Мақала
«Қазақ киносының тарихы» (III.3.2)
III. Қазақ кино өнерінің жанрлық түрленуі (1960-1970 жж.) III.2. Биографиялық және комедиялық фильмдер
Бөлім: Кино
Датасы: 17.02.2017
Авторы: QAZAQ KINOSY
Мақала
«Қазақ киносының тарихы» (III.3.2)
III. Қазақ кино өнерінің жанрлық түрленуі (1960-1970 жж.) III.2. Биографиялық және комедиялық фильмдер
Бөлім: Кино
Датасы: 17.02.2017
Авторы: QAZAQ KINOSY
«Қазақ киносының тарихы» (III.3.2)

3.2. Биографиялық және комедиялық фильмдер

Биографиялық фильмдер

Қазақ киносының тарихында биографиялық жанр «Амангелді»(1938) фильмінен басталғанын атап өту қажет, алайда, осы жанрдың нағыз  айқын ашылған тұсы 1945 жылы экранға шыққан «Абай әндері» фильмінен басталады. Биографиялық жанрдың жалғасы болып табылатын «Абай әндері» (1945) фильмінің ұлттық киномыз тарихында алар ерекше өз орны бар. Бұл кезең қазақ киноөндірісінің жеке дара дами бастаған тұсы. Біріккен студиялар орталығы (ЦОКС) ыдырағаннан кейін құрылған «Алматы» киностудиясының алғашқы көркемсуретті шығармасы «Абай әндері» фильмі қазақтың ұлы ойшылы, ағартушы, қазақ әдебиетінің классигі Абай Құнанбаевтың өміріне арналды.  Фильмге сценарийді Мұхтар Әуезовтың өзі жазды. Режиссеры Г.Рошаль.

Фильм авторлары  Абай бейнесін суреттеуде өзіндік шешім таба білген.  Ұлы ақынның экрандағы бейнесі оның өз өмірінен алынған  деректер арқылы емес, керісінше,  Абайды қоршаған орта сипаты, дәлірек айтқанда,  ондағы жеке адамдар бейнесі арқылы беріледі.

Фильм оқиғасы бастапқыда жас ғашықтар Айдар мен Ажар төңірегінде өрбітіледі. Екі жастың сезімдері тапталып, әмеңгерлікті жүзеге асырғысы келген  «әпенбақар тобырдың» әділетсіздігіне Абай араласуға мәжбүр. Осылай басталған кейіпкер сипатын ашу мүмкіндіктері бірте-бірте күрделеніп, даудың салмағы ел аралық, рулық тартысқа ұласады, тағы да Абай сынаққа түседі. Міне, осындай ортада ақынның барлық адами қасиеті, оның кемеңгерлігі экраннан табиғи, нанымды, әрі тартымды болып шығады.

Көпшілікке танымал қазақтың талантты актері Қалибек Қуанышбаевтың орындауындағы «Абай» аса салмақты, кемеңгер, ақылды, әрі ойшыл ретінде көріне білді.

Қазақ киносы тарихындағы биографиялық жанр елуінші жылдар кезеңінде  заңды жалғасын табады. 1952 жылы экранға режиссер Ефим Дзиганның «Жамбыл» фильмі шығады. Фильмге сценарий жазғандар – Н.Погодин, Ә.Тәжібаев. Бұл фильмнің ерекшелігі - сюжеттік құрылымда Жамбыл ақынның жастық шағынан қартайған шағына дейінгі ұзақ өмір жолы қамтылған. Көпшілік көріністер  ақынның шығармаларының сипаты ретінде қамтылады.  Басты рольді сомдаған Шәкен Аймановтың Жамбыл өлеңдерін орындаған тұстарында  поэтикалық жыр құдіреті айқын байқалады. Жамбыл шығармаларының сиқырлығына,  актер орындауының  шеберлігі қосылып,   әр өлең жолдарындағы сипатталатын сөз өрнектері «тірі көріністерге» айналады. Шәкен Аймановтың сомдауындағы Жамбыл өзінің кемеңгерлігімен қашан да халқының ұлы екендігін ұмытпайды. Ол өмір сүріп отырған ортада талай қоғамдық өзгерістер болып жатыр. Жастық шағы, ақыл тоқтатып есейген тұстағы түйген толғаныстары және кемеңгер қария болған кездегі көрген-түйгендері ақынның өлеңдеріне арқау болады. Жыр алыбы атанған Жамбылдың соншалықты қарапайымдылығы қайран қалдырады. Характер сомдаудағы аса тереңділік танытқан Шәкен Аймановтың Жамбыл ролі қазақ киносының тарихында ең үздік рольдердің бірі болып есептеледі.

Қазақ киносының тарихындағы биографиялық жанр режиссер Мәжит Бегалиннің шығармашылығында айқын көрініс алды. Ұлттық кинорежиссурасында кәсіби маманданған талантты режиссер Мәжит Бегалиннің үш бірдей фильмі («Оның уақыты келеді»-1957, «Ел басына күн туса»-1967, «Мәншүк туралы ән»-1969) биографиялық тақырыпты меңгерген.

«Оның уақыты келеді» (1957ж,реж.Мәжит Бегалин)  фильмінің бас кейіпкері озық ойлы ортадан біліммен сусындаған, қазақтың  ұлы ағартушысы , ғалым-этнограф Шоқан Уәлиханов.  Күй атасы Қорқыттан бастап қазақ халқының былайғы тарихын зерттеген ұлы ғалым Шоқан Уәлихановтың (Нұрмұхан Жантурин)  экрандық бейнесінің ұлттық киномыз тарихында алар орны ерекше.

«Аққан жұлдыздай» қас қағым сәт өмір сүрсе де, артында соншалық бай мұра қалдырып кеткен жас Шоқанның киношығармадағы бейнесі оның өмірінің ең бір елеулі сәттерін қамтиды. Қазақ халқының әлеуметтік жағдайын жақсартудың жолында қолынан келген мүмкіндіктерді пайдаланып қалуға тырысып бағады. Білімінің, алғырлығының арқасында Ресей ғалымдарының жоғарғы қауымдастығы қатарына дейін көтерілген жас Шоқан өз халқының нағыз патриоты болды. Орыс патшалығымен Шоқан арасындағы қарым-қатынас аса шиеленіскен «жасырын» тартыс үстінде қамтылады. Патшалық Ресейдің отаршылдық саясатын дер кезінде түсінген Шоқанның жан күйзелісі драматургиялық ұтымды көріністермен берілген. Аяқтан шалған көп кедергіге шыдамаған Шоқан ауылына қайтып келеді.  Қазақтың кең даласы, ашық аспан астында ат құлағында ойнаған жігіттер.. Шоқанның «арқасы қозып, қан қызуы көтеріледі», бір сәтке бар қайғысын ұмытып, өзін осы кең даланың ұлы болғандығына бақытты санайды.

Комедиялық фильмдер

Кинокомедия жанрының көрермен талғамының көп қырлылық табиғатын қанағаттандыра алатын ерекшелігі басқа жанрларға қарағанда айқынырақ білінеді. Кино тарихының қалыптасуында авторлық шешім ретіне сәйкес комедияның  сатиралық, әлеуметтік, лирикалық, пародиялық түрлері жіктеле бастады. Қазақ киносында комедия жанры көрерменнің қалаулысына айналды десек артық айтпағандық болар еді. Ұлттық кино тарихында комедия жанры  Біріккен Киностудиялар кезеңінде экранға шыққан «Ақ гүл» (1943ж, сц.авторлары-Қ.Сиранов,  В.Морозов, реж.Е.Арон) фильмінен бастау алады.

Алғашқы комедиялық «Ақ гүл» фильмінің мазмұны соғыс тақырыбын жанамалай ғана қамтиды, мұнда басты кейіпкерлер- ауыл жастары. Қысқа метражды комедиялық фильм түсіру мол жауапкершілікті қажет етеді. Жаңа өркендеп келе жатқан қазақ киносының алғашқы жылдарында бірден комедиялық фильм түсіру уақыт талабымен келген құбылыс болды. Соғыс жүріп жатқан қиын кезеңде  тылда тынбай еңбек еткен ауыл адамдарының  еңсесін көтеру мақсатында осындай комедиялық фильмдер тудыру қажет болды.

Фильм мазмұны қарапайым ғана, аса күрделі сюжеттік тармақтар байқалмайды. Қысқаметражды шығарма көлемінде аса терең характерлік шешім табылмаса да, «Ақ гүл» фильмінің өзіндік жетістігін атап өту қажет. Бұл фильмде алғаш рет ұлттық сипат сарынымен ерекшеленетін  комедиялық кейіпкерлер пайда болды (Жағыпар ата -Серке Қожамқұлов, Сәбира-Нұрсұлу Тапалова және жігіттер-С.Телғараев, М.Сыздықов, Т.Есенгелдин). Жағыпар атайдың сөз саптауындағы ойнақылық, Сәбираның іс-әрекетіндегі сүйкімділік, қызға ғашық болған жігіттердің (әсіресе, көп жігіттің ішінде Сайфолла Телғараевтың кейіпкерін ерекше атау керек) мінездеріндегі қосарлана  жүретін аңқаулық пен баладай пәк сезімдері-осының бәрі жинақатала келе, экранда өзіндік сипаты бар ұлттық  кейіпкерлердің ерекшеліктерін басымырақ көрсетіп тұр.

Жағыпар атайдың еркетотай немересі Сәбира атты сұлу қыз ауыл жігіттерінің басын қатырып, әрқайсысына бір-бір раушан гүлін сыйлайды. Оның өз есебі ішінде, ақ түсті раушан гүлдер бар жігітке сыйланады, ал жүрегі қалаған жігітіне Сәбира қызыл түсті гүл сыйлайды. Бұдан хабары жоқ жігіттер әрқайсысы өз бетінше мәз-мәйрам. Ән айтылады, қуаныштары қойындарына симаған олар гүлдің тек өздеріне ғана сыйланбағанын көріп, көңілдері пәс болып қалады. Жинала келе барлығы Сәбирадан жауап күтеді. Музыкалық комедия жанрында түсірілген «Ақ гүл» фильмі көрерменнің көңілінен шықты, ондағы орындалатын Сәбира әні (фильмге музыканы жазған  композитор Оскар Сандлер) шын мәнінде халықтық әнге айналды.

Актер ойынының ерекшелігімен келген қазақ киносындағы комедия жанры  «Шабандоз қыз» (1955ж, сц.авторлары-Ш.Құсаинов, В.Абызов, қоюшы-режиссер- П.Боголюбов) фильмінде заңды жалғасын табады.

Жас жылқышы Айдар (К.Қожабеков) мен аға табыншы Ғалия (Л.Абдукаримова) арасында махаббат оты жанғалы біраз уақыт болған. Бір-біріне соншалықты ынтық болса да, екі жас арасында болымсыз нәрседен  үнемі түсініксіздік туып отырады. Екеуінің де мінездері өткір, ойындағыларын жасыра алмайды, айтуын айтып қалып, артынан талай өкінген жерлері де болды, бірақ, бірінші болып  бір де біреуі кешірім сұрай алмайды. Осындай бір түсінбестік кездерінде олардың араларында Аңғарбай (М.Сүртібаев) пайда болады. Ендігі жерде оқиға үш кейіпкерге  байланысты өрбітіледі. Әр кейіпкердің атқарып тұрған өз ролі бар: Ғалия- кең дала төсінде емін-еркін өскен, өткір мінезді қыз, қаншалықты Айдарды жақсы көріп тұрса да, сезімін ашық білдіруге «жалған намысы»  жібермейді. К.Қожабеков сомдаған  Айдардың ролі фильмде тым салмақты болып шыққанымен де, актер ойынының табиғилығы жас жігіттің өте сезімтал мінез-ерекшелігіне  сәйкес келіп тұр. Фильмдегі комедиялық сипаттың басым көпшілігі  талантты актер Мүлік Сүртібаев сомдаған Аңғарбай  ролі арқылы жүзеге асырылған деуге болады. Аңғарбай екі жақты, тіпті, бір-біріне қарама-қайшы келетін характер ерекшеліктерін айқын көрсетеді. Ғалияны өзіне ғашық деп қате түсінген Аңғарбай біраз күлкілі жағдайларға душар болады. Аңқау Аңғарбайдың ар жағында еш зіл жоқ, алаңғасар, жасқаншақ, кей жағдайда «көзсіз батыр» болып та кетеді. Кішкентай күшіктен зәресі қалмай қорқатын Аңғарбай,  автолавкасынан желмен ұшып кеткен әдемі орамалын айқасып жүріп  адуынды  бұқаның мүйізінен тартып ала алды емес пе! Ғалияға байланысты оқиғаның оң-терісін әбден жете түсінгеннен кейін, Аңғарбай ендігі жерде азаматтық мінез көрсетіп, екі жастың қосылуына дәнекер болады.  Көпшілік эпизодтарда  езу жидырмас күлкілі жағдайлардың қоюландырылып келтірілуінде өткір сатира элементтері орын алған. Мысал ретінде, әсіресе актер  Қ.Байсеитов сомдаған Жұрқаның ролін келтіруге болады. Бір ғана Жұрқа арқылы осы типтегі  шенеуніктердің өрескел әрекеттері үйлесімді әзіл-ысқақ түрінде өте сыпайы сыналады. Фильмде ұлттық ойындардың түрлері, әуезді музыка орынды пайдаланылған.

Біріккен студиялар кезеңінен бастау алатын ұлттық кинокомедия жарнының нағыз шыңдалған тұсын режиссер Шәкен Аймановтың шығармашылығымен тікелей байланыста қарастыруымыз керек.

Көрерменін музыка әлемінің әсем  ырғағына бөлейтін комедиялық фильмдер қатарына Шәкен Аймановтың  «Біздің сүйікті дәрігер» (1957ж, сц.авторы-Я.Зискинд) фильмін жатқызуға болады. Демалыс үйінің бас дәрігері Лавровтың (Ю.Померанцев) алпыс жасқа толу мерей тойын ерекше атап өтпекші болған қызметкерлері дене шынықтыру үйірмесінің жетекшісі  Бибігүлдің (Р.Исмаилова) ұсынысымен концерт өткізбекші болады. Демалыс үйінің суретшісі Мұрат (М.Сүртібаев),  хатшы Ксения Павловна (В.Старжинская) және әнші Бадыров (Е.Серкебаев) Бибігүлдің бұл бастамасын толық қолдайды және бәрі жабылып концерттік бағдарламаны  ұйымдастыруға белсене кірісіп кетеді. Олардың бұл әрекеттеріне демалыс үйінің директоры Филькин (Е.Диордиев) мысқылмен қарайды, себебі ол артистердің ақысыз концерт қоюға келісетіндіктеріне аса сене қоймайды. Осындай кекеткен үнсіз кедергіге кездескен Бибігүл мен оның достары алған беттерінен таяр емес. Міне, енді олар бір кезде дәрігердің кеңесінде болып, осы демалыс үйінде бірнеше қатар емделген белгілі-белгілі артистерді концерттік бағдарламаға қатысуға шақыру үшін қала аралап кетеді. Осы орайда Мұраттың да, Бибігүлдің де, әнші жігіт Бадыровтың да бастарынан талай күлкілі жағдайлар өтеді.  Сюжеттік құрылымға концерттік бағдарламаны негізгі қазық етіп алған бұл музыкалық фильмнің шешімі де тосын. Оқиға өрбіту барысында көрермен әр артистпен жеке-жеке танысуға мүмкіндік алады, олардың өнерлерін тамашалайды. Фильмнің идеясы бойынша  концерттік бағдарлама негізгі мазмұндық  тармағы болып келетін бұл фильмде Қазақстанның танымал әншілері мен сахна жұлдыздары өнер көрсетеді. Дәрігер Лавров оқиғаға тікелей араласпайды, алайда бас кейіпкер ретінде оның характерін ашуға төңірегінде жүрген  қызметкерлері мен мерейтойлық концертке барынша дайындалып жатқан артистердің ерекше қарым-қатынастары үлкен роль атқарып тұр.

«Біздің сүйікті дәрігер»  фильмінде тек концерттік бағдарламаға ғана көңіл бөлініп қоймаған, сонымен қатар,  адамдар арасындағы  қарым-қатынастың күрделі жақтары да мейлінше терең ашылады.

Шәкен Аймановтың  «Тақиялы періште»(1968, сц.авт. Я.Зискинд)  фильмі  қазақ киносы тарихында комедия жанрының  жан-жақты ашылғандығының  айқын мысалы бола алады. Бас кейіпкер Тайлақ, анасы Тананың қойған атымен «тақиялы періште» атанады, әпке-жезделерінің еркесі, кірпияз, көпке дейін үйленбей жүріп алады. Баласының  тезірек үй болғанын қалаған анасы Тана енді қалыңдық іздеуге өзі тікелей араласады. Осы желіге құрылған негізгі сюжеттік тармақ Тананың, Тайлақтың мінез-ерекшеліктерін ашуға қажетті бірқатар қосымша оқиғалар арнасынан жинақталады. Фильм жеңіл әзіл, әдемі көріністер және музыкалық өңдеу әдістерінен құрастырылған. Бүгінгі күн көрермендері үшін фильмдегі көріністік қатар  алпысыншы-жетпісінші жылдар тұсындағы Алматының көшелерінен, әсем табиғатынан ескерткіш ретінде қабылданады. Панорамалық сипаттағы кадрлар көптеп кездеседі және ол музыкалық  дыбыстық қатармен орынды өрнектелген. Фильмге музыканы жазған композитор Александр Зацепин.

Қолданылған материалдар:

«Қазақ киносының тарихы» (оқулық)

ҚР Білім және ғылым министрлігі, Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА,

Б.Р.Нөгербек, Г.Қ.Наурызбекова, Н.Р. Мұқышева – Алматы: ИздатМаркет, 2005.