Мақала
«Қазақ киносының тарихы» (III.7)
III.Қазақ кино өнерінің жанрлық түрленуі (1960-1970) 3.7. Ғылыми-көпшілік киносындағы мәдени-тарихи проблемалар
Бөлім: Кино
Датасы: 18.03.2017
Авторы: QAZAQ KINOSY
Мақала
«Қазақ киносының тарихы» (III.7)
III.Қазақ кино өнерінің жанрлық түрленуі (1960-1970) 3.7. Ғылыми-көпшілік киносындағы мәдени-тарихи проблемалар
Бөлім: Кино
Датасы: 18.03.2017
Авторы: QAZAQ KINOSY
«Қазақ киносының тарихы» (III.7)

 Назира МҰҚЫШЕВА

Өнертану кандидаты, ҚазҰӨУ доценті, кинотанушы


3.7. Ғылыми-көпшілік киносындағы мәдени-тарихи проблемалар

1960-70 жылдары деректі кино өнерінде ғылымға жақындай түскен үрдіс анық сезіледі. Мұндай фильмдерде ғылыми әдістемелік пен материалды ғылыми тұрғыда ұйымдастыру тәсілі сәтті қолданылады. Ғылыми-көпшілік киносында көркемдік бейнелеу мәнері ғылыми дерек және лирикалық шешіммен үйлесім табатын шығармалар түсіріле бастайды. Бұл фильмдерде көркемдік бейне мен ғылыми талдау бір арнада қарастырыла бастайды.

1960-шы жылдары Қазақстанның ғылыми-көпшілік киносында мазмұны, тақырыбы, жанры тұрғысынан алуан түрленіп, қарқынды даму басталады.  Деректі кино шеберлері өз  шығармаларында, әсіресе, мәдени, тарихи тақырыптарға басты назар аударады. Бұл тақырыпты барынша ашып көрсету формалары жетілдіріле түседі. Ғылыми-көпшілік фильмдерін түсіруде жаңа кинематографиялық  тәсілдер мен әдістер қолданыла бастайды және автордың дүниетанымы, материалға деген көзқарасы, қарым-қатынасы алдыңғы қатарға шығады.

Мәдени-тарихи тақырыпты арқау еткен фильмдердің біз үшін аса құндылығы - ұлттық мәдениеттің қайнар көзімен, мәдениет тарихы саласындағы ғылыми жаңалықтармен   миллиондаған көрерменді таныстырады. Мұндай фильмдердің көркемдік, тақырыптық шешімі кинематографтың түрлі формасы мен жанрларында шешіліп отырды. Алайда, кино өнерінің тарихына көз жүгірте отырып, ғылыми-көпшілік киносының бұл салада мүмкіндігі мол екендігіне көзіміз жетеді.

1960-шы жылдары Қазақстан ғылыми-көпшілік киносында мәдени-тарихи тақырып бойынша бірнеше сәтті фильмдер түсіріледі. Олардың ішінде Қазақстан деректі және ғылыми-көпшілік киносының тарихына үлкен шығармашылық табыстар ала келген режиссер Ораз Әбішевтің “Тастағы таңбалар”(1968ж, сц.авт. А.Тойғанбаев, А.Жиреншин, опер. Ян Вон Сик, Б.Якупов, “Ашық алақан сыры”(1969ж,сц.авт. А.Медеуов, опер. М.Дуганов), “Тарихпен тілдесу”(1973ж, сц.авт. Х.Арғынбаев, Л.Енисеева, опер. Б.Дауылбаев) фильмдерін атап өту керек. Бұл үш фильмде режиссер қазақ халқының өткен тарихы мен өнеріне көз тастайды.

“Ашық алақан сыры” фильмінде Маңғыстау түбегі маңындағы ежелгі тарихи ескерткіштер туралы көрсетіледі. Экранда - ұшы-қиыры жоқ, шексіз даладағы Ақтау биігі. Кадр сыртынан оқылған диктор мәтіні бұрын бұл арада өркениетті қала болғандығын баяндайды. Ескі шаһардың қираған орны, бұзылған қорғандар заманалар бейнесінен елес береді. Диктор бір кездері осы бейіттің басында белгі оты жағылып, мұнара басындағы  маздаған от белгісі арқылы, алыс-жақындағы ел не жау келе жатқанын, не болмаса басқа да қауіп-қатер төнгенін біліп отыратыны туралы баяндайды.

Фильмде көне дүние көрінісін  паш ететін ескерткіштердің бірі -Маңғыстаудағы Шақпақ ата мешіті туралы егжей-тегжейлі көрсетіледі. Бұл мешіт  - VIII-XII  ғасырлардың архитектуралық ескерткіші болып есептеледі. Экраннан бұл ғимараттың ежелгі шығыс сәулет өнерінің үлгісімен күмбезделіп жасалғаны баяндалады. Ертедегі белгісіз шеберлер-тас қалаушылар мен бедершілер тастың бетіне бедер түсіріп, оған өшпейтін сыр қалдырған. Фильмде түрлі жан-жануарлардың араб алфавиті мен ойылып салынған түрік эпиграфтары , эмблемалары әртүрлі планмен, ракурспен көрсетіледі. Әсіресе, адам қолының жиі бедерленгенін көреміз.

Ал, мешіт бөлмелерінің тіреулері жұп-жұмыр, әп-әдемі екендігін  камера асықпай бақылайды. Шақпақ ата күмбезінің ерекшелігі: мұндағы сәнді сарайлар жартастың бүйірінен үңіліп, бөлме-бөлме сарайларға бөлінгендігі. Сонымен бірге, Шыңырау құдық қияпаты да фильмде көрініс табады. Экраннан Шақпақ ата мешіті жанындағы  тереңдігі 100  метрдей құдық айнала таспен өріліп шыққандығы көрінеді.  Режиссер бұл тастардың таңдай-таңдай етіліп қаланғанын көрсетіп, “Тоғызқұмалақ” ойыны сол кездің өзінде-ақ кең тарағаны туралы болжам айтылады. “Өйткені, мешіт маңындағы жалпақ тасқа “оның үйлері” ойылып салынған”-деп диктор мәтіні баяндайды. Бұл фильм тек материалының мазмұндылығымен ғана емес, сонымен бірге, монтаж ырғағымен де қызықты.

“Ашық алақан сыры”  1968 жылы түсірілген “Тастағы таңбалар” фильмінің заңды жалғасы іспетті. “Тастағы таңбаларда” қазақ жерінің көне мәдени мұралары туралы әңгімелейді. Фильм А.И.Герценнің  “Адамзаттың бүкіл ғұмыры кітап беттерінде мәңгілік өшпейтіндей болып қалып қойған: тайпалар, адамдар, мемлекеттер жер бетінен жойылып кетті, ал, кітаптар мәңгілік сақталып қалады. Ол ешқашан да өлмек емес” –деген сөздерімен басталады. Бұл фильмнің идеясы мен тақырыбы ретінде қызмет атқарады. Тастағы бейнеленген таңбалардан бастап, бүгінгі күн жазу үлгісіне дейінгі аралыққа кинопанорама жасайды. Экрандағы көріністі бірде-бір артық сөзі жоқ диктор мәтіні толықтырып отырады.

Фильмнің бірінші бөлімі көне заманнан қалған тастарда бедерленген жазулар сырына үңіледі. Экраннан бұл тастардағы белгілердің сырын түсіндіре келе, қашалынып салынған суреттердің ішінде негізгі екі сюжеттің кездесетінін, біріншісі - палеолит дәуіріндегі алғашқы қауымдық өнеріне тән мифологиялық сюжет болса, екіншісі - Қазақстандағы ерте заман көшпенділеріне тән батырлық-эпикалық сюжеттер екенін айтады. Фильмде көне дүниенің тасқа қашалынып салынған бейнелері мен жазуларын көрсете отырып, кадр сыртынан “Орхон-Енисей” жазуы туралы көптеген мағлұматтар беріледі.

Фильмнің екінші бөлімінде Орта Азия мен Қазақстан ойшылдары Әл-Фараби, Беруни, Ибн-Сина мен Қашғари еңбектеріне көңіл бөлінеді. Экранда - дала, қираған қала орны, Әл-Фарабидің портреті, беті ашық кітап. Сөрелерде қаз қатар тізіліп тұрған кітаптар...қысқа уақыт ішінде екі бөлімді “Тастағы таңбалар” фильмі ерте кездегі тасқа қашалынып жазылған белгілер мен таңбалардан бастап, бүгінгі том-том кітап болып шығып жатқан жазу үлгісіне дейінгі аралыққа  шолу жасайды. Бұл ықшам жасалынған мағлұматтар фильмнің  идеясын ашуға  ықпал етеді.

Ал, “Тарихпен тілдесу”  атты түрлі-түсті екі бөлімді фильмде қазақ халқының қол өнері, оның қайнар көзі ерте заманда жатқандығы туралы қызғылықты баяндалады.  Фильмде ұлттық кілем тоқушылардың үздік жұмыстары мен зергерлердің өзіндік ерекшелігі бар бұйымдарын жан-жақты, әртүрлі планда, ракурста көрсетеді. Ою-өрнек сарындары арқылы қазіргі күнгі қол өнеріне біздің заманымызға дейінгі VI-V ғасырларда өмір сүрген қазақ халқының ата-бабалары айналысқан қол өнері арасында тығыз байланыс бар екендігін зерттейді. Шығармада көне ғасыр көріністері бүгінгі заманмен астарласып жатады. Ерте заман ырғақтары қазіргі күннің жаңа бояулары және кескін-келбетімен ұштасып, бүгінгі күнгі сазды палитраға айналады.

Фильмнің монтаж ырғағы, әрбір бұйымдарды көрсетудегі қолданылған кинематографиялық тәсілдер, камераның жақын келіп, алыстауы, әр алуан пландар шығарма атмосферасына ерекше бояу және шынайылық енгізеді.

Көтерілген тақырыбы мен идеясы, жанры бір “Тастағы таңбалар”, “Ашық алақан сыры”, “Тарихпен тілдесу” фильмдері рухани тұрғыда бір-бірімен үйлескен, бір-бірінің жалғасы іспетті.

“Тастағы таңбалар” фильмінің түсіру жұмысы Ленинград, Москва, Қазан қалаларында және қазақ даласында жүргізіледі. Осы еңбектің нәтижесінде тастарға қашалынып жазылған белгілерден, ежелгі қолжазбалардан бастап, бүгінгі кітап шығаруға дейінгі барлық кезең көрініс табады. Бұл фильмнің ұлттық өнеріміз бен мәдениетімізге қосқан үлесі зор. Өйткені, қазақ халқының тамыры тереңде жатқандығын дәлелдеп, алғаш рет экранда көпшілікке арналып көрсетіледі. Бұл авторлар тарапынан жасалынған батыл әрі азаматтық позиция еді. Қазақ халқы әлем мәдениетіне тек кеңес ғылымы мен мәдениеті арқылы келіп қосылды деген Кеңес үкіметінің позициясына түбегейлі қарсы келген “Тастағы таңбалар” фильмі ұлттық сана-сезімді оятуға талпынған нағыз батыл әрекет болды. Ал, “Тастағы таңбалармен” үндес, рухани тамыры бір “Ашық алақан сыры” фильмін біраз уақыт Орталық Партия комитеті қабылдамай, тек Әлкей Марғұланның қорғауымен ғана экранда көрсетілуге рұқсат беріледі.

Жоғарыда аталған үш фильмнің тақырыбымен, мазмұнымен үндестік тауып жатқан тағы бір фильм - 1966 жылы түсірілген “Ойларды сақтау заңымен”(“По закону сохранения дум”, сц.авт. А.Машанов, опер. М.Дуганов,реж.А.Машанов). Шыңғысхан шапқыншылығының соңында жермен жексен болып қалып отырған қалалар, бүгінгі заманға дейін сақталынып қалған XIV-XVII ғасырлардың ескерткіштері поэтика формасында көрсетілген фильмнің монтаж ырғағы, жанры, бейнелеу қатарының шешімі О.Сүлейменовтың поэзиясына бағындырылады. Режиссер ақынмен біріге отырып, көне дүние мен бүгінгі күн туралы философиялық толғаныстар деңгейіне дейін көтеріледі.

Тарихи-мәдени тақырыптағы фильмдер тақырыбы жағынан бірнеше түрге бөлінеді. Яғни, музыка, бейнелеу өнері, тарих, архитектура, театр, халық шығармашылығының ескерткіштері, әдебиет, би өнері сияқты өнер мен әдебиеттің барлық салаларын қамтиды. Алайда, олар жанрлық-тақырыптық белгілеріне қарай: фильм-зерттеу, фильм-портрет, фильм-эссе, ғылыми-көпшілік фильм жанрларына бөлінеді.

Мәдени-тарихи тақырыпа түсірілген  ғылыми-көпшілік фильмдер мынандай негізгі міндеттерді атқарады:

  • мәдениет пен өнер жетістіктерін насихаттау
  • эстетикалық тәрбие
  • рухани тәрбие

1960-шы жылдары қазақ өнері мен әдебиетіндегі көрнекті тұлғалар туралы ғылыми-көпшілік фильмдер түсіру алғаш рет қолға алына бастайды. Олар – Абай Құнанбаевтың шығармашылығына арналған “Ұрпаққа арналған өлең”(“Потомкам завещанный стих”, 1966ж.сц.авт.А.Брагин, реж. И.Верещагин), Қазақстанның Ғылым Академиясының негізін қалаған көрнекті ғалым Қаныш Сәтпаев туралы “Академик Сатпаев”(1967ж. сц.авт. М.Қаратаев, А.Брагин, реж. Я.Смирнов, опер. В.Васильченко), Ыбырай Алтынсариннің өмірі мен қызметі туралы “Ыбырай Алтынсарин” (1968ж. сц.авт. А.Дербісалин, И.Колпакова, реж. Э.Файк, опер. Е.Баранов), жазушы Мұхтар Әуезовтың өмірі мен шығармашылығына арналған “Мұхтар аға” (1969ж. сц.авт. З.Қабдолов, реж. Т.Дүйсебаев, опер.С.Шәріпов, Б.Сигов) фильмдері сияқты өнер мен әдебиет, ғылым қайраткерлері туралы бірқатар фильм-портреттер галереясы пайда болады.

Осы жанрда түсірілген режиссер А.Машановтың “Мәңгілікпен қауышу” (“Прикосновение к вечности”, 1966ж. сц.авт. Н.Бабошин, опер. В.Осенников) фильмінде суретші-мүсінші Исаак Иткиндтің рухани әлеміне, шығармаларының құпиясына терең үңіледі. А.Машановтың тағы бір “Репетиция”(1967ж. сц.авт. А.Машанов, опер. М.Дуганов) фильмі Қазақтың Мемлекеттік опера және балет театрының бишісі Болат Аюхановтың орындауындағы әрбір бидің дүниеге келу процесіне көңіл бөлінеді.

Жалпы, 1960-шы жылдардың ортасынан бастап, Қазақстан деректі және ғылыми-көпшілік киносында өнер мен әдебиет тақырыбына    аса назар аударылғанын көреміз. Жоғарыда аталған фильмдерден өзге “Дала бояулары” (“Краски степей”, 1969ж, сц.авт. Н.Микульская, реж. Ю.Мингазитинов, опер. В.Осенников), “Қазақстан әуендері” (“Мелодии Казахстана”, 1969ж, сц.авт. Т.Кенжебаев, реж. М.Ыбраев, опер. В.Белялов), “Біздің Күләш” (“Наша Куляш”, 1969ж. сц.авт. М.Хасенов, Т.Дүйсебаев, опер. О.Караваев, Ким Зон Фун), т.б. фильмдері осының айғағы.

Мәдени-тарихи тақырыпта түсірілген ғылыми-көпшілік фильмдер көркемдік бейнелеу мәнерімен, яғни көркемсуретті, фантастикалық, ғажайып–ертегі киносының элементтерін қолдануының алуан түрлілігімен көңіл аудартады. Осы орайда, О.Сүлейменовтың сценариі бойынша 1968-ші жылы түсірілген “Сиыр мүйізінің тарихы” (“История знака коровы”, реж.Ю.Мингазитинов) фильмі қызығушылық тудырады. Онда ең алғашқы жазу белгісінің (альфа А) шығу тарихын иероглифтер белгілері және әртүрлі халықтың символы болған сиыр мүйізімен байланысы  туралы гипотеза келтіріледі. Фильмнің көркемдік шешімі поэтикалық формада баяндалады және көркемсуретті киноның элементтерімен үйлесе қабысып жатады.

1960-шы жылдардың орта шенінде медицина тақырыбында түсірілген алғашқы ғылыми-көпшілік фильмдер экранға шыға бастайды: “Ояну”(“Прозрение”, 1967ж, реж.Ю.Мингазитинов), “Рак ауруының алдын алу” (“Профилактика рака”, 1967ж, реж. Ю.Мингазитинов), “Денсаулық сақшысы”(“На страже здоровья”, 1969ж, реж. М.Олькина), “Нейрохирург”(1969ж, реж. Я.Смирнов) фильмдері түсіріледі. Әрине, ғылыми-көпшілік киносының алғашқы қадамынан бастап негізгі тақырыптарының бірі болып келген ауыл шаруашылығына, өнеркәсіпке арналған фильмдер 1960-шы жылдары қарқынды дамиды.

Сонымен, 1960-жылдардағы ғылыми-көпшілік фильмдерінің тақырып аясы кеңіп қана қоймай, көркемдік бейнелеудегі қызықты формалар, түрлі кинематографиялық тәсілдердің  қолданылуымен  ерекшеленеді.

Қолданылған материалдар:

«Қазақ киносының тарихы» (оқулық)

ҚР Білім және ғылым министрлігі, Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА,

Б.Р.Нөгербек, Г.Қ.Наурызбекова, Н.Р. Мұқышева – Алматы: ИздатМаркет, 2005.

Сізге қызық болуы мүмкін: