МӘҢГІЛІК МАХАББАТ ЖЫРЫ.ТЫШҚАН ІНІ МЕН ҚЫРАН БИІГІНЕН
Иә, «тас түскен жерiне ауыр». Ал шамалауымызда, қарабұжыр тас бiздiң – «Жас қазақтың» ауласына лақтырылған. Автордың ниетi де солай болғандай. Мұны мақаламен танысып шыққан адам бiрден аңғара алады. Сосын «басымыз дауға шатылса да, жалалы мақалаға жауап бермесек болмайды екен» деп шештiк.
Неге жалалы мақала?
Алдымен осы сауалға жауап берейiк. Мақала авторы бiздiң жазғанымызға ойдың биiгiнен (ой құрғыры онда болса) зер салмаған, тышқан iнiнiң аузындай ғана ауқымнан қарап, «шолақ белсендi» пiкiр бiлдiрген. Және онысы сәтсiз де шықпаған деуге болады. Себебi бiздiң мақаламыздың мазмұнымен танысуға мүмкiндiгi болмаған оқырман Кенжебайдың мақаласын оқи қалса, «шолақ белсендiнiң» шоқырағына қисая салуы әбден мүмкiн. Сосын бiздей мұндарды дiн бүлдiрушi ретiнде «есекке терiс мiнгiзiп», қоғамнан аластау ғана қалмақ. Ал әлгiнiң дiттегенi осыдан өзге ештеңе де емес. Оның мақаласын «жаптым жала, жақтым күйе» дейтiнiмiз де сондықтан.
Онда «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырының қай дәуiрде, қандай ортада дүниеге келуi мүмкiн екендiгi туралы өз жорамалым және буддизмнiң негiзiн қалаған Сиддхартха Гаутаманың өмiрi туралы шағын шолуым ұсынылған. Мақала соңында мысал ретiнде буддизм дүниетанымының элементтерi кездесетiн бүгiнгi екi қазақ ақынның өлеңдерi де келтiрiлген.
Журналист осы мақаламызға «Жас қазақ» газетiнде «Будда бiрде дүниеге келгенде...» деген не ғылыми емес, не дiни, не болжам деуге келмейтiн бiр мақала шықты» деп баға бередi. Осы бағасынан-ақ өзi жақсы бiлетiн көпшiлiкке арналған «әдеби-танымдық мақала» деген анықтаманы, амал қанша, бiзге қиғысы келмегенi аңғарылып-ақ тұр. Сiрә ол кiсiге, тиiсудi мақсат тұтқасын, әйтеуiр, бiр амалын табу керек болған болуы керек. Мұндайда басқашалай ойлау мүмкiн емес.
Мырзан осы жерде журналист ретiнде де кәсiби қате жiбередi. Қате дейтiнiмiз, журналист Мырзан менiң мақаламның «Мозаика» айдарымен шыққанын да аңғармаған секiлдi. Яки, аңғарғысы келмеген. Қысқасы, бұл Кенжебайдың мақаламызға анықтама таба алмай сүрлiгетiндей жөнi жоқ-ты. Қазақша айтқанда, босқа арамтер болмай-ақ қойғаны дұрыс едi.
Кiнәмшiл журналист бұдан кейiн менiң сөз саптасыма да бiраз көз алартыпты. Несiн жасырайын, мен, рас, стилист қаламгер емеспiн. Маған бiр сөйлемiн жазуға екi күнiн арнаған, дәлiрек айтқанда мүмкiндiгi болған француз Флобердiң ауылы тым алыс. Ең болмаса, өзiмiздiң Ғабит Мүсiрепов (ол кiсiден де қателiктер тауып жатыр ғой) немесе Тәкен Әлiмқұлов та емеспiн. Сондықтан да бүкiл қазаққа етене жақын, Мырзан Кенжебай ғана ұнатпайтын «дала төсiнде» немесе «ғасырлар қойнауында» iспеттi тұрақты сөз тiркестерiн пайдалануды өзiме еш ар санамаймын. Қарапайым қазақтың баласы ретiнде қайта мақтаныш көремiн. Олай екен, Мырзанның мақаламның әр-әр жерiнен, жекелеген сөз не сөздердi терiп алып, мәтiнде тұрғандай емес, басын аяғына, аяғын басына шығарып, «мынау сөз саптай алатын, тiл бiлетiн адамның сөзi ме деп тiксiнiп қалсақ та оқып шығуға тура келдi» деп мақаламызды қарызға оқығандай қыр көрсете сөйлеуiнiң ешқандай жөнi жоқ.
Болжам айтуымызға не себеп?
2002 жылдың тамыз айында елiмiзде, Аягөз аймағында «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырына 1500 жыл толғаны тойланды. Яғни, ғалымдарымыз жырдың алғашқы нұсқасы ислам ғана емес, Мұхаммед пайғамбарымыздың өзi әлi дүниеге келмеген кезде (Мұхаммед ғ.с.с. бiздiң жыл санауымыз бойынша 570 жылы 29 тамызда туған деп саналады) пайда болған дейдi. Көпшiлiк те осы ұйғарымға ұюлы. Ал бiздiң әдебиетшi ретiнде, бiлмекке құмар мұсылман баласы қатарында исламға дейiн пайда болған жырдың алғашқы жырлаушысы қандай сенiмде болғаны, яки дiндi ұстанғанын болжауға, әдебиетшi ретiнде өз жорамалымызды ұсынуға әбден қақымыз бар. Жүрек қалауымыз осындай болып жатса, оған Мырзан Кенжебай тыйым салады екен деп, үркектейтiн жөнiмiз жоқ шығар. Сосын мұндай жорамалды оқырман талқысына ұсынғандардың алды бiз емес екенiмiз де белгiлi. Соңғысы да бiз бола қоймайтынымыз анық.
Осы орайда, әңгiмемiздi тұздықтай түсу үшiн, сондай жорамалдардың бiрiн тiлге тиек еткендi жөн көрiп отырмыз. Қазаққа есiмi белгiлi философ ғалымымыз Ғарифолла Есiм «Ақиқат» журналында шыққан (2004 жыл, № 5, 6 «Дала пирамидасы». «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жыры туралы толғаныс») атты мақаласында Қозының әкесi Сарыбай немесе Сары ханды ислам дiнiн қабылдаған тайпа көсемi ретiнде түсiндiредi. Жыр кейiпкерiнiң есiмiн кезiнде тайпа атауы ретiнде белгiлi болған «оғыз» немесе «ғұз» сөзiнен шығарады. Егер жырдың шығуына 1500 жыл толды дегендi шартты уақыт көрсеткiшi деп есептейтiн болсақ, бұлай болуы да әбден мүмкiн. Өз жорамалымызға қайшы келетiнi болмаса, жыр негiзiнде түркiлер даласына ислам ендi-ендi ене бастаған кезде жүз берген оқиғалардың сұлбасы жатуы ықтимал дейтiн бұл болжаммен де келiсуге болады.
Ғарифолла Есiм ағамыз жырдағы басты трагедияның себебiн кейiпкерлер арасындағы дiнаралық қайшылықтан iздептi. Ғалым «Жырға негiзгi әуен болған Қарабай немесе Қара – ханның Қозыға қызымды бермеймiн деп Алтайға ауа көшуiнiң басты себебi, дiнге қатысты болуы да ықтимал. Себебi, Қарабай наймандардың бiр тайпасының ру көсемi екенi де шындыққа жақын, ал наймандардың тарихта, кезiнде несториандық (христианшылдықтың қудалауға ұшыраған бiр тармағы – Ә.Б.) нанымда болғаны да анық. Осылай деуге жоғарыда келтiрiлген жыр нұсқасындағы мынадай екi түсiнiк негiз болады. Бiрiншiсi, Қозыеке хан дүниеден қайтқан соң:
... Ақ сүйегiн Ер Айбас өзi жуып,
Жаназасын батырдың өзi оқыған.
Қозы исламды қабылдағандықтан, оның жаназасын осы дiндегi Ер Айбас өзi оқыды. Себебi, жергiлiктi Қарабай басқарған жұртқа бұл наным әлi сiңiстi болмаған...
Екiншiден, Қозының дiнге қатысты харекетi туралы оқиға былай болған: Қодар мен Қарабай бiрлесiп Қозыны өлтiрмек болады. Қозының соңына түсiп аңдып жүрген Қодар Шоқ-Теректе алаңсыз жатқан Қозының серiгi Көсемсарыны өлтiрiп, басын кесiп алып келiп, Қарабайға және Баянға көрсетедi. Аңнан қайтып келсе досын өлтiрiп, басын кесiп алғанын көрген Қозы ашуға мiнедi. Ол жырда былайша суреттелген:
Ашуы ер Қозының қозып кеттi,
Құл жығылды, жұрт қашып,тозып кеттi.
Ақырын оғын кезеп жетiп барса,
Тiрi жан шыдай алмай безiп кеттi.
Дәулет құсы басына қонып қалды,
Сол елге жалғыз ие болып қалды.
«Құлдық» деп қол қусырып келген жанның,
Бәрiн де қаһарланбай қабыл алды.
«Дiнсiз кәпiр, осынша не жаздым?» деп,
Кескiлеп Қарабайды итке салды...
Осындағы Қозының Қарабайға айтқан сөзiне назар аударайық. «Дiнсiз кәпiр, осынша не жаздым?» деп кескiлеп Қарабайды итке салады. Бұдан Қарабайдың ислам дiнiне енбегенi аңғарылады»,– дейдi («Ақиқат», 2004, № 5, 31-32 бет).
Бiр ғажабы, исламды араластырмай, христиан дiнiнiң несториан тармағының орнына буддизмдi алып шыққанымыз болмаса бiздiң жорамалымыз да ғалым айтып отырған осы болжамның ауылынан алыс кете қоймайды.
Ендi өзiмiздiң жырға қатысты мұндай жорамал жасауымызға, оның алғашқы нұсқасына буддизмдi араластыруымызға не себеп болғандығына келейiк. Жаңа да, жоғарыда жырдың 1500 жылдығы тойланғанын, ол кезде исламның әлi дүниеге келмегендiгiн айттық. Бiздiң батыл болжам жасауымызға осы жайт та себепшi болды. Сосын бiздiң қолымызда қазақ даласында буддизмнiң болғандығы туралы нақты деректер бар. Сөзiмiз дәмсiз болмас үшiн осы арада солардың бiрiн келтiре кетейiк: «Нирванасутра» – 580 жылы түркi тiлiне Таспар қағанның өтiнiшiмен аударылған кiтап. Шығыс түркi қағанатының әмiршiсi (572-581 ж.ж.) Таспар қаған будда iлiмiне қатысты басты шығармаларды түркi тiлiне аударып берудi сұрады. Қағанат өзi құрылған алғашқы кезеңнен бастап осы дiнге бет бұрған-ды. Бұған дейiн таққа отырған Шығыс түркi қағанатының алғашқы әмiршiсi (553-572 ж.ж.) Мұқан қаған билiкке келген алғашқы жылдарынан бастап-ақ дiн ретiнде буддизмдi ұстанған болатын. Таспар қағанның өтiнiшiне орай, «Нирванасутра» тез арада тәржiмеленiп, қағанның ордасына жеткiзiлдi. Бұл Таспар қаған өлгеннен бұрын, қағанның көзi тiрiсiнде, яғни 580 жылдан кешiкпей болғандықтан, «Нирванасутраны» түркi мемлекеттiгi пайда болған кезде түркi тiлiнде дүниеге келген қазiрге белгiлi кiтаптардың ең алғашқысы деуге болады.
