Қазақ кинодраматургиясының тоқырау кезеңі
Мәдени дәстүр және әдебиет мұрасына деген қызығушылық әр елдің тарихында өзінше қалыптасады. Классикалық туындыға айналған әдеби нұсқадан экрандау құбылысы әлемдік кино тарихында жеке ерекшеліі ескере отырып, қоғамдық қажеттіліктер нәтижесінен туындағаны тарихи деректерден мәлім. Қазақ көркем киносының тарихында жинақталған тәжірибелерді сұрыптай келгенде қазіргі таңда теория тұрғысынан тұжырымдап, бір жүйеге келтіруді қажет ететін бірқатар күрделі мәселелердің ішінде, әсіресе, әдебиет пен кинематограф байланысы болып отыр.
Қазақстан кино өнері тарихында жазушылардың киноға келуі елеулі құбылыс болды. Классик шығарма өмірінің ұзақтығы уақыт өлшемімен белгіленеді. Ондай шығарма экрандалу барысында кино тілінде қайта жанданып, жаңа қырынан да көріне алады. Жазба нұсқадан экрандалған фильмдердің ішінде классикалық шығарманың “тамыр соғысын” дәл басып, жазушы ойын өз көзқарасы тарапынан кино тіліне аса шеберлікпен аудара білетін кино қайраткерлерінің туындылары ғана түп нұсқаға сәйкес өміршең келмек.
Әлемдік және совет киносы тарихында бүгінгі күнге дейін кинодраматургия саласында әдеби шығармадан экрандаудың бай тәжірибесі жинақталды. Сол тәжірибелерге орай экрандаудың негізгі принциптері де жүйелендірілді. Қазақ киносы тарихында да ұлттық әдеби мұралардан экрандаудың өз тәжірибесі біршама баршылық. Кино мен әдебиеттің жақындасу құбылысы өнердің бұл екі саласының бір-біріне берер мүмкіндіктері тұрғысынан өте күрделі мәселе және бұл байланыс әр елде ұлт ерекшелігіне орай әрқалай дамыды.
Шығармашылық қашан да ізденіс. Ал оның жемісі – көркем образ. Жеке стильдік ерекшелігі бар көркем бейне жасай білу шығармашылықтың басты жеңісі болып табылады. Өнердің қай саласы болса да, көркем бейне сыртқы орта әсері нәтижесінде жанданғанымен де, суреткердің жүрек түкпірінен ғана өзгеше сипат алып, оның өзіндік қолтаңбасын байқатар мүлдем жаңа туынды болып қайта туындайды.
Ұлттық кинодраматургияның даму кезеңдерін саралай отырып, көркем прозадағы өзіндік суреттеу ерекшеліктерінің сценарий жазу ісіне қаншалықты әсері болғандығын осы уақыт аралығында кино саласында да қызмет еткен қазақ жазушыларының шығармашылықтарынан көруге болады. Отызыншы-қырқыншы жылдар аралығында Бейімбет Майлин, Ғабит Мүсірепов, Ілияс Жансүгіров, Мұхтар Әуезов сынды қаламгерлердің кино саласына келуі кезеңінен ұлттық кинодраматургия бастау алған болса, қазақ кинодраматургиясының бұдан былайғы даму сатысында өрлеу және тоқырау кезеңдері үнемі алмасып отырды.
Елуінші жылдардың екінші жартысы мен алпысыншы жылдар аралығы қазақ кинодраматургиясы үшін өте күрделі кезең болды. Жазушылардың кино саласына келу процесі кең етек ала бастайды, бірінші кезекте кәсіби деңгейде сценаристер даярлау мәселелері қарастырылады. Бұл тұста қазақ кино өндірісінің қуаты да арта бастаған еді. Әр жыл сайын шығарылатын фильмдердің саны екі есеге дейін өседі. Бір ғана 1955 жыл көлемінде экранға 23 көркемсуретті фильм шығады. Алайда, санның өсуі әрқашан сапа көрсеткіші емес, ұлттық көркем кино өндірісі бағытында біршама қиыншылықтар кездесіп жатты, әсіресе, сапалық тоқырау ең алдымен драматургия саласын қамтыды. Уақыт талабымен келген көркем фильмдерге деген сұранысты дер кезінде қамтамасыз етуге кинематографистердің мүмкіншіліктері бола бермеді. Асығыс жазылған киносценарийлер бойынша түсіріліп жатқан фильмдердің көпшілігі кино өнерінің осы кезең тұсындағы даму бағыттарын дұрыс айқындай алмады. Фильм сюжетіне негіз болған мәселелердің бүгінгі күнге лайықты өзектілігіне қарамастан, драматургиялық құрылым тұрғысынан сапасы төмен шығармалар ұлттық кино өнерімізді тоқырау жолына әкеліп тіреді. Бір ғана автор А.Галиевтың үш бірдей сценарийі бойынша түсірілген фильмдер («Мальчик мой»-1962, «И в шутку, и всерьез»-1963, «Спроси свое сердце»-1964) сәтсіз туындылар болып табылды. Бұл аталып отырған фильмдер ұлттық кино қорына экрандық шығарма заңдылықтарының суреттеу әдістері жағынан алғанда еш жаңалық әкеле қоймады. Орташа деңгейдегі тағы бірқатар сценарийлер бойынша «Ән шақырады» («Песня зовет»-1961ж, сц.авт-М.Ерзинкян), «Менің арманым»(«Мечта моя»-1965ж, сц.авторлары-К.Сатыбалдин, М.Ерзинкян) сияқты сапасы төмен фильмдер жарық көрді.
Елуінші жылдардың екінші жартысынан былайғы уақытта қазақ көркем киносы тарихында біраз өзгерістер бола бастайды. Жаңа сценарийлер жазылады. Осы жылдары «Шабандоз қыз» (1955, сц.авторлары - Ш.Хусаинов, В.Абызов, реж.П.Боголюбов) «Біздің сүйікті дәрігер» (1957, сц.авторы-Я.Зискинд,реж.Ш.Айманов), «На диком берегу Иртыша»(1959, сц.авторы-В.Абызов, реж.Е.Арон), «Тишина»(1960, сценарий авторы - Б.Теткин, реж.А.Карпов), «Сплав»(1961,сц.авторлары-І.Есенберлин, М.Ерзинкян, реж. А.Карпов) сияқты жаңа заман тақырыбына түсірілген біршама сәтті фильмдер экранға шығады.
1956 жылы өткен Бүкілодақтық кинодраматургтер мәжілісі жұмысында кинодраматургияның бүгінгі жағдайынан баяндама жасаған Е.Габрилович қазақ кинодраматургиясы жайында жақсы пікірлер айтады, әсіресе, В.Абызов, Ш.Хусаинов, Ж.Жұмақанов сияқты кинодраматургтердің жұмыстарын атап көрсетеді.
Жаңа заман тақырыбына жазылған сценарийлердің мазмұны негізінен жұмысшы табы өкілдерінің және ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің өміріне арналады. Басым көпшілік фильмдердің құрылымдық сипаттау әдістерінде жасанды өндірістік конфликт, өмір суреттеріндегі шынайылықтың аздығы, жеке характерлар сипатындағы әлсіздік сияқты көптеген кемшіліктер кездесіп қалып жатса, оның бірден-бір себебі - сценарийлер сапасының әлі де болса жеткілікті дәрежеде кәсіби деңгейге көтеріле алмағандығы еді. Осы орайда тақырыптық жоспарлау жұмыстарына біраз жаңалықтар енгізу мақсатымен 1958 жылы киносценарийлер байқауы жарияланады. Осы бір жыл көлемінде 50 астам киносценарийлер жазылып, конкурсқа қатысады, алайда, олардың тақырып ашудағы әлсіздігі бұл сценарийлер бойынша бірде бір фильм қоюға мүмкіндік бермейді. 1962 жылдың соңында Жазушылар Одағының Басқармасы және Қазақстан кино өнері қызметкерлері бюросының ұйымдастыруымен бірлескен пленум өтеді, мұнда Ғабит Мүсірепов өзінің баяндамасында қазақ кинодраматургиясындағы келеңсіз жағдайларды батыра айтып, басты-басты деген кемшіліктерді атап көрсетеді: «В серьезных недостатках казахского киноискусства повинны не только деятели киноискусства, но и писатели... В основе посредственных, серых фильмов, выпущенных киностудией «Казахфильм», лежит посредственная кинодраматургия, и это целиком относится к деятельности писателей. Наша казахская драматургия вообще и кинодраматургия в частности ничем выдающимся не обрадовала зрителей, не поднялось на более высокий уровень по сравнению даже с довоенным периодом» («Простор», 1963, №2). Пленум жұмысынан кейін сценарий жазу жұмысын жақсарту мақсатында мынандай бірқатар шаралар қамтылады:
- сценарийлерді студияның көркемдік кеңесінде ғана емес, сонымен қатар жазушылар одағының драматургия секция жұмыстарында да талқыға салу;
- ең үздік деген сценарийлерді әдеби журналдарда жариялау;
- киносценарийлер жинағын шығару;
- жазушылар мен кинорежиссерлардың бірлескен шығармашылық жоспарларын құру.
Пленум жұмысынан кейін қазақ жазушыларының киноға келуі біршама қарқын ала бастайды. Осы жылдары Асқар Тоқмағамбетовтың «Маржан», Ілияс Есенберлиннің «Сплав» сценарийлері жазылады. Бұл жылдары жазылған үздік киносценарийлер қатарында, әсіресе, «Ана туралы аңыз» (сц.авторлары-Ж.Ташенов, А.Сацкий), «Менің атым Қожа» (Б.Соқпақбаев) атты сценарийлерді атауға болады.
Елуінші-алпысыншы жылдар тұсында байқалған тағы бір құбылыс - бірқатар жазушылар өз әдеби шығармалары бойынша сценарийлер жаза бастайды. Ғабит Мүсіреповтың драмалық шығармасының желісі бойынша «Махаббат туралы аңыз» (1953,сц.авторы-Ғ.Мүсірепов,реж.Ш.Айманов), Бердібек Соқпақбаевтың әңгімелері бойынша «Менің атым Қожа»(1963, сц.авторы- Б.Соқпақбаев, реж. А.Қарсақбаев) және «Балалық шаққа саяхат»(1968,сц.авторы-Б.Соқпақбаев, реж.А.Қарсақбаев) фильмдері экранға шығады.
Алпысыншы-жетпісінші жылдар тұсында қазақ кинодраматургиясы саласында біртіндеп өрлеу кезеңі басталады. Бұл тұста кино саласына кәсіби деңгейде маманданған жас драматургтер келе бастайды. Ғ.Мүсірепов, З.Шашкин, А.Тоқмағамбетов сияқты белгілі жазушылардың қатары Әкім Тарази, Олжас Сүлейменов, Қалихан Ысқақов, Қалтай Мұқаметжанов сынды жас таланттармен толықты. Киносценаристердің арнайы курсын бітіріп келген жастар өздерінің үздік сценарийлері арқылы ұлттық кинодраматургияны жаңа сатыға көтерді. Осының дәлелі ретінде алпысыншы жылдарда экранға шыққан «Тұлпардың ізі»(1964, сц.авторы - Әкім Тарази); «Шыңдағы шынар»(1965,сц.авторы-Қалтай Мұқаметжанов); «Атамекен» (1966, сценарий авторы-Олжас Сүлейменов); «Арман -атаман» (1967,сц.авторы - Әкім Тарази); «Көгілдір маршрут» (1969, сц.авторы-Олжас Сүлейменов) фильмдерін атауға болады.
Алпысыншы жылдар тұсында қазақ жазушыларының ішінде, әсіресе, ең көп экрандалғаны - Мұхтар Әуезов шығармалары болды.
Қолданылған материалдар:
«Қазақ киносының тарихы» (оқулық)
ҚР Білім және ғылым министрлігі, Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА,
Б.Р.Нөгербек, Г.Қ.Наурызбекова, Н.Р. Мұқышева – Алматы: ИздатМаркет, 2005.