Мақала / #студентСөзі
Суретші... Актер... Режиссер...
Бөлім: Кино
Датасы: 22.09.2017
Авторы: Назгүл Сағындық (Ақшалова)
Мақала
Суретші... Актер... Режиссер...
Бөлім: Кино
Датасы: 22.09.2017
Авторы: Назгүл Сағындық (Ақшалова)
Суретші... Актер... Режиссер...

“Оралман” фильмінде бүгінгі қазақ еліне ат басын бұрып жатқан азаматтар мен ауған соғысындағы азаматтардың зардабы жайлы зілдей мұң жатыр. Кешегі он сегіздей жалындаған жасында, қанша ағаларымыздың Ауған елінде қаны төгілді. Қаншама тағдыр тәлкекке кетті...

Осы мәселелерді фильмнің шығармашылық тобы көрерменіне жеткізе білді. Фильмдегі әр кейіпкердің өз отанына деген махаббаты мен міндетін көрсетуі әр қилы. Ауған соғысына қатысқан ауыл әкімдерінің де айтпақ мұңы жетерлік, азаншыға мешіт салдыртқан әкімнің (Ержан Түсүпов) адамгершілгі мен бауырмалдылығы байқалады. Жанна Исабаеваның “Қарой” фильмінде басты рөлді сомдаған Ержан Түсүпов өзінің жоғарғы актерлік шеберлігін көрсете білсе, бұл фильмдегі қарама-қайшы бейнесін де абыроймен алып шықты. Режиссер Аяған Шәжімбайдың “Жансебіл” фильміндегі Мұқатай қарияның соңғы үмітіне балта шабылса, Болат Шәріптің “Заман-ай” фильміндегі Аманайдың Жетісу ата қоныс мекеніне жеткендей, Сәбит Құрманбековтың “Оралман” фильмінде Базарбай ақсақалдың арманы орындалды.

Сәбит Құрманбековтың алғашқы шығармашылық жолы Серік Апрымовтың “Мотоцикл мінген екеу” (1987) туындысымен бастау алды. Бұл “Жаңа толқын” өкілдерінің бірлесіп жасаған курстық жұмысы болатын. Студенттердің бұл бастауында қаражат тапшылығына байланысты, пленкалардың қалдығын жинап, 200 Уатты шам алып, көптеген қиындықтарға кездесті. Ең алғашқы эксперименттік жұмыстарынан бүгінгі күнге дейін қоғамға маңызды, ауқымды тақырыптарды қамтыды. Осы үрдісті ары қарай да бірнеше фильмдерінде жалғастырды. “Қиян” фильміне мінекей, 30 жыл – деп әңгімесін бастаған суретші, актер, сценарист, режиссер кеше ғанатұсауы кесілген “Оралман” фильмінің авторы Сәбит Құрманбеков. Өзінің шығармашылық жолын кино өнерінің қыр сырын меңгеруге, оған адал қызмет етуге арнаған режиссер бұл тақырыпқа барудың себебін айта кетті. “Менің туған жерімде жартылай немістер тұратын, мектепте бірге оқыдым. Көбі Германия еліне қоныс аударғандарымен, әлі күнге дейін байланыстамын. Олар “біз әлі күнге дейін мына жақта бөтенбіз” дейді, сағыныштарын басып, неміс жұрты ауылымызға жиі ат басын бұрып тұрады. Жерін иіскеп, суына шомылып, рахаттанып қимастықпен қайтады. Олардың қоныс аударғандары болашақ ұрпақ үшін маңызды екенін өте жақсы түсінеді. Брауншвейг деген қалада менің жеке көрмем өткен кезде жаныма аудармашы қыз келіп, “сізбен бір бейтаныс ер адам тілдескісі келеді” дейді. Дәліздегі үлкен түс қағаздағы “Сәбит Құрманбековтың көрмесі” деп ілінген есімді танығанын айтып, өзін таныстыра бастады. Сонда ол кісінің Қазақстаннан Германияға көшкеніне 20 жылдан астам уақыт өтіпті. Ауылдың тыныс-тіршілігін сұрастырды, сөйтіп, біраз шер тарқастық. Мінекей, бұл немістің маған келуі отанына деген сағыштың белгісі ғой. Бұл кіндік қаны тамған туған жер мен адам арасындағы үзілмейтін жіп секілді. Мен осының бәрін көзіммен көріп, сезіндім” деген әңгімесіне “Оралман” фильмінің бүгінгі ХІІІ Халықаралық кинофестивалінің “Гран-при” жүлдесін, Иран қаласында өткен 35-Халықаралық “Фадж” кинофестивалінде “Үздік азиялық фильм” жүлдесін, Қазан қаласында өткен ХІІІ Халықаралық мұсылмандар киносы фестивалінде Дулыға Ақмолда “Үздік ер адам рөлі” жүлдесіне ие болғаны дәлел. Алдағы уақытта өтетін Германия, Австралия, Турция елдерінен фестивальдерге шақыртылуда. Сәбит ағаның әр сөзіне назар аударсақ, режиссердің әлі де айтары, дүйім жұртқа көрсетер туындыларының көп екенін байқайсыз.“Темірдің қызуында бас” демекші Германия еліне баратын сапарымда өзімнің ойымдағы жобаларды ұсыныс білдіремін және Қытай елінен келген “Бораншы” атты бір топ аниматорлармен бірлесіп жұмыс бастауды жоспарлап қойдық” – деп айта кетті.

С.Апрымов, А.Қарпықов, Д.Манабай, Т.Бекмамабетов, Р.Абдрашев, Ж.Исабаева, Н.Төребаев, А.Баранов, Д.Өмірбаевтың фильмдерінің суретшісі болса, М.Мусинмен бірлесіп түсірген деректі фильм, “Әурелең” (2007), “Секер” (2009), “Жиде. Кешіккен махаббат” (2010), “Трасса”, “Ауыл сақшысы” (2015ж сериал), “Оралман” фильмдерінің режиссері Сәбит Құрманбеков “шығармашылық жолымның 30 жылында көптеген фильмдердің суретшісі болдым, бірақ суретші, операторлар өз идеясын біреуге сыйлайды. Сол себептен режиссерлік қызық жолда, өз ойыңды өзіңе неге арнамасқа дедім. Тәуелсіз режиссер болғанға не жетсін?... Киностудияның “қысқа мерзімде түсіру керек” деген қағидасымен жүргім келмейді. Бір сөзбен айтқанда дербестік іздеп жүрмін. Жалпы сол жағынан Қырғыз елі кинематографиясының ұстанымдары дұрыс. Мәселен, Ақтан Арым Құбат, ол өз ойындағын іске асыратын шебер маман. Қырғыздарда жасырын цензура, жалтақтық жоқ. Бізде бұрмалау көп. Осыған орай мен жас кинематографистердің “партизандық” қозғалысын қолдаймын” деп ойын білдірген Сәбит Құрманбековтың шығармашылығы, қазақ киносы өркендей берсін демекпіз.