Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында «Қара шекпен» атты жаңа қойылымның тұсаукесері өтті. Пьесаның авторы – Георгий Хугаев, қоюшы-режиссері – Асхат Маемиров. Мұнда төрт түлікті өсірумен айналысатын Шопаннан басқа кейіпкерлердің барлығы жан-жануарлар. Тұзар есімді төбеттің айналасында өтетін оқиға кейіпкерлері – қасқыр, қоян, түлкі, есек, қарға, қой және басқалар. Тұзар есімді иттің өз иесіне адалдығын көрсететін қойылым адами қасиеттерге құрылған. Жанкештілікпен еңбек еткен ит образы арқылы махаббат пен достық, адалдық пен сатқындық сынды қарама-қарсы қасиеттер спектакльдің түпкі идеясы болып табылады... Бұл қойылымның ертегіден бір-ақ айырмашылығы – спектаклдін соңы. Бұл ертегінің нүктесі адалдықты қадірлей алмаған Шопанның қолынан қаза тапқан Тұзардың қазасымен қойылды. Г.Хугаев пьеса соңын осылай аяқтау арқылы бүгінгі күннің ащы шындығын көрсетуге ұмтылған. Қожайынның қолы қалтырамастан итті ата салуы біздің құлдық санамыздың, соқыр адалдығымыздың берген сыйы. Қойылым бізді жан-жағымыздағы адамдарға деген жылы ілтипатымыздың жоқ екенін көзге шыққан сүйелдей көрсету арқылы өмір шындығын меңзеп, жақсылыққа жол бастауды көздеген. Қазіргі кезде сенің күш-қуатың тасып тұрғанда керексің, кейін ешбір қиналмастан лақтырып тастауға дайын қожайындардың заманындағы Тұзарлардың құрбандығының керек емес екенінің бір дәлелі. Сондықтан да қойылымның шымылдығы жабылған сәтте «Адам баласы адалдықтың тамырына неге балта шапты?» – деген сұрақ туындайды...
А.Маемиров қойылым арқылы көрермендерге қазіргі таңдағы адамдардың бетпердесін ашып көрсеткісі келген. Режиссердің көздегені – қазіргі қоғамдағы түйткілді мәселелерді суреттеу ғана емес, көрермендердің спектакльден кейін ой түйіп қайтуы. Осы әфсана-ертегіні сахналау барысында қойылым режиссері А.Маемиров өз идеясымен ұштасып жатқан пікірлес адамдарды жанына жинай білген. Суретші И.Ихсан, балетмейстер Р.Билибаев, музыкамен көркемдеуші Д.Әбікеева, Б.Нұрқасымов сынды өз ісінің мамандарының бір арнаға тоғысқан еңбектерінің арқасында заман талабына сай қойылым дүниеге келген деп ойлаймыз. Пьесадағы адам бейнесінде – тек Шопанның өзі. Қойылымды көріп отырып, адам мен жануардың айырмасын ақ пен қарадай көрсетіп тұратын шекара сызығының бірте-бірте жойылатынын байқайсың. Спектакльдегі ит, қасқыр, түлкі, қоян, қой, қарға – бәрі де бетперде киген адамдар секілді. Сол бетпердені шешкенде әр адам өз бейнесін танитындай күй кешеді. Қойылымдағы әр кейіпкердің өзіндік тағдыры бар. Мәселен, Көкжал. Кезінде оның ұя толы бөлтіріктері болған. Солардың бәрі қаза тапқан соң, өмірінің мәні жоғалған. Қоян өмірін көжектерінсіз елестете алмайды. Балалары үшін барлық іске дайын. Ал ит – иесі үшін өмірлік махаббатынан да бас тартқан бейбақ.
Басты рөл – Тұзарды сомдаған екі актер Данияр Базарқұлов пен Мақсат Сәбитов өздеріне жүктелген міндетті шеберлікпен орындап шықты. Сахнадағы Тұзар қос орындаушының ойынында бір-біріне мүлдем ұқсамайды. Бұған себеп – қойылым режиссері А.Маемировтың актерлерге барынша еркіндік беріп іздену процесінде туған әр актердің жеке дара жұмысы.
Д.Базарқұлов сахнада үнсіз тұрса да, сөйлесе де кейіпкер психологиясының күрделі иірімдерін дөп басып, сахнада нанымды ойын көрсете білді. Спектакль басталғанда құйрығын қайқитып алып қожайынның айтқанын екі етпей орындап жүрген адал Тұзарды көреміз. Сахнада ары-бері жүгірген Д.Базарқұлов Тұзардың алғырлығы мен аңқаулығын жеңіл іс-қимылдар арқылы жеткізуге мән берген. Ал екінші бөлімде арып, тозған Д.Базарқұловтың Тұзарының бойында ойнақылықтың ізі де қалмаған. Мұнда орындаушы Тұзардың психологиялық тебіреністерін бедерлеуге күш салған. Тұзардың бойында үмітке қарағанда, күдік басымдау. Ендігі жерде өзінің кімге қызмет етіп, адал болғанын саралап отыр. Осы екінші бөлімде орындаушыға әрекет ету өте қиын. Себебі, режиссердің қойған мизансценасы бойынша актер авансценада отырады, басқалары қасына келеді. Міне, соның салдарынан Д.Базарқұловтың Тұзары бір сарынды. Бұл спектакльдің темпо-ритмін түсіріп жіберген. Әрине, мұнда төбет арып, ашыққан сонысына қарамастан ол ашуланады ғой. Кейіпкердің ұсынылған тосын жағдайдағы ішкі психо-физикалық күшінің мүмкіндіктері актер ойынында ескерілмей қалған. Әлі де орындаушы іздене түсіп, осы олқылықтарды жояды деген ойдамыз.
М.Сәбитовтың Тұзарының адалдығы көзсіз. Сондықтан да ол өз сүйгенінен де бас тартып, қожайынға жағуды өзіне басты мақсат еткен. М.Сәбитовтың Тұзары сахнада әрбір кейіпкермен сөйлескенде өзінің басты міндеті қожайынға қызмет ету керек екенін ұмытпайды. Бұл актердің Кикомен – Ұ.Болатбек өтетін сахнада анық көрінеді. Төбет есекпен сөйлесіп тұрса да қойлардың бытырамауын, тұтқиылдан қасқыр шабуылына дайын екенін анық көрсетеді. Спектакльде сонымен қатар, Шопан – Б.Камаранов, Ә.Есжан, Көкжал – Е.Рамазанов, Ә.Иманғалиев, Көкшулан – Ж.Мақашева, А.Дайрабаева, Қосүрей – Л.Кәден, С.Ерзат, Д.Әбікеева, Кико – Д.Сүлейменов, Ұ.Болатбек, Қуқар – Е.Кәрібаев, Б.Тушаев, Сылаң – Г.Байбосынова, А.Қаймақбаева, Бе-бе – Е.Садырбаев, М.Әжібеков, Қортық – Е.Хамидуллин, Е.Ыдырысов және басқа да актерлер ойыны өзіндік ерекшелігімен көрермендерді баурай алды.
Ал, Қосүрей есімді қоян образын жасаған ҚР еңбек сіңірген артисі, «Құрмет» орденінің иегері Лидия Кәден жылдар бойы жинаған тәжірибесімен жас буынға демеу бергені байқалып тұрды. Театрда кішкентай рөл болмайды, кішкентай актер болады деген тұрақты сөз тіркесіне дәлел боларлық Е.Садырбаев пен Д.Сүлейменовтің ойынын ерекше атап өтуге болады. Екі актер қосалқы рөл болса да көрермен жадында сақталып қалатын кесек образ сомдай алды.
А.Маемиров драматургиялық шығарма таңдауда қателеспеген. Спектакльдің сәтті шығуы драма теориясына сай жазылған пьесаға тікелей байланысты. Оқиғалар легі логикалық тізбекпен өрби отырып тартыс, айшықты мінездер пьеса бойында дұрыс бедерленгендіктен актерге ойнайтын татымды дүние табылған. Г.Хугаевтың бұл шығармасы тек қазақ ғана емес, орыс, татар, өзбек және т.б. сахналарына қойылып, өз бағасын алып үлгерген. Режиссер өзінің бұл спектакльді қоюдағы түпкі ойын актерлер ойыны арқылы жеткізуге ден қойған. «Қара шекпен» жануарлар туралы емес, адами қасиеттер мен құндылықтарды алға тартқан заманауи қойылым.