Бұл түркi тiлiне аударылған жалғыз кiтап емес. Түркi тiлiне жазылған «Суварнапрабхасутра», «Садд хармапундарикасутра» секiлдi өзге кiтаптар да бар. Түркi тiлiне аудармалар санскрит, тохар, тибет, қытай, соғды тiлдерiнен жасалды. Аударма жұмысы 762 жылы манихейлiктi қабылдаған Монғолиядағы Ұйғырстаннан бiраз ұйғырлардың оңтүстiкке, Түркiстанға көшуi кезiнде, олардың осында буддизмдi қабылдауынан кейiн тiптi жандана түстi...» (Марат Барманқұлов, «Хрустальная мечта тюрков о квадронации», Алматы, 1999 ж,353-бет).
Мырзан Кенжебай «Айтпақшы, «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жыры татарларда да бар ғой. Ендеше...» дейдi.
Мырзан, «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жыры тек қазақ пен татарда ғана емес, өзге түркi тектес бауырларымызда да бар. Зәки Ахметов, Сейiт Қасқабасов ағаларымыз «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» мен «Қыз Жiбектiң» Мәскеуден «Еуразия халықтарының эпосы» сериясымен 2003 жылы бiр кiтап болып аударылып шыққан жинағында «Алтайлықтар мен башқұрт, қазақ, телеут, ұйғырларда кездесетiн жырдың алғашқы нұсқасы ҮI-ҮII ғасырларға, түркi тайпалары Алтай мен Саян аймағында бiр мемлекет болып өмiр сүрiп тұрған түркi қағанаты дәуiрiне барып тiреледi... Оның алғашқы нұсқасы әфсана-аңыз, кейiнiрек ертегi сипатында айтылуы мүмкiн. Ол тек Алтын Орда тұсында ғана жырлық сипатқа ие болды, бiрақ әлi эпикалық деңгейге жетпеген-дi» деп жазады.
Мырзан-ау, осы арада «Ендеше...» деп демiңдi iшке тартпай, түркi халықтарының қаншасы буддизмнiң соңында кеткенiн еске түсiрiп алуың керек. Сосын олардың жырға, оның алғашқы нұсқасына қаншалықты қатысы болғандығына ой жүгiртiп алған жөн. Сонда «Ендеше...» деп ешкiмдi кекемейтiн боласың.
Иә, бар ғұмырын түркi тектестердiң тұтастығы үшiн сарп еткен Тоныкөк секiлдi дана абыздың қарсы болғанына қарамай, түркi ағайындардың бiразы будда iлiмiне пейiл танытты. Тоныкөк «Бұл iлiм адамдарды жаугершiл әрi күштi емес, керiсiнше, әлсiз әрi адамгершiлiктi етедi» деген-дi (Лев Гумилев, «Көне түрiктер», Алматы, 1994 жыл, 316-бет). Бiрақ уақыт өз дегенiн iстемей тұрмайды. Бұл жайында Лев Гумилев: «... қытай сыйлары түрiк батырларын Тоныкөктiң сөзiмен айтқанда «адамгершiлiктi әрi әлсiз» еттi, өйткенi олар будда мен Лао-цзы iлiмiмен әуестене бастады» (Лев Гумилев, «Көне түрiктер», Алматы, 1994 жыл, 317-бет),– деп жазады.
Бiз өз болжамымызды айтқанда, Ұлы Далада өз iзiн қалдырған осындай тарихи оқиғаларға иек артқан едiк. Әйтпесе, арманына жете алмаған қанша ғашық өзiне-өзi қол салмай жатыр дейсiз. Бiрақ оларға дала төсiнен Қозы мен Баянға қойылғандай ғажайып ескерткiштi ұшырата алмайтындығымыз және анық. Өйткенi, тағы да айтамыз, ислам шариғаты өзiне-өзi қол салғандарды ұлықтауға, олар қаншалықты асқақ сезiмнiң құрбаны болмасын, үзiлдi-кесiлдi тыйым салады. Демек, бiздiң жыр, дәлiрек айтқанда оның алғашқы нұсқасы қазақ даласына ислам келгеннен көп бұрын пайда болған деп жорамалдауымыз шындыққа әбден жанасымды, жаны бар болжам болып шықпақ.
Ендi жоғарыдағы даулы мақаламыздың Кенжебайдың көзiне албастыдай көрiнiп тұрған жерiнен тағы да үзiндi келтiре кетейiк: «Егер жырды алғаш жырлаған ақын шынымен буддашыл болса, ол жырды былай түйiндеген болуы мүмкiн.
Қозы өлген соң Баян сұлу да оның артында жалғыз қалуды жөн көрмедi. Жаратқан иеден келесi өмiрлерiнде (Буддизмдегi реинкарнация ұғымы – Ә.Б.) екеуiн қайтадан бiрге, тағы да ғашықтар ретiнде дүниеге келтiруiн сұрады да, өзiне-өзi қол салды. Бұл жолғы дүниеге келулерi қасiретпен аяқталған екi мұңлық ғашықты халық ұзақ жоқтап жылаған. Ел ақсақалдары ақыры екеуiн бiр жерге жерлеуге ұйғарысты. Ендiгi өмiрлерiнде олардың қосылып, бар мұрат-мақсаттарына жететiндiгiне үмiт бiлдiрiстi...
Мiне, бiздiң шамалауымызда атақты той үстiнде жырланатын махаббат дастаны осылай түйiнделген. Оның осы тұрысында жапон әлде қытай ертегiсiн еске түсiретiнi де рас. Және бұлай болуына ол елдерге де жетiп, ұлттық дүниетанымына айналып кеткен буддизм мен оның мифологиясы себепшi екендiгi де жасырын емес».
Есi дұрыс адам осындай топшылаудың өңiн терiс айналдыра ма? Мұндағы әңгiме бүгiнгi күн туралы емес, ислам қазақ даласында әлi кең қанат жаймаған бағзы кезде болған оқиға, оның ақын қиялында көркем шығарма болып қайта кестеленуi туралы болып отыр ғой. Неге Мырзан «не көп, асылып, атылып өлген қазақ көп. Бiзге ендi қалғаны солардың жаназасын шығаруға қытайдан, жапоннан лама мен монах шақырттыру ма едi?» деп байбалам салады? Әлде бiз мақаламыздыңбiр тұсында, өзiмiз байқамай қалып, «қазақ даласында буддизмдi бiр кезде қайсыбiр бабаларымыз ұстанған дiн ретiнде қайтадан қалпына келтiруiмiз керек» деп күпiршiлiк ұран тастап қойдық па? Жоқ, байбалам салуға ешқандай мүмкiндiк бермеген секiлдiмiз. Бар болғаны «Әрине, бiздiкi жорамал болжам ғана. Ол жорамалға сену, сенбеу оқырманның өз еркiнде. Ең бастысы, Ұлы Даланың елiмiз мәңгi мекен етеросы бұрышында бiр кездерi атақты төрт дiннiң бiрi ретiнде саналатын буддизмнiң де бiр қонақтап кеткенiн қисаптан шығарып тастамасақ болғаны» деппiз. Оқырманды тарихымызды бiле жүруге шақырсақ, даламызда буддизмнiң болғанын «Қозы Көрпеш –Баян сұлу» жыры арқылы ұғынықты етiп түсiндiрiп беруге тырысып отырсақ, осымызда күнә ма?
Ал: «Бiздiңше, әлемдегi барлық дiн атаулының үндейтiнi тек жақсылық болып табылады. Олай болса, әдебиетшiлерiмiздiң анау теңiзiнен басқа түгi жоқ ұсақ аралдарда отырып-ақ мықты атанған жапон елi мен iргедегi адам басы миллиардтан асса да бiрлiгiн шайқалтпай ұйып отырған Қытай мемлекетiнiң қалыптасуына зор үлес қосқан осы буддизмге де бiр сәт болсын зер салып қойғандары дұрыс-ау деймiз»,– деген сөздерде не кiнәрат бар? Буддизмге бас бұр деп емес, әдебиетшi қауымды бiлмекке, үйренбекке шақырсақ, бұл кеудесiнде иманы бар Мұхаммед үмметiнiң әрекетi емес пе? Көршiңнiң дiнiн бiлмесең, дiлiн қайдан бiлесiң, тiлiн бiлмесең, сырын қайдан бiлесiң? Байбаламшыл журналистiң осыны да түсiнбегенi ме?
Абайдан Есенғалиға дейiн
Мұхтар Әуезовтiң 1944 жылы жазған «Абай өмiрiнiң үшiншi нұсқасында» мынандай жолдар бар: «Абай әрбiр жақсы сөздi оқығанның артынан соның ағымына ақыл-оймен терең бойлайтын әдеттер табады. Мәселен, Будданың жайын оқып шыққанның артынан: «Будданың сөзi қандай терең едi, жасымда кез келмедi-ау!» дегенi, не болмаса өмiр бойы Лермонтовты сүйiп: «Бұл – махаббатқа уланған шын ақын, махаббатын улаған – ашу»,– деген сияқты сөздерi, оның әр алуан кең түсiнiктерге ие бола бастағанын көрсетедi» (М.Әуезов, «Абайды бiлмек парыз ойлы жасқа», Алматы, 1997 ж, 379-бет).
Мырзан, Абай атамыздың «Будданың сөзi қандай терең едi, жасымда кез келмедi-ау!» деген өкiнiшiне бiз қалмауымыз керек, қолымыздан келсе басқаларды да қалдырмауға тиiстiмiз. Мұны Мұхтар Әуезовтiң өзi де жақсы түсiнген. Әйтпесе, Лев Толстойдың «Будда» атты әңгiмесiн жиырмадан асар-аспас жасында аудармас едi ғой! Және бұл аударма Әуезовтiң тәржiма саласындағы тұңғыш еңбегi болып табылады (М.Әуезов, «Жиырма томдық шығармалар жинағы», ХIҮ-том, Алматы, 1983, 173-177-бб).
Мырзан, мақалаңның тағы бiр жерiнде сен менi «Ал Әмiрхан Балқыбектiң осының бәрiн әдеби шығармадағы буддизмге телiмек болып, қазақтың қазiргi ең дарынды ақынының бiрi Есенғали Раушановтың «Еркiн дүние-ай» деген, өзi «Жас перi» деп ат қойған Алмас Темiрбай деген ақынның «Аруақ» деген өлеңiнен «буддизм элементтерiн еркiн қолдану» тәсiлдерiн iздеуi де ойға қона бермейдi. Тiптi кез келген ақынның «өмiрге қайта келсем, не iстер едiм?» немесе «осы мен бұрын да өмiр сүрген сияқтымын» деген қиялынан туған жолдарды буддизмге тели берсек, бәрiмiз де не Будда, не Әмiрхан болып кетуiмiз хақ» деп кекетесiң.
Тағы айтамыз, тек Алмас Темiрбай емес, Есенғали Раушанов өлеңiнiң де өн бойынан буддизм элементтерiн тап басып тануға болады. Көзiң жетсiн, ол өлеңдi тағы да мысалға келтiрейiн:
– Еркiн дүние-ай, ен далам, ерен далам,
Мына ғалам шынымен бөлек ғалам.
Бiр ғұмыр аз мен үшiн, екеуiн бер,
Жоқ, екеу де аз. Мәңгi өмiр керек маған.
«Дүние – жалған» дейдi жұрт.
О не деген,
Жердi өз басым мәңгiге егеленем.
Сессияға келетiн депутаттай,
Қайта-қайта өмiрге келе берем.
Бұрын да өмiр сүргем мен.
Бұлақ болғам.
Бiр көргеннен керемет ұнап қалған
Сол қыз қайтып соқпады. Ерегесiп
Қаңғып өлдiм, кеттiм де жыраққа әрман.
Бұрын да өмiр сүргемiн, төбе болғам,
Асқар шыңдар тұратын менен әрман.
Мен ешқашан тау бола алмасымды
Түсiнген соң ұзамай өле қалғам.
Аң патшасы болғанмын, сауық ерi,
Бақты менi орманның қауым елi.
«Бауырым, сен «бастығым мисыз» дейсiң,
Дұрыс. Бұрын себебi ол тауық едi).
Қартайдым деп, жастықтан жырақпын деп,
Ой, қайтесiң бiреудi сыбап күндеп...
Кетiп бара жатсың ба, оқасы жоқ,
Ертең қайтып келесiң.
Бiрақ кiм боп?
Бiз танитын Есенғали Раушанов – көп дүниеден хабары бар, өте бiлiмдар ақын. Тышқанның iнi секiлдi тар танымының ауласынан ғана төңiрекке көз салып отыратын өзiң секiлдi қара жаяу емес, жақсыны бiлмекке құмар Абай жолымен жүрiп келе жатқан санаулы, қадаулы ақындарымыздың бiрi. Өз пайымдауымызда, ХХ ғасырдың екiншi жартысында дүниеге келген қазақ поэмаларының iшiндегi екi үздiгi – Олжас Сүлейменовтiң «Қыш кiтабы» және осы Есенғали ағамыздың «Ғайша бибiсi» болып табылады. Олай болса, Абай бiлген Будданы Есенғали Раушановтың бiлмеуi мүмкiн емес. Ең құрығанда қалмақ досы Кирсан Илюмжиновпен Будда туралы сан мәрте әңгiме шертiскен шығар. Сосын, қалмақ поэзиясының ақсақалы Давид Кугультинов дүниеден өткенде жоқтау айтқан жалғыз қазақ ақыны да осы Есенғали Раушанов едi. Сол жоқтауда көз жасына шыланған қалмақ жырын қазақша төгiлте сөйлеткенi де есiмiзде. Ал мұндай қалмақтың тiлiн де, дiлiн де бiлетiн ақынды «ол халықтың дiнiнен хабарсыз едi» деп бейшара кейiпке түсiру, тағы да Мырзан Кенжебайға қаратып айтамыз, «көрмес түйенi де көрмес» тек сен секiлдiлердiң ғана қолынан келедi.
Иә, сен Есенғали Раушановты қазақтың ең дарынды ақындарының бiрi дейсiң. Бiлiп айттың ба, естiп айттың ба, әйтеуiр, мұныңа да тәуба. Ал менiң ХIХ ғасырдың аяғындағы Франция немесе ХХ ғасырдың басындағы Ресейдегiдей ақындар патшасын сайлау үрдiсi бiзге де келетiн болса, Есенғали Раушановтың жастар арасында 95 пайыз дауыс жинайтындығына титтей де күмәнiм жоқ. Бiрақ Есенғали Раушанов билiк құратын бұл патшалықтан саған орын тие қоятынына күмәндiмiз.
Мiне, бiр жорамалымыздың қалай туғанын жалғыз саған түсiндiрiп беру үшiн өзiң айтқандай тағы да көл-көсiр мақала жазуға тура келдi. Сен түсiнбесең, басқалар түсiнедi ғой деген ниетпен. Ниет әрдайым ақ болғай!
Мырзан Кенжебай мақаласының тағы бiр жерiнде: «... жауыр болған сөздерiне, айтып отырған дәлелдерiнiң құр долбарлығына қарап, редакция басшыларынан «Осыны қоя тұршы» дейтiн бiреудiң табылмағанына да ренжисiң» дейдi. Мұны бiз жалғыз мақалаға ғана емес, тұтас газетке, оның ұстаған позициясына көлеңке түсiру әрекетi деп қабылдадық. Бiз – айтыс-тартыстан қашпаймыз. Бiрақ ол бойынан ойы аспайтын, бәкене дау-шар, мысықкөмбе тiрлiк емес, негiзi мығым, ниетi түзу интеллектуалдық пiкiрталас болуы тиiс деп санаймыз.
2006 ж.