Мақала
Кино өнерінің пайда болуы және  қалыптасу жылдары
«Әлем киносының тарихы» пәні бойынша лекция тезистері ЛЕКЦИЯ 1. Кинематограф туралы жалпы түсініктер
Бөлім: Кино
Датасы: 03.02.2017
Авторы: Gulzhan Nauruzbekova
Мақала
Кино өнерінің пайда болуы және  қалыптасу жылдары
«Әлем киносының тарихы» пәні бойынша лекция тезистері ЛЕКЦИЯ 1. Кинематограф туралы жалпы түсініктер
Бөлім: Кино
Датасы: 03.02.2017
Авторы: Gulzhan Nauruzbekova
Кино өнерінің пайда болуы және  қалыптасу жылдары
Луи және Огюст Люмьер

Кинематограф туралы жалпы түсініктер

Кинематограф – грек тілінен алынған сөз тіркесі: kinematoc – қозғалыс, grapho -  бейнелеу, жазу, тұтас алғанда «қозғалысты бейнелеу» деген мағынаны береді. Бұл ұғымның француз тіліндегі  алғашқы қолданылымы  «синематограф» деген атпен  фильмдер өндірісінің тұтас жүйесін (түсірілуі және таратылуы) білдіретін болды. Экрандық шығарманың өндірістік  сатыларын жүзеге асыра алатын  көркемдік тәсілдері мен комплексті техникалық құрылым жиынтығы  кино өнерінің даму тарихында талай өзгерістерге ұшырады.

Кинематографтың техникалық ерекшеліктерінің  негіздері қатарында:

  1. қозғалыстағы объектінің фазаларын қамту және кинопленкаға түсіру (жүйелі түрде алмасып отыратын  фотокөріністердің жылдамдығын арттыру арқылы немесе кинокөріністік кадрларды түсіру);
  2. пленкаға түсірілген көріністердің  үлкен экранға проекциялануы;

Осы мүмкіндіктердің жүзеге асырылуы  кинематографтың  өзіндік ерекше коммуникативтік принципі болып табылады.

Кинематография – фильмдер өндірісін және дайын киноөнімдерін  проекциялау техникасымен арнайы жабдықталған  мекемелерде (кино көрсетілетін залдар, кинотеатрлар)  көрсету тәсілдерін жүзеге асыратын сала болып табылады. Кинематографияның  даму сатыларында мәдениет пен экономика салаларының даму заңдылықтары тең дәрежеде қамтылады. Фильмдер өндірісі  киностудияларда, фильм көрсету  кинотеатрларда, телеарналарда, жылжымалы киноқондырғылар арқылы ашық алаңдарда жүзеге асырылады.

Кино өнері – кинематографияның техникалық негіздерінде  қалыптасқан көркем шығармашылықтың бір түрі. Экран өнері (аудиовизуальді коммуникация түрлерінің бәрі – теледидар, бейнетаспалар, бейнедискілер т.б.) уақыт өлшемі мен кеңістіктегі өнердің барлық ресурстарын қамтиды. Экрандық шығарма – коллективті өнердің нәтижесі, оның сапасына түсіру тобына енген шығармашылық тұлғалардың әр деңгейдегі өз тарапынан қосқан үлестері болады. Шығармашылық  тұрғыдан алғанда кино өнімінің жетістігінде негізгі роль режиссерға байланысты.

Кино өнерінің пайда болуы қоғам дамуындағы көркем-мәдени шығармашылық тарихының заңды кезеңі болып табылады. Әдебиеттің, театр және бейнелеу өнерінің, музыканың суреттеу тәсілдерін қамти отырып, кино өнері арқылы көркем шығармашылықтың жаңа суреттеу формалары табылды. Тарихи тұрғыдан алғанда  кино өнерінің пайда болуы кинематографтың (техникалық өндіріс жүйесі мағынасында) бастапқы кезеңіне сәйкес келеді. 19-ғасырдың соңында көрсетіле бастаған алғашқы киносеанстардың  сапасы жағынан төмен деңгейде болғандығына қарамастан  кино өнерінің түрленуінің мысалы бола алады.

Техникалық кинематографтағы алғашқы талпыныстар

XIX-ғасырдың екінші жартысында  әлемнің түкпір-түкпірінде, ғылымның техникалық ағымы сәл дамыған кез келген елдің тарихында бейнелік көріністерді  проекциялауға деген талпыныс ұшқын ала бастайды. Жаңалық ашуға  ұмтылған  өнертапқыштар мен конструкторлардың  ойлап тапқан алғашқы аппараттары сынақтан өткізіліп жатты. Сондай аппараттардың көпшілігі Лондон, Петербург, Париж, Берлин  қалаларында тіркелді. Американдық теоретиктер (мысалы, танымал теоретик Тэрри Рэмси) кино өнерінің дамуының бастапқы сатысында  Томас Альва Эдисонның еңбегін зор бағалайды.  Неміс кинотарихшылары Макс Складановскийдің есімін атаса,  ағылшын кинотарихшылары Роберт Уильям Полдың есімін атайды. Француздар Луи Люмьерді бірінші қояды.

Алғашқы сынаққа түскен проекциялық аппараттардың көпшілігі техникалық көрсеткіштері жағынан өте төмен деңгейде болды. Өнертапқыштардың бірқатар жобалары сәтсіздікке ұшырап жатты. Солардың қатарында поляк өнертапқышы К.Прушинскийдің плеограф аппараты (1894ж), орыс өнертапқышы И.Тимченконың  проекциялық аппараты (1893ж) болды. Қаржылық жағынан біршама қолдау  алған  өнертапқыш Томас Эдисон 1894 жылы өндіріске қосылған проекциялық аппаратының кинетаскоптық вариантын күрделендіруге асыға қоймады.

Осы орайда жоғарыда аталған өнертапқыштар қатарынан проекциялық аппараттарын техникалық күрделендіру сатыларынан өткізу арқылы алғашқы толыққанды кинокөріністердің  жарық көруіне себепкер болған ағайынды Люмьерлердің есімін ерекше атауға  болады.

Люмьер және Мельес

Луи Люмьер 1864 жылы 5 қазанда фотографтың жанұясында дүниеге келді.  Мектеп қабырғасынан химия және физика  пәндеріне қызығушылығы зор болды. Ол өзінің алғашқы тәжірибелік жаңалығын (фотоэмульсияның сезмталдығын арттыру) он бес  жасында ойлап табады. Мектептен кейін химия саласындағы тәжірибелерін жалғастыру мақсатында жеке лаборатория ашады. Айналдырған 3-4 жыл көлемінде ағайынды Луи және Огюст Люмьерлер фотоматериалдар химиясы төңірегінде  бірнеше жаңалықтар ашады. Фотоқағаз фабрикасының  иегері, ірі кәсіпкер әкесінің (Антуан Люмьер) қолдауымен  фотопластинка шығаратын фабрика ашуға мүмкіндік алады.  1894 жылы ол Томас Эдисонның кинетоскобымен танысады. Осы кезден бастап Луи Люмьер суретті бейнелердің қозғалысына көбірек көңіл бөле бастайды. Ол Эдисонның кинетоскоп принциптерін  Рейноның «оптикалық театр» принциптерімен біріктіре отырып, нәтижесінде қозғалыстағы суреттердің  оптикалық проекциялық көріністерін ойлап табады.  1894 жылдың соңында грейферлі механизммен қамтамасыз етілген проекциялық аппарат дайын болады. Бұл аппараттың жарық көруіне техникалық күрделендіру жағынан көп көмек көрсеткен инженер Ж.Карпантье болды. 1895 жылдың басында  ағайынды Люмьерлер алғашқы көріністерін түсіре бастайды. Париж қаласының  Капуцино бульварында орналасқан «Гран кафе» бағындағы  1895 жылдың 28 желтоқсан күні алғашқы киносеанс жүзеге асырылды. 20-минуттық «Программа Люмьера» атты алғашқы киносеанс бағдарламасына «Завтрак младенца», «Выход рабочих с завода», «Прибытие поезда на станцию Ля Сиота», «Движение пешеходов на  парижской улице», «Морская прогулка», «Золотая рыбка» т.б. бірнеше сюжеттер енеді.

Алғашқы киносеанстардың көпшілік арасында таралымы арқылы  беделі артқан сайын ағайынды Люмьерлердің бұл іске деген қызығушылығы да артады, олар ендігі сюжеттеріне жаңа тақырыптар іздей бастайды. Операторлық тәсілдерді меңгеру үшін арнайы курс ұйымдастырылады. Ағайынды Люмьерлер және фирманың тапсырысымен қызметке алынған Промио, Месгиш сияқты репортер-операторлар дүниенің төрт бұрышын аралап, қызықты сюжеттер іздейді.  «Люмьер бағдарламасының» («Политый поливальщиктен» басқа) барлық фильмдері деректі репортаж түрінде болды.

Ағайынды Люмьерлердің  кинобағдарламасы ішінде «Политый поливальщик» фильмі болашақ көркемсуретті фильмдер тарихына жол ашты.

Жорж Мельес шығармашылығымен кинематографтың жаңа мүмкіндіктері де басталады.

Жорж Мельес – 1861 жылы 8-желтоқсанда дүниеге келді.  Бала жасынан сурет салумен әуестенген ол мектеп бітіргеннен кейін көркемсурет академиясына оқуға түседі. 1896 жылдан бастап «Монтрей» киностудиясында киноның жаңа техникасы көмегімен иллюзиондық мәнерде түсірілген алғашқы фильмдері («Исчезновение дамы», «Замок дъявола», «Сеанс  превращений», «Партия в карты») жарық көреді. Бұдан кейін Мельес ертегі жанрына бет бұрады: «Золушка» (1899), «Красная шапочка» (1901), «Синяя борода»(1901).  Жорж Мельестің 1902-1906 жылдар аралығында жарық көрген фильмдері   фантастика тақырыбында болды. Кино тарихында Ж.Мельестің үлесі кинотрюк элементтерінің енгізілуімен байланыстырылады. Түсіру тәсілдерінің ішінде кадрды тоқтату, екі және көпжақты экспозиция, түсіру жылдамдығының өзгертілуі (ускоренная и замедленная съемка) сияқты әдістерді ойлап тапты.  Жорж Мельестің барлық дерлік фильмдері қолдан боялған түрлі-түсті көріністерден тұрады.  Оның «Путешествие на Луну» (1902) фильмінде  кинотрюктер көріністері  макет және сахналық мизансценаларды қосалқы суреттеу элементтері ретінде пайдаланумен  тереңдетіледі.

Фантастикалық фильмдерінің көпшілігінде («Путешествие через невозможное»-1904, «Четыреста шуток дъявола»-1906) пародия, сатира, мистика элементтері орын алған.  Ж.Мельес киноға келген шығармашылық жылдарында 4000-ға жуық фильм түсірді. Ғылым жетістіктері және техниканың жаңа мүмкіндіктерімен кино өндірісі саласында бәсекелес фирмалар пайда болады. 1912 жылдан бастап Жорж Мельестің киностудиясы фильмдер өндірісін тоқтатты.

Қолданылған материалдар:

  1. Гуидо Аристарко «История теорий кино». М., "Искусство".1966
  2. Теплиц Ежи. История киноискусства. М.,1968-1973.
  3. Леон Муссинак. Избранное. М, Искусство. 1981
  4. Садуль Ж. Всеобщая история кино. М.,1958-1982.
  5. Киноэнциклопедический словарь. Москва., 1986г
  6. Комаров С.В. Великий немой. Из истории зарубежного  киноискусства (1895-1930). – М., 1994.
  7. Ямпольский М.Из истории французской киномысли., М,"Искусство" 1988 г.