Мақала / #студентСөзі
Қоғамның төменгі сатысы
"Айка" фильміне студенттік рецензия
Бөлім: Кино
Датасы: 12.10.2018
Авторы: Дамир Амантай
Мақала
Қоғамның төменгі сатысы
"Айка" фильміне студенттік рецензия
Бөлім: Кино
Датасы: 12.10.2018
Авторы: Дамир Амантай
Қоғамның төменгі сатысы

Шымкенттің тумасы болып келетін режиссер Сергей Дворцевой осыдан он жыл бұрын алпыс бірінші халықаралық Канн кинофестивалінде «Тюльпан» атты фильммен «Ерекше көзқарас» программасының басты жүлдесін ұтқан еді. Одан кейін режиссер дәл осы картинамен өзге де кинофестивальдерге қатысып, жүлделі орындарды иеленіп, өзінің атағын жәймен шығара бастаған болатын.

Негізі, «Тюльпан» фильмі – режиссердің ең алғашқы толықметрлі көркем туындысы. Оған дейін Сергей Дворцевой тек деректі фильмдерді түсірумен айналысқан. Аталмыш туындыны ол төрт жыл бойы аянбай еңбек етіп, Бетпақ-дала деген өте ыстық шөлдалада түсіріп шыққан. Қазіргі замандағы шопандардың ауыр тағдырын көрсетуге тырысып, фильм сюжетін осы мәселенің төңірегінде құрастырған.

Алайда біз «Тюльпан» туралы емес, «Айка» жөнінде сөз қозғасақ деген ойдамыз. «Айка» – режиссердің екінші толықметрлі көркем картинасы. Сергей Дворцевойдың өз сөзіне сенер болсақ, аталмыш фильмнің жасалуына бес жылдай уақыт кеткен. Ол алғаш рет 2018 жылдың мамыр айында, жетпіс бірінші халықаралық Канн кинофестивалінде көрермен назарына ұсынылған. Нәтижесінде фильмнің басты рөлін сомдаған қазақстандық Самал Еслямова «Ең үздік актриса» номинациясын жеңіп алған.

Аталмыш актриса Сергей Дворцевоймен бірге кезінде де жұмыс істеген тұғын. Ол «Тюльпан» фильмінде өзінің дебюттік рөлін ойнап, кино әлеміне алғашқы қадамын жасаған еді. Алайда ондағы рөлі басты емес, қосалқы болатын. Әрине, Самал Еслямова «Тюльпан» фильмінде өз рөлін кәсіби түрде ойнап шыққан, бірақ экрандағы уақыты аздығынан актриса ретінде өз дарынын жөнді аша алмаған. Тек «Айка» фильмінде өзінің әртістік қабілетін түгелдей көрсете білген. Бар өмірі ауыртпалықтың нағыз көрінісіне айналған байғұс әйелдің рөлін Самал Еслямова өте шынайы етіп, көрерменді кәміл сендіріп, ешқандай жанcыздықсыз ойнап шыққан.

Әрине, жоғарыда айтылған оқиғалар туралы өз елімізде көктемнің соңынан бері тоқтаусыз айтылып келген тұғын, бірақ «Айка» фильмін отандастарымыз көре алмаған еді. Қуанышқа орай, қыркүйек айының он бесі және он тоғызы аралығында алғашқы халықаралық Алматы фильм фестивалі ұйымдастырылып, Сергей Дворцевойдың дәл осы картинасымен ашылған болатын.

Фильмнің сюжеті Мәскеу қаласында заңсыз түрде тұрып жатқан Айка есімді мигрант әйелдің ауыр тағдыры туралы баян етеді. Тым ауыр қарыздарға батқандықтан және қаражаты өте аз болғандықтан байғұс әйел жаңа туылған нәрестесін перзентханаға қалдырып, депортациядан қорқып, денсаулығы быт-шыт болса да, қашып кетеді. Содан кейін жалақысы титтей ғана күрделі жұмыстарға кезек-кезек орналасып, тіршіліктің қамын ойлап күн кешеді.

Жасырмай айтайық, «Айканы» тамашалау – психологиялық тұрғыдан кәдімгідей ауыр. Себебі режиссер картинаны барынша шындыққа сәйкес етіп түсіріп, Мәскеудегі ортаазиялық мигранттардың төменгі сатыдағы күрделі өмірлерін бір ғана кейіпкер арқылы көрсете білген. Фильмді көрермен тамашалап отырып, Айканың басынан кешкен жалғыздығы мен қайғы-қасіреттеріне барынша жаны ашып, жүрегі сыздап, тіпті көзіне жас алып, жылап жібереді. Соңына дейін көріп бітерген соң өз сезімдерін өзі түсінбей, біразға дейін ойланып қалады. Негізі, «Айка» фильмі – адамдарды бір-біріне мейірімді, жанашыр, және қорқор болуға шақыратын қарапайым ойды алдыға тартқан өнер туындысы, бірақ шынайылығы дайын емес адамның көңіл күйін түсіріп қана қоймай, психикасын бұзып, депрессияға салып тастауы әбден мүмкін, сол себепті кәмелетке толмаған жандарға көрмей-ақ қойған абзал болады. Шындығына келер болсақ, бұл фильм кино өнерін обьективті түрде түсіне алатын ересек адамдарға арналған.

Енді Сергей Дворцевойдың екі көркем фильмін осы арада салыстырып қарастырсақ. «Тюльпан» да, «Айка» да жалғыздыққа ұшыраған адамдардың ауыр тағдырын баяндайды. Екеуі де өз оқиғаларына көрерменді сендіріп, олардың ішкі жан-дүниелерін түршіктіре алады. Және ойланып-толғануға қызықты тақырыптар береді. Онымен қоса, екі фильмнің де кульминациялары бір-біріне ұқсастау: қарауға өте ауыр және жануарлар қатысады. Алайда «Тюльпанның» оқиғасы ыстық шөлдалада, ал «Айканікі» қар басқан суық мегаполисте орын алады. «Тюльпанның» басты кейіпкері оптимист жігіт, ал «Айканікі» қиындық кешіп тіршілік көрген байғұс әйел. «Тюльпанды» көріп беткеннен кейін көрерменнің басына: «Мына жігіт көп ұзамай аңсаған армандарына міндетті түрде жетеді», - деген позитивті ой ұялайды. Ал «Айканың» ашық финалы көбіне негативтік тұжырымдарға апарады.

Сөз қорытып айтсақ. Қазіргі таңда Сергей Дворцевой – өзіндік стилі мен қолтаңбасын қалыптастырған белгілі әрі абыройлы тұлға. Ал оның фильмдері – қазақ киносының тарихында беделді орындарды иеленген ерекше туындылар.