нәубет» (1992ж. сц.авт.В.Михаилов, опер.М.Өсеров) фильмі 1920-30 жылдардағы қолдан жасалынған ашаршылық трагедиясы тақырыбын қозғаған алғашқы фильмдердің бірі. Фильм-реквием В.Михаиловтың «Ұлы жұт хроникасы» кітабының желісімен түсірілген. Қазақ халқын жер бетінен жойып жіберуді мақсат тұтқандар өздері жасаған қылмыстың соңынан із қалдырмауға тырысты. Алайда, кез-келген қылмыстың ізі ешқашан жойылмайтыны белгілі. Режиссер Х.Омаров нәубеттен аман қалған көзі тірі куәгерлер, фотографиялар мен хроникалық кадрларды тауып, солардың негізінде сұмдық қылмыстың масштабын көрсетеді.
Деректі кино өнерінің негізгі міндеті – халық өмірінде маңызды орын алатын тарихи оқиғаларды бейнелеу арқылы белгілі бір уақыттың бейнесін жасау. Осы тұрғыда түсірілген «Жарияланбаған шеру хроникасы» (1991ж., сц.авт.реж.Ә.Байғожина, Н.Чанкова,опер.С.Энголи, Д.Ахтанов) фильмі 1986 жылғы Желтоқсан оқиғаларын өз көзімен көріп, қатысқандардың әңгімелерін негізге ала отырып, Қазақстанның тарихында маңызды орын алатын Желтоқсан көтерілісінің шынайы бейнесін жасайды.
1990-шы жылдардың басындағы Қазақстан халқының әлеуметтік жағдайы мен тұрмысының күрт төмендеп кеткен «өліара» кезеңі 1991-жылы түсірілген «Жаңа арқа» (сц.авт. және реж.Е.Әбдірахманов, опер.Н.Раисов) фильмінде бейнеленіп қалды. Жезқазған облысындағы Жаңа арқа станциясының тұрғындары үшін әрбір күн темір жол бойы вагонмен жеткізілетін нан кезегіне тұрумен өтетіні туралы репортаж тәсілімен түсірілген бұл фильм белгілі бір уақыттың нышаны ретінде деректі кино өнерінің тарихында өзіндік орнын алды.
1989-жылдардың соңы мен 1990-жылдары тарихи тұлғалардың өмірі мен шығармашылығына жаңа уақыт тұрғысынан көз салуды, зерттеуді талап ететін фильм-портреттер түсіріледі. Олардың басты кейіпкерлері – уақыт пен саясаттың құрбанына айналған қазақ мәдениеті мен әдебиетінің қайраткерлері.
Фильм-портрет жанрында түсірілген режиссер Халила Омаровтың «Мағжан» (1990ж.,сц.авт.Ұлжан Мүслимовва-Жұмабаева,опер.М.Өсеров), «Мұхамед-Салық мырзаның өмірі мен өлімі» (1991ж.сц.авт.Р.Отарбаев, опер.Ю.Пак), «Міржақыптың оралуы» (1993ж.сц.авт.А.Сатаев,опер.Омаров), 1997-жылы ҚР Президентінің телерадио кешенінде түсірілген «Әлихан мен Мұстафа: шындық және қиял» (сц.авт.М.Қойгелдиев, С.Аққулыұлы, реж.С.Баймұханов,Т.Ахметов) фильмдерінің кейіпкерлері – шынайы тарихи орнын экранда тұңғыш рет тапқан қайраткерлер.
Уақыт пен саясаттың құрбанына айналған қазақ мәдениеті мен әдебиетінің біртуар тұлғаларының бейнесі, әсіресе, режиссер Қ.Омаровтың шығармашылығында жиі көрініс табады. 1990-жылы түсірілген «Атамекен» (сц.авт.Г.Қасымжанова, опер.М.Өсеров) деректі фильмінде Б.Майлин, С.Сейфуллин, А.Байтұрсынов тағы басқа қазақ зиялы қауымының көрнекті қайраткерлерінің күрделі тағдыры туралы айтылған әңгіме Ы.Алтынсариннің немересі, белгілі ақын М.Хәкімжанованың естеліктері негізінде құрылады. Фильмнің өн бойында авторлар тарих іздері сайрап жатқан атамекенді қастерлеуге, көздің қарашығындай аялай білуге шақырады. Ал, «Мағжан» фильміндегі басты кейіпкер ақын Мағжан Жұмабаевтың бейнесі көзі тірі замандастарының әңгімесі, естеліктері негізіне құрылады. Ақынның қарама-қайшылыққа толы күрделі өмірі үш ракурста, яғни өмірінің әртүрлі кезеңіне куәгер болған замандастарының көзімен, тарихи айғақ ретінде қолданылған архив құжаттары және әр кезеңін бейнелейтін өлеңдері арқылы көрініс табады.
Режиссердың шығармашылығында маңызды орын алатын «Мұхаммед Салық мырзаның өмірі мен өлімі» (1991ж) фильмінің негізіне қазақ даласына қолқа салған Ресей империясы саясатының іске аспауына өз дәуірінде үлкен роль атқарған Шоқан Уәлихановтың замандасы Мұхаммед Салық Бабажановтың тағдыры алынады.
Қазақстан деректі киносының тарихында өзіндік алар орны бар бұл шығармалар ең алдымен Кеңес үкіметі кезінде айтуға тиым салынып келген тарихтың ақтаңдақ беттерін ашып көрсету арқылы ұлттық рухани болмыстың шынайы бейнесі көрініс табуымен құнды.
«Тәуелсіз бейне фильм» және әлеуметтік тақырыпта түсірілген фильмдер
1990 жылдардың басында «Қазақфильм» киностудиясында түсірілген деректі фильмдер әлі де болса мемлекет тарапынан қаржыландырылып отырады. Бірақ, ел экономикасының құлдырауы киноөнеріне әсерін тигізбей қалмады. Осы кезеңде бірінен кейін бірі пайда болған жиырмадан астам жеке киностудиялар кино өнерінің тығырықтан шығуына көмегін тигізе алмады. Деректі фильмдер ендігі жерде бейнетаспаға түсіріле бастайды.
«Қазақфильм» киностудиясының Ұлттық Продюссерлік Орталық пен Кинофабрика болып екіге бөлінген кезеңінде тәуелсіз продюссерлар талантты деректі кино шеберлерін өздеріне қарай тарта бастайды.
Деректі фильмдерді жиі шығарумен айналысқан жеке студиялардың бірі – «Гала-Тв». Осы студияда 1995-жылы режиссер Владимир Тюлькиннің «Крест тәжірибесі»(«Опыт креста») фильмі түсіріледі. Шығарманың негізгі арқауына балалар колониясында отырған жасөспірімдердің өмірі алынады. Кезінде бұл фильмді көрген көрермен екі топқа бөлінді. Бірі – сым тордың ар жағында түрме өмірінің кермек дәмін татып үлгерген, буыны қатпаған жас балаларға жаны ашыса, енді бірі режиссерды кінәлай, теріс айналды.
«Крест тәжірибесі» фильмінде жасөспірімдер колониясындағы балалардың үйреншікті күнделікті өмірі бейнеленеді. Олардың адам баласы төзе бермейтін түрме өміріне еті әлдеқашан үйренген. Кейбіреулерінің жүрегінде ересек тәрбиешілердің басынуына, балалардың арасындағы өзара күштілердің әлсіздерге көрсеткен әлімжеттігіне қарсылық туындайды. «Қатігездікке ешқашан қатігездікпен жауап бермеңіз...» - дейді жасөспірімнің бірі. Режиссер қатігездік жайлаған ортада өскен балалардың жүрегінің бір түкпірінде мейірімділіктің дәні өсіп келе жатқаны туралы айтады. Яғни, адам табиғаты қаншалықты «былғанған» болса да, оның бойынан жарық сәулеге ұмтылу талпынысы бәрібір жоғалмайды. Өмірінің ең бір күрделі сәттерінде ол қасиет бой көтере бастайды. Фильмде алдын ала ұйымдастырылған сценарий бойынша түсірілген бірде-бір кадр кездеспейді.
«Крест тәжірибесі» фильмінің негізгі идеясы – шегінен шыққан зұлымдық адам өмірін тұтасымен жаулап алуы мүмкін емес, адамды адам еткен тек мейірімділік. Шығарма көптеген Халықаралық кинофестивальдарға қатысып, айтулы жүлделерге ие болады. 1996-жылы Рига қаласында өткен «Арсенал» кинофестивалінда ФИПРЕССИ-дің тағайындаған арнайы жүлдесіне, Венгрияда және Амстердамда өткен Халықаралық кинофестивальдарда Бас жүлдеге ие болады.
1995-жылы Қазақстанда ашылған Сорос қоры өз жұмысын тәуелсіз бейнефильмдерге көмек беруден бастайды. 1996-жылы деректі кино бойынша жасалынған «Тәуелсіз бейнефильм» атты тұңғыш жобаға қатысушы фильмдердің арасынан бас жүлдені жас журналист Жанар Хұсайынованың «Үй, нан, от, күн, өмір» фильмі жеңіп алады. Шығармада автор ауылда өткен балалық шағын сағынышпен еске алады. Балалық өмірінен есінде қалған әрбір күні, әрбір оқиға ол үшін бәрінен де қымбат. Фильмнің бейнелік қатары тұтасымен автордың кадр сыртынан айтылатын комментариімен ұласып отырады. «Үй, нан, от, күн, өмір» - өне бойы сүйіспеншілік пен сағынышқа толы деректі шығарма.
Режиссер Жаңабек Жетіруовтың «Жол қараушының жазблары» («Записки путевого обходчика») фильмі бүкіл ғұмыры темір жолмен байланысып келе жатқан әкесі мен ұлы туралы әңгімелейді. Саналы өмірін темір жолға арнаған Мұңтай ата зейнеткерлікке шыққан соң да, мал сусындайтын жер іздеп, құдықтар қазумен айналысады. Ал, ұлы темір жол жөндеу жұмысында тәжірибесі мол әкесінің көмегіне жүгінеді. Өйткені, Мұңтай ата поезд дөңгелегінің қағысынан-ақ рельс бойындағы «ақауды» айна-қатесіз дөп басатын, темір жолды өз жүрегіндей «тыңдай алатын» кәсіби мамандардың бірі. Фильмде кадр сыртынан айтылатын автордың комментариі естілмейді. Тұтасымен табиғи дыбыстарға, дауыстарға құрылған. «Жол қараушының жазблары» – бүкіл өмірі мен тағдырын тек еңбекке арнаған ғажайып адам туралы жасалынған фильм-портрет.
1999-жылы Сорос-Қазақстан қоры мен «СКИФ» тәуелсіз продюссерлік орталығы бірігіп түсірген бес деректі фильм дүниеге келеді. Бұл жолғы фильмдердің авторлары - Әсия Сүлеева, Рүстем Тәжібаев, Мұрат Мусин, Сәбит Құрманбеков, Владимир Тюлькиндер сияқты кәсіби режиссерлар болды. М.Мусин мен С.Құрманбековтардың «Соңғы көш» фильмі бүкіл ғұмырын қой шаруашылығына арнаған Қойшыбай Қожақов арқылы Қазақстандағы бүкіл ауыл шаруашылығының жай-күйіне, Р.Тәжібаевтың «Адасқандар» (Затерянные между...«) – қоғамға қажеті жоқ, сырт қалып қойған адамдар тағдырына, Ә.Сүлееваның «Бекет ата» фильмі тарихы бай Маңқыстау өлкесіне, ондағы Бекет ата мешітінің тарихы мен бүгінгі маңызына назарын аударады.
Ал, В.Тюлькиннің «Патетикалық симфониясы» - үйсіз, иесіз қалған иттерді үйінде бағып-қағумен айналысатын Н.В.Перебеева мен оның кәрі шешесінің бір күнгі өмірі туралы фильм-бақылау. Фильмнің тағы бір кейіпкерлері – ит аулаумен айналысатын орта жастағы еркек. Шығарманың бүкіл драматургиясы осы кейіпкерлер ісінің қақтығысында көрсетіледі. Егер, Н.Перебеева мен оның шешесі үшін маңызды міндет - 120-дан астам үйсіз қалған иттерді бағып-қағу болса, ал ит аулаушы үшін - көшеде жүрген иесіз иттің мойнына аса шапшаңдықпен қарғыбауды кигізе қойып, қылқындырып, темір торға лақтырып тастау үйреншікті іске айналған әдіс. Режиссер әрбір «ит аулау» көрінісінен кейін сөзсіз шіркеуде немесе үйде құдайға сиынып отырған Н.Перебеева немесе оның шешесін көрсетеді. Бұл - бір жағынан жаңа ғана көз алдыңнан өткен зұлымдық үшін кешірім сұрау немесе «күнәдан арылу, тазаруға» деген талпыныс ретінде қызмет атқарады. Фильм драматургиясында маңызды роль атқаратын көріністердің бірі – асыл тұқымды иттердің байқауы. Олар – көшедегі немесе Перебеевалардың үйіндегі иттердің тағдырынан тым бөлек, «жоғарғы деңгейде» өмір сүретіндердің қатарынан. Мазмұны жағынан біріне бірі қарама-қарсы бұл кадрларды қақтығыстыра отырып, режиссер «Крест тәжірибесі» фильмінің тақырыбын тереңдете түседі. Егер, «Крест тәжірибесінде» түрмеде отырған жасөспірімдер арқылы қатігездік пен мейірімділіктің мәңгілік теке-тіресін бейнелесе, ал, «Патетикалық симфония» фильмінде әрқилы тағдыры бар иттер арқылы қоғамға, адам өміріне жасалынған зерттеу көрініс табады.
Фильмнің түсірілу жұмысы ұзаққа созылады. Режиссердің өзі былай дейді: «...Ауланған иттер тұрып жатқан аулаға келіп жүріп, бригадирімен таныстым. Ол иттерді ауыр темір трубамен ұрып, қалай өлтіретіндерін көрсетті. Көріністің сұмдықтығы соншалықты, есімнен танып қала жаздадым. Ал, жақын маңдағы бақтың ішінде кішкентай қыз күшіктермен ойнап жүрді. Маған бұл көрініс қатты әсер етті. Бір жерде өлтіріп жатыр, екінші жерде сол ит аулаушылардың бірінің сәбиі өлтірілген иттің күшігімен ойнап жүр. Ит аулаушылармен танысуыма ұзақ уақыт кетті. Түсіру жұмысымды жарты жылдай бастай алмадым».
«Тәуелсіз бейнефильм» жобасы бойынша бес жыл ішінде бүгінгі күннің өзекті мәселелері көрініс тапқан 33 деректі фильм мен 9 әлеуметтік мазмұндағы роликтер түсіріледі.
Деректі кино - жекелеген құжаттар арқылы, автордың өзіндік ойының негізіне құрылған шынайы өмірдің концептуальдық бейнесі. Режиссер өмірден алынған шынайы деректерге сүйене отырып, белгілі бір құбылыстың мазмұнын ашады. Қоғамда болып жатқан өзгерістер мен құбылыстарды, жеке адамның қоғамда алар орны мен маңызын көрсетуде деректі кино өнерінің маңызы зор екендігі белгілі. Бұл салада әлемдік, Кеңес және Қазақстан деректі киносы тарихынан белгілі қаншама озық үлгілерінің куәсіміз. Бұл шығармалар ең алдымен қым-қиғаш оқиғаларға тұнып тұрған бүгінгі күрделі уақыттың жүрек соғысын барынша терең сезініп, түрлі-түсті нақыштарын шынайы жеткізуге тырысқаны көрінеді.
Деректі кино шеберлері үшін аса маңызды тақырыптардың бірі – халықтың әлеуметтік жағдайын, тұрмыс-халін белгілі бір кейіпкер немесе оқиғалар арқылы бейнелеу. 1990-жылдары және 2000-жылдардың басында Қазақстан деректі киносында әлеуметтік тақырыпта фильмдер өте көп түсірілді. Олар – С.Құрманбеков пен М.Мусиннің «Соңғы көш»(2000ж.»Скиф»ҰПО), Р.Тәжібаевтың «Адасқандар...» (2000ж. »Скиф»ҰПО), «Ашық хат», М.Мусиннің «Құм жайлаған аң» («Песчанный зверь») т.б. шығармаларын атауға болады.
«Соңғы көште» авторлар қарапайым қойшы және оның жанұясының күнделікті тыныс-тіршілігін көрсете отырып, кейіпкердің ой-толғаныстары арқылы қоғамда белең алған өзекті мәселелерге қозғау салады. Ең басты назар аудартатыны – фильмде жалған пафос, жалған айғай да жоқ. Кейіпкерлерінің үнінде, жүзінде камера алдында «абыржу» білінбейді. Бәрі де шынайы, салиқалы. Экрандағы Жетісу өңірінің шырайлы сұлу табиғаты мен қойшы жанұясының күнделікті тыныс-тіршілігінің арасында ешқандай қарама-қайшылығы жоқ, үндесіп, үйлесіп жатқандай. Алайда, осы тылсым-тыныштықтың өзінде білінер-білінбес үрейдің көзі мен үйлесімсіздіктің нышаны аңғарылады.
Кадр сыртынан бірқалыпты, өзіне тән қоңыр үнімен айтылып жатқан қойшы әңгімесі ауылдан жұмыс таппай, қалаға келіп, базарда сауда жасап жүрген қазақ жастары көрініс тапқан кадрлармен алма-кезек ауысып отырады. Дәл осы көріністерді «Адасқандар...» фильмінен де көреміз.
Егер «Соңғы көште» басынан аяғына дейін басты кейіпкердің әңгімесі арқылы бейнеленсе, ал «Адасқандар...» фильмінде жеке-жеке эпизодтар арқылы панорама жасайды.Сондықтан, бұл шығарманың монтаж ырғағы да бөлек. Экрандағы бұл мұңды көріністерге автор «Елім-ай» әуені арқылы негізгі акцент жасайды. Тіпті, бұл әуен фильмнің орталық лейтмотивіне айналады. Әрбір эпизодтан күрделі өмірдің «қармағына» ілініп, шығатын жол таба алмай, «шиыршық» атқан «адасқандар» жүзін көреміз. Автор ірі планмен көрсетілген кейіпкерлері арқылы халықтың белгілі бір кезеңдегі жай-күйін бейнелейді.
Әсіресе, тоз-тозы шыққан жұпыны үйдің суық бөлмесінде өмір сүріп жатқан, киімі де, өңі де тозған ағайынды төрт ағалы-қарындастың тұрмысын көрсеткен эпизод өте әсерлі. Экраннан 12-13 жастағы ұл бала бауырларының күнделікті наны мен ауру шешесінің дәрі-дәрмегіне қажетті қаражатты қалай тауып жүргені туралы әңгімелеуде. Көрермен назары маңдайында жасынан ерте пайда болған терең әжімдерге ауады. Жас баланың мұңды көздері мен әжім басқан жүзі бейнеленген бір ғана кадр фильм тақырыбының айқын көрінісі.
Режиссер Р.Тәжібаев жеке адамдардың тағдыры арқылы халықтың әлеуметтік жағдайын бейнелеу үрдісін «Ашық хат» фильмінде жалғастырады. Егер, «Адасқандарда» жекелеген көріністер арқылы жалпыхалықтық мәселені бейнелесе, «Ашық хат» фильмінде режиссер төсекке таңылып, мүгедек болып қалған ер азаматтың тағдырына назар аударады. Шығарманың негізгі формасы ерлі-зайыптылардың екеуара әңгімесі ретінде құрылады. Мүгедек жігіт рухани тіректі тек шіркеуден іздейді. Өйткені, адамдардан әлдеқашан үміті үзілген. Бұл шығармадағы кейіпкердің алдыңғылардан айырмашылығы – болашаққа деген үміт пен сенім бар.
Деректі кино жанры бастапқы кезден-ақ шынайы өмір тынысымен тығыз байланысты екендігі белгілі. Сондықтан, алғашқы қайнар көзі де, рухани күші де – адамдар, оның қайталанбас бейнесі, мінез-құлқы, бітім-болмысы. Деректі кино режиссері үшін сол адамдарды қоршап тұрған ортада болып жатқан құбылыстардан алшақ кетпеу өте маңызды. Өйткені, ол осы құбылыстар арасындағы өзара байланысты жіті бақылап, қырағы көзбен көре білуі керек. Кейіпкерлерді көрсету барысында олардың әлеуметтік жағдайын жетік біліп, зерттеу болашақ фильмнің сәтті шығуына кепілдік берері даусыз. Осы тұрғыда сәтті түсірілген шығармалардың бірі – М.Мусиннің «Құм жайлаған аң» фильмі. Бұл – құмды даланың қақ ортасында орын тепкен қазақ ауылы, оның тұрғындарының күнделікті өмірінен, тыныс-тіршілігінен өрбіген терең философиялық мазмұны бар поэтикалық шығарма. Табиғаттың дүлей күшімен күнделікті тартысып, ауыз суға зар болған ауыл тұрғындарының өмірі шынайы деректілікпен көрініс табады. Фильмнен кейіпкердің үйреншікті синхроны, кадр сыртынан айтылатын автор мәтіні кездеспейді. Олар үшін экрандағы көріністердің өзі «жауап береді». Тіпті, бірде «момақан», енді бірде дүниені алай-дүлей ететін құмды даланың өзі жанды кейіпкер сияқты. Автор құм арасында өмір сүріп жатқан ауылдағы бір отбасы мүшелерінің таңның атысынан күннің батысына дейінгі бір күнгі өмірі мен әрқилы «мінезді» құмды даланың «жүрек соғысын» параллельді түрде көрсете отырып, адам мен табиғат арасындағы байланысты бейнелейді. Бұл байланыс сәтті қолданылған бояулар гаммасы, кадрлардың ауысу ырғағы арқылы мұң мен ой қатар жүретін поэтикалық сезінуге, философиялық толғаныстарға жетелейді.
Сонымен, 1990-2000 жылдар аралығында Қазақстан халқының әлеуметтік жағдайы, тұрмыс-ахуалы көрініс тапқан деректі шығармалар көптеп түсірілді. Олардың әрқайсысы Қазақстан деректі киносының тарихында бүгінгі күн бейнесі көрініс тапқан бейне шежіре ретінде маңызды орын алары сөзсіз.
Деректі кино өнерінің негізгі міндеті – тарихи деректерді ой елегінен өткізіп, шындықтың бет-пердесін ашу және бүгінгі күн тынысын дәл көрсету болып табылады. Деректі фильм - әрқилы белгілерден тұратын шынайы өмірдің формуласы. Ол белгілердің әрқайсысын жеке-дара және біріктіре алып қарағанда, өмірлік құбылыстың нақты бейнесіне айналатыны белгілі.
Соңғы бес жыл ішінде Қазақстан деректі ккиносында өткен тарих беттеріне жаңаша көз салған бірнеше талантты шығармалар пайда болды. Олар – «Халық қаһарманы» Қасым Қайсенов туралы түсірілген «Қасым Қайсенов немесе жәй ғана Вася» («Партизан Касым Кайсенов или просто Вася», 2002ж.реж.С.Махмұтов), «Таусылмайтын махаббат» (реж.С.Әзімов, Ә.Ерназаров), «Махамбет»(реж.Ж.Жетіруов), «Кенесары» (реж.Ж.Жетіруов) фильмдері.
«Қасым Қайсенов немесе жәй ғана Вася» фильмі екі новелладан тұрады: біріншісі – қарт батырдың туған жеріне сапар шеккен жолымен басталып, жауынгер жазушының соғыс және бейбітшілік, өмір мен өлім, өткен мен болашақ хақындағы ой-толғамдарымен өріліп отырады. Екіншісі – басты кейіпкері бір кездері оқ пен оттың арасынан өткен Украина жерінде. Бұл екінші новелланың өзі екі бөлімнен тұрады: алғашқысында Қ.Қайсенов пен журналист В.Соколов бұрмаланып келген тарихи шындықтың қалай қалпына келтірілгені туралы баяндаса, екіншісінде қарт батырдың партизан достарымен кездесуі, шейіт болған майдандастарының ескерткіші алдында тағзым етуі көрсетіледі.
Фильмде Кеңес әскерінің Днепрден өтетін даңқты шайқасында 120 партизанды бастап, оң жағалауға алғаш өтіп, әйгілі Букрин плацдармын бірінші болып алған, Қызыл Армияның өзеннен өтуіне мүмкіндік жасаған теңдессіз ерлік баяндалады. Кескілескен ұрыста ауыр жараланған Қ.Қайсенов ұмыт қалып, оның орнына өзге бір командир «ерлік иесі» атанған қиянатты тарих деректі дәлелдермен көрсетіледі. Бұл оқиғаға қатысты көзі тірі барлық куәлер сөйлейді. Сол ұрыстан кейін Кеңес Одағының Батыры атағын алған партизандар командирі А.В.Тканко өз аузымен шын ерлік иесі – Қасым Қайсенов екендігін мойындайды.
Режиссер Сағатбек Махмұтовтың «Қасым Қайсенов немесе жәй ғана Вася» фильмінде Қ.Қайсеновтың өмірбаянына қатысты бұрмаланып келген тарихи шындық әңгіме желісінің негізгі арқауы етіп алынса, «Таусылмайтын махаббат» фильмінде кейіпкердің бейнесі өзге қырынан көрінеді. Шығарманың композициялық құрылымы Қасым Қайсенов пен оның жарының екеуара әңгімесіне құрылады. Қиын-қыстау күндерді, қуаныш пен қайғыны ғұмыр бойы бірге бөлісіп келе жатқан кейіпкерлердің шынайы әңгімесі арқылы кейіпкердің шынайы көркемдік бейнесі ашыла түседі.
«Ресми Герой деген атақты алғандардың барлығы герой емес. Арасында бұл атақты не үшін алғандарын білмейтіндері де бар. Нағыз геройлар мына Бауыржандар... Әр күні, әр айы, әр басқан ізі батырлық үшін жаралған адамдар болатын. Бауыржан қарағаштай майыспай, іштей тынып кетті. Ал, Рахымжан болса, жас қой, кей күндері «атағымды бермеді» деп айтып жүретін. Мұның ар жағында империялық шовинистік саясат жатыр... Сол империялық үстем ұлттың қиянаты Бауыржанға да, Рахымжанға да геройлығын бергізбеді...»,- дейді кейіпкер Б.Момышұлы мен Р.Қошқарбаев ескерткіштері алдында. Алғашқы өлтірген неміс солдаты туралы еске ала отырып: «...Мен өзімді бір жағы кінәлімін деп есептеймін. Украинадан сонау Карпатқа дейінгі жүріп өткен жолда қолымнан жүзден аса адам қаза тапты. Ал, оның бәрі фашист па?... » –дейді өткен өміріне шегініс жасай отырып. Фильмде жауынгерлердің соғыстан елге оралғандағы алғашқы психологиялық күрделі жағдайы ашық айтылады.
«Таусылмайтын махаббат» фильмі – Қазақстанның халық қаһарманы, атақты партизан, жазушы Қасым Қайсеновтың ішкі жан-дүниесін терең зерттеуге талпынған, сол арқылы белгілі бір ұрпақтың тағдырына көз салған талантты шығарма.
Бүгінгі таңда Қазақстан деректі кино шеберлері қазақ халқының тәуелсіздігі жолында құрбан болған тарихи тұлғалардың экрандық бейнесін сомдауға жиі көңіл бөліп келеді. Мұндай шығармалардың қатарында талантты режиссер Жаңабек Жетіруовтың «Кенесары» және «Махамбет» фильмдерін атауға болады. Олардың ерекшелігі – тарихи тұлғалар мен оқиғалар туралы хабардар етуді мақсат тұтпай, бүгінгі күн тұрғысынан көз салып, зерттеу деңгейіне дейін көтерілгендігінде. Бұл жолда режиссер әрқилы тәсілді қолданады. Мысалы, «Махамбет» фильмінде Махамбет Өтемісұлының бейнесі картиналар, архивтен алынған құжаттар мен актер ойыны, Махамбеттің өлеңдерін үйлесімді қолдану арқылы көркемдік бейнесі сәтті ашылады. Осы фильммен тақырыбы, мазмұны жағынан рухани үндес «Кенесары» деректі шығармасын мазмұны тұрғысынан екіге бөліп алып қарауға болады: біріншісі – Кеңесары бастаған көтеріліс және оның соңғы күніне, яғни, қырғыздардың Кенесарының басын кесіп алып, Омбы губернаторына жібергенге дейінгі, ал екіншісі- авторлардың осы бас сүйекті іздестіру жолындағы сапары көрініс табады. Фильмде Кенесарының өмірін жіктеп көрсетіп беру емес, оның тұлғалық болмысын жан-жақты зерттеу деңгейіне көтеру мақсаты қойылған. Шығарманың композициясы сценарий авторларының бірі Д.Рамазанның Кенесары туралы Омбы, Орынбор, Петербург т.б. қалаларындағы музейлерден деректерді іздеу жолындағы сапары негізіне құрылады. Кенесары мен ол бастаған көтерілістің көркемдік бейнесін ашуда нақты тарихи деректер, яғни Кенесарының хаты, картиналар, фотоқұжаттар қолданылады және бүгінгі күнмен жалғасын табады.
Жалпы, деректі экранда тарихи оқиғалар мен тұлғаның шынайы бейнесін жасау оңай емес. Шынайы деректі қайта қалпына келтіру барысында фильм авторларынан материалға деген обьективті түрде адал қарым-қатынасты сақтай отырып, биік азаматтық ұстанымды талап етері сөзсіз. Бұл орайда, «Махамбет», «Кенесары» фильмдерін тарихи кейіпкерлердің көркемдік бейнесі көрініс тапқан сәтті шығармалар деуге болады.
Сонымен, 1990-2000 - жылдардағы Қазақстан деректі киносы ең алдымен тақырып ауқымының кеңдігімен, күнделікті өмір және өткен тарихты бейнелеуде көрініс тапқан батыл, әрі өткір авторлық жеке көзқарасы, материалға деген өзіндік қарым-қатынасымен, рухы биік азаматтық ұстанымымен ерекшеленеді. Тарихи оқиғалар мен тұлғалардың бейнесі, қоғамда болып жатқан жаңа құбылыстар мен әлеуметтік проблемалар экранда шынайы көрініс табады. Кейіпкер бейнесінің бітім-болмысы, тағдыры, мінез-құлқы қоғам өмірімен тығыз байланыста қарастырылады. Сондай-ақ, шығармашылық қолтаңбасының қайталанбас ерекшелігімен назар аудартатын талантты дерек кино шеберлерінің суреткер ретінде қалыптасуына әсер еткен маңызды кезең болып табылады.
Қолданылған материалдар:
«Қазақ киносының тарихы» (оқулық)
ҚР Білім және ғылым министрлігі, Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА,
Б.Р.Нөгербек, Г.Қ.Наурызбекова, Н.Р. Мұқышева – Алматы: ИздатМаркет, 2005.