Самғар Рахым қазіргі таңда белсенді жұмыс істеп жүрген талантты кинорежиссерлердің қатарындағы өнерпаз. 2019 жылы Қазақ ұлттық өнер академиясын Дәмір Манабайдың шеберханасынан бітірді. Самғардың «Малыбайдағы оқиға», «Дикие дни», «Дипломмен ауылға», «Карантин күнделігі» фильмдері фестивальдерден жүлде алып жүрген жұмыстар. Биыл Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы ұйымдастырған жобалар питчиңінің «Қысқаметрлі фильмдер» секциясында «Көше ақыны» сценариімен үздік шығып, фильмді жарыққа шығаруға мүмкіндік алды. Сұхбат режиссер дайындық жасап жүрген «Қазақфильм» киностудиясында жасалды.
Киностудияға келген сайын маған, сырттан келген адамға, бұл жер суық боп көрінеді. Сен өзіңді мұнда қалай сезінесің?
Киностудияға көп келмеймін. Ішінде жүрсең, мұнда көбіне телеарналардың жобалары, бейнеклиптер түсіріліп жатқанын байқайсың. Ал, «Қазақфильм» киностудия ретінде мардымды жұмыс істеп жатпаған сияқты. «Істеп жатырмыз» дегендерімен, нәтижесін қарағанда көп ештеңе жоқ. Не халыққа көрсетіп жатқан жоқ, не фестивальдан жүлде алмайды. «Руханиятымызды көтереміз» дейді, оны руханияты биік адамдар істеп жатыр ма, ол да түсініксіз. Мұнда жүрген себебім, «Қазақфильм» арқылы халықтың ақшасына қысқаметражды фильмімді түсіргелі жүрмін. Соған жауап беруім керек. Өзіме де жылы сезілмейді.
Түсірілетін қысқаметрлі фильмің «Көше ақыны» деп аталады. Питчиңнен түсінгенім бойынша, фильмде әке мен бала арасындағы махаббатпен қоса, екі ұрпақ арасындағы алшақтықты көрсеткің келді. Сценариде жас баланың «Әке, сендердің уақыттарың өтті, ендігі заман біздікі» деген репликасы бар екен. Бұл жастар тарапынан үлкендерге деген қарсылық па?
Менің ойымша, барлық салада мықты мамандар жастарға өздері жол беруі керек. Ол киноға да қатысты. «Мен істеймін» деген нәрсе үлкендер тарапынан әлі бар.
Фильмнің идеясы қайдан келді?
Елімізде көп адам ұлттық мәдениетімізден алшақтағысы келмейді. «Кезінде қазақтар қандай едік!» деген ұранмен жүр. Онымен қоса, «сендер былай жүрулерің керек» деп жастарды қинайды. Ал жастар жаңарғысы, жаңа нәрсені қабылдағысы келеді. Қалаған өмірін сүргісі келеді. Біздің әкелеріміздің өмірі ұлтпен, дінмен, жан дүниелік махаббатпен қалыптасқан еді. Ал біздің өмірде көп нәрсе мәнін жойған. Ұлт та, дін де, махаббат та басқаша. Мәнсіз өмірден мән шығарғымыз келеді. Көп нәрселер заманға қарай икемделуі керек. Осы қайшылықтарды фильм арқылы жеткізсем деймін. Меніңше, жастар өткенді сабақ ретінде қабылдап, білім көкжиегін кеңейтіп, технологияны игеріп, өз бағытымен дамуы керек. Ұлттық мінезді, мәдениетімізді сақтай отырып, жаңа дәуірдің жаңа жастарын құруымыз керек.
Жас кинорежиссерлер, біздің қатарластарымыз «Кино деген ішкі сезімдеріңмен бөлісу» дегенге алып келеді. Бұл ойға келісесің бе?
Жеке адамның өнеріне қарсы емеспін, оларды жетелейтін ішкі эго. Мен олардың көзқарастарына сүйсінемін, фильмдерінен ләззат аламын, олардың ойларын түсінгім келеді. Меніңше, кино – өнер мен өндірістің қосындысы. «Кино менің жеке ойым» дегенді айтудан аулақпын. Кинода әр маманның орны бөлек, тұтас өндіріс.
Фильмдеріңде әлеуметтік-саяси тақырыптарға еркін барасың. Бұған өскен ортаңның әсері бар ма?
Қытайдың Құлжа қаласында тудым. Әкемнің жалғыз хоббиі - кино көру болатын. Қаладағы барлық DVD дисктерді әкеліп, кино көретінбіз. 19 жасымда Алматыға келгенімде, айналамдағылар «Бір елден бір елге келіп тұрсың, енді сенің арманың, мақсатың болу керек қой. Арманыңды қуаламасаң неге келдің?» деді. Арманым кино түсіру болды.
Фильмдегі ойлар екі елдегі саясатты, халықты, ақшаға деген қарым-қатынасты салыстыру арқылы шыққан деп білемін. «Дипломмен ауылға» фильмін түсірерде еліміздегі саяси ахуал жаныма батты. Сырттай бақылаушы ретінде көп нәрсеге ішім күйді. «Мұнда бұлай боп жатыр» деп ашық айту бізге келмейді, сондықтан, саяси астарды жасырып, әзіл-қалжыңға айналдырдық. Көрермен түсінді ме, білмеймін.
Жас режиссерлерге қолдау бар ма?
Елімізде өнердегі жастарға жағдай жасалған. Үкіметтің жасап отырған саясаты дұрыс. Бірақ, сол өнерпаздар мен үкіметтің ортасында жүрген аш қасқырлардың арқасында біз өзімізге тиесілі нәрсені ала алмай қалып жатамыз. Солардың кесірінен өсу, даму жоқ.
Академиядағы жылдар өмірге, өнерге деген көзқарасыңды өзгертті ме?
Академиядағы білімі ұшан-теңіз адамдармен тілдесуім 20-30 кітапты ақтарғаннан пайдалы болды. Дәмір Манабай, Әсия Байғожина, Дәрежан Өмірбаевтардың айтқан ақыл-кеңестері мен көрсеткен бағыттары көзқарасымды өзгертті. Академияға түскенге дейін басқа едім, бітірген соң басқа адам боп шықтым. Оны тіпті, үйдегі қарындасым да айтады: «Бұрын сізбен сөйлескім келмейтін» деп.
Дәмір аға Манабай «Кинодағы ең маңызды – сценарий» дейді. Сен де сол қағиданы ұстанасың ба?
Иә. Жақсы сценариді жаман режиссерге берсең жақсы фильм шығады. Ал жаман сценариді мықты режиссерге берсең жақсы фильм шығуы екіталай.
Сценариді өзің жазасың...
Өзім жазамын дегенде, әдеби шығармаларға көп жүгінем. Бірде Қытайдағы ашаршылық туралы «Шүй Сәнгуанның (许三观) қан сатуы» деген кітапты оқығаным бар еді. Отбасы аш жатыр. Әкесі «Мен қазір ауызбен тамақ жасаймын, сендер дұрыстап тыңдаңдар да, құлақпен ғана жеңдер. Ауызбен жесеңдер тоймайсыңдар» дейді. Оқып отырып, бір көзім күліп, бір көзім жылап отырғандай сезімде болдым. Карантин кезінде «Қазір бес адамның біреуі аш жатыр», «Ет жемегелі екі жыл болды», «Көп балалы анамын, тамағымыз жоқ» дегендерді көргенде бұл жағдайлар маған қатты әсер етті. Кітаптағы әкенің ауызбен тамақ жасап беретін көрінісі есіме орала берді. «Карантин күнделігі» фильмімде бұл жәйтті карантин кезіндегі қазақ отбасына алып келдім.
Оқиғаны алғаныңмен, оны көшіре салмай, біздің әлеуметтік жағдай мен уақытқа сай етіп көрсеттің. Бірақ «Дикие дни» фильмің Уонг Кар-уайдың аттас фильміне тікелей цитата. Азия киносына деген ерекше ықыласың байқалады. Қазір де солай ма?
«Дикие дниді» түсіргенге дейін Кар-уайды қайта-қайта көретінмін, фильмдері керемет ұнайтын. «Карантин күнделігін» түсіргенде Хирокадзу Кореэда фильмдерін қайталап көрдім. Оларды көп көргеннен кейін фильмнен алған сезімдеріммен бөліскім келген шығар.
Толықметрге дайынсың ба?
Коммерциялық фильмді көбіне халықтың ақшасына түсірген соң, халық алдында жауап беруің керек. Жауапкершілік көп. Сол үшін коммерцияға дайын емеспін. Ал артхаус фильмге білімім де, өмірлік тәжірибем де жетпейді. Кез-келген өнер адамы өмірлік тәжірибеден өткеннен кейін, өзінің көзқарасын қалыптастырғаннан кейін артхаус фильм шығаруға құқы бар деп ойлаймын. Сол себепті екеуіне де дайын емеспін.
Қазіргі күнде қазақ киносында артхаус және коммерциялық фильмдердің шекарасы бірте-бірте жойылып келеді. Осы бағытта жұмыс істеп жүрген Фархат Шәріповті айтуға болады. Менің ойымша, сен де осы бағытқа қарай жүріп келесің.
Шынымды айтсам, менде қазір бағыт та, стиль де, ой да жоқ. Менің қазіргі миссиям – үйрену. Әр нәрсеге эксперимент жасап, өзімді іздеу.
Фильм түсіргенде көрермен қабылдауына мән бересің бе?
Көп мән беремін. Көрерменге эмоция сыйлағым келеді. Сол себепті де, фильмдерімнің ішінде көрерменге бағытталып жасалған тұстар баршылық.
Қазақ киносының болашағын қалай елестетесің?
Біз қазір артхаус болсын, коммерциялық кинода болсын бір бағытпен емес, жан-жақты дамуымыз керек. Бізге конкуренция мен жастардың энергиясы жетіспейді. Бақталастықпен даму керек. Сондай-ақ, біздегі режиссерлер «Қазақфильмнен» бюджет алса, көктен түскен ақша сияқты қарайды да, «фестивальға барсақ, атағымызды шығарсақ» деп өздерінің фильмдерін түсіріп кетеді. Ол халықтың ақшасы ғой. Сондықтан, халыққа қайтарымы болу керек. Айтар ойың болса, оны руханиятты көтеруге қолдан. Ал жеке студиялардың экранға алып келетіні «КВН». Әзіл-ысқақ театрларды жақсы операторлық жұмыспен түсірсең де, халық оған күледі. Оның ешқандай қиындығы жоқ. Арзан күлкі құрдымға әкелуі мүмкін. Ал оны құрту үшін жаңа толқын керек. Жақсы өнер, жақсы біліммен конкуренция болса, қоқысты ысырып шығара аламыз. Мен де сондай жаңа бір толқынмен шыққым келеді. Осы жолда жұмыс істеп келе жатқан біршама режиссерлер бар. Біреулері авторлық киноның бағытымен, екіншілері сапалы коммерциямен жұмыс істеп жүргендер. Екі бағыттың тоғысқан жерінде өзгеріс болатын секілді.
Не толғандырады?
Болашақта кино жоқ боп кете ме деген нәрсе толғандырады. Кино көретін адам азайып, оны жасаушылар шетте қалып қоятын секілді. Қазіргі кезде видеохостиңдер арқылы белгілі кинематографистің жарты ғұмырлық шығармашылығын бір сағаттың ішінде көріп, түсінуге болады. Көрермен фильмдерді көрмесе де, мазмұнын түсінгеннен, ары қарай оны сезінуге ынтасы ашылмайтын сияқты. Шынайы өнер емес, технологиялар адамды қызықтырып бара жатыр. Компьютерлік ойындар кинодан да жылдам қарқынмен дамуда. Қазірдің өзінде ойынның сюжеті кинодан қызық, себебі оның ішінде өзің өмір сүресің, өзің әрекет етесің. Осы ретте, кино өліп бара жатқан сияқты. Екі-үш жылдың ішінде не шығатынын білмейміз.
Қайтпек керек?
Күлкімен жүргенде адам ойландыратын, толғандыратын дүниесіз жүре береді. Ақпарат өз алдына, ал сезімді іздеп табу тіптен бөлек. Құдай сезімді, жүректі, миды берген соң, оларды сезініп, кең тыныстауды үйрену керек. Асығып білімді болудың керегі не, одан да әр нәрсені сезінейік. Сезіндіретін кино түсірейік, шығарма жазайық, сурет салайық. Сол себепті, мол ақпаратты қабылдасам да, сезімді өзім іздеп тапқым келеді.
Ойларыңмен бөліскенің үшін рахмет, Самғар! Алдағы жұмыстарыңа сәттілік!