«...Жеріңді тастап қаштың.
Зар илеп,
Қақсап қаштың.
Айтшы,
Барған жеріңнен
Пана таптың ба?!
Сені қорғайтын
Қара таптың ба?!
Қарағайдай бойың
Шыбықтай иілді.
Қаның судай ақты.
Сүйегің тау боп үйілді.
Алтын айдарлы ұлың
Құл болды.
Күміс тұлымды қызың
Күң болды...»
«Күлтегін» жырының әдеби нұсқасынан үзінді
(Т. Медетбек құрастыруында)
Айсұлтан Сеитовтың «Қаш» фильмін үш арнада тарқатуға болады. Ең әуелі, оған өнер туындысы ретінде баға беріп, көркемдік деңгейін басқа фильмдермен салыстыруға болады. Екіншіден, ашаршылық тақырыбын арқалаған шығарма ретінде бөлек қарастырып, фильмнің тарихи дәлдігін, адалдығын таразылауға болады. Одан кейін, фильмді постколониалды дискурс тұрғысынан зерделей отырып, оның саяси позицияларын анықтап көруге тағы болады. Турасын айтқанда, бізді қызықтыратыны да – осы үшінші арна. «Қаш» фильмінің кинематографиялық деңгейіне басқалар баға бере жатыр, бұл мақала фильмнің саяси айтпағын түсінуді мақсат етеді. Себебі фильмнің идеологиялық доктринасын анықтаған кезде ғана оның көркемдік сипаты мен символизмін шын аңғаруға болатын сияқты. Ал фильм ондай символизмдерге, жасырын месседждерге толы-ақ. Осы мақалада «Қаш» фильмі жасырған ойды, астарын ақтара келе, неге бұл фильм ұлт тарихы мен тағдыры жайлы фильм-манифест екенін түсіндіріп көруге тырысамыз.
Фильм бас кейіпкер Исатайдың аштықтан өлген адам денелерін молаға апара жатқан жерінен басталады. Бірінші көрініске моланы таңдау арқылы режиссер өлімді фильмнің контекстік фонына шығарады да, зұлмат жылдардың тынысын даланың суық суреті, уығы сынған шаңырақ пен тозымы біткен киіз үй арқылы жеткізеді. Алты түтін ауылда сол күні ғана аштықтан төрт адам өлген. Келесі күні моладан бірнеше дененің жоғалғаны айтылып, көрерменге сол заманның жантүршігерлік трагедиясы тұспалданады.
Режиссер бірінші акттың контекстік фонын өлім етсе, көркемдік фонын сандық арқылы құрастырған. Сандық – Исатайдың басты қазынасы, себебі ол оның ішіне інісі Әлімді жасырған. Әлім – бар мал-мүлкінен айырылған Исатайдың билік әлі ала қоймаған соңғы байлығы. Бірақ аштық жайлаған ауылда қадалар көзден, ашаршылықтан аман сақтап қалу үшін Исатай соңғы байлығын Сарқандқа апаруға мәжбүр болады. Осылайша, Исатай Әлімді арбаға тығып, орыс солдатымен бірге ауылына көмек әкелу үшін төрт күндік сапарға аттанады.
Екінші акт Сарқандқа жолға шыққан Исатай мен Әлімге Тепе атты кейіпкердің кездесуінен басталады. Қазақ мифологиясынан азды-көпті хабары барлар Тепені белгілі мифологиялық кейіпкер Көнаяққа ұқсатуы мүмкін. Қазақ аңыз-әңгімелерінде Көнаяқтың адам аяғы баспайтын жерлерде өмір сүріп, жолаушы күтіп жататыны айтылады. Ол кездескен жолаушыға жол көрсетуге уәде беріп, сеніміне кіріп алған соң, мойнына мініп, жолаушыны әбден шаршатып, құлағанша түспейді. Көнаяқтың демонологиялық ерекшелігі – оның адамды буындырып өлтіру тәсілінде. Бұл ерекшелік Исатай мен Әлімге кездескен Тепеде де бар. Ол қарақшыны қылқындырып өлтіреді де, Исатайды інісін бауыздап емес, буындырып өлтіруге шақырады. Шел басқан көзінен, шаңқобызда ойнауы мен шаршаудың не екенін білмеуінен Тепенің жай адам емес екенін көруге болады. Исатайдың «Сен бұл аймақты қайдан білесің?» деген сұрағына Тепенің «Туған жерде адасып не көрініпті?» деп мысқылдай жауап беруі де ол қыр мен жотаны мекен еткен Көнаяқтың бір түрі болуы мүмкін деген болжамға жетелейді. Ал Тепенің Көнаяқ сияқты жолаушыға жақын болуы оның «Жолдасын тастаған жолдан қалар» деген сөзді бірнеше рет қайталап айтуынан көрінеді.
Көнаяқ мифологиялық образының көпшілікке танымалдығы Жезтырнақ пен Албасты сияқты кейіпкерлерден әлдеқайда төмен екенін ескерер болсақ, Тепенің Көнаяққа ұқсастығы жай ғана сәйкестік болуы әбден мүмкін. Шындығында, Тепе образын әр түрлі тәпсірлеуге болады. Бірақ біздіңше, «тепе» сөзінің көне түрік тілінде «төбе», «қыр» сөздерімен мағыналас болуы бекер емес. Тепе қырда кездесетін Көнаяқтың бір түрі болмаса да, оның «Мен мына көзіммен сен сияқтылардың талайын көргенмін» дегені мен «Сендер, балаларың қиналмас үшін, суға тұншықтырып өлтірдіңдер ме?» деп Исатайды көптік түрде айыптауы Тепенің тылсым табиғатпен байланысы бар екенін көрсетеді. Осы орайда көне түрік мифологиясынан тағы бір Төбегөз атты кейіпкерді айта кеткен жөн. Төбегөз – жалғыз ғана көзі бар циклоп. Жоғарыда аталғандай, фильмде де Тепенің бір көзін шел басқан. Көне түрік мифологиясында Төбегөзді жеңудің бір-ақ жолы бар. Ол үшін көзіне қанжар сұғу қажет. Төбегөзді жеңу – жас батырдың инициациядан өтіп, жаңа деңгейге өткені. Әлімнің де Тепенің көзіне пышақ сұғуы осы инициацияны білдіреді.
«Тепе» есімінің мағынасын, кейіпкердің айтқан сөздерін байыптаған адамға оның образы ғасырлар бойы өлім жұтқан, шер мен мұңға куәгер болған қазақ даласына жасалған сілтеме екені анық. Исатайдың Әлімге «Бұл дала көзге ғана жазық болып көрінеді» деуі – режиссер мен сценаристің Тепенің дуалистік табиғатын астарлағаны. Тепенің Исатай мен Әлімнің жанын алуға талай мүмкіндігі болды, бірақ оның көздегені өлім емес еді. Себебі мыңдаған жылдар бойы өлім мен өмірді қатар көрген қазақ даласы сияқты Тепе де аштықтан ессіздіктің туатынына талай куәгер болған. Сондықтан оның көздегені – Исатайдың ерік-жігерін сынау болды.
Көне түріктерге жасалатын тағы бір сілтеме – Исатай, Әлім, Тепе үшеуінің қыр басында балбал тасты кездестіруі. «Баяғыда бабаларымыз осы ұстынға қарап, жол табатын болған», – дейді Исатай тас ұстынды меңзеп. Артынша тасқа қашап жазылған таңбаларды қолымен сипап, ұстап көреді. Балбал тастың сол жақ иығында «Күлтегін» жырынан үзінді қашалған. Дәл осы үзінді «Қаш» – жай этнохоррор емес, болмаса ашаршылық трагедиясына арналған фильм ғана емес, «Қаш» – ұлт тағдырын жырлағысы келетін фильм-манифест болғысы келеді деген ой салады.
Балбал таста Білге Қағанның «ішре ашсыз, тысра тонсыз, ябыз яблақ будунта узе олуртум» деген сөзі руна қаріптерімен жазылған. Қазақша тәржімасы: «ішінде ас-тамақсыз, сыртында тон-киімсіз, жабайы, қорқақ халық кезінде таққа отырдым». Бір қарағанда, режиссердің дәл осы үзіндіні фильмге қосуын аштық тақырыбымен байланыстыруға болады. Дегенмен, «Күлтегін» жырынан алынған екі сөйлем үзіндінің Сарқанд маңындағы кәдуілгі балбал таста қашалғаны фильмге жасандылық беретіндей көрінеді. Бірақ көне түріктерге жасалған басқа сілметелерді де ескерер болсақ, онда бұл үзінді арқылы режиссер өзіндік манифест жасағысы келгені анықтала түседі.
Ол сілтемелер – тасбақалар. Тепенің Исатай мен Әлімге кездесуі тасбақа символының фильмде пайда болуымен қатар келеді. Көне түрік наным-сенімінде тасбақа мәңгіліктің нышаны болғаны белгілі. Орхон даласынан табылған көне түрік ескерткіштерінің барлығы дерлік тасбақа тұғырында орналасқан. Көп айтыла бермесе де, «Күлтегін», «Білге Қаған» сияқты тұлғаларға арналған тарихи бітіктастардың астыңғы жағында әрдайым үлкен тасбақа мүсіні табылғаны – археологиялық факт. Фильмде де «Аға, мен тасбақа көрдім» деген Әлімнің сөзінен кейін, үшеуі қыр басында тұрған балбал тасты көреді. Сондықтан, «Күлтегін» жыры фильмге «ашсыз» сөзіне ғана бола қосылмағанын, «Күлтегін» фильмнің тұтас лейтмотиві ретінде таңдалғанын тасбақа символы дәлелдейді.
Екінші акт Исатайдың қалжырап, шаршап, құлағанынан кейінгі Тепенің ашты күлкісімен жабылады да, Исатай мен Әлімнің айналып жүріп, балбал тасты қайта кездестіруімен үшінші акт ашылады. Адасып жүріп, балбал тасқа қайта келулері, ал ол балбал таста мың жарым жыл бұрынғы аштық туралы сөздің қашалып жазылғандығы – режиссердің «Адасқандар тарихты қайталайды» немесе «Тарихын білмегендер қателіктерін қайталауға үкімделген» деген танымал сөзді кинематографиялық бейнелеуі деп білеміз.
Осы орайда фильм тек «Күлтегін» жырында айтылатын аштық пен Исатай заманындағы аштық арасында ғана параллельдер жүргізбейді. Фильм көне түрік заманындағы қытай басқыншылығы мен Исатай заманындағы орыс басқыншылығы арасында да салыстырулар жасайды. Мысалы, орыс индустриялизациясы мен прогресінің образы ретінде сіріңке символы таңдалған. Орыс жігіттің қазақ баласына сіріңке беруін режиссердің орыс ағартушылығын меңзегені деп түсінуімізге болады. Солай да шығар. Бірақ біздіңше, индустриализация мен ағартушылықтың символы ретінде сіріңкенің өзі ғана емес, сіріңке қорабында бейнеленген ұшақ таңдалған. Фильмнің алғашқы көрінісінде мола үстінен дәл осы сіріңке қорабында бейнеленген ұшақ ұшып өткен болатын. Екінші актідегі Исатайдың түсінде де Әлімнің өлі денесі жатқан мола үстінен тағы сол сіріңке қорабындағы ұшақтар ұшып өтеді. Мола мен ұшақтың қатар көрсетілуі ұшақтың өлім жаршысы екенін меңзейді. Сол өлімді әкелген ұшақтың суреті сіріңке қорабында бейнеленуі индустриализацияның алғышарты өлім болғанын білдіреді.
Ал екінші алғышарты құлдық болды. Оны режиссер Сарқандтағы машинист қазақ жігіті мен балалар үйіне қабылданған кішкентай балалар арқылы көрсеткен. Осы орайда балалар үйінде Әлімнің шашын қырқатын сәтке ерекше акцент қойылады. Бұл жерде шаш алу – құлдандыру процесінің нышаны, себебі шаш қазақтар үшін де, көне түріктер үшін де терең символикалық мәнге ие болған. Фильмнің лейтмотивіне айналған «Күлтегін» жырында осы көрініске ұқсас жолдар «Алтын айдарлы ұлың құл болды, күміс тұлымды қызың күң болды...» деп жырланады. Орыс мұғалімінің Әлімнің шашын қырқуы да осы үзіндіні еске түсіреді. Бұл мұғалім бірінші актіде Әлімге сіріңке берген орыс жігіттің жұбайы екенін ескерер болсақ, режиссердің айтпағы – кеңес билігі бір қолымен өлімші сіріңкені ұстатып, индустриализацияны әкелсе, екінші қолымен «шаш алып», өткенінен айырып, құлдыққа алды. Фильм Әлімнің шашын қырқып, балалармен бірге орыс әліпбиін үйреніп жатқан жерінде бітеді. Әлімнің ары қарайғы өмірі белгісіз болып қалғанымен, оның Тепенің көзіне пышақ сұғуы, яғни көне түрік батыр инициациясы арқылы Әлімнің кейінгі тағдыры құлдыққа қарсы күреспен өтуі мүмкін екені тұспалданған.
Сонымен, «Қаш» фильмі ашаршылық заманындағы бір адамның ғана ішкі арпалысын бейнелеу арқылы ашаршылықтың қазақ ұлты үшін қаншалықты терең жарақат екенін көрсеткісі келген. Сонымен бірге, қазақ ұлтын көне түріктердің жалғасы ретінде көрсетіп, ғасырлар бойы халық өткерген қиын-қыстау замандар арасында параллельдер жүргізу арқылы тарихын білмегендер адасуға душар екенін айтқысы келген. Постколониалды дискурс бойынша қарайтын болсақ, фильм кеңес билігі ең әуелі өлім, одан кейін құлдық, содан кейін ғана индустриализация әкелгенін астарлаған. Айтпағы – ешқандай даму еш уақытта миллиондаған баланың аштықтан өлімін, тарих пен тілдің өшуін, қазақ баласының құлға айналуын ақтай алмайды.
Әрине, фильм символдарын басқа бағытта да тәпсірлеуге болады. Әркім әр түрлі нышан көрер. Біз ашқан мағына өзгеге даулы болуы да мүмкін. Бірақ көне түріктерге жасалынған сілтемелер мен екі заман арасындағы параллельдер, қазақ мифологиясынан алынған элементтер мен ол элементтердің негізгі планға шығуы, «Күлтегін» жырынан алынған үзінді, бәрі – фильм тек ашаршылық жайлы емес екенін дәлелдейді. Фильм «Күлтегін» жыры сияқты халыққа саяси арнау ретінде түсірілген. Оның ұлт тарихына рефлексия жасағысы келетіні, ұлт тағдырын жырлағысы келетіні анық. Бұл тұрғыдан «Қаш» фильмі - фильм-манифест екені даусыз.