Мақала / #студентСөзі
«Аманат» киноклубында «Оралман» фильмінің көрсетілімі өтті
"Оралман" фильмі туралы  жас кинотанушылардың да айтары бар
Бөлім: Кино
Датасы: 11.11.2017
Авторы: Гүлмира Әбен
Мақала
«Аманат» киноклубында «Оралман» фильмінің көрсетілімі өтті
"Оралман" фильмі туралы  жас кинотанушылардың да айтары бар
Бөлім: Кино
Датасы: 11.11.2017
Авторы: Гүлмира Әбен
«Аманат» киноклубында «Оралман» фильмінің көрсетілімі өтті

Жыл сайын кинематография саласын қолдау әрі дамыту мақсатында біраз фильмдер жарыққа шығып жатқаны баршамызға белгілі. Өкінішке қарай, сол фильмдердің арасында көрерменді ойландыратын туындылар саусақпен санарлық. Жалпы фильмдегі әрбір деталь сөйлеп тұр. Режиссер тілінде күрмеуі бар қызының көзқарасы арқылы оның бойындағы бар мұңы мен қайғысын шеберлікпен суреттеді. Фильмдегі мәтіннің мағынасы да терең, астарлы ойға толы. Елді аңсаған әр қазақтың бойында қуанышпен қатар қорқыныштың да болатыны белгілі. Бұл кадрды, жол үстінде келе жатқан ананың «қысы суық болғанымен, адамдары жылы болса екен» деген ізгі ниетінен байқаймыз және үміт пен үрейдің қатар жүретінін аңғарамыз. Елге оралғаннан кейін де, кедергілерден бірден арыла қоймайсың. Дегенмен, тағдыр талай адамды тәлкекке салып қойса да, сол қиыншылыққа төтеп беру біздің басты міндетіміз. Осы күнге дейін айтылмай келген шынайы оқиғалар көрермен назарына еш бұрмалаусыз ұсынылды деп есептеймін. Жас ұрпаққа қиыншылықпен жеткен, мәңгіге мұраға қалған жерімізді сақтап, келесі ұрпаққа аманат етіп қалдыру – әр қазаққа парыз.

Ұлтын сүйген әр ұрпақ ана тілін ұмытпай қадірлеп, жерін аялап, елін қорған етпек. Ар-намысын басқадан биік қоятын елге, қандастарымыздың да оралуға деген үміті арта түспек. Еліміздің қазіргі жағдайын 1990 жылдармен салыстырғанда, өзге елден туған жерімізге аяқ басқан қандастарымызға азаматтық алу мәселесі де өз шешімін тауып келеді. «Әр қазақ – менің жалғызым» демекші, бір-бірімізге жанашырлық танытып, қолдау көрсете білсек, ұлтымыздың мәртебесі асқақтамақ

Назгүл Ақшалова

ҚазҰӨУ, кинотану, IV курс


«Оралман» фильмінде бүгінгі қазақ еліне атбасын бұрып жатқан қандастарымыз бен кешегі ауған соғысына қатысуға мәжбүр болған отандастарымыздың зардабы жайлы зілдей мұң жатыр. Бүгінгі күні еліне оралған қазақ жұртының өз отанына сия алмай, баспанасыз қиындық көріп жүрген азаматтары жоқ емес. Оған қоса, кешегі он сегіздей жалындаған жасында, қанша ағаларымыздың Ауғанстан елінде қаны төгілді. Сол ардагерлеріміздің омырауында төгіліп тұрған төсбелгілері бола тұра, мемлекет тарапынан толықтай қолдаудың тапшылығын тағы байқауға болады. Үн түнсіз жүрген ардагер денесіндегі жараның тігісін жамай алмасақ, біз қарызымызды басқаша қалай өтей аламыз? – деген сұрақ көкейімді мазалайды.

Осы мәселелерді режиссер Сәбит Құрманбеков шығармашылық тобына жеткізе білді. Фильмдегі əр кейіпкер өз отанына деген махаббаты мен міндетін əр қилы көрсетті. Ержан Түсүповтың сомдауындағы ауған соғысына қатысқан ауыл әкімінің де айтпақ мұңы жетерлік. Жанна Исабаеваның «Қарой» фильмінде басты рөлді сомдаған ол өзінің жоғарғы актерлік шеберлігін көрсете білсе, бұл фильмдегі қарама-қайшы бейнесін де абыроймен алып шықты. Режиссер Аяған Шəжімбайдың «Жансебіл» фильміндегі Мұқатай қарияның соңғы үмітіне балта шабылса, 1997 жылы түсірілген Болат Шəріптің «Аманай мен Заманай» фильміндегі Аманайдың Жетісу ата қоныс мекеніне жету мұраты Сәбит Құрманбековтың «Оралман» фильмінде де орындалды.

Мақпал Бақыт

Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА, кинотану, II курс


«Оралман» – қазақ елінің бұрыннан келе жатқан ауқымды, өзекті мәселесі. 30 жылдары Совет өкіметі кезінде Ауғаныстанға жер аударуға мәжбүр болып, қайта өз Отанына ауыр қиыншылықтармен оралған отбасы жайлы бұл картина қалың көрерменнің көңілінен шығып қана қоймай, үлкен дүниенің көзін ашты.

Фильмдегі ата-мекеніне оралуды аңсап келген отбасы өзінің қазақ бауырларынан «оралмансың» деген сөздерді жиі естіп қапа болады. Әкесі шекарада: «Балам, бұл қазақтың жері ме?», - деп тізерлеп отырып, кіндік қаны тамған жерді сүйгені жанарына еріксіз жас келтіреді.

Аталмыш фильм халқымыздың көптеген жылдар бойы жылы жабылып келген өзекті мәселелерді қозғаған. Аға-әпкелеріне қарап бой түзеп келе жатқан келешек жас ұрпаққа берері мен алары көп тың дүние. Аталмыш фильм оралмандардың тағдыры жайлы ой қозғаған алғашқы отандық туынды. Фильмдегі режиссерлік шешімдер өте ұтымды, операторлық жұмыстың көркемдігі өте жоғары деңгейде. Дулыға Ақмолда, Ержан Түсіпов, Есім Сегізбаев, Шынар Асқарова, Баян Қажнабиева қатарлы белді актерлер актерлер режиссер жүктеген талаптың үдесінен шығып, өз кейіпкерлерінің ішкі сезім арпалыстары мен сыртқы қимыл-қозғалыстарын қатар үйлестіре білген.

Сәбит Құрманбековтің бұл туындысы – оралман мәселесінің бір ғана пұшпағы. Бұндай дүниелерді назардан тыс қалдырмай, көптеп түсіру біз қатарлы жас ұрпақтың сана-сезіміне өзгеріс әкеліп, тарихымызды терең білу үшін өте маңызды. Иә, расында, шет жақта қалған қандастарымыздың тағдыры ешкімді бейжәй қалдырмағаны абзал. Осындай халыққа ой салатын тың дүниелер көбейсе екен деп тілек етеміз.

Сізге қызық болуы мүмкін:
Архитектор режиссер...
Кино Архитектор режиссер...
17.10.2017
#студентСөзі
Кино – бұл өмірдің көзі
Кино Кино – бұл өмірдің көзі
02.11.2017
#студентСөзі