Мақала
Мәжит Бегалиннің «Тұлпардың ізі» - қазақ кино тілінің бастауы
«Тұлпардың ізі» фильмі 2022 жылдың 20-желтоқсанында "QAZAQ KINOSY: TOP 10 FILM" жобасы аясында талқыланды
Бөлім: Кино
Датасы: 03.02.2023
Авторы: Oner Portal
Мақала
Мәжит Бегалиннің «Тұлпардың ізі» - қазақ кино тілінің бастауы
«Тұлпардың ізі» фильмі 2022 жылдың 20-желтоқсанында "QAZAQ KINOSY: TOP 10 FILM" жобасы аясында талқыланды
Бөлім: Кино
Датасы: 03.02.2023
Авторы: Oner Portal
Мәжит Бегалиннің «Тұлпардың ізі» - қазақ кино тілінің бастауы
Тұлпардың ізі

Мәжит Бегалиннің «Тұлпардың ізі» (1964) фильмі көрермен арасында аса танымал емес, оған себеп цензураға ілігіп, кең таралмай қалуы болар. Алайда, қазақ киносының ең үздігі дегенде киносыншылар мен режиссерлер жоғары бағалауы фильмнің құндылығын аңғартса керек.

Фильм сюжеті тартысты, шытырман оқиғалы емес. Негізінен кейіпкер психологиясына, қазақы менталитетке тән көнбіс, эмоцияға кедей адамның ішкі тартысына құрылған. Өгей анасының қалауымен Жаухаз (Фарида Шәріпова) сөзге де, сезімге де шолақ Тұрарға (Асанәлі Әшімов) тұрмысқа шығады. Болашақ жарын қаламауы, бірақ ата дәстүрге қарсы тұра алмауы, өз дәрменсіздігі әрекетпен, диалогпен емес, көрерменге ішкі түйсікпен беріледі. Келін түсірген әулеттің қыстауға көшуі, қыз әкесінің жанының қиналуы, советтік идеология насихаттаған малшы өмірінің қиындығы, адам жанының махаббатты аңсауы, барлығы өте қысқа диалог, ұтымды мизансцена, көрермен тура қасында тұрғандай әсер беріп, эмпатиясын тудыратын ірі кадрлар осы көзге көрінбес тартысты жеткізе алған.

Фильмдегі кейіпкерлер саны да көп емес, жапанда өмір сұрап жатқан малшылар отбасы: атасы, енесі, күйеуі Тұрар мен келіні Жаухаз. Осы төрт адам арасындағы қарым-қатынас, бас кейіпкер трагедиясын түсінуге мүмкіндік береді. Фильмдегі негізгі оқиғаның өрбуі көрші ауылдан келген механизатор Танабайдан басталады. Кенет боран тұрып, шиеленіс басталады. Осы фильмдегі кейіпкер бірі ретінде табиғат ойнайтындай. Ақтүтек боран, желдің бірде үдей, бірде уылдай соққан дыбысы ауыр үнсіздік басқан сәттерді «тірілтіп» жібереді. Жалғыз ұлының амандығынан қойының түгелдігін артық көруіне малжанды қазақы мінез бе әлде «совет адамының» бойында патриоттықпен қатар жүретін үрей себепші болды ма деген көрермен сұрағына Тұрардың шешесінің «енді құритын болдың-ау» деген жалғыз фразасы жауап береді. Тұрармен бірге майл іздеуге Танабай (Қуатбай Абдраимов) да аттанады. Бірақ боран үдеген сайын Тұрардың да бойын қорқыныш пен арам ой басады. Әбден титықтаған кезде серігін де, малды да ойламастан, екі жоқшыны байланыстырған арқанды үзіп жібереді. Фильм кадрларының бірінде радиодан «батыр да еңбекқор қойшыларға арнап ән беріледі. Өлім мен өмір арасында арпалысып, қойын тапқанымен серіктесінің адамгершілігін «жоқтаған» Тұрардың естігісі келетіні мүлдем малшылар одасы емес еді. Ымдап Жаухардан радио жиілігін алмастыруды өтінеді. Кеңес үкіметінің пропаганда арқылы сіңірген құндылықтарының тамыр жаймауының да жауабы осы болған шығар. Фильмнің финалы өте әсерлі шыққан. Кенет келіншегін таппай аласұрған Тұрар көрші бөлмеде ата-анасының сұстыөзнің не жоғалтқанын түсінгендей болды. Ашық финал көрерменге берілген еркіндік. Бүкіл фильм бойы психологиялық қысымда отырған көрермендер өз «жоғын» бірден таба алады деген ойдамыз.

Бұл фильмде режиссер жұмысы, оператордың сәтті ракурстары мен техникасы, кейіпкер мінезін ашатын қысқа фразалы диалогтарынан өрілген сценарий, психологиялық иірімдерді сезіндіретін әрі эмпатия тудыратын шебер драматургиясы бәрі тамаша. Осы «Тұлпардың ізі» фильмі сценариінің жазылуы тарихын арнайы зерттеген кинотанушы, ғалым Назира Мұқышева сценарийдің бірнеше нұсқасы болғанын, олардың әрқайсын талқылау үшін бірнеше отырыстар өткенін айтады:

– Мен алдымен бұл сценарийдің соңғы нұсқасын оқыдым. Сценарийде стиль, форма, кейіпкерлердің болмысы, бейнесі, мінез-құлқы, жалпы өзегі көрсетілген. Әрине, бұл сценарийдегі өте көп эпизод фильмге кірмей қалған. Хронометраждың шектеулі болуына байланысты кесіліп қалса керек. Осы жағы маған қызық болып, ең алғашқы вариантын іздедім.

Алғашқы нұсқасын жазушы Әкім Тарази Мәскеудегі Жоғары сценарий курсында оқып жүргенде дипломдық жұмысы ретінде «Жазира» атауымен жазған. Соңғы сценариймен салыстырғанда жанры жағынан да, кейіпкерлер жағынан да өзгеше. Алайда кейіпкерлердің болмысын беру, фильмнің дәнегі осы алғашқы сценарийде жатыр. Алғашқы сценарийге сын көп айтылды, сонымен қатар қолдағандар да көп болды. Көп сынға ұшыраған соң оны өзгертіп, келесі отырыста мүлдем басқа сценарий ұсынылады. Ол «Вижу Венеру» деп аталды.

Сценарийдің өзгертілуіне қатысты Әннәс Бағдат мынадай болжам айтады:

– Сценарий нұсқасы төрт рет өзгерген екен. Мен мынадай өзгерістерді байқадым: алғашқы нұсқада сценарист кейіпкерлерді ашқанда классикалық драматургиямен – әдеби диалогпен, оқиғалармен ашқан. Ал соңында мұның бәрі жоғалып кетеді. Мүмкін бұл жерде цензураның әсері не режиссердің араласуы болған шығар. Менің ойым, кейде цензурамен бәрін қысқан кезде, соны жеткізетін тіл табылады ғой. Сол кино тіліне айналған сияқты.

Сценраийдің жазылуымен қатар, фильмнің түсірілуіне қатысты Назира Рахманқызы бір қызық деректі айтады:

- 60 жыл бұрын басталған мәселе бізде әлі күнге дейін өзекті. Ол кезде Әкім аға жоғары сценарий курсын орысша оқыған соң, сценарий де орысша жазылды. Орысша жазылса да Әкім Тарази қазақтың бар болмысын көрсете алған. Сценарийлер де, хаттамалар да орысша жазылған. Кітап жазар кезде аударма жағынан көп қиындық болды. «Вижу Венеру» дегенді қазақшаға «Жанарымда - Шолпан жұлдыз» деп аудардым. Ол кезде орысша жазу уақыт талабы болса, қазіргі күні де жалғасып келеді.

Жоба жетекшісі Әннәс Бағдат бұл фильм сценарийі орысша жазылса да, қазақ киносы тарихындағы қазақша түсірілген бірінші фильм екенін еске салды. Көркемдік кеңестің сценарий бөлімі хаттамаларында бұл мәселе өте көп көтерілген дейді Назира Рахманқызы. Сол кездегі ақын-жазушылар отырыстарда «Біз қазақтың тағдыры, қазақтың мінезі, қазақтың болмысы жайлы фильм түсіріп жатырмыз, кейбір қазақ әртістерге орысша тіл сындыру қиын. Әр тілдің өз табиғаты бар, тілде сол ұлттың болмысы тұрады. Актерлерге өз болмысын сындыруға тура келеді, экранның, камераның алдында өз табиғатына сай емес сөйлеп тұрғанда жасандылық пайда болады» деген ойды көп айтқан. Сол кезде Мәжит Бегалин де, Әкім Тарази де бұл фильмді қазақша түсіреміз деп тұрып алған екен. Бұл ойды сол жердегі коллегиум мүшелері толықтай қолдаған, өйткені бұл бәрінің көкейінде жүрген мәселе еді. Бұған дейін сценарий орысша жазылып, орысша түсірілетін. Ал қазақ ауылдарына прокатқа жіберу үшін қазақ тіліне дубляждалатын еді.

Сценарий нағыз кино тіліне өткен сияқты. Бұл фильмде көп бағаланатыны да кино тілі. Фильмде жапон киносының эстетикасы бар деген ой да жиі айтылады. Бірақ бұл жағы қатты зерттелмеген. Жапон киносын зерттеген батыс зерттеушілерінің еңбектерінде жапон киносы эстетикасы дегенде ең көп айтылатын – Ясудзиро Одзу. Оның екі ерекшелігіне ерекше тоқталады. Бірі – кинодағы бос кеңістіктер (философиялық тіл ретінде), екіншісі – камераның бақылаушы ретінде түсіретіні.

Негізі бұл фильмді біреулер «Жалаңаш арал» фильмінің эстетикасымен байланыстырса, Бауыржан Рамазанұлы Роберт Флаэрти деген америкалық және әлемдік киноның жарқын өкілінің «Солтүстіктегі Нанук» деген фильмнің эстетикасымен байланыстырады.

- Жапон киносымен салыстырар болсақ, жапон халқына шығыстық менталитет тұрғысынан көп ұқсастығымыз бар. Бірақ бұл фильмде нағыз қазақтың өзіне тән, кеңістікке, уақытқа деген көзқарасы, ішкі әсері тұнып тұрған сияқты. Осындай дүниелер арқылы жапон киносымен байланыстыратын секілді. Бірақ ол өз мәдениетімізде де бар ғой, - дейді кинозерттеуші Нәзира Рахманқызы.

Кино тіліне қатысты журналист, «Киностан» телеграм-арнасының жүргізуші Ернар Бекенов былай дейді:

– Бұл жерде сценарийдің ықпалы деп ойлаймын. Сценаристің шеберлігі сол – аз ғана хронометраж ішінде әр кейіпкерге, әсіресе басты кейіпкерлерге толық сипаттама беріп кеткен. Кейіпкердің көзі оның қандай адам екенін көрсетеді. Қарапайым көрермен ретінде айтар болсам, маған ерекше әсер еткені – сценарий. Екіншісі, техникалық жағы. Камераның статикалық, бір орында тұрып, кенет кейіпкерлер жаққа қарай қозғалатыны. Бір мезетте камера жалпы планнан фокусты үлкен планға бұратыны. Кейіпкерлердің үстінен қозғалып түсіргені қазіргі дронмен түсіргендей әсер қалдырады. 60-жылдары бұлай түсіру оңай болды деп ойламаймын.

Нәзира Рахманқызы сценаритсті мүсіншіге бағалайды. «Әр нұсқа сайын эпизодқа жаңа элемент қосылып, жаңарып отырады: пауза қосылады не алып тасталады, орындықты жылжытады не жылжытпайды. Бір қарасаңыз ұсақ дүние секілді, бірақ сол детальдер кейіпкердің бейнесін ықшамдап, толықтырып отыр. Кино деген артық ауыз сөз немесе артық қимыл емес, дәл нақты болуы керек қой. Бұл жерде режиссер мен сценаристің шеберлігін атап өту керек, өйткені фильмде артық қимыл жоқ. Фильмнің сценарийі көп сценарист үшін хрестоматия бола алады деп ойлаймын» дейді кинотанушы ғалым.

– Мен бұл фильмді алғаш көргенде, кейіпкерлердің сөзін тыңдап отырып, бір әдеби шығарма экранизациясы деп ойладым. Өйткені, кейіпкерлердің характеристикасы мықты жасалған. Мысалы, қазір бізде белгілі бір кезең жайлы фильм түсіргенде сол кездің атрибутикасы болады, бірақ кейіпкерлерден сол уақыттың болмысын көре алмаймыз. Ол үшін ұзақ диалогтар, түсіндірулер қолданып жатады. Ал бұл жерде кейіпкерлердің көзінен, ұсақ детальдерден бәрін түсінесің, – дейді Ернар Бекенов.


Фильм туралы дерек

Атауы: Тұлпардың ізі
Шыққан жылы: 1964
Мемлекет: КСРО
Жанр: психологиялық драма
Компания: Қазақфильм
Премьера: 7-маусым, 1965
Ұзақтығы: 85 мин.
Режиссер: Мәжіт Бегалин
Сценарий: Әкім Тарази
Оператор: Асхат Ашрапов
Суретші: Сахи Романов
Композитор: Эдуард Хагагортян
Монтаж: Роза Жанғазина
Көркемдік жетекші: З.Бошаев
Басты рөлдерде: Кəукен Кенжетаев, Хадиша Бөкеева, Фарида Шəріпова, Асанəлі Əшімов, рахметолла Сәлменов, Қуатбай Әбдірайымов, Камал Қармысов.

Қолданылған материалдар:

Oner Portal Youtube каналы - "Тұлпардың ізі